ҚҰЛСАРЫДАҒЫ ӨРТ
ҚҰЛСАРЫДАҒЫ ӨРТ
Қазақтан шыққан тұңғыш мұнай инженерi, бүткiл саналы ғұмырын мұнай өндiрiсiне арнаған ардагер азамат Сафи Өтебайұлының 100 жылдық мерейтойын мұнайшы қауым 22-23 мамыр күндерi Астанада атап өтпек.
1936 жылы Мақат кәсiпшiлiгi бұрғылау цехының аға инженерi боп еңбек жолын бастаған ол, 1971 жылы Ақтау қаласында қайта құрылған “Қазақстанмұнай” бiрлестiгiнiң бастығы қызметiнен құрметтi еңбек демалысына шығады. Тұтастай отыз бес жыл өмiрiн қазақ мұнайының өркендеуiне арнаған қарт 2007 жылы 98 жасында көз жұмды. Ғасыр жасаған қарт соңында ұрпаққа ұлағат болар iс қалдырып кеттi. Өз қолымен құрысқан мұнай өндiрiсi одан әрi даму үстiнде. Қазақстан осы азаматтар қалыптастырған өндiрiстiң жемiсiн әлi күнге жеп келедi. Нұрлыбек Саматұлының осынау ардагер қарттың өмiр жолы туралы жазған очеркiнен үзiндi ұсынамыз.
* * *
Сафи сол күнi түнделетiп Гурьевке келiп едi, Шәрипа үрпиiп, қорқып отыр екен. Қолында НКВД-ның шақыру қағазы. Қағаз емес, жылан ұстағандай, бұған берер-бермесiн бiлмей көзi жасаурап қоя бердi.
Оның Гурьевке асығыс келгендегi мақсаты, Құлсарыдағы жағдай туралы трест басшыларымен ақылдасып, Мәскеуден көмек сұрау болатын. Одан басқаға бұрылуға мұршасы да, уақыты да жоқ. Гурьевке тек сол үшiн ғана келдi. Айтарын айтып болғасын, Құлсарыға қайтадан шұғыл аттанып кетуi керек. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, жан алқымға келгенде НКВД-ның шақыра қалғанын қарашы. Шақырғасын бармауға тағы болмайды. Айтылған уақытта жетпесе, милициямен айдатып алдыратынын ескертiптi.
Амал жоқ, таңғы асын iшер-iшпестен НКВД-ға келiп едi. Сүйтсе бұны шақыртқан баяғы Мехнович екен. Ол бұған бiр том тергеу iсiн дайындап қойыпты. Соны Сафидың алдына ысырып: — Мынаған қол қой, — дедi.
— Қалай қол қоям, қол қою үшiн әуелi оқып шығу керек қой?
— Оқып шық.
— Сiз кешiрiңiз, мен Құлсарыдан осы түнде ғана келдiм. Ол жақта фонтан болып жатыр. Сол фонтанмен он бес күн алыстық. Шамамыз келмедi. Сосын Москваға хабарлайық, көмек сұрайық деп түнделетiп кеп отырмын. Менiң мынаны оқып отыратын уақытым жоқ. Ана фонтан өртке ұласып кетуi мүмкiн. Сондықтан, қолымды қоя алмаймын, — деп есiкке қарай бұрылып жүре бердi.
Мехнович те шалт екен, тез қимылдап есiк тұтқасына қол созған Сафидың алдына кесе-көлденең тұра қалды. — Тоқта! Қой қолыңды!
— Тарт қолыңды!
Қаны басына теуiп, ашуға мiнгенi сонша, қалш-қалш етiп, тiстене сөйледi.
— Сен маған күштеп қол қойғыза алмайсың. Менiң Жоғарғы кеңес депутаты екенiмдi бiлмеушi ме едiң?
Сафи одан әрi өзiн өзi ұстай алған жок, Мехновичтi жолдан итерiп тастап, сыртқа жүгiре шықты.
* * *
Мехновичтiң кабинетiнен жүгiре шықкан Сафи НКВД кеңсесiнен алыстап кеткенше екпiнiн баса алмады. Тек Жайықтың Бұхар жақ бетiндегi екi қабат трест мейманханасы мен оның арғы бетiндегi кеңсеге жақындағанда ғана жүрiсiн баяулатып, үстi-басын түзедi. Ендi “Фонтанның тоқтаусыз әл бермей он бес күн атқылағанын естiсе жаңа бастық не дер екен?” деп ойлап келедi.
