Жаңалықтар

“ҚҰБЫЛАМА БЕТ ТҮЗЕП ҚОНДЫРДЫМ ҰЛЫ КӨШIМДI”

ашық дереккөзі

“ҚҰБЫЛАМА БЕТ ТҮЗЕП ҚОНДЫРДЫМ ҰЛЫ КӨШIМДI”

Жамлийха Шалұлы көзi тiрi болса осы күндерi 70 жасқа толатын едi. Екеумiздiң алғаш танысқанымызға жарты ғасыр өтiптi. Екеумiздi алғаш таныстырған өлең едi. Мен 1960 жылы Моңғолия мемлекеттiк университетiнiң тарих факультетiне түстiм. Моңғол тiлiнде аздап өлең жазып көргенiм бар. Бiр-екi өлеңiм “Пионер” газетiнде жарық көрген едi. Университеттiң кiре берiсiндегi жарнамаға көзiм түстi. “Бүгiн кешке сағат 18-00-де әдебиетшi студенттердiң үйiрмесi жұмысын бастайды. Бүгiн:

“Моңғол боп туған баламын,

Түлегiмiн ұлы даланың.

Моңғол боп келдiм өмiрге

Жаһанды жау алса да,

Сол атымда қаламын”

деген өлең жолдарының авторы әйгiлi ақын Чойжилын Чимэдпен кездесу өтедi. Келiңiздер!” дептi. Қызықтап мен де бардым. Бiрнеше студент жастар отыр екен. Көзi алақандай қараторы жiгiтке көзiм түстi. Қазақ екенiн көзiнен таныдым. Менiң қазақ екенiмдi ол да бiлдi-ау деймiн. Бiр-бiрiмiзге анда-санда қарап қойып отырдық. Менен басқасы тiл-әдебиет факультетiнiң студенттерi екен. Чимэд ақын ұлтшылдығынан сотталып шығыпты. Студенттер ақыннан “түрмеде шығарған өлеңдерiңiзден оқып берсеңiз?” деп өтiндi. Өлеңдi өте берiлiп оқиды екен. Өлең оқығанда тiптен өзiн-өзi ұмытып кететiн сияқты. “Моңғол ақыны болу үшiн сендер әуелi моңғол болуларың керек” дедi. Әлгi қара торы қазақ жiгiтi екеуiмiз бiр-бiрiмiзге қарап жымидық. Сол жиыннан шыға таныстық. Ол да моңғолша оқыпты, моңғол тiл-әдебиетiнiң II курс студентi, моңғолша өлең жазады екен. Ақынның “Моңғол ақыны болу үшiн әуелi моңғол болуларың керек” деген сөзi екеуiмiзге де әсер етiптi. Қызықтап келгенiм болмаса менде ақын бола қояйын деген ой жоқ, тарихшы болатын шығармын дедiм. Сонда Жамлийха:

— Жоқ, моңғолша өлеңдi тек моңғол адам жазу керек деген пiкiрiмен мен келiсе алмаймын. Әрине қазақша жазсақ жақсы ғой, бiрақ мұнда ондай әдеби орта жоқ, — деп налыды. Екеумiз әңгiмелесе келе университеттегi әдебиетқұмар қазақ студенттерiнiң басын қосып, қазақ әдебиетiнiң үйiрмесiн құрайық деп келiстiк. Iшiмiзде қазақша өлең, проза жазатын бiрер жiгiттер де бар болып шықты. Екi-үш апта өткесiн, iшiнде Жамлийха екеуiмiз бар 6-7 қазақ жиналып әдебиет, ұлт жайлы әңгiме дүкен құрдық. Осылайша 2-3 рет бас қостық. Бұл МХРП-сы Тимур-Очир бастаған ұлтшылдық бағытпен күрес жүргiзiп жатқан кез тұғын. Бiр күнi менi деканаттан шақырады, барсам өзiм жақсы көретiн бiр ұстазым “сендер қазақтарыңды жинаймын деп бастарыңа пәле тауып алып жүрмеңдер, қазiр заман қиын” деп ескерттi. Бұл ескерту Жамлийхаға да жасалыпты. Өстiп жүргенде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қайтыс болғанын естiп, 4-5 қазақ студентi соңғы рет жиналып “қазақ үшiн еңбек етемiз” десiп, өзiмiзше ант-су iшiсiп тарастық. Осы алған уәденiң қарымы болу керек III курс студентi Жамлийха М.Әуезовтың “Абай жолы” романын моңғолшаға аударуға кiрiстi. Әрине бұл өте батыл қадам едi. Л.Соболев, Н.Ановтар қазақшадан жасаған сөзбе-сөз аударманың негiзiнде орысша әрлеген Абайды аудару студент үшiн нағыз талапты ердiң қолынан келетiн iс едi. Сөйтiп жүргенде басқадай бiр топ қазақ зиялылары “Абай жолы” романын аударып жүргенi белгiлi болды да студент Жамлийха “Абай жолының” аудармасын солармен бiрлесiп ары қарай жалғастырды. Сөйтiп “Абай жолы” романы моңғол тiлiнде 1972 жылы жарық көрдi.

