Жаңалықтар

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЛАРЫ

ашық дереккөзі

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЛҒАУЛАРЫ

Мұстафа Шоқай, монологтар

ҚОШ БОЛ, ЕЛIМ

Туған елiм, қайта-қайта қарайлап,

Кетiп барам сенен алыс дәм айдап.

Қашан кетер қайғы бұлтың серпiлiп,

Қашан атар сенiң таңың арайлап.

Тұмшалауда бүгiн қайғы тұманы,

Көңiлде шер, жүзiңдi-жас жуады.

Сан ғасырғы азап-мұңнан арылып,

Ақжарылқап күнiң қашан туады.

Қанша қайғы қасiретке шыдадың,

Бұлқынуға келтiрмедi-ау бұғауың.

Көрiнедi қашан көктен жұлдызың,

Серпiледi қашан басқан тұманың.

Қашан сенi қайта қалай көремiн,

Болар ма екен ойлағаным, дегенiм.

Өресi озған өзгелермен тең тұрып,

Өзгеше өмiр сүре ала ма өренiм.

Күтер екен қандай түрлi жол алда,

Заман желi тек оңынан соғар ма.

Жастары да көзiндегi тыйылып,

Бастарына бақыт қайта қона ма?

Ой-тұңғиық тарта берер тереңге,

Сезiм сергек, сенбейiн бе, сенем бе?

Азаттықтың туған жерде таңы атып,

Ақжарылқап күткен күнi келер ме?

СҰЛУТӨБЕ

Сұлутөбем, менiң сұлу мекенiм,

Есiм бiлiп жапқан жерiм етегiм.

Кетiп барам бiр белгiсiз жыраққа,

Мен тұсыңнан қалай сенiң өтемiн.

Сұлутөбем балалығым, бал шағым,

Қалай айтып қызығыңды таусамын.

Қырда өсетiн көсiгiң мен көк жуаң,

Қызыл жыңғыл, шеңгелiңдi аңсадым.

Жағасына бiздер жазда баратын,

Сырдария толқып, тулап ағатын.

Бәрiн тастап бiр ғажайып сол жаққа,

Ұшар едiм болса егер қанатым.

Шуылдаған қалды артымда көп қарға,

Зуылдаған жанай өттi оқтар да.

Сұлутөбем, шамам бар ма тоқтарға,

Кетiп барам белгiсiз бiр жақтарға.

Айта алмаймын жолдың жақын, қашығын,

Алдан қандай күтер екен асуым.

Берекесi, ырыс-құты ұйыған,

Сен аман бол, аяулы өлкем, асылым.

ТҮРКIСТАН

Сүйенерiм, сүйiктi елiм, Түркiстан,

Өзiңнен көп үмiттi едiм, Түркiстан.

Алаш туын асқақтата көтерiп,

Тас түйiлiп бiрiкпедiң, Түркiстан.

Басыңдағы бұлтың қалың, Түркiстан,

Бұғау бұзып, бұлқынбадың, Түркiстан,

Азаттықтың көтергенде ақ туын,

Қалың қол боп бiр тұрмадың, Түркiстан.

Жан-жағыңның қыспағы көп, Түркiстан,

Анталаған дұшпаның көп, Түркiстан.

Шаттанып бiр қашан шалқыр екенбiз,

Теңдiк туын ұстадым деп, Түркiстан.

Жағаласқан жауласың көп, Түркiстан,

Қаумалассаң қандасың көп, Түркiстан.

Көкiрек пен көзiн қашан ашарсың,

Алашыңды алға сүйреп, Түркiстан.

Ақ жолыңнан тайма деймiн, Түркiстан,

Ақтық күштi қамда деймiн, Түркiстан.

Қаныңдағы батыр бабаң қалдырған,

Қаһармандық қайда деймiн, Түркiстан.

Намысыңды жығып алма, Түркiстан,

Ер еңсеңдi бүгiп алма, Түркiстан.

Асқақтата Алаш туын көтерер,

Ақ жарылқар күнiң алда, Түркiстан.

АДАЙЛАР

Мекен еткен Маңқыстаудың түбегiн,

Адай елi, адал екен тiлегiң.

Қысылғанда жiгер берiп жаныма,

Қиналғанда сендерге арқа сүйедiм.

Жалбырап бiр жақсы күтiп алдыңдар,

Қиын сәтте маған құшақ жайдыңдар.

Адал тiлек, ақ ниетпен аялап,

Алыс жолға аттандырып салдыңдар.

Қала алмадым, қалар қандай шарам бар,

Аңдушым көп, басқа қандай амал бар.

Барлығын да сездiрмеген, көтерген,

Адайлар-ай, адайлар-ай, адайлар.

Қайран елiм қалды артымда қарайлар,

Көкiрегiмде үмiт, күдiк алаң бар.

Ақ тiлегiң, пәк жүрегiн сыйлаған,

Адайлар-ай, адайлар-ай, адайлар.

Көтерiлер қашан бiздiң жалаулар,

Азаттықтың таңы қашан арайлар.

Ақ тiлекпен аттандырған сапарға,

Адайлар-ай, адайлар-ай, адайлар.

ӘНIҢДI АЙТШЫ, ӘМIРЕ

Келгенiңе ризамын, Әмiре,

Бүкiл Париж ғашық болды әнiңе.

