КӘРIСТЕРДЕН ҮШ ҰСЫНЫС
КӘРIСТЕРДЕН ҮШ ҰСЫНЫС
Кәрiстер қазақтарға энергетика, ақпараттық технологиялар және көлiк саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға баса назар аударуға шақырады. Бұл бүгiнде шикiзаттан түскен кiрiске байланып отырған қазақ экономикасының өзге салаларын дамытуға оң ықпал етпек.
Астанаға ресми сапармен келген Оңтүстiк Корея президентi Ли Мён Бак қазақ шенеунiктерiмен болған кездесулер барысында екiжақсы дипломатиялық, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға қатысты мәселелердi талқылады. Әсiресе, энергетика, машина құрылысы, көлiк, ақпараттық технологиялар, жүк тасымалы, химия өндiрiсi, бiлiм беру салалары, кәсiпкерлер арасындағы серiктестiк пен ынтымақтастықты арттыруға баса назар аударылған.
Ли Мён Бак қазақ-кәрiс арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың үш маңызды жолын ұсынды: энергетика, ақпараттық технологиялар және көлiк саласындағы қарым-қатынас. Корея президентiнiң пiкiрiнше, энергетикалық мәселеде тек табиғи ресурстарды игерумен шектелмей, инфрақұрылымдық деңгейде дамытуға ден қою және осыған қатысты жобаларды белсендi түрде жүзеге асыру керектiгiн айтады. Қазақстан тарапынан кәрiстерге елiмiздегi шикiзаттық емес салаларды дамытуға жаңашыл жобаларды дайындау жұмыстарына атсалысуға ұсыныс айтылды.
“Корея Республикасы құрылыс, жарықпен қамтамасыз ету жүйелерi мен атом-электр стансаларын басқару салаларында үлкен жетiстiкке жеткен. Сондықтан егер бiз аталған технологияларды Қазақстандағы энергетикалық қорларды өндiруге және өңдеуге пайдалансақ, өте тиiмдi болары сөзсiз. Сондай-ақ, бүкiл әлем мойындаған кореялық ақпараттық технологияларды сiздердiң елдерiңiзде пайдалану, Қазақстан халқының географиялық кедергiлердi жойып, Жер шарының түкпiр-түкпiрiмен тығыз байланыста болуына мүмкiндiк бередi.
ҚР Индустрия және сауда министрлiгi, ҚР Сауда-өндiрiстiк палатасы мен Кореяның өндiрушiлер федерациясы ұйымдастырған Астана қаласындағы кәсiпкерлер форумына Кореяның Daewoo, Hyundai, Eximbank сияқты т.б. компаниялары мен елiмiздегi бiрқатар iрiлi-ұсақты компанияларының өкiлдерi қатысты.
Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы Қазақстан мен Оңтүстiк Корея арасындағы сауда айналымы 754,1 млн. долларға жеткен. Оның iшiнде, қазақстандық экспорт көлемi – 330,8 млн. доллар, импорт көлемi – 423,3 млн. доллар.1993-2008 жж. қамтитын 15 жылда кәрiстерден тартылған тiкелей инвестиция көлемi 3 млрд. долларға тең. Бұл республикамызға тартылатын қаражаттың 3,6 пайызы. Ал Қазақстанның Корея экономикасына салған инвестициясы 66,7 млн. долларға тең. Әрине, екiжақты сауда қатынасына қаржылық дағдарыс керi әсерiн тигiзбей қоймады. Мысалы, 2007 жылмен салыстырғанда, қазақтар мен кәрiстер арасындағы сауда айналымы 10,5 пайызға қысқарған. Қазақстаннан Оңтүстiк Кореяға экспортталатын тауарлар негiзiнен шикiзатпен байланысты: уран, темiр, алтын, мыс т.б. Ал кәрiстер елiнен бiзге келетiн тауарлар: электроника, машина құрылысына қатысты өнiмдер мен құрал-жабдықтар. Инвестиция салуда белсендiлiк танытатын кәрiстер Қазақстандағы 300 бiрiккен кәсiпорында қазақтармен қоян-қолтық жұмыс iстеуде.
Екi ел арасындағы қарым-қатынасты жақсарту кедендiк кедергiлердi барынша азайтуға қатысты екенi белгiлi. Осы орайда, Қазақстан мен Корея үстiмiздегi жылдың 5 мамырында кедендiк тексерулердi жеңiлдетудi қамтамасыз ететiн бiрқатар құжатты қабылдады. Мәселен, тауарларды тексеруден өткiзу бiр терезе қағидасы бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн. Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекшi елдер қатарында деп бiлетiн кәрiстер экспорт көлемiн ғана емес, импортты да барынша ұлғайтуды мақсат етедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