Моңғол тiлiндегi газет, журналдарда Жамлийханың өлеңдерi де шығып қалатын. Бiз жас ақынның әрбiр қадамына тiлектес болып жүрдiк.

Әлi есiмде 1962 жылы қаңтар айының 20-сы күнi үйлену тойымыздың қамында жүрiп, Жамлийхамен кезiгiп қалдым. Машинкаға жазған шақыру билетiн Жамлйихаға ұсынсам, ол да маған тура сондай шақыру билетiн берiп тұр. “Үйлену тойымызға шақырамыз. Той қаңтардың 23 күнi кешкi сағат 20-да Толгойтдағы үйiмiзде өтедi” дейдi. Бiздiң шақыру да тура сондай. Тек тойдың болатын орны ғана бөлек. Екеумiз бiр-бiрiмiздi құттықтап өмiрiмiзден сәттiлiк тiледiк. Университеттiң қазақ студенттерi екiге бөлiнiп төртеуiмiздiң тойымызға келдi. Тойымыз бiр кеште өттi.

1965 жылы екеумiз де университеттi бiтiрдiк. Мен Қобда аймағына жолдама алдым. Сүхэбатыр алаңында Жамлийхамен кездесiп қалдым. Ол менен: “Қайда бөлiс алдың?” деп сұрады.

— Мен туған жерiм Қобда аймағына жолдама алдым, – деп едiм, ол:

— Қобдаға барғаның қалай? Қазақ арасынан алғаш Сүхэбатыр атындағы стипендиямен оқып бiтiрген жалғыз қазақсың, университетке неге қалдырмады? — деп сұрады. Мен сол кездегi факультет деканымен көзқарасым келiспейтiндiгiн айтып, “өзiң қайда баратын болдың?” деп сұрадым.

— Мен Баян-Өлгейге жүрейiн деп тұрмын. Бiрiншi, келешек еңбегiм үшiн қазақ өмiрiмен танысқым келедi, екiншiден, өзiң бiлесiң қазақ тiлiмдi жақсылап сындырайын деген ойым бар дедi. Дұрыс болған екен деп екеумiз қоштасып кете бардық.

Мен Қобдада үш жыл тұрып Ұланбатырға көшiп келсем, Жамлийха да осында келiп Орталық жастар газетiнде әдеби қызметкер болып орналасыпты. Туған ел, жердiң өмiрiмен танысып бiршама рухани азық жинап қайтқан көрiнедi. Өлеңдерiнде қазақы сарын, стиль басым бола бастапты.

Жамлийха Шалұлы әдебиетте әуелi ақын ретiнде танылды. Алғашқы тырнақалдысы 1958 жылы ол IХ сыныпта оқып жүргенде Моңғолия жастарының Орталық органы “Залуучуудын Үнэн” газетiнде жарық көргенiн бiлемiн. Студент кезiнде де өлеңдерi шығып тұрды. 1970-1980 жылдары үш бiрдей жыр жинағы шықты. Ол еңбегiн моңғолша жазатын. Бiрақ моңғол тiлiнде қазағының өмiрiн жырлайды. Оның қайсы өлеңiн оқысаңыз да қазақша өлең оқып отырғандай әсер аласыз. Өлеңнiң сөзi моңғол болғанымен мәнерi, стилi қазақ. Мысалы оның “Отан” туралы мына бiр өлеңiне зер салып көрейiкшi (Мұнда ақынның өлеңдерi мақала авторының аудармасымен берiлiп отыр).

