Жаңалықтар

“ЖАС ҚАНАТ-2009” МӘРЕГЕ ЖЕТТI

ашық дереккөзі

“ЖАС ҚАНАТ-2009” МӘРЕГЕ ЖЕТТI

Мамырдың 15-17-жұлдызы аралығында елордамыз Астанада жыл сайын дәстүрлi түрде жас әншiлер арасында ұйымдастырылатын “Жас қанат” байқауы өттi. Он сегiзiншi рет шымылдығын ашқан байқауда 60 үмiткердiң iшiнен iрiктелген 13 жас әншi өзара бақ сынасты.

1992 жылы алғаш Алматы қаласынан бастау алған “Жас қанат” республикалық жас әншiлер байқауы 2001 жылдан бастап елордамыз — Астана қаласында өткiзiлiп келедi. “Жас қанат” жыл сайын әрбiр талантты да талапты жас әншiлерге өнер әлемiне жолдама ұсынуда. Бұл байқауда бағын сынап көру — әрбiр өнерпаздың арманы екенi жасырын емес. Себебi, “Жас қанат” жас әншiлердi қанаттандыратын елiмiздегi бiрден-бiр байқау. Астана қаласының әкiмшiлiгi, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi, “Азия дауысы” халықаралық фестивалiнiң демеушiлiгiмен ұйымдастырылған биылғы байқаудың өзiндiк ерекшелiктерi де болды. Мәселен, биыл байқаудың жартылай финалына өткен 9 үмiткер үш үштiк топқа бөлiндi. Әрбiр үштiктiң iшiнен үздiктер анықталды. Үздiктердi құрамында Ә.Рақымжанов, Айман Мұсақожаева, Айгүл Мүкей, Медеу Арынбаев, Бақыт Шадаева, Мұрат Ерғалиев сынды елге танымал қазылар алқасы iрiктедi.

Алғашқы үштiктiң үздiгi Павлодар қаласының байқауға үкiлеп қосқан үмiткерi Гүлия Айдарханова болды. Екiншi үштiктегi талантты әншiлердiң iшiнен алматылық “MELO MEN” тобы суырылып алға шықты. Соңғы кездерi қазақ сахнасына жiгiттерден құрылған топтар көптеп шығуда. Дегенмен алматылық жiгiттердiң өзгелерге ұқсамайтын ерекшелiктерi байқалды. Ал үшiншi үштiктiң үздiгi жапон ұлтының халық әнi “Өмiр гүлiн” қазақ тiлiнде тамаша орындап шыққан семейлiк Әсем Омарова болды. Электронды рейтинг бойынша жартылай финалда елдi өнерiмен тәнтi еткен бес өнерпаз финалға жолдама алды. Олар алматылық “MELO MEN” тобы, атыраулық Әсел Абдрахманова, қасиеттi Семей топырағының аруы Әсем Омарова, қостанайлық Татьяна Ким және павлодарлық Гүлия Айдарханова. 17 мамырда “Жас қанаттың” қола, күмiс, алтын қанатының иегерлерi анықталды. Байқауға қатысқан 13 әншi де осал емес, әрине. Дегенмен “Жас қанат — 2009”-дың алтын қанаты, яғни бас жүлде семейлiк жас талант, Шәкәрiм атындағы Семей мемлекеттiк университетiнiң 3-курс студентi Әсем Омароваға бұйырса, күмiс қанаттың иегерi атыраулық Әсел Абдрахманова, ал алматылық “MELO MEN” тобы қола қанатқа ие болды. Осылайша үш күнге созылған таланттылар мен талаптылардың дәстүрлi байқауы өз мәресiне жеттi. Елордамыз Астана көгiнде жаңа, өнерлi жұлдыздар жарқырады. Келесi жылы да өнер әлемi жас таланттарды асыға күтедi.

Әйгерiм Бақытқызы