Туған елдiң әнiн тағы шырқашы,

Таңға дейiн уақыт бар әлi де…

Талмай шырқа, сал әнiңе, сал iнiм,

Жаным рахат тауып қалды, жарығым.

Бойды ерiтiп, жанды тербер әнiңе,

Сал, бауырым, жүрегiңнiң жалынын.

Сал әнiңе, лағыл, жауһар шашылсын,

Көкiрегiңнiң бар тынысы ашылсын.

Сал әнiңе тебiрентiп, толғантып,

Туған жерге сағынышым басылсын.

Сал әнiңе, сал бауырым, сал маған,

Әр үнiңе, лебiзiңе таңданам.

Әнмен бiрге көз алдыма келедi,

Боз төбелi жайсаң жазық, сары далам.

Сеземiн ғой әннен дала тынысын,

Жиде, шеңгел, жыңғыл, жусан иiсiн.

Әнде екен ғой барлығы да, дариға-ай,

Көрген бейнет, қорлық, азап құрысын.

Шырқа, iнiм, әнсiз өмiр болмайды,

Әнсiз көңiл қуанышқа толмайды.

“Екi жирен”, “Ағаш аяқ”, “Әупiлдек”,

“Ләйлiм шырақ”, шырқа “Қара торғайды”.

Жүрек тербеп, көңiлiңдi шайқаған,

Сазы әсем, назы әсем дархан ән.

Шырқай түсшi, тағы iнiм шырқашы,

“Қара торғай”, “Ләйлiмдi” айтшы қайтадан.

Айналайын, Әмiрежан, жан iнiм,

Жасап қалды жабырқаған бауырың.

Әнмен бiрге болды-ау көшiп келгендей,

Арман далам, туған елiм, ауылым.

Арман далам, аяулы елiм, жан елiм,

Әнмен алып келгендейсiң сәлемiн.

Бүгiн менiң төбем көкке жеткендей,

Ел жағымның бiр сөзiне зар едiм.

Тәңiрiмнен жайым ба бұл сұраған,

Тағдыр жолы болды осылай бұралаң.

Садағасы болып сыртта кетейiн,

Туған елiм болсыншы тек дiн аман.

Асыл iнiм, бiздiң осы жай, түсiн,

Таусылған жоқ әлi айқас, тартысым.

Бар тiлегiм елде азаттық таңы атып,

Еркiндiктiң туы көкте шалқысын.

ҚЫЗЫЛДАР

Екi қырлы, екi түрлi жүзiң бар,

Сайрап жатқан қанды жорық iзiң бар.

Жерге күйiк, елге бүлiк салдырған,

Қызыл өрттi, қызыл шоқты Қызылдар.

Бай түбiне, мал түбiне жеттiңдер,

Астығын да жинап алып кеттiңдер.

Жазықсыз ел жаппай аштан қырылды,

Қандай мақсат, мұратыңа жеттiңдер.

Арыстарды түрмелерге жаптыңдар,

Жазықсызды тергеу, сотсыз аттыңдар.

Жақын, туыс, досын жау деп көрсеткен,

Өрiп кеттi, толып кеттi сатқындар.

Сатқын кiлең салды сауық, сайранды,

Ең қалаулы ерлер оққа байланды.

Нағыз халық жауын iздеп таба алмай,

Тұтас халық жау боп алыс айдалды.

Екi қырлы, екi түрлi, жүзiң бар,

Сайрап жатқан қанды жорық iзiң бар.

Жерге күйiк, елге бүлiк салдырып,

Қызыл қырғын жасадыңдар, Қызылдар.

НОЖАН СЮР МАРН

Ножан Сюр Марн, Париждiң бiр бөлшегi,

Тар көшелер, биiк үйлер еңселi.

Он сегiз жыл тыныстадым ауаңмен,

Он сегiз жыл мекен еттiм мен сенi.

Үйренгенмiн туған жерден алысқа,

Бөтен жандар, бөтен тiлге, дауысқа.

Он сегiз жыл туыс, бауыр, дос көрмей,

Кездеспедi тым болмаса таныс та.

Абыржимын, әр нәрсеге алаңмын,

Жайлар да көп көңiлiме салар мұң.

Бiздiң жақтың көрем бе деп бiр жанын,

Көшедегi көп адамға қараймын.

Қандай қымбат туып өскен жер деген,

Қандай қиын дос, бауырды көрмеген.

Ножан Сюр Марн, сағыныштан сарғайып,

Он сегiз жыл өмiр сүрдiм сенде мен.

Мөлдiрiнен қанып iштiм суыңның,

Жұпар иiсiн жұттым әсем гүлiңнiң.

Ақ қарыңды қолыма көп қондырып,

Жауған жылы жаңбырыңа жуындым.

Ашылмайды кейде ұзақ тұманың,

Басылмайды бұлдыраған бiр ағын.

Көңiлдегi мұңды қашан сейiлтiп,

Кеудемдегi бұлтты қашан қуамын.

Көңiлдегi сырды кiмге ашамын,

Жүректегi мұңды қалай басамын.

Он сегiз жыл өттi өмiрiм осында,

Тағдырыма талқы осында жасадым.

Көкiректе қанша қайғы, шер қатқан,

Таңдарымнан не күтемiн ендi атқан.

Жан-жүйемдi жадыратқан, жайнатқан,

Жақсы хабар келер ме екен ел жақтан…

Махмұтбай ӘМIРЕҰЛЫ,Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесi