ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАРЫ
ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАРЫ
Сонау сақ, ғұн заманындағы Томиристен бастап қазақ әйелдерiнен ел бастаған ер де, көрегендiк қасиеттi көсем де, ақылгөй дана да, жанұяны шайқалтпай, шаңырағын берiк ұстаған ана да, жарасып қосылған ерiне адал жар, қайратты серiк бола бiлгендердiң аттарын атай бастасақ, үлкен тiзiм болары сөзсiз. Әрқайсының өз орны, қадiр-қасиетi, өмiрге, тұрмыс-тiршiлiкке, тiптi көңiл ұнатып жаратқан қосағымен қарым-қатынасы әрқалай болғанмен, ана деген ардақты атқа кiр келтiрмей, дақ түсiрмей өтсе, ол ерекше қошаметке бөленетiнiне сенемiз.
Сондай жандарды жазушы-ақындардың әйелдерiнiң арасынан кездестiргенiмiз аз емес. Солардың бiрi ақиық жазушы Хамза Есенжановтың жұбайы София Тастемiрова туралы әңгiме етпекпiз. Тегi бiз қаламгерлердiң, ғалымдардың мерейтойлық күндерiн атап өткенде тек соларды мақтап кетемiз де олардың әйелдерiнiң ролiн елеп-ескере бермеймiз. Шығарма, ғылыми еңбек жазу үшiн жағдай, көңiл-күй, жанға тыныштық, ыңғайлы сәт керек екенiн бiлемiз. Сол мүмкiншiлiктердi туғызатын ең алдымен кiршiксiз таза, түйсiк-түсiнiгi биiк, адалдық арға жүгiнген, бүкiл болмысымен ерi үшiн өзiн құрбан етуге аянбайтын әйел ғана қадiр тұтуға лайық. Көбiне ондай жандар туралы толымды айтылмай, олар тасада қала бередi. Солардың бiрi София жөнiнде арнайы кең айтылмай келедi. Соның сәтi келiп тұр. Өткен жылы Хамза Есенжановтың туғанына 100 жыл толды. Ол 1908 жылғы 25 желтоқсанда дүниеге келген. Осыған орай оның өмiрi мен шығармасы туралы мақалалар жазылып, жарияланатынына күмәнiмiз жоқ. Оның тағдырына қарай С.Тастемiрова қандай қаракет жасады деген сауал ойға келiп, iздеу, зерделеу iсiне кiрiсiп кеткен едiм. Хамзаның артында қалған жалғыз тұяғы Әлиханның үйiнде болып, мол деректермен таныстым.
Алдымен Хамза мен Софияның қалай танысып, үй құрғанынан бастайын. Х.Есенжанов Батыс Қазақстан өңiрiнен де, С.Тастемiрова Солтүстiк Қазақстан жерiнен. Республикамыздың көсiлiп, алшақ жатқан, алыстағы аймақтардан Алматыға келгенде махаббат күшi екеуiн табыстырыпты.
Хамза 1908 жылы 25-желтоқсанда Орал жақтағы Шалқар көлiнiң жағасындағы шағын балықшылар ауылында дүниеге келсе, София Қызылжар қаласында 1914 жылғы 23-желтоқсан күнi туыпты. Талпынысы жақсы зерек қыз орыс мектебiн бiтiрiсiмен оқу қуалап Алматыға жол тартады. Танысы, көмектесушiсi, қолдап-қолпаштайтын ешкiмi жоқ болса да, өз талпынысымен 1932 жылы мединституттың жанындағы алты айлық курсқа қабылданады. Институтта оқып жүргенде Хамзамен танысқан. Ұнатқандығы ғой, кейiн “сыпайы, мәдениеттi жiгiт екен” дейдi. Курсты бiтiрiп, студентi болған қызғалдақтай құлпырған жас қыз мединститутта алаңсыз оқып жүредi.
Бойдағы талант қуаты Хамзаны да астанаға тартады. 1930 жылы “Өлеңтiнiң жағасында” деген әңгiме жазып, атақты Бейiмбет Майлиннiң қамқорлығынан көңiлi өсiп, шығармалар жазуға құлшына кiрiскен ол Ленинградтан аспирантураны бiтiрiп келiп, Қазақ филармониясының, Қазақ мемлекеттiк опера және балет театрының директоры, Ғылым академиясының әдебиет және фольклор секторының меңгерушiсi қызметтерiн атқарады. ҚазПИ-де лекция оқиды. Сол кездерде танысып, жаны жаратқан Софиямен кешкiлiктi қыдырып, кейде ойын-сауыққа барып жүруi, ой-пiкiр бөлiсiп бiр-бiрiн танып бiлуi сенiмдiлiкке жеткiзген. Сөйтiп, 1937 жылғы қаңтар айында бас қосып, жаңа шаңырақ құрған. Алдарында “жарқын болашақ, қызу еңбек, бақытты тұрмыс тұрғандай едi”.
