ДӘРI-ДӘРМЕК АРЗАНДАТЫЛАДЫ
ДӘРI-ДӘРМЕК АРЗАНДАТЫЛАДЫ
Теңге девальвацияланғаннан кейiн шығандап шыға келген дәрi-дәрмектiң бағасын Үкiмет бiртұтас дистрибуторлық жүйенiң көмегiмен төмендетудi көздейдi. Осы мақсатта отандық фармацевтика нарығында алыпсатарлар мен делдалдарсыз жұмыс iстейтiн “Самұрық-Қазына Фармация” құрылды.
Үстiмiздегi жылдың 1 шiлдесiнен бастап дәрi-дәрмектi сатып алу және бөлу мiндетi ортақ диструбуция (кез келген тауарды көтерме бағамен сатып алып, оны жергiлiктi нарықта тарататын қызмет түрi) жүйесiн iске асырылмақ. Бұл мiндет “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының жанынан құрылған “Самұрық-Қазына Фармация” ЖШС арқылы жүргiзiледi. ҚР Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевтiң мәлiмдеуiнше, мемлекеттiк зертханалардан арнайы сертификациялаудан өтудi мiндеттейтiн мұндай жүйе дәрi-дәрмектiң сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Ортақ дистрбутордың қорындағы дәрi-дәрмек көлемi 3 айға алдын ала сатылып алынатындықтан, қала мен даладағы тапсырыс берушiлерге тегiс үздiксiз жеткiзiлiп тұратын көрiнедi. Ең маңыздысы, бағаны тұрақтандыруға және кейбiр аймақтардағы шығандап кеткен бағаны 30 пайызға дейiн төмендетуге ықпал етпек. Әсiресе, дәрiлер делдалдар арқылы емес, өндiрушiлерден тiкелей тасымалдатындықтан, ашкөз алыпсатардардың жолы кесiледi. Қазiргi таңда Қазақстанда дәрi-дәрмектiң 100 түрi (йод, “фестал”, “алмагель” т.б.) тұрақты бағамен сатылуда. Ақпан айының басындағы ұлттық валюта – теңге девальвацияланғаннан кейiн дәрiханалардағы баға едәуiр өскен болатын. Мұның себебiн министр Досқалиев “доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өсуiнен сырттан тасымалданатын дәрi-дәрмек құны артты” деп түсiндiрген. Сонымен қатар ортақ дистрибуторлық жүйе мемлекеттiк ауруханалардағы дәрi-дәрмекпен жүйелi қамтамасыз етiлуiн қадағалап отыруға сеп. Тағы бiр жағымды жаңалық, үстiмiздегi жылы тегiн медициналық көмек көрсету үшiн 66 млрд. теңге бөлiнген. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда, 15 пайызға артық.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр отандық фармацевтикалық нарықта 7000-нан астам дәрi-дәрмек тiркелген. Бұл дегенiңiз – дәрiханалардағы бағалармен бағамдағанда, 700 млн. доллар. Нарықтың жылдық өсiмi 12-15 пайызға тең. Өкiнiшке қарай, балтыры сыздап, басы ауырған ағайын дертiне шипаны отандық өнiмнен емес, шетелдiк дәрiлерден iздеуге мәжбүр. Өйткенi, отандық өндiрушiлер iшкi нарықтың 10-11 пайызын ғана қанағаттандыруға қауқарлы.
Министрлiктегi Фармациевтикалық бақылау комитетiнiң төрағасы Сыздық Баймұқановтың мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылы 2009-2011 жж. арналған бюджеттен медицина саласына биыл 299,5 млрд. теңге, ал қалған кезеңдерге 411,6 және 368,9 млрд. теңге қарастырған. Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлердiң айтуынша, 2008 жылы 384 млрд. теңгеден асып түскен. Биыл бұл көрсеткiш 482 млрд. теңгеге жетпек.
Жуырда ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов бiрқатар мемлекеттiк органдардың басшыларына ең қысқа мерзiмде Қазақстанда iшкi нарықта тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға қабiлеттi жоғары сапалы дәрi-дәрмек өндiретiн мекемелердi құруға пәрмен берген болатын. Сарапшылар пiкiрiнше, ұзақмерзiмдiк жобаға жататын бұл мәселенi аз уақыттың iшiнде шешу мүмкiн емес. Өйткенi, бiздегi кейбiр шетелдiк дәрiлер патенттiк қорғауға ие болғандықтан, ұзақ уақыт бойы аса қымбат бағаға сатыла беруi мүкiн. Сапалы әрi кепiлдiгi жоғары тауарларды өндiруге отандық өндiрушiлер қауқарсыз, демек, бәсекелестiк жоқтығы немесе бәсекенiң әлсiздiгi шетелдiк өнiмдердiң iшкi нарықта үлкен сұранысқа ие болуына жағдай жасайды. Ал мұндай дәрiлердi елiмiзде жасап шығару үшiн алдымен медицина ғылымына, фармацевтика саласына қатысты жобаларға және өндiрiске үлкен көлемде инвестиция құйып, оның дамуын жiтi қадағалап отыру қажет. Оның үстiне, отандық бұқаралық ақпарат құралдарындағы, әсiресе, электронды ақпарат құралдарындағы жатжұрттық дәрi-дәрмектi жарнамалау iсi жақсы жолға қойылған. Сапалы дәрi-дәрмек өндiрудi дамытқан күннiң өзiнде iшкi нарықтағы сұраныс деңгейi тым шектеулi болғандықтан, отандық дәрiлердi экспорттау мәселесiн шешкен дұрыс. Ол үшiн мемлекет тарапынан кепiлдiгi жоғары әрi сауатты менеджмент пен маркетинг түзiлуi тиiс.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