Қолайлы адам табылмады ма, кiм бiлсiн, әйтеуiр, Семен Абилевич ұсталып кеткеннен кейiн трест бiрнеше ай бойы бастықсыз қалып едi. Мәскеу ойланып-толғанып, әрең дегенде треске бастық етiп Хананян деген бiреудi тағайындаған-тұғын. Сафидiң жаңа бастық деп келе жатқаны да сол — Хананян. Жаңа бастық кабинетбастылау ма, қалай өзi, осы қызметiне былтырғы күз келгелi берi аралап көрген кәсiпшiлiгi санаулы-ақ. Құлсарыға тiптi де бармапты. Әлде, бас инженер жүр ғой деп, соған сене ме? Не ойлағанын бiр Құдай бiлсiн. Не ойласа да дәл осынысы Сафиға ұнаған жоқ. Бастық деген жұмысшы арасына бармаса, олармен бетпе-бет кездесiп, хал-жағдаймен таныспаса, анау-мынау қиыншылықты сол сәтте шешiп тастамаса… онда ол бастық бола ма? Онда ол бiр жансыз қуыршақ қой.
Сафидiң оған ренжуi де орынды. Бұрынғы қылығын қойшы, 61-шi ұңғы мұнай атып, әл бермей жатқанын төрт көз түгел отырып естiдi ғой. Сонда Хананян не дәрмен көрсеттi. Тiптi бастық боп, бiр сөз айта алмады-ау. Бар болғаны шарасыздық танытып, басын шайқап отырып калды. Қалған көз ендi соған қадалған. Кiлең бiр сұраулы көздер. “Не iстеймiз? Не кайрат қыламыз?” Жаңа бастық сол сұраулы көздердi байқамай қалса өзi бiлсiн, байқап тұрып бiр ақыл-кеңес айтқан жоқ.
— Не iстеймiз? — дедi бұл да шыдамай.
— Өзiң бiл, — деген сонда Хананян, — инженер емессiң бе?
Бастықтан көңiл жұбатарлық ештеңе ести алмаған Сафи “осының етi тiрi-ау,” деген бiрер маманды ертiп Құлсарыға сол күнi-ақ жүрiп кеткен-тұғын. Ендi араға он бес күн салып үмiтi үзiлердей боп келе жатқаны мынау.
Хананян әдеттегiдей кеңседе екен, Сафи асығыс келгенiн сездiрiп үстiне кiрiп барды. Қысқа ғана амандық-саулықтан соң фонтанды тоқтатуға күш жетпей жатқанын баяндап өттi.
— Фонтанды тоқтатудың бiр-ақ жолы бар, — дедi ол трест бастығын үмiттендiрiп.
Манадан берi өңi кашып, боп-боз боп отырған Хананянның бетiне қан жүгiргендей, жүзi лап етiп шырайлана қалды.
— Ол қандай жол?
— Мәскеуге хабарлау керек. Әйтпесе, фонтан өртке ұласып кетуi мүмкiн.
Сафи осыны айтып ауыз жиған жоқ, кәсiпшiлiктермен байланысып отыратын жiгiт рұхсат сұрамастан киiп-жарып кiрiп келдi де, қолындағы қағазды бастықтың алдына апарып қойды.
— Құлсарыда өрт шығыпты. Мынау сол туралы хабар.
— Өрт?! Құлсарыдан?!
Хабар әкелген жiгiт жүзi күреңiтiп, көзi канталап төнiп келген бас инженердiң сұсынан қаймығып, қорқып кеттi ме, бөлмеден сытылып шыға бердi.
— Иә, өрт басталыпты, — дедi әлгi жiгiт үшiн Хананян жауап берiп. — Қасыңызға бас механиктi алып, осы қазiр Құлсарыға жүрiп кетiңiз. Мәскеуге бiз хабарлаймыз, олардың көмегi келгенше қолда бар күшпен амалдай тұрыңыз. Иә, иә, сүйтiңiз. Кiдiрмеңiз.
Сафи кiдiрген жоқ, үйге де соқпады. Кеңседен шыққан бойда бас механик Николай Неверов екеуi Құлсарыға қайта аттанып кеттi.