Ен даламда асыр салсам құлындай,

Көк кiлем боп төселетiн — отаным.

Гүлiң болып бүршiк жарсам далада

Күнiм болып нәр беретiн — отаным.

Егiн егiп диханшы боп шөлдесем,

Бұлақ болып суғаратын — отаным.

Ұста болып ыстық темiр соқсам мен

Самал болып салқындатқан отаным.

— деп жырлайды. Өлеңiнде қазақы сезiммен отанын шын сүю бар. Сөйте тұра моңғол оқушыға да түсiнiктi, олар мұнда отанын жанындай сүйген моңғол ақынының өнерiне тәнтi болады.

Автор бiр жинағын “Домбыраның қос iшегiнен төгiлген жырлар” деп атапты.

Домбырам, менiң домбырам,

Егiлесiң төгiлiп,

Ботадайын боздайсың

Жылайсың кейде егiлiп.

Екi iшегiң ақтармаса мұңыңды

Шанағыңа күй сыймай

Кетер едi-ау сөгiлiп,

— деп домбыраға шын сыйынады. Немесе “Бүркiт” деген мына бiр өлеңдi алайықшы

Көк тәңiрiңнiң қыраны

Томаға киiп көзiңе

Қалғып неге жатырсың?

Жаныңнан бала өткенiн,

Қой жайылып кеткенiн,

Төрт көз төбет қасында

Сүйек кемiрiп жатқанын,

Ағарып таңның атқанын,

Қарайып күннiң батқанын,

Ажырата алмай әуресiң,

Көре алмай күннiң сәулесiн.

Аспанның ерке серiсi

Сен алыпсың, алыпсың.

Асыранды күшiктей,

Ұстап алған иеңнiң

Қолына қарап қалыпсың, — дейдi. Ақын мұнда қыран көзiң бола тұра жарық дүниенi көре алмау деген қандай қасiрет екендiгiн ашып көрсеткен. Өлеңде перiште құстың мұңлы күйiн, қайғысын ақын нақты бере алған.

Жамлийха ертегi сарынымен “Күрек”, “Әншi жауынгер туралы баллада” және “Ошақ” деп аталатын үш толғау жазды. “Күрек” атты, толғауының мына бiр жолдарына үңiлiп қараңызшы.

Дала таңы жерден шығып атады.

Дала күнi жерге сiңiп батады.

Атқан таңмен жарысып бiр азамат

Күрегi бар қолында, күнде келе жатады…

Мұнда ақын дала өмiрiн әсерлi де, нақты бере алған.

Жамлийха бiрнеше әндерге өлең жазды. Солардың iшiнде халық арасына Шәмшiнiң әндерiндей кең тарағаны Хангайдың әнiне жазған “Нутгийн хөөрхөн бүсгүй” (Мен туған жердiң сұлуы) атты әннiң сөзi. Бұл ән талай белгiлi әншiлердiң репертуарына ендi. Тамаша клип (бейнефильм) түсiрiлдi. Әнi де, сөзi де тамаша. Әннiң сөзiнде:

Қаракөзайым, мен туған жердiң сұлуы,

Жете алмай жүрмiн,

келмей-ақ қойды қиюы.

Тасты жарып тауда өскен гүлмiсiң?

Сұлулығыңды жасырып әлi жүрмiсiң,

Кiм жазады жүрегiмнiң жарасын,

Жұлдызым-ау, сағымдай болып

алыста қалып барасың,

— деген жолдар бар.