Ойда жоқта репрессияның өкпек дауылы қазақ зиялыларын баудай қырқып, жайпап ала жөнелдi. Алдыңғылары қорғасын оқтың, жазықсыз жаланың құрбаны болып кеттi. Одан кейiнгiлерi түрмелерге, лагерьлерге тоғытылып, жер аударылды. Тағатын айып көп, бiрақ негiзгi жала — “халық жауы” таңбасы. Сондай зобалаң Х.Есенжановтың да басына төндi. Еш жазығы болмаса да “көппен көрген ұлы тойға” iлесiп, ит жеккен дегенге айдалып кете барды. Оны 1938 жылғы 19 наурыз күнi пединститутта болған кезде ұстап әкеткен. Екеуiнiң үйленгенiне бiр жылдан жаңа ғана асқан едi. “Әкейдi (Б.Майлиндi — Т.Б.) ұстағандар өзгенi де аяп қалмас. Берiк бол да дайын жүр. Кезегiмiз келер бiздiң де” деген Хамзаның сөзi рас болып шықты. Сол күнi-ақ “Сенiң ерiң халық жауы ретiнде ұсталды. Үйге тiнту жүргiземiз” деп сау етiп келген үш жiгiттiң сөзiнен кейiн сең соққандай күйге түскен София бордай егiлiп кетпей, Хамзаның сөзiн есiне алып, тез ес жиып алды.
Үш ұйықтаса ойына келмеген мұндай кезде не iстеу керек? Қол қусырып қарап отыруға бола ма? Бiр тiрлiк жасау керек. Иә, иә, құр егiлгеннен не пайда. Ес жинап алып, алдымен базарға барып ет алады. Ойы түрмеге тамақ және төсек-орын апару. Ондағы күзетшiлер апарғандарын алып қалып, Хамзаға кiргiзбедi, көрсетiп сөйлестiрмедi. Түрменiң сұр қабырғасын ғана көрiп, қорлаудың әсерiнен жылап үйiне қайтқан.
Жаңа құрылған шаңырақтың шайқалуының басы сияқты бұл. Бұл 17 жылға созылды. Себебi Хамза сол уақыт бойы бас бостандығынан айырылған, жер аударылған мерзiмiн өтеумен жүргенде Софияның көрген күнi не болды десеңiзшi. Бiр-екi жыл емес, сонша ұзаққа шыдау, бәрiне көну, жүнжiп кетпеу, қарсы күресе бiлу, әйел түгiл, ер адамның өзiне жеңiл жүк емес.
Ал София не iстедi? Соған келейiк.
Хамзаның жайын бiлiп жүру өз алдына, медицина институтындағы оқуын тастап кетпей, 1939 жылы бiтiрiп шығады да, жоғары бiлiмдi дәрiгер атағына ие болады. Мұны қалай бағалаймыз. Қайсарлығы ма, мойымастығы ма? Не десек те өнегелi қасиет емес пе бұл. Аспирантураға түседi. Бiрақ бұл мақсатын ысыра тұрады. Хамзаға қандай жәрдем беруi керек, сол жағы қатты ойландырады.
Жанына медет етiп, өзiн жұбатып, тәубе дегiзетiн нәрсе — Хамзадан келiп тұратын хаттары. Соларды оқыған сайын оның пәк көңiлiн, айнымас адал махаббат сезiмiн байқап, сенiмi арта түсетiн. Басында Қарағанды, Семей, одан кейiн Томск, Новособирскiде отырғанда да, соңында, Краснояр жаққа жер аударылғанда да Хамза хат үзбей жазып тұрған.
