Жаңалықтар

“КЕЗДЕМЕ САТУШЫ” АЛМАТЫҒА КЕЛДI

ашық дереккөзі

“КЕЗДЕМЕ САТУШЫ” АЛМАТЫҒА КЕЛДI

“Аршын мал алан” музыкалық комедиясы осыдан бiр ғасырға жуық уақыт бұрын дүниеге келген екен. Бұл Әзiрбайжанның ұлы композиторы Үзейiр Ғаджыбековтiң ұлы туындысы. 1913 жылы жазылған оператта әлемдiк мәдениеттiң озық туындысына айналды.

Аталмыш туындысын композитор Санкт-Петербург консерваториясында оқып жүрген кезiнде жазады. Дүниеге келген жаңа шығарманы бiрден Бакудегi досы композитор Мүсiлiм Магомаевқа салып жiбередi. “Аршын мал аланның” ерекшелiгiн бiрден байқаған Магомаев сол жылы Бакудегi Г.Тагаев атындағы театрға ұсынады. Дәл сол жылы режиссер Араблинскийдiң қойылымымен комедия тұңғыш рет сахналанды. Сол сәттерде өзiнiң осы бiр туындысының әлемдiк аренаға көтерiлетiн озық шығармалардың бiрiне айналатынын ұлы композитор бiлмеген де шығар.

96 жыл бойы әлемнiң озық театрларында қойылып келген музыкалық шығарма 75 тiлге аударылыпты. Орыс, грузин, армян, ағылшын, француз, немiс, испан, араб, парсы, түрiк, өзбек, молдован, қытай, болгар, украин, белорус, эстон, латыш және т.б. тiлдерге аударылған комедия қазақ тiлiнен де шет қалған жоқ.

Көрнектi жазушы Қалтай Мұхаметжанов аударған туынды жақында Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қойылды. Бұл жолғы “Аршын мал аланның” режиссерi — Тұңғышбай Әл-Тарази. Театрда алғаш рет қойылып отырған бұл оператта бұдан бұрын Семей облыстық театрында қойылған екен. Бiрақ, театртанушылардың пiкiрiне қарағанда, ол қойылым көрермендердiң көңiлiнен шыға қоймаған сияқты.

Әрине, талай сахнадан шыққан, тiптi экрандық тарихы бар дүниенi қайта қою және жаңаша үлгiде қазақ сахнасынан ұсыну оңай шаруа емес. Әрi көпшiлiкке жақсы таныс дүние өзiнiң бұрынғы биiгiн сақтап қала ала ма, қалмай ма деген қорқыныш та басым болған шығар режиссерде. Қалай дегенмен де, музыкл бұл тұрғыдан келгенде өзi көздеген межеден шыққан сияқты.

“Аршын мал алан”, яғни қазақ тiлiне аударғанда “Кездеме сатушы малшы” жас көпес Әскер үйленбекшi болып, өзiне қалыңдық iздеуiнен басталады. Бiрақ, қалыңдықты алдын-ала көрудiң ешбiр мүмкiндiгi жоқ. Ендi қайтпек? Өз көзiмен көрiп, көңiлi қаламаса, танымайтын, бiлмейтiн аруға қалай үйленбек? Миы қатып, не iстерiн бiлмей әлекке түсiп жатқанында құдай айдап, үйiне Сүлейменнiң келе қалмасы бар ма? Тығырықтан шығудың жолын ақырында Сүлеймен тапты. Болашақ жарын көрудiң бiрден-бiр амалы кездеме сату. Әрi қарай шым-шытырық оқиға. Әдемi әзiл мен музыкаға көмкерiлген мұндай туындыны көпшiлiктiң көптен берi күткенi анық. Әрi театр сахнасында мюзикл қойылмағалы қашан?!

Бұл жолғы “Аршын мал аланның” басты кейiпкерлерiн Ерлан Бiләл мен Дәрия Жүсiп сомдады. Әзiрге мюзикл театрда үш-ақ рет қойылды. Әуелгi құраммен ғана қойылып жатқаннан кейiн бе, әзiрше Әскер-Ерлан мен Гулчахра-Дәрияның орны ауыса қойған жоқ. Жiгiттiң әпкесiнiң рөлiн Роза Әбдiнәбиева сомдаса, қыздың әкесi Сұлтанбектi Төлеубек Аралбаев ойнап шықты. Ася мен Теллидiң рөлiне Данагүл Темiрсұлтанова мен Шынар Асқарова бекiтiлген екен. Ал, Сүлейменнiң бейнесiн Жандарбек Садырбаев алып шықты. Мюзиклдегi негiзгi кейiпкерлер осы. Оқиға бас-аяғы бiрнеше ғана адамның арасында өрбидi.

Жалпы, оқиға қызықты әрi күлкiлi. Жанрынан көрiнiп тұрғандай мюзикл болған соң, оған басты қажеттiлiк музыканың болатыны белгiлi. Сосын, ең басты дүние дауыс. Мюзиклде құлаққа жағымды дауыс болмаса, спектакльдiң де мәнiсi кетедi. Осы тұрғыдан келгенде, режиссер ең әуелi өзi таңдаған актер-актрисасының дауысына баса назар аударуы қажет.

Әрине, мюзиклдiң декорациясынан, киiмдерiнен, сахналық қойылымынан ешқандай кемшiлiк таба алмайсыз. Әрi балетмейстер әзiрбайжандардың ұлттық биiн беруде де асқан шеберлiк танытыпты. Сахнада әзiрбайжан халқының ұлттық киiмiн киген актерлердi көргенде сол ұлттың өкiлдерi ойнап жүргендей әсерде қалдырды бәрiмiздi. Сахнаның декорациясында да еш мiн жоқ.