Жамлийха Шалұлы өлеңдерiн жаза жүрiп прозаға да қалам тартты. Оның қаламынан бiр роман, 4 повесть және 20-ға жуық әңгiме, эссе, хикаяттар туды. Әрине олардың iшiндегi шоқтығы биiгi “Их айл” (“Қара шаңырақ”) романы. Бұл туған өлке — Баян-Өлгейде, қазақ арасында туған, Моңғолия қазақтарының қилы өмiрiне арналған роман. Романдағы тұлғалардың барлығы қазақтар. “Қара шаңырақ” романы арқылы Ш.Жамлийха Моңғолия Жастар одағы сыйлығына ие болды. 1989 жылы “Халуун Зуны бароо” (Жаздың аптабындағы жаңбыр” атты повестерi және әңгiмелер жинағы арқылы оқушы көпшiлiктiң алғысына бөлендi. “Сэтгэлийн амраг” (“Сүйген жар”) атты әңгiмелер жинағын өз ошағының отын жағып отырған жары, сегiз баласының анасы Назираға арнапты. Ш.Жамлийханың әңгiмелерi өткiр оқиғаларға арналған, тартысты да тартымды келедi. Моңғолияның танымал жазушыларының бiрi және қазақ тiлiне жатық Бөхийн Бааст Ш.Жамлийхааның повестерiн оқып “Моңғол тiлiнде жазылған қазақ өмiрiнiң айнасы” деп бағалапты.

Жамлийха журналист ретiнде де халық арасында кең танылды. Ұзақ жылдар бойы Моңғолия жастарының орталық органы — “Залуучуудын Үнэн” газетiнде жауапты қызметтер атқарды. Мен төменде журналистика саласында Жамлийханың атын шығарған екi мақаласын атап өткендi жөн көрдiм.

Моңғолияда әлемге танылған Ринчин Бямбаев деген лингвист ғалым өткен. Әлемнiң 8 тiлiн меңгерген, түрiк тiлiне жатық адам. 17 жыл түрмеде отырып, саяси бюродан 9 рет шара қолдандырып жүрiп моңғолдың тiлiн тiл еткен екi ғалымның бiрi. Ол системаға да, партияға да бағынбай, тек адами арына ғана бағынған адам. Л.Гумилев өз естелiгiнде “Мен 1950 жылдары түрмеден босап келгесiн Ленинград университетi студенттерiнiң жатақханасында жүргенiмде менi iздеп әйгiлi ғұлама Ринчин келiп кетiптi. Бұл оқиға бiздiң үкiметтiң құлағына жетсе керек билiк ұялғанынан маған баспана берген едi” деп жазғаны бар. Ринчиндi жерлеп келгенде моңғол зиялылары “бiз бүгiн кiмдi жерлеп келдiк, моңғолдың тiл бiлiмiн жерлеп келгенiмiз жоқ па?” деп жылаған деседi. Ол кiсiден сұхбат алудан журналистер жүрексiнетiн. Өйткенi тiлден, сауалдан қате жiберiп ұятқа қаламыз деп қорқатын. 1970 жылдары Жамлийха “Залуучудын үнэн” (Бiздiңше бұрынғы “Комсомольская правда”) газетiнде iстеп жүрiп Ринчиннен сұхбат алуға барып Ринчиннiң алғысына бөленiп қайтыпты. Жамлийха ғұламаға қойған алғашқы сауалын “Мың бiр түннiң ертегiсiнен” бастапты. Онысы Рекеңе қатты ұнаса керек. Мен 1930 жылы алғаш аударып бастырған “Мың бiр түн” ертегiсiнiң I кiтабы барлық кiтапханалардан жоғалып кеттi. Өйткенi билiк бұл ұлы шығарма жастардың марксизм-ленинзм iлiмiн үйренуiне бөгет болады деп қорықса керек дептi ғұлама. Жамлийханың ғұламамен болған сұхбаты газетке басылып шықты. Сұхбаттың соңында автордың ғұлама туралы жазған тамаша өлеңi шықты. Өлең кейiн ұлы ғалым Ринчин Бямбаев туралы жинаққа ендi. Ендi осы өлеңнен үзiндi келтiрiп көрiлiк.

…Сүхэбатыр алаңын кесiп өтiп,

Ұлы Ринчин келедi көңiлi елтiп.

Қазақ белбеу белiне буынғаны,

Аяғына кигенi бурят етiк.

Келедi ұлы ғұлама,

Ақ сақалды ақ маңдай,

Жан жағына қарайды

Қыран көзi жалтаңдай.

Түр тұлғасы құдды бiр

Ақбас алтай теңселiп

Жақындап келе жатқандай.

Қараңдаршы жарандар!

Моңғолының тiлi мен

Бiлiмнiң жүгiн бiр өзi

Қасқая тартып

Арқалап жатқандай…

Осы жолдарды оқып отырып бүгiнгi бiздiң қазақта Ринчиндей ғалым, жас Жамлийхадай журналистер көп болсашы деп армандайсың.