Қазiр оқып отырып, Софияға деген аса бiр құрметiн, бар жан-жүрегiмен сүйгенiн, өзi ауыртпалық көрiп жүрсе де қамқор пейiлмен күш-қуат бере ақтарылатынын аңғармау мүмкiн емес. “Сүйiктi София!”, “Сүйiктiм София!”, “Сүйкiмдi менiң Софиям!”, “Жаным менiң!” деп бастайтын хаттарында әралуан терең сырдың мәнi зор. Олар да егiлiп-езiле бермейдi, келешекке үмiт арта қарайды. Түсiнiктеме бере бермейiн, кейбiрiнен үзiндiлер оқиық.
“… Жақсы үмiттiң жалғасындай болып келе жатқанда оқыс кезiккен кесапат шаңырағымызды жай түскендей ғып, бiздi екiге айырып жiберген жоқ па. Түбiнiң қайырын бергей деймiз де… Сенiң алдыңда, туған халқым мен елiмнiң алдында арым таза екенiне шүбәм жоқ. Шындық бар болса, ерте ме, кеш пе, әйтеуiр бiр салтанат құратынына сенемiн… Түрмедегi күндер бiр-бiрiнен ажырағысыз өтiп жатыр. Сұрғылт өң, сұрғылт пiшiн, сұп-сұр қабырғалар. Ең бастысы болашаққа деген үмiтiм мен сенiмiмдi жойғаным жоқ. Әзiрге бойға ұстап қалған бар байлығым сол ғана. Өзiңдi, Эмилiмдi сақта. Күнi ертең тағдырдың бетi берi қараса, көрген қиындығымыз бiр күнгiдей болмас. Сүйдiм өзiңдi, менiң қасыретi мол өмiрiмнiң қосағы. Өзiңнiң Хамзаң”.
1942 жылғы 20 қаңтарда жазған хатынан.
“…Жағдайым жаман емес. Бiрiншi көрген қиындық емес, бәрiне төзiп жатырмыз. Қайтейiн! Қайтейiн! Кейде сенi бақытты ете алмағаныма өкiнемiн. Жүрiп тұратын, коллективтiң ортасында жарқылдап еңбек ететiн алтын шағың өксiкпен, тосумен, елегiзумен өтiп жатқанына қынжыламын. Бiрақ сенi бақытсыз әйелдердiң қатарына қосқым келмейдi… Мен бақытсыздар деп жан-дүниесi жадау, болашақтан үмiт үзген, моральдiк жағынан тұрақсыз жандарды айтар едiм. Ал бiздiң тағдырымыздың уақытша ғана бағы байланып тұр… Қара бұлт қанша қаптаса да Күннiң көзiн бүркеп тұрмақ емес. Бәрiн тәптiштеп қайтейiн. Өзiң де бiлмейдi емессiң ғой. Бәрiңдi құшақтап сүйдiм. Өзiңнiң Хамзаң”.
1944 жылғы 29 ақпанда жазғанынан.
“… Егер менiң ең соңғы — сенiмен ендi бiрнеше күн бiрге болсам деген тiлегiм орындалса, тағдырға өкпем жоқ… Бiрақ осы пенделiк бақыт пешенеме бұйырмай кете ме деп қорқам. Жақсы күндi күтейiк!”
Сол жылғы 3 тамыздағы хатынан.
“… Күнiм менiң! Соңғы кезде тек өзiңдi ойладым. Көргiм келедi, құшағыма қысқым келедi. Бiрақ әлi жолым болмасын сеземiн”.
1946 жылғы 16 наурызда жазғанынан. Ендi екi жылдан кейiн яғни 1948 жылғы 15 наурызда жолдаған хатында мынадай жолдар бар: “Тағдырың бiздi аямауға бет алған екен. Бiздiң жастығымыз бен жалынымызды сөндiрмекшi. Тек бекем бол!..”
София жаны жай тауып, қол қусырып қарап жататын, өз мүмкiншiлiгiнше әрекет жасамайтын әйел емес екен. Елегiзiп, қандай көмек-жәрдем беру керектiгiн сезiнiп мазаланады. Шiркiн, жанында болса, ол да медет емес пе. Осы ойға тастүйiн бекiнедi. Одан бұрын ол отырған Семей, Новосибирь, Томск қалаларына барып, жағдайын бiлiп қайтқан кездерi болған. 1948 жылы ерте босатылған деген желеумен қайта сот болып, Х.Есенжановты ендi 8 жылға жер аударып Красноярь өлкесiне жiберген. Сол кезде ғой “Тағдыр бiздi аямауға бет алған” деп жазатыны. Аударған жерi Брилюссы деп аталады екен.