Бұл 1939 жылғы наурыздың 14-i едi.
* * *
Төбесiн брезентпен жапқан “Уазик” Құлсарыға елу-алпыс шақырым қалғанда түн түнегiн түрiп, аспан астын шарпыған өрттi бас инженер мен бас механик қатар аңғарған-тұғын. Сафи үндей қойған жоқ, ал Неверов кiшкене мәшиненiң iшiне сыймай кеттi.
— Сафи Утебаевич, көрдiңiз бе, көрiп келе жатсыз ба?
“Көргенмен қолдан келер қайран жоқ қой” дегендей Сафи үнсiз бас изеп едi, бiрақ оны Николай Трофимович аңғарған жоқ. Сол аңғармаған күйi:
— Сафи Утебаевич, құдайым-ай, мынаған адамның әлi келе ме? Неге үндемейсiз, әлде көз алдыңыздағы өрттi көрмей келесiз бе?
— Көрдiм, көрiп келе жатырмын. Мен бұрғы басындағы жұмысшылар аман ба екен деп, манадан берi уайымдап келем. Мұнараға жақын қонған бiр ауыл бар едi. Сол ауылды фонтанның солтүстiк-батысындағы Қамыскөл деген жерге көшiру керек деп нұсқау берiп кетiп ем. Көшiп-қонуды Сабыр Шәрiпов ұйымдастыруы тиiс. Жауапкершiлiктi сезiне бiлетiн, тәжiрибесi мол кiсi ғой, дегенмен ауылды көшiрiп үлгердi ме екен?
Осыдан соң екеуi де өз ойымен өзi қалып, машине iшiне қозғағыштың бiр сарынды гүрiлi ғана естiлiп тұрды.
…Жер дүниенiң апшысын қуырып, аспан асты жер үстiн қып-қызыл жалынға орап, үстi-үстiне өршiп, кейде құлақ тұндыра сатырлай жөнелiп, кейде зәреңдi зәр түбiне жiберiп гүмп ете қап, артынша ысқырына лапылдап жанған мынадай қайыру бермес алып өрттi Неверовты қайдам, Сафидiң көрiп тұрғаны осы. Құдай сақтасын! Адам бейшара әбүйiрiн жауып оң-солын тани бастағалы мың сан апатты бастан кешкен шығар? Бiрақ, мынадай алапат өртке куә болып па екен? Бұ не зауал?!
Қара жердiң қысымына шыдамай қырық-елу метр биiкке шапшыған мұнайдың өртi тiптi аспанмен таласып, түнгi қараңғылықтың өзiн қыр асырып түрiп тастағандай, айналасы бiрер шақырымды ыстық жалынымен шарпып күйдiрiп барады.
Сафи Гурьевке аттанарда мұнара маңы мұнай көлiне айналып үлгерiп едi. Ендi көл бетi бұрқ-сарқ етiп, бұрқ-сарқ еткен сайын маңайына мұнай шашып, шашылған мұнай жерге түспей патыр-пұтыр жанып… Құлсары майға шыжғырылып жатыр.
Таң бiлiне Құлсарыға келiп көргенi осы болды.
Не iстеу керек? Осы сұрақты өзiне Гурьевтен шыққалы мың мәрте қойған шығар? Сол мың мәрте қойылған сұраққа, манадан берi жауап таба алмай жанын жеп келдi ғой.
Не iстеушi едi? Өрттi сөндiру керек?
Қалай сөндiредi? Жалаң қол кiре ме өртке? Бейшара бұрғышыларды отқа тоғытпаса, басқа не қайран?
Айтпақшы, бұрғышы демекшi… бұрғышылар дiн-аман екен. Топ-топ боп мұнарадан төрт-бес шақырым қашықта безiп жүр. Отқа шарпылып қалмай, аулақ кетiп үлгергендерiне Тәңiрiне тәуба десiп дiрдектеп жүр.
Олар бұл екеуiн көргенде құтқарушы кеп қалғандай жамырай ұмтылысты.
— Сафижан-ау, ендi қайттiк? — Мынадай сұмдыққа қайдан тап болдық? — Не жаздық Құдайға?
— Шиеттей бала-шағамыз зар еңiреп, жетiм қала жаздады-ау!
— Ендi шетiмiзден соттайтын шығар.