Моңғолияда қазақтан шыққан Iкей Мәзiмұлы деген батыр өткен. Моңғолияның 15-атты әскер полкының төртiншi бөлiмшесiнiң командирi, лейтенант Iкей 1939 жылы Халхынгол шайқасында жапонның моторландырылған полкы мен алғаш бетпе-бет келiп теңдесi жоқ күшке дес бермей бiр адамы қалғанша шайқасып опат болған қазақ жiгiтi. Жамлийха Iкей батырдың туған жерi, мерт болған орнына дейiн талай рет барып батырдың көз көрген адамдары, командирлерiмен жолығып осындай көп iзденiстен кейiн “Iкей батырдың жүрек оты” (“Экей баатрын зүрхний гал”) деген әйгiлi очеркiн жазды. Жамлийханың бұл очеркi Iкейдiң басына қойылған ескерткiш iспеттi едi. Iкей батырдың кiм екенi халық арасына осы очерктен кейiн кеңiнен танылып батыр алғаш оқыған Дэлун Сомон орта мектебi Iкейдiң атымен аталып, Аймақ орталығында батырға ескерткiш тұрғызылды. Ақын-журналист очеркiнiң соңында Iкей батырға Өлең жолдарын арнайды.

…Батырлары ел қорғаған өлкеде,

Ерлерiнiң аты аталмай тұрмайды.

Халха өзенi жаңғырығып талымен

Ер Iкейдiң атын атап шулайды.

Жүрек оты ер Iкейдiң

Туған жерi — Алтайынан табылды.

Бес Боғданың шыңдарына

Бес жұлдыз боп жағылды.

— деп қазақ батырының ескерткiшiн Бесбоғданың шыңына дейiн көтердi.

Жамлийха Шалұлы 1982-1992 жылдары Моңғолия Жазушылар одағында қазақ әдебиетiне жауапты қызметкер, одақтың басқарма мүшесi бола жүрiп Моңғолиядағы қазақ-ақын жазушыларының 22 кiтабын моңғолша аударып бастырды. Нәтижесiнде 8 қазақ-ақын жазушысы Моңғолия Жазушылар одғының түрлi сыйлықтарына ие болып Моңғолия жазушылар одағының мүшелiгiне қабылданды. Осы жылдары Жамлийха Моңғолиядағы қазақ әдебиетi үшiн көп еңбек сiңiрдi. Мен 1991-1992 жылдары Моңғолияның мемлекет сыйлығын беретiн комиссияның бастығы болған едiм. Бiр күнi маған Жамлийха келдi. Моңғолия қазақтары арасынан шыққан белгiлi ақын марқұм Ақтан Бабиұлын мемлекеттiк сыйлыққа ұсынсақ деген пiкiр айта келiптi. Мен құптадым. Бiрақ Баян-Өлгейден тиiстi материалдары келмей кешiгiп қалды. Осыдан болып қайсы бiреулер “Зардыхан қазағының материалы келгенiн күтiп комиссияның шешiм шығаратын уақытын кешiктiрдi” деп те жазды. Бiрақ Жамлийханың ұсынысы адамгершiлiктен туған пiкiр едi. Жамлийха еңбегiн моңғолша жазса да ұлтын жанындай сүйетiн азамат болған. Бiз Жамлийха екеуiмiз 1961 жылы қазағым деп жыласып айрылысқан оқиғадан соң 30 жылдан кейiн тағы да қазақ мәселесiн көтерiп iсiмiз оңға баспай екiншi рет жыласып айырылысқан оқиғаның куәгерi болдық. Бiз бiрнеше азамат бiрiгiп, Ұланбатырға қазақ қоғамы және қазақ мәдени орталығын құрмаққа әрекеттендiк. Бiр бас қосуымыз 1990 жылы 2 ақпан күнi Жамлийханың шаңырағында өткенi есiмде. Бiрақ кейбiр азаматтардың кертартпалығынан болып iсiмiз оңға баспай, 4 наурыз күнi Шерхан деген азаматтың отбасында өткен IV кездесуiмiзде екiншi рет жыласып тарастық. Бiрақ бұл бастама Баян-Өлгейде жалғасын тапты. Мен бұл туралы өзiмнiң “Жылаған жылдар шежiресi” атты еңбегiмде толығарақ жаздым.