Хамзаның соңынан барып, қасында болуға бекiнген София жан-жаққа өтiнiш жазып, сол жаққа баруға және қызмет орнын ауыстыруға көмек сұрайды. КСРО Денсаулық сақтау министрлiгiнен, Прокуратурасынан рұқсат берiлмейтiндiгiн бiлдiрген жауап алады. Соған қарамай, алған бетiнен қайтпай, бәрiн тастап билет алады да жолға шығады. Қайда жүрсек те бас аман болсын, күйзелгенде Хамзамның жанында болу парызым, әрбiрден соң махаббат отын өшiрмеу деп бiледi. Поездың бiрсыдырғы ұзақ жүрiсiнен, iшкен-жеген тапшылығынан, өткен-кеткен еске түсiп iшкi дүниесiн астан-кестен шығарып келе жатқанына, әсiресе екеуiнiң басына түскен қасыреттен бордай егiлiп, көзi боталап, өксiк қысса да аман-есен жетсем екем деп асықты.
Сөйтiп Ачинск деген қалашықта поездан түсiп қалады. Алдын-ала берiлген телеграмманы алған Хамза қарсы алады. Бiр арман орындалып, екi қасiрет кешкен жан он жылдан кейiн қауышты. Тiрi адам қарап жата ма, София тиiстi орындарға барып жүрiп, ақыры дәрiгер болып орналасады. Хамза алты ай бос отырып, қашып кетпегенiн бiлдiрiп белгiленiп жүредi. Ол да жұмыс тауып, мал бордақылайтын жерге аға бухгалтердiң көмекшiсi болып iстейдi. Жергiлiктi тұрғындармен араласып кеткендiгi сонша, оларды жер ауып келген деп кемсiтiп, алакөзбен қарамаған. Күптi көңiл бiраз жайланғаннан кейiн Хамза жазуға берiлiп жүредi. Көбiрек ойланғаны “Ақ Жайық” жайында болды. “Басымда жазып жүрмiн” дейдi екен. Ал София болса, оны көп алаңдата бермей, жағдай туғызып, керек жерiнде оңды ақыл-кеңес берiп, қажыр-жiгерiн арттыруға септiгiн тигiзедi.
Дегенмен бұл тозақтан құтылып, жалған жаланы сылып тастау екеуiн де ойлантады. Ақыры батылдық мiнез көрсетiп, Хамза жоғарыдағы басшылар Сталин, одан кейiн Маленков, Хрущевқа, Бас прокурор Руденкоға дейiн өтiнiш жазып, жалған жаладан ақталып шығуына көмек берулерiн сұраған. Солардың да әсерi болды ма екен, әйтеуiр Х.Есенжанов 1955 жылы босатылады. Қуаныштарында шек жоқ, екеуi ерекше көңiл-күймен елге оралады. Әуелi бiраз ауыртпалық көргенмен бiрте-бiрте тұрмыс түзелiп, София дәрiгерлiк жұмысын мұнда да жалғастырады, Хамза Жазушылар одағына консультант қызметiне кiрiседi. Сөйтiп жүрiп Алматыдан үй де болады. Сондай кездердiң бәрiнде басы-қасында болып, ешбiр қыңқыл-сыңқылсыз, қабақ шытып, ренiш көрсетпей шын серiк бола бiлген адам София едi. Алаңсыз шығармалар жазып, басқаларын айтпағанда, “Ақ Жайық” трилогиясын, “Көп жылдар өткен соң”, “Ағайынды Жүнiсовтер” романдары сияқты сүбелi шығармаларын қалдырған Х.Есенжанов қаламгерлiгi ерлiкпен бара-бар дер едiк. Ол еңбегi бағаланып, “Ақ Жайық” үшiн Мемлекеттiк сыйлық берiлсе, одан соң Еңбек Қызыл ту, Құрмет белгiсi орденiмен марапатталса, оған деген ел сыйы, сергелдеңдi жеңiп, қайсарлық көрсеткенiнiң белгiсi болса керек. Мұнда, сөз жоқ, Софияның да аса ескерiлмей келе жатқан еңбегiнiң, Хамзаға деген адал сезiмiнiң, тiптi биiк азаматтық ар-ожданының шапағатты көрiнiсi сайрап жатыр. Жазушыға жақсы әйел кездессе, оның бағы. Ол неге болса да шыдау, жеңе бiлу арқылы серiк бола алады. Басқалардай емес, жазушы