Мюзиклдi мюзикл жасайтын актерлердiң еңбегi. Бұл тұрғыдан келгенде, актерлерiмiз мюзиклдiң сәттi шығуы үшiн бiраз тер төккен сияқты. Әсiресе Сұлтанбектiң бейнесiн сомдаған Төлеубек Аралбаевтың бейнесi көрермен жадында мәңгi қалары сөзсiз. Әзiрбайжанның аңғал да, аңқау көпесiнiң ролiн сомдаған Төлеубек Аралбаевты сахнада жүрген құдды әзiрбайжанның шалы ма деп қаласың. Актердiң әзiрбайжан диалектiсiн айнытпай беруi де көпшiлiктi тәнтi еттi. Ася-Данагүл мен Телли-Шынар да, қамқор әпке Джаһан-Роза Әбдiнәбиева да Сұлтанбек-Төлеубектен қалыспай тұр. Күтушi қыз Теллидi бейнелеген Шынар Асқароваға бұл роль оң жамбасына келгендей. Қашан көрсең қожайына ренiшi басым күтушi қыздың асып-сасып әбiгерге түсiп жүретiн бейкүнә де ашуланшақ қалпын айнытпай сомдапты.

Басты кейiпкерлер Әскер мен Гулчахраның ролiне Ерлан Бiләл мен Дәрия Жүсiп таңдап алыныпты. Егер оқиғаға қарасақ, үйленбеген жiгiт пен жас бойжеткеннiң арасындағы сүйiспеншiлiк жайы. Ал мұндағы актер мен актрисаның бейнесi жас ғашықтардың арасындағы махаббаттан гөрi ересек жандардың арасындағы махаббатқа көбiрек келедi. Қылшылдаған жас жiгiт пен сылаңдаған ерке бойжеткеннiң ролiне соларға сай бейненi таңдағанда қойылымның ажары бұдан да ашыла түсер ме едi деген ой келдi бiзге. Мүмкiн, режиссердiң екiншi құрамға дайындаған актерлерi көптiң көңiлiнен шығар, кiм бiлсiн?! Әзiрге Дәрия-Гулчахра да, Ерлан-Әскер де мюзиклдiң ажарын ашқан бейне деп айта алмаймыз. Дәрияның Гулчахрасынан өзiмiз күткен бейненi көре алмадық.

Жоғарыда айтқанымыздай, мюзикл үшiн басты қажеттiлiк дауыс. Бiрақ, ол жерден көптiң көңiлiнен шығатын дауысты ести алғанымыз жоқ. Есесiне, дауыстан гөрi музыканың ащы дауысы басып кеткен. Шырқырай шыққан дауыстан шаршағанымыз соншалық, ерiксiз құлағымызды басуға тура келдi. Соған қарағанда, мюзиклдiң музыкасын қойған Арман Дүйсеновке музыка жағын тағы бiр ойлануға тура келетiн сияқты. Әйтпесе, музыкалық комедиядан демалып қайтамын деп ойламай-ақ қойыңыз. Шаршап, шалдығып, күнi бойы әлгi музыканың ащы дауысы құлағыңызда күмбiрлеп тұрады.

Театрға келсең, демалып, тазарып қайтатынымыз анық. Бiрақ, жоғарыдағыдай әттеген-айлар кейде көңiлге кiрбiң ұялатады. Егер ондағы Сұлтанбек-Төлеубек Аралбаев, Ася-Данагүл, Телли-Шынар, Сулеймен-Жандарбек болмағанда, “Кездеме сатушының” дәп сiздiң көңiлiңiзден шығуы неғайбыл едi. Бес-алты жыл бойы толғанған Тұңғышбай Әл Таразидiң бұл дүниесi көпшiлiк көптен күткен дүние екенiн де мойындауымыз қажет. Ендеше, 96 жыл бойы әлемнiң талай сахналарында қойылып келе жатқан туындының қазақ сахнасындағы күндерi таусылмасын деп тiлейiк.

Көрермен пiкiрi:

Жанна ҚҰДАЙНАЗАР:

— Маған қойылымның идеясы ұнады. Алайда басты рөлдердегi әртiстердiң ойынына көңiлiм толмады. Бұл қойылым мюзикл болғандықтан, бiрiншi кезекте оның әндерi мен әртiстердiң даусына басты назар аудару керек едi деп ойлаймын. Өйткенi премьерасында Әскер (Ерлан БIЛӘЛ) мен Гүлчахраның (Дәрия ЖҮСIП) рөлдерiн сомдаған әртiстердiң не туралы өлең айтып отырғандарын түсiну қиын болды. Сөздерi анық емес, ал музыканың дауысын кiшкентай театрдың iшiнде бақыртып қойғандары соншалық керең бола жаздадық.

Мүмкiн, Дәрия ЖҮСIП шынымен де талантты актриса және дауысы да керемет шығар. Алайда мюзиклды опералық дауыспен, сыңсып айтқан әртiстi бiрiншi рет көруiм. Дәрия не туралы әндетiп отырғанын өзi түсiндi ме екен?! Сосын мюзиклдағы басты идеялардың бiрi Әскер мен Гүлчахраның шынайы махаббатын көрсету болса, Ерлан мен Дәрия ойындарынан махаббатты да, достықты да көре алмадым, екеуiнiң арасында байланыс жоқ. Өз рөлдерiн жақсы ойнауға тырысқанымен мен үшiн жүрiс-тұрыстары да, сөздерi де жаттанды боп көрiндi.

Гүлзина Бектасова