Жамлийха Шалұлы саналы ғұмырының көп жылдарын қазақ классиктерiнiң шығармаларын моңғол тiлiне аударып моңғол жұртшылығына оларды насихаттауға арнады. М.Әуезовтың “Абай жолы” романын аударуға студент кезiнен бастап араласқанын бiз жоғарыда айтып өттiк. 1970 жылдардан бастап С.Мұқановтың “Ботагөз” романы, Ғ.Мүсiреповтың “Қазақ солдаты” романы, Ш.Өтеповтың “Шығыс қызы” повесi, Ж.Молдағалиевтiң әйгiлi “Мен қазақпын” поэмасы, Махамбет, А. Құнанбаев, Қ.Мырзалиев, М.Шахановтың өлеңдерiн моңғол тiлiне аударды. Моңғолдар саны қаншама аз болғанымен мәдениетi, тiлi, тарихының тамыры тереңге кеткен халық. Қазақ әдебиетiнiң осыншама мұрасын моңғолша сөйлету оңай шаруа ма едi. Жамлийханың еңбегiне тек С.Мұқанов, М.Шахановтар үлкен баға берiптi. С.Мұқанов 1973 жылы 15 қаңтар күнi Жамлийхаға жазған хатында “Ботагөздi туысқан моңғол тiлiне аударғаны үшiн сансыз рахметiн айтып саулық, бақыт тiлептi”. М.Шаханов 1985 жылы 5 қазанда Жамлийха моңғолша аударған өзiнiң өлеңдер жинағын оқып “Қадiрлi туыс, қазақтың дарынды перзентi Жамлийха сiзге үлкен рахмет” деп қолтаңба берiптi. Ол өмiрде бiреулерге көз сүзiп абырой-атақ, сый-сияпат тiлеп көрмеген, көрiнгеннiң есiгiн қаға бермейтiн аса қарапайым да қарабайыр жан едi.

1991 жылы жаз айларының бiрiнде Сухэбатыр алаңында Жамлийхамен кездесiп қалдым. Ата жұртқа көшпекке дайындалып жүр екен. Шыны керек мен оған:

— Сен моңғолша жазатын қаламгерсiң, әуелi моңғол әдебиетiнiң өкiлiсiң, атажұртқа неге сонша асықтың, көш жаңадан басталып жатыр ғой” дегенiмде де, ол:

— Өзiм үшiн емес, ұрпағым үшiн кетiп барамын Зәке дедi. Мен ол пiкiрiмен iштей келiстiм, бiрақ ашып ештеңе айтпадым.

Мен Ташкентте екi жыл қызмет атқарып, 1994 жылы наурыздың 14 күнi Алматыға көштiм. Жамлийха Алматыдағы Моңғол елшiлiгiнiң адамдарымен бiрге сонау Қордайдан тосып алды. Қауышып амандастық. Ұзынағаштың бiр шеткерi ауылында тұрады екен. Сол жылдары қабiлетi сарқыла қоймаған 55 жастағы жiгiт қой. Бiрер күннен кейiн бiздi үйiне шақырып қонақ еттi. Жұмыссыз екен. “Не жазып жүрсiң?” деп сұрағанымда:

— Әзiрге тек күн көрiстiң қамында жүрмiз ғой, Зәке! – дедi де қойды… Асып-саспайтын, ырду-дырдуы жоқ азамат едi ғой марқұм.

— Бiр жылдан кейiн мұнда менiң “Жылаған жылдар шежiресi” деп аталатын тарихи-публистикалық еңбегiм жарық көрдi. Кiтапты Жамлийха моңғол тiлiне аударып, екеумiз аудармаға редакция жасап, екi күн бiрге отырдық. Тек Асан Қайғы Хасан Сәбитұлының төрт жол өлеңiн аудару үшiн екi сағат уақытымызды жұмсадық. Сөз арасында Жамлийха аударма деген оңай шаруа емес, Қазақстан ақын-жазушыларының шығармаларын аударуға менiң өмiрiмнiң көбi кеттi ғой. Шығармалары аударылған жеке авторлар болмаса, Қазақстан әдебиетiнiң бас штабынан “Рахмет” деген сөз естiп көрмедiм. Әйтеуiр Моңғолиядан келген бiр топ ақын-жазушылардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелiгiне қабылдандым деген едi.