— Сөйтiп бала-шағаны тiрi жетiм ететiн шығар.
Құдайды аузына алып зар илеген топтың iшiнен бiреу ес жиып, қалғанына басу айта сөз сөйледi.
— Ау, халайық, еңiрей бергенше, ақылдасып iс қылайық. Инженер келдi ғой, бiр амалын табатын шығар. Соның айтқанын қыла берейiк?
Барлығы бас инженер мен бас механикке үмiттене карасты.
— Үрейге бой алдырып, дүрлiге бермеңiздер. Бiр-бiрiмiздi ұғысып, бiрлесе қимылдасақ көмек келгенше бiраз шаруаны ыңғайлап қоярымыз анық. Қазiр бiз не iстеу керегiн ақылдасып, жоспар түзiп алғанша тамақтанып, жан шақырып алыңыздар, — дедi Сафи.
Жап-жас жiгiттiң салиқалы сөзiнен жұбаныш тапқан жұрттың боп-боз болған жүздерiне қан жүгiре бастады.
Сафидiң машина iшiнде тербетiлiп келе жатып ойлағаны мұнара түбiндегi көл болған мұнайды келесi бiр ойға ағызып әкетiп, өрттiң көлемiн неғұрлым азайта түсу болатын. Осындағы мамандармен ақылдасып алған соң, күдiгi басым қатерге қарсы барлығы бiрдей бiлек сыбанып шықты. Бар мақсат сол ойды iске асыру. Бiрақ, құмырсқаша қыбырлаған шарасыз адамды келеке еткендей алапат өрт одан сайын өршiп, ойранды салып-ақ жатыр.
Жұмысшылар “Аллалап” жүрiп, құбырларды бiр-бiрiне жалғап iркiлген мұнайды келесi бiр ойға ағызу қамына кiрiскенде, жан-жақтан жылжып жеткен жыланбауыр тракторлар өрттiң одан әрi жайылып кетпеуi үшiн ұңғыны айнала топырақ үйiп, жал жасай бастады. Шеңберленген осы жалды абайлап тарылта түсу үшiн тракторшылар шыбын жандарын шүберекке түйiп жұмыс iстеуге тура келдi. Тракторымен бiрге отқа оранып, күлге айналу әп-сәтте бола қалуы мүмкiн едi.
Осылай айдала, құладүзде отпен арпалысқан оларға келесi күнi де, одан кейiнгi күн де тұяқ серпiп ешкiм көмекке келген жоқ. Тек үшiншi күн түске ауғанда ғана Бакуден алғашқы жәрдем келiп жеттi. Ол — өрт сөндiрушiлердiң әскериленген командасы болатын. Олардың iзiн ала трестiң бiрқатар техникасы мен жұмысшылары өртке тұмсық тiредi.
Көмек келген соң, өртке қарсы шабуыл қарқын ала бастады. Топырақ күреген тракторларға көмек ретiнде өрт аузына қарай топырақ толтырған мыңдаған қап тасылды. Осы қаптардың қуыс-қуысынан жыланша сумаңдап, балақты қауып, бөлiне жанып жатқан мың сан ұсақ отты елеп жатқан ешкiм жоқ, барлығының назары ана жақта.
Өртке қарсы шабуыл үдей түскен сайын, өрттiң тынысы тарыла бастады. Өртенiп жатқан мұнай көлiнiң бiраз бөлiгi ойпаңдарға, ойпаң болмаса адам қолымен қазылған шұңқырларға құйылып алынды. Ендiгi жанталас өрттi осы мұнайға қарай жiберiп қоймау үшiн болып жатыр.
Өрт сөндiру барысында жұмысшылардың ас-суы мен демалысын ұйымдастыру басты назарға алынды. Әрине, көсiлiп, алаңсыз ұйықтауға жағдай қайда, дегенмен шаршаған, қалжыраған жұмысшыларды демалту, қарнын ашырмау ұмыт қалған жоқ.
Көл болған мұнайды құбырмен ойпаңға ағызып әкету, ұңғыны айналдыра үйген топырақ аясын тарылта түсу жұмысы бiрнеше күн қатарынан тоқтаусыз жүргендiктен өрт алғашқы күндегiдей емес, көлемiн кiшiрейтiп жуаси бастады. Бiрақ, жер астынан әлде де шапшуын тоқтатпаған мұнай онсыз да әл бермей жатқан отқа дамылсыз май шашып лаулатып тұр. Сондықтан, өрт сөндiрудi басқарып жүрген мамандар “қалай болғанда да осы фонтанды ауыздықтау керек” деген тоқтамға келдi. Бiрақ, қалай?
