ҚАБАҒЫ ҚАНДАЙ – ҚАЛАМЫ СОНДАЙ...

ҚАБАҒЫ ҚАНДАЙ – ҚАЛАМЫ СОНДАЙ...

ҚАБАҒЫ ҚАНДАЙ – ҚАЛАМЫ СОНДАЙ...
ашық дереккөзі
(Кәмила Құдабаеваның шығармашылығы жөнiнде)
 

Қабағынан төгiлген шуақ Кәмила Құдабаеваның қаламынан да төгiлiп тұрады. Әйелдiң қас-қабағы, шырайы тiршiлiктiң бастаушы күшi десек, осынау сымбатты жанның табиғилығынан айнымайтыны, суырылып биiк мiнбеге жүгiрмейтiнi, арзан айғай, болымсыз шудан бойын аулақ ұстайтыны, атақ деп алқынбайтыны, әлгiнде айтқан жүзiндегi нұрды еселей көрсететiнi ғажап!

Түнерiп жүрер адамдардан жаным түршiгедi. Ал, әлдеқалай Кәмиланы кездестiргенде, кенеттен көңiлiмнiң көтерiлiп шыға келетiнi өзiме де қызық. Бiз пәлендей сырлас та емеспiз, аралас-құраласымыз жоқ. Бар бiлетiнiм қабағы мен қаламы. Мiне, қырық жылға жуық, әңгiмелерi, хикаяттары, мақалалары, аудармалары оқырманның көзайымына айналып, қуантып келедi. “Қызыл көйлектi қыз”, “Раушан гүлдер”, “Ұйқысыз түндер”, “Ең сұлу әйел”, “Жалғыз хат” атты кiтаптарымен өзiнiң жазушылық келбетiн әлдеқашан айқындап үлгердi. Туындылары жаратылыстың өзiндей жарқын, шынайы. Қиыннан қиыстырмайды, кейiпкерлерi бәрiмiзге таныс, куанған, мұңайған, сағынған, сүйген, құлап-сүрiнсе де жарық дүниеден түңiлмеген жайдары жандар. Осынау жайдарман жайсаңдық шығармаларынан самалдай есiп тұрады. Өзiнiң “бiлгенiнен әлдеқайда күрделi, әлдеқайда терең өмiр… сырларының түбiне жетем деп, оңаша жүрiп ой бақшасын аралайтын” студент Құралай, “жабайы қарасораны ешнәрсеге “пайдалануға” болмай ма екен” деп мазасызданатын журналист Меңсұлу, “думанды ортада отырғанның өзiнде де жапан далада жалғыз қалғандай көңiлi жүдейтiн” әншi Айдана, “жақсы мен жаманды ажырата” алмай қиналған Гүлназ, “анасын көрмей өскен бала… ертең кiм болып шығады” деп, басқалардың жағдайына алаңдаған Гүлбаршын оқырманын бейжай қалдырмайды. Жүрек шымырлатар сезiмiмен, мұңымен есте сақталады. “Кейiнгi бiр жыл” әңгiмесiндегi Меруерттiң бейнесi қандай нанымды, артық, кемi жоқ, бiр деммен жазылған. Басынан аяғына шейiн тұнған сурет. Баяндаудан гөрi әрекет басым. “Жан адамды жамандыққа қимайтын Меруерттiң кiршiксiз көңiлi” мұңға батырады оқырманын. Ерiксiз келiсесiң келiншектiң ойымен: “…қалай дегенде де жастықтың өзi бақыт екен ау… жалпы, адамның өмiр бойы бақытты болуы мүмкiн емес те шығар. Бiр өзiне сонша көп нәрсенi тiлеу-нағыз өзiмшiлдiк шығар, шын мәнiсiнде, ойсыздық, көзсiздiк емес пе?