Жаңалықтар

“ШӘКЕН ЖҰЛДЫЗДАРЫ” ӨТТI

ашық дереккөзі

“ШӘКЕН ЖҰЛДЫЗДАРЫ” ӨТТI

“Шәкен жұлдыздары” — жастар киносы мен дебюттердiң халықаралық байқауы дәстүр бойынша тағы да бiздiң қаламыздың шуақты көктемiн шығармашылық пен жастық шақтың жарқын мерекесiне айналдырды.

Жылдан жылға кинофорум әр континенттен дарынды жастардың басын қосып, қанатын кеңге жайып келедi. Фестивальдiң көздегенi — қазақстандық киногерлердiң шығармашылық дәстүрiн сақтау және дамыту, оны халықаралық дәрежеге көтеру. Бұл кинофестиваль арқылы әлемнiң түкпiрiнен жиналған жастарға үлкен серпiлiс күш берерi анық. “Silk way city” кинотеатрында әлемнiң отыз елiнiң дарынды киногерлерiнiң туындылары көрсетiлiп жатыр. Соның iшiнде 17-мамырда көрсетiлген Израилдiң режиссеры Дрор Захавидiң киносын атап кетуге болады. Бұл Пәкiстан мен Израиль арасындағы соғыстың салдарынан зардап шеккендер туралы. Шынайы махаббат сезiмiне тап болған жас жiгiт әкесiне сөз келмеуiн қалап, берген уәдесiнен алшақтай бастайды. Ата-ананың көзқарасы мен қоғамның бет бейнесiн анық көруге болады. Фильм соңында көпшiлiктiң алдына шыққан Дрор Захави: “Бұл кино арқылы парсылықтар мен арабтардың арасындағы қақтығыстың салдарынан туындаған қарапайым адамдардың өмiрiн халыққа жеткiзгiм келдi. “Әкем үшiн” атты бейнефильм Израильде көрсетiлгенде көрермендер көздерiне жас алды. Бұл туындымды ол жақта жақсы қарсы алды. Мұсылман елдерi арасында Қазақстан бiрiншi болып тамашалады. Менiң басты мақсатымның бiрi — арабтардың барлығы террорист еместiгiн дәлелдеу” деп, ағынан жарылды. Бiрақ, Исламды жете зерттемегенi киносында байқалып қалды. Өйткенi “Кино түсiру барысында исламның барлық қыр-сырын бiлдiңiз бе?” деген сұраққа нақтылы жауап ала алмадық. Бұл дарынды режиссердiң келесi киносы “Холокост” деген атпен жарыққа шығатын көрiнедi. “Шәкен жұлдыздары” фестивалiне қатысатын фильмдердiң көбiсi қазiргi кездегi өзектi мәселелердi көтередi. Соның бiрi — 18-мамырда көрсетiлген Индия режиссерiнiң “Қария мұхиты” бейнефилiмi. Мұнда бар өмiрiн мектеп пен шәкiрттерiне арнаған ұстаз туралы баяндайды. 2005 жылғы Цунами салдарынан зардап шеккендердiң қатарында оның да өмiрге деген көзқарасы өзгередi. Ендiгi қалғаны — елес болған өткен өмiр естелiктерi ғана. Бұл фильмнен мұхитпен қарияның арпалысын көрдiк. Қарт мұғалiмнiң оқушылары басқа аралға көшiп кеткеннен кейiнгi бос парталармен үнсiздiк арқылы зарын көрсетедi. Отбасынан тасқын салдарынан айрылып қалған қарияның кейiнгi сағынышы мен тербелiсiн 84 минутқа сыйғызған Раджеш Шераның еңбегiн айрықша бағалауға болады. Нағыз қазақ менталитетiне жақын кино. Фильмнiң 70 пайызы үнсiздiкпен өтедi. Бiрақ қарияның үнсiздiгi арқылы барлық тасқын салдарынан жапа шеккен адамдардың мұңын аңғарамыз. Бұл киноны философиялық драмаға жатқызуға болады. Раджеш Шераның киносы Голландиядағы “BREDA” халықаралық кинофестивалiнде көрермен жүлдесiн қанжығасына байлаған екен. Бәлкiм бiздiң елде де аталмыш туынды жоғары бағаланар. Ал Қазақстандық анимациялық фильм “Киiк толғауы-2” көрермендердiң көңiлiнен шықты. “Киiк толғауы” — саналылар тiлiмен сөйлейтiн дала бөкендерi жайлаған сиқыр мен қиял-ғажайыпқа толы аймақ туралы ертегi. Жануарлар әлемi жайында осындай тәсiлмен суреттеу балаларды қайырымдылық пен мейiрiмдiлiкке, өзiнен әлсiздерге деген жанашырлық сезiмiне тәрбиелейдi. Егерде Мақсұт Жарымбетов секiлдi режиссерлерiмiз анимациялық фильмдер түсiре берсе, бiздiң отандық мультипликация шетелдiң Шректерiн басып озуы әбден мүмкiн.

“Шәкен жұлдыздары” кинофестивалiнiң президентi Асанәлi Әшiмов: “Шәкен жұлдыздары-2009” бiздiң үмiтiмiздi ақтайды, тамаша режиссерлiк, актерлiк, операторлық жұмыстармен кездесу үлкен қуаныш сыйлайды, сонымен қатар, өнердiң жаңа белестерiне көтерiлуi үшiн алғашқы талпыныс сатысы болып табылады деп үмiттенемiн” деген едi. Бiздiң де жас киногерлерiмiзге деген үмiтiмiз зор. Жастар үмiттi ақтайды деп сенемiз.

Назым ӘШIМХАН