Иә, өз қабiлетi, өз еңбегiмен шет елден келген қазақтардың жас ұрпағы өсiп келедi. Бұған да шүкiршiлiк. Ал жасы егде тартқан, қазағым, атажұртым деп еңiреп жеткен қабiлеттi талай қазақ ескерусiз қалды. Солардың бiрi Жамлийха Шалұлы едi. Ол ата жұртта өз орынын таба алмай кеттi. Зейнеткерлiкке шыққанша жұмыссыз бос жүрдi. Атажұртта бiрде-бiр кiтабы шыққан жоқ. Қазақ әдебиетiн шет тiлге аударып насихаттауда Жамлийхадай еңбек сiңiрген кiм бар едi? Осындай азаматқа “Алаш” сыйлығын берсе нетер едi. Басқалардай 10-15 жыл болмай-ақ қойсын, бiр жылға болса да президенттiң стипендиясын алатындардың тiзiмiне қосса азаматтың еңсесi көтерiлiп қалатын едi ғой. Әрине қаншама қарапайым, бейуаз жан дегенмен ол iштей өкпелi болатын. Әрине келгендердiң ұтқан тұсы атажұрты, қара орман қазағымен табысқандығы шығар. Ал тiршiлiкте олар көп нәрседен ұтылды. Осыны сезген жергiлiктi ақын-журналист Ақын Сагид-Уақас Жамлийхаға арналған бiр өлеңiнде:

Жәке, Жәке жампозым жәм-ағамыз.

Жан жүрегiң дархан бiр дала нағыз.

Сен арқылы Абайдың басқан iзiн

Шыңғысханның жұртынан таба аламыз.

Өкпелiсiң бiздерге сеземiн мен,

Қайсар жүрек бәрiне төзе бiлген.

Баян-Өлгий төсiнiң жусанысың

Жұпар иiсi аңқыған өзегiнен.

— деп жырлайды. Бұл әрине Жамлийханың жан дүниесiн, арман, тiлегiмен рухани күйзелiсiн түсiне бiлген адамның сөзi.

Бүгiн арамызда Жамлийха жоқ. Бiрақ оны ұмыту мүмкiн емес, еткен еңбегi оны ұмыттырмайды да. Жамлийха өмiрiнiң соңғы жылдарында қазақ тiлiнде “Тағдыр пернесi” атты әңгiмелер, эссе, хиқаяттар жинағын дайындаған екен. Өзi екi-үш жыл жүрiп шығара алмапты. Ол еңбек ендi жұбайы Назираның қолында жүр. Тиiстi мекемелер осы еңбектiң жарық көруiне қол ұшын берсе екен деймiн. Жамлийха өз кезегiнде қазақ ақын жазушыларының шығармаларын моңғол тiлiне аударуға қаншалықты күш салса, ендiгi кезек бiзге келдi. Ақынның таңдамалы өлеңдер жинағымен “Их айл” (“Қара шаңырақ”) романын қазақ тiлiне аударып бастыру қажет деп ойлаймын.

Осы жолдарды жазып отырып, көп толғандым. Менi толғандырған көз көрген адамдарымның тағдыры. Ақын болмасам да мына бiр өлең жолдары ойыма оралып, көкiрегiмдi кернеп тұрып алды.

Қозы айдаған қоңыр жондар — туған жер,

Жазған, сызған еткен еңбек, төккен тер,

Барлығын туған жерде қалдырып,

Атажұртқа аңырап, аңсап жеттiңдер.

Оралман тағдыр болдыма әлде оралғы,

Таси алмай, ашыла алмай кеттiңдер.

Моңғолияның көктемiнде гүл ашқан,

Жамлийха, Арғынбай мен Имашхан

Атажұртта елеусiз ғана өтсең де

Әр қайсысың өз алдына бiр дастан.

Жазылар-ау жүректердiң жарасы,

Арылар-ау өмiрдiң ақ пен қарасы,

Бiрiн сұңқар, бiрiн шымшық дегiзбей

Қабiлеттi қадiрлей бiл ағайын

Барлығы да бiр қазақтың баласы.

Зардыхан Қинаятұлы