…” Бақытты, сүйiктi болуға лайықты Меруерттiң жанары нелiктен жасқа толы… Жазушы ешкiмдi кiнәләмайды, қым-қуыт тiрлiк мамыражай күнгi теңiздiң толқындарындай бүлк-бүлк ағып, кейiпкерлерi маңдайына жазылғанына көнедi. Қандай қиналғанымен, “көзiнен аққан жасты” сүрткен Меруерт пен “далада ақ қанатты көбелектердей” жапалақтаған аппақ қар, ақ көрпеге оранған дүние күдiктендiре әрi үмiттендiре, қайғыртып та, қуантып та алаңдатқанымен, бәрiбiр аппақ боп сана-сезiмдi сiлкiндiредi. Әңгiме соңындағы екпiндеген “ақ” деген сөз жасампаздықтан, өмiр сүруге құштарлықтан белгi бергендей. Кәмиланың оқиға құру әдiсi де өзгеше. Ұзақсонар тәптiштеу жоқ, анық-қанық көрiнiстер аясында бiр-бiрiне ұқсамайтын түрлi оқиғалар көшiнiң сәнi мен мәнi, мазмұны қызықтыра жалғасып жатады. “Ананың көз жасы” деген әңгiмесiндегi Күлжәмиланың бейнесi соншалықты нанымды. “Жас өмiрiң босқа өттi… Обалыңа қалдым, Күлжәмила. Кеш…менi…” деп көз жұмған күйеуiнiң бiр ауыз сөзiнен бәрiн ұғасың. Алайда ана қасiретi тым қалың. Тарылған пейiлден қорқады, баласына жамандық боп оралуынан сақтай гөр деп жалынады ана. “Кесенi дүңк еткiзiп” қояр келiндер аз емес қазiр. “Мiне, кеседегi сұйық тыншыды. Күлжәмила кесенi ала бергенде қолының дiрiлдеп тұрғанын байқады. Iштегi аласапыранды қанша жасырам дегенмен, қартайған соң ол да мүмкiн емес екен. Ең жоқ дегенде қолың өстiп қалтырайтын көрiнедi… Зәһәр iшкендей бiр-екi жұтты да, кесенi дастарқанға қойды. Iшiп болды дегенi шығар, ай-шайсыз Жауһар дастарқанды жиып ала жөнелдi.” “Ананың көз жасынан қорықпаған кiсi – ештеңеден қорықпайтын шығар…” деп түйiндейдi жазушы. “Жалғыздық”, “Қара кемпiр”, “Қатал жiгiт”, әңгiмелерiндегi Талшын, Мәриямгүл, Сауытбектiң анасы Нұрбике, Беренкүл, Жарқынай – кесек тұлғалар. Талшынның “жанары қандай тап-таза. Баяғыдай, адамға тура қарайды. Бiрақ сол жанарды қазiр бiлiнер-бiлiнбес көлеңке тәрiздi әлдебiр мұң шалған екен. Соның өзiн Талшын серпiп тастауға, бiлдiрмеуге тырысады. Онысы – қайғы, мұңына ешкiмдi ортақ еткiсi келмейтiн, негiзi қыз балаға тән, жалпы әйел затында кездесетiн сирек тәккәппарлығынан болар”. Күйеуiнiң “өлi-тiрiсiн бiлмесе де қара жолдың бойынан қырық жыл тосып”, жеңiстiң қырық жылдығына арналған ескерткiшке аты жазылғанын естiгендегi Нұрбике ананың халi тебiренiспен суреттелген. “… Осы уақытқа дейiн тiрi деп, үмiтiмдi үзбей келдiм. Ел-жұртты, ағайын-туғанды шақырайын… Некелесiп қосылған қосағым едi. Iшiмдегiнi айтып, басына барып, дауыс шығарамын. Сендер сөкпеңдер…” Оқиға желiсi екi жастың үйлену тойы аясында тiзбектелiп өте шығады. Мұның аржағында тұтастай ұрпақ өкiлдерi “көрген қиындық, қайғы-қасiрет” кәдiмгi кино лентасындай зердеге құйылады. Жарқынайдың “өзiн де аямайтын қаталдығы”, Беренкүлдiң достыққа адалдығы, Нұржамалдың “әйелдiң сұлулығы, жалпы адамның сұлулығы жайлы көзқарасына шым-шымдап өзгерiс енгенiн өзi де аңғармауы”, тiзе берсек, жазушы Кәмила Құдабаеваның әдебиетке әкелген әйелдер галереясы ашық бояуымен, iзеттiлiгiмен, инабатымен, яғни ұлттық озық салт-дәстүрлерiмiзге құрылуымен құнды. Елеусiздеу ғана ишара, емеурiнi мен қыз-келiншектерiмiздiң мiнез байлығы, қадiрi Кәмиланың өзiне ғана тән қолтаңбасымен