— Көкке шапшып жатқан мұнайды құбыр арқылы ағызып әкету керек, — деп ұсыныс айтты Сафи. Дағдарып отырған мамандар осыған тоқтады. Басқа амалдары жоқ едi. Бұл өзi соқырға ине сабақтатқандай өте қиын жұмыс болып шықты. Ұзын құбырдың екi басына болат арқан байлап, бiр басындағы трактор өрттiң арғы бетiнен тартып, екiншi басындағы трактор өрттiң бергi бетiнен сүйреп, айқай-сүреңмен, айнала шабыспен ұлы жобасына жақындаған сияқтанды. Ұңғының аузына кептелген құбыр арқылы ойға қарай сарқырап мұнай аға бастады. Бұрқақ сылқ түстi. Ендi әлгi құбыр арқылы ағып үлгермей, сыртқа төгiлген мұнай мен ауа жайылған газ жанып жатыр едi. Оның өзi жанына тiрi жанды жақындататын емес.
Ұңғы маңының топырағы күрең-қызғылт тартып, бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Жер астынан алып бiр құбыжық шыға алмай жанталасып жатқан сияқты. Алғашқыдай емес, өртке қарсы тұрған жандардың бұл күнде етi өлiп кеткен сияқты. Қай-қайсысы да тапсырылған iстi қалайда орындауға тырысып, отқа кiр десең сөзге келместей халге жетiп едi. Бұл немене сонда, жаннан безу ме, әлде алғашында Құдайдың кұдiретiндей көрiнген қатердiң бәсеңси бастағанынан үмiттену ме?
…Ендiгi мақсат — ұңғы аузына қарай мысықтабандап жақындай беру. Ол үшiн тағы да жал топырақ шеңберiн тарылта беруден басқа жол қалмап едi. Топырақ үюмен тағы бiрер күн өттi. Отты айналдыра салынған топырақ сақинасын одан әрi тарылту мүмкiн болмай қалған кезде инженер-техниктер мен өрт сөндiру мамандары тағы да бiр-бiрiне қарасты. Ендi не iстеймiз?
Бұл жолы не iстеудi өрт сөндiргiштер бiледi екен. Солардың ақылымен өрттiң екi бетiне қарама-қарсы етiп бiрнеше баған орнатып, олардың арасына болат арқан керiлдi. Олар осы арқан арқылы дәл ұңғы аузына он алты келi аммонол апарып, қопарылыс жасау жолымен өрттi тоқтатамыз деген тоқтамға келдi.
Бiрақ, облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Маврин деген бiреу, өрттiң неше түрiн бастан кешiп жүрген адамдай-ақ, салған жерден қарсы шықты. Оның ойынша, қопарылыс жасаған соң, ұңғы аузы одан сайын үлкейiп кетедi екен. Сөйтiп, өрт одан әрi шалқи жөнелiп, әл бермей қоятын көрiнедi. Бiрақ, оның болжамының инженерлiк-техникалық жағынан еш негiзi жоқ болатын. Сафи да, Баку өрт сөндiрушiлер командасының бастығы Сикорский да мұны Мавринге қанша айтса да ұқтыра алмады. Қопарылыс жасау әдiсiнiң тиiмдi екенiне өрт сөндiрудi тiкелей басқарып жүрген бұл екеуiнiң көздерi анық жеткен. Сол себептi, өзi маман болмаса да қасарысып қалған Мавринге түсiндiруден жалыққан жоқ. Мавринге “Егер сiздiң айтқаныңыз келiп, ұңғы аузы үлкейiп кетсе, сүйтiп, өрт әл бермей қойса, онда бiз-ақ жауапты болайық” деп ұзақ айтысып-тартысып тұрып алғасын ғана жiбiдi. Онда да амалдың жоқтығынан.