табиғаты бөлек жан. Оның ойы да, жаны да тек жазуға тәуелдi. Сондықтан басқа тiршiлiкке икемсiздеу келедi. Оған қосылған әйелге қосағына жағдай жасау мiндетi жүктелетiн мiндет жеңiл емес! Соны Софиядай жар ғана атқара алады. Оған қоса айтсақ, София орыс декабристерiнiң Сiбiрге айдалғанда, ешбiр тосқауылға қарамай, соңынан барып, ауыртпалықты бiрге көрген әйелдерiнiң әрекетiндей ерлiк жасаған деп атын аялай бiлгенiмiз жөн. Қуғын-сүргiн жылдары демiкпе ауруына шалдыққан Хамза ауруы дендей берiп, 1966 жылы дүние салғанда София өзi бас болып, Краснояр жақтың Бирилюссы селосында туған баласы Әлиханмен арулап қойып, басына ескерткiш орнаттырған. Өзi де о дүниелiк болып кеткенше Хамзаны ешуақытта есiнен шығармай, сағыныш сезiмiне бөленiп жүрiптi. Оны “Жалын” журналының 1988 жылғы 1 санында жарияланған “Аяулы тұлға” деген естелiгiнде былай деп түйiндептi: “Жақсы адамның қадiрi өзi жоғында көбiрек бiлiнедi екен. Жастай бас қосып, өмiрдiң ащы-тұщысын қатар тартқан Хамзекеңнiң соңында қаламын деп ойламаппын. Кейде түнi бойы ойдан ой қуып, Алматының ақ таңы құланиектенгенде талықсып барып, кiрпiгiм айқасады. Көзiм iлiнсе болды түс көремiн. Түсiмде Хамза алғаш үйленген 1937 жылғы қалпы, ұзын бойлы, қыр мұрынды, шырайы таймаған, иман жүздi жiгiт баяу басып жаныма келедi. “София жаным, тоңып қалған жоқсың ба?” деп көрпемдi қымтайды. Көзiмдi ашып алсам, елес ғайып болады. Сол күйi жатып үйдiң төрт қабырғасымен, оң жақта iлулi тұрған Хамзекеңнiң үлкейтiлген суретiмен сырласамын”. Сөйтiп жүрiп қатал тағдырдың ызғары қарып, екi рет инфарк алып, зейнеткерлiкке шығады. 1991 жылы қайталанған үшiншi инфарктан аман қалмады.
Оның алдында Хамза туралы ой кешуiн жеңiлдететiн қуаныш болып едi. Әлихан үйленiп, Дина атты жоғары сауаты бар, иманжүздi келiн түсiрiп берген. Динаның айтуына қарағанда, ене мен келiн тату-тәттi болып, қатты сыйласыпты. Динаның келгенiне София аса бiр қуаныш сезiмге бөленiптi. Жақсы көргендiгi соншама келiнi кетiп қалама деп қауiп еткен көрiнедi. Бiрде паспортыңды бершi деп сұрап алып басқа бөлмеге кiрiп кеткен. София сол құжатты бiр кiтаптiң iшiне тығып қояды да көп уақыт қайтарып бермей жүредi. Кетiп қалмаса екен деген оймен. Тек үш айдан кейiн кiтаптарды ақтарып паспортты әрең тауып алыпты. Келiнiне сенген және ұнатқаны ғой қайтыс болып бара жатқанда “Әлиханды және Хамзекеңнiң кабинетiн саған тапсырдым” деп жүрiп кетiптi. Қазiр Әлихан мен Дина екеуiнiң шаңырағын шайқалтпай, Хамзаның шығармашылық бай қазынасын сақтау үшiн музей ұйымдастыруды қолға алуда. Әлихан ҚазГу-дiң филфагiнiң орыс бөлiмiн бiтiрiп, әдебиет және искусство институтында лаборант, аға ғылыми қызметкер болып iстеген, 1996 жылдан берi Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаз, доцент, филология ғылымдарының кандидаты. Әке-шеше абыройына дақ түсiрмеген. Жақсы iстiң жалғастырушысы болатын Хамза мен Софияның немересi Хакiм де ер жетiп, жоғарғы сынып та оқып жүр. Сондықтан жайсаң жандардың аты да, азаматтық бейнесi де өшпейтiнiне сенiмiмiз кәмiл.
Тоқтар БЕЙIСҚҰЛОВ