ерекшеленедi. “Жалғыз хаттағы” Гүлзейнептi алайықты. Шағын әңгiмеде қаншалықты қалың астар жасырынған десеңiзшi. Күнделiктi қым-қуытта кез-келген әйел басынан өткерер жағдайдың төркiнiнен небiр түйткiлдердi ұтқырлықпен жеткiзiп, одан шығудың жолдары да өз-өзiнен шешiлгендей. Тәрбиелiк өнегесiн айтсаңызшы, расында “анасы армандаған болашақты бордай “тоздырып” жiберуге” қандай қақысы бар, “әрi-берiден соң” күйеуiнiң “ашуын да түсiнуге тиiс шығар. Ол да бәлкiм, Гүлзейнептi әлдебiр кездейсоқтықтардан сақтандырмақ боп – бiрақ соның жөнi мен ретiн келтiре алмай, мiнезiнiң қиянпұрыстау тұстарын “шектеудi” толық игермегендiктен артық сөздердi айтып қалған шығар…” Ерiксiз ойландырады. Мынау жалған дүниеде не болса, содан мәселе туындатып, ұрыс-керiспен, ренiшпен бiр-бiрiнiң қадiрiне жетпей жүргендер аз ба арамызда. Сондықтан да көптi көрген жесiр ананың “Болымсыз нәрсеге бола бiр-бiрiң көңiлдерiңдi қалдырмаңдар. Жалпы ұсақ-түйекке мән бере берме. Неше жыл тұрып күйеуiңнiң мiнезiн толық бiлмесең – ол да кемшiлiгiң. Ал жақсы бiлетiн болсаң – ұрыс-керiс, өкпе-ренiш дегеннiң бәрiнiң алдын алу лазым, ол ақыл парасаттың бiр нышаны болса керек. Е-е… қарағым, жұбайлық өмiрдi алып жүру де мемлекеттi басқару iсi секiлдi қиын шаруа…” деп қызына ескертуiнде аса терең мағына жатқан жоқ па! Былайғы шақта пәлендей назар аударуға тұрмайтындай елестейтiн жәйттер Кәмиланың өрнектеуiнде iрi ұғым тудыратынын мойындау қажет. Қай шығармасын алсақ та өмiрдiң өзiнен өрiлiп, авторлық ұстанымы, идеясы баршамызды толғандырар әлеуметтiк өзектi мәселелерге ұласып, сергектiкке, серпiлiске жетелейдi. Сөйтiп атқарар жүгi де арта түседi әңгiме, хикаяттарының. Композициялық құрылымы, түйiндеу шеберлiгi, аз сөзбен көп жәйттi ұқтыра бiлуi Кәмиланың негiзгi ерекшелiгi. Түпсiз ой шырмауынан гөрi кейiпкерлерi нақты iс, әрекет үстiнде жүредi. Кейiнгi кезде драма жанрына ден қоюы сол себептi де әбден заңды. Идеялық тынысы кең, айтары мол жазушы Кәмила Құдабаеваның шығармашылығының көп қырлы екенiн жоғарыда айттық. Журналист, аудармашы, жазушы, драматург ретiнде талдап-зерттеуге болады сан салалы жұмысын. Қарақалпақ жазушысы Т.Қайыпбергеновтiң жасөспiрiмдерге арналған повестерiн, орыс жазушысы Г.Немченконың балаларға арналған повестерi мен әңгiмелерiн, Ю.Виноградовтың “Рахмет саған, ұстазым”, “Қиқар қызыл әтеш”, “Тәттi каторгы” атты шығармаларын ана тiлiмiзге сәттi тәржiмалағаны кезiнде лайықты аталып өттi. 2008 жылы Валентин Пикуль атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты атағын алуы бiздiң де мәртебемiздi өсiргенi рас. Ал “Баспасөз үздiгi” белгiсiмен марапатталуы оның ұзақ жылғы журналистiк еңбегiнiң нәтижесi. Он алты жылдан аса Сарыарқа өңiрiнде журналистiк қызмет атқарды. Жезқазған, Балқаш, Темiртау, Қаражолдағы өндiрiс