Бел шешпей күнi-түнi өрт сөндiрудi басқарып жүрген Сафи мен Сикорский қопарылыс жасауға рұқсат алысымен дайындық жұмысына кiрiсiп кетiп едi, сол сәт бұларды неше күннен берi сырттай аңдып жүрген НКВД-ның екi үндемесi Сафидан сұрақ-жауап алам деп, талап етiп отырып алсын. Бұл “ендi қайттiк” дегендей Сикорскийге қарады. Бойы екi метр болатын Сикорскийдiң шықшыты ойнап, шыдамы кете бастаған екен. Сол сәт ол көз iлеспес шалттықпен пистолетiн суырып алып екi үндемеске қарап ақырып жiбердi.
— Кет бұл жерден!
Сикорский өзiн-өзi ұстай алмай, екi көзi қып-қызыл боп, анау екеуiн iшiп-жеп барады.
— Кет! Кет деймiн саған!
Анау екеуi жылыстап сытылып шыға бердi.
— Көрiнбе көзiме! Көзiме көрiнсең, атам… ит сияқты атып тастаймын.
Үндеместердiң сондағы зытқанын көрсең.
Олар қарасын жоғалтқан соң Сикорский сабасына түсiп, дайындық қайтадан басталды. Қайта-қайта пысықтап, электр тоғын жiберетiн сымды тексерiп болған соң, өрттi айналдыра өрт сөндiргiш мәшинелердi қаз-қатар тiзiп тастап, өздерi қауiпсiз жерге жүгiре жөнелiстi. Сол сәт электр тоғы тұтатып жiберген аммонол күштi қопарылыс жасап, өрттiң төменгi бөлiгiн тұншықтырып тастады. Үстiңгi бөлiгi соңғы рет қарақошқылдана лап етiп, ашық аспаннан тұрақ таба алмай лезде ғайып болды.
Осыны күткен өрт сөндiргiштер тұс-тұстан қатты қысыммен су бүркiп неше күннен берi ойран-ботқасы шығып жатқан жердiң қызуын басып жатыр. Ендi неше күннен берi мұнай шапшып, өрт шалқып тұрған жерден көкке құшақ-кұшақ бу көтерiлдi. Ыстық тасқа су сепкендей жер жарықтық бырысып-тырысып ыңырсуын қоя алар емес.
Ал, мұнай болса бәз-баяғыша, құдды бiр өрт болмағандай, мына жұрт неше күн, неше түн жанталаса қимылдамағандай, сол алғашқы қалпынша сарылдап ақты да тұрды.
Ендiгi шабуыл дәл сол ұңғының аузы болатын. Ұңғының үстiңгi флянецiне монифольт жалғастырылуы керек. Оған тәжiрибелi механиктер Неверов пен Құлбаев өздерi баратын болды. Ол екеуiне көмектесуге бiрнеше мұнарашы жiберiлдi. Солардың iшiнде Сафидың туған ағасы Қали да кетiп бара жатты. Әрине, жаңа ғана сөнген өрттiң тағы да тұтанып, лап ете қалуы әбден мүмкiн едi. Солай болса да тура ажал аузына беттеп бара жатқан ағасына Сафи “қайт” дей алмады. Егер, тағы да өрт шығып кетiп, олар ұңғы аузынан қайтпай қалса, Сафидың басы бәлеге шатылды дей бер. Мүмкiн, Қали осыны ойлаған шығар, әйтеуiр әлгi жауапты жұмыс тапсырылған топқа өз еркiмен қосылды.
Олардың жұмысына сол арадағы бүкiл жұмысшы, бүкiл өрт сөндiргiш демдерiн iштен алып, аман-сау бiтiруiн тiлеп, қарап тұрды. Солардың тiлегi ме, әлде механиктердiң ептiлiгi ме, әйтеуiр ұңғы аузындағы жұмыс тез әрi сапалы орындалды. Ажал аузына барған сол бесеу сонан соң берi қарай жүгiре жөнелгенi мұң екен… цементтеушi агрегаттар iске қосылып кеп кеттi. Сөйтiп, бiр ай бойы үрей мен қорқынышта ұстаған ұңғының көмейiне жүз жиырма тонна сұйық цемент құйылды. Бұрқақ пышақпен кескендей тыйыла қалды.
Сафи сонда ғана қатты қалжырағанын сезiп, тұрған жерiнде теңселiп кеттi. Көзiне ұйқы тығылып, кiрпiгi кiрпiгiне iлiне бердi.
Бұл 1939 жылғы наурыздың 31-i едi.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