ошақтарында, Ақтоғай, Қарқаралы, Жаңарқа, Шет аудандарындағы малшы ауылдарында боп, жүздеген очерк, мақала, репортаж, суреттеме жазды. Өнер, мәдениет тақырыбын бойлап, атақты майталмандардың жан дүниесiне үңiлдi, проблемалық мәселелердi көтердi. Ол еңбек жолын облыстық газеттен бастаған. Талдықорған қаласында туып, “Комсомолдың 30 жылдығы” атындағы қазақ орта мектебiн үздiк бiтiрдi. Жайық Бектұров сынды мықты әдебиетшiнiң сабақ бергенi де өзi үшiн үлкен сәттiлiк едi. Сөздiң қасиетiне кiшкентайынан мән беретiн. Барлық пәндi жақсы оқып, мамандық таңдауға келгенде, Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетiне түстi. Алайда бiрiншi семестрден кейiн көңiлi бұзылып, өз еркiмен оқудан шығып кеттi. Iшкi әлемi жазуға тартты да тұрды. 1962 жылы Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн аяқтады. Жолдамамен Қарағанды облыстық газетiне барды. 1977 жылы Алматыға оралып, “Жалын” баспасында 15 жыл редактор болды. ҚР Жоғарғы сотының “Тура би” журналында, “Позиция”, “Партия” газеттерiнде, республикалық “Бөбек” ғылым орталығында жауапты қызметтер атқарды. Қазiр “Ару жан” қоғамдық әйелдер журналы бас редакторының орынбасары. Проза жазатын қазақ қыздарын, дүниеден озғандарымен есептегенде, саусақпен санарлықтай ғана. Солардың алдыңғы қатарында Кәмила Құдабаева тұр. Жазушылық тағдырымен тарихтан ойып тұрып орындарын алған үркердей шоқ жұлдызын, яғни оннан асар-аспас жазушы қыздарымыздың ұлт мақтанышы, ұлт құндылығы, ұлт байлығы екенi ақиқат. Алайда бұларды елеп-ескерер ешкiм байқалмайды. Мансап, лауазым, атақ, даңқтың орайын келтiруге қара сөз жазатын қыздардың iшкi мәдениетi, интеллектуалдық өресi жiбермейдi, бұған уақыты да жоқ. Есiн бiлгеннен журналистиканың, жазушылықтың инемен құдық қазғандай азабын абыроймен арқалап, адал еңбегiмен, қабiлет-қарымымен құрметке бөленген әрiптесiм Кәмила Құдабаева сүйiктi жар, ана, мейiрiмдi әже. Қос мамандықты меңгерген ұлы Самат, қызы Элмира, Мәскеу мемлекеттiк университетi магистратурасын биыл бiтiретiн Әлiшер, 10 сыныпта оқитын Айдана немерелерi, талай жылдар елiмiздiң заң орындарында басшылық қызмет атқарған асқар тауы, тiрегi, сүйенер жан жолдасы Тұрымжан Құдабаев және басқа да жанашыр дос, ағайын, туғанның қамқорлығы, шығармаларын iздеп оқитын оқырмандардың шынайы ниетi, мiне, Кәмила Құдабаеваның басты байлығы. Нәзiктiгiмен, қашан көрсең де, өзiне магниттей тартып, үлбiреп тұрар әсемдiгiмен, кiтаптарындағы кейiпкерлерiндей сүйкiмдi, бiлiмдi, өнерлi, ой өрiсi кең, ерекше сезiнуi, түйсiнуiмен көзге де, көңiлге де қуаныш ұялатып, төңiрегiн сәулелендiрiп жүретiнi керемет! Сұлу, сымбатты, аппақ боп та жетпiске келуге болады екен-ау! Бұл да кез-келгеннiң еншiсiне бұйырмайтын бақыт шығар…  
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты