Жаңалықтар

ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАҒА ОРАЙ...

ашық дереккөзі

ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАҒА ОРАЙ...

Газетiмiздiң алдыңғы санында жарияланған мақалаға орай редакцияға Республикалық Ұлан Қолбасшысы Аппаратының тарапынан хат келiп түскен едi. Сол хатты оқырманның назарына ұсынып отырмыз.

“Түркiстан” газетiнiң 2009 жылғы 7 мамырдағы санында Республикалық Ұлан Қолбасшысы генерал-лейтенант А.Тасболатовтың Елбасы Жолдауы жайлы мақаласы жарияланды. Алайда осы нөмiрде жарияланған Г.Омарованың “Санадағы сарқыншақтар немесе Ұлан ұлт мақтанышына айнала ма?” деген мақаласы алғашқы жарияланым үшiн редакция алқасына деген алғысты көңiлiмiздi су сепкендей басты.

Бас тақырыбынан-ақ Ұланның беделiне күмән келтiре бастаған автор тақырыпқа үстiрт қарағандықтан, жан-жақты зерттемегендiктен, оқырманға терiс түсiнiк ұсынған.

Бiрiншiден, 7 мамыр Республикалық ұланның емес, Қазақстан Қарулы Күштерiнiң құрылған күнi. 1992 жылы 7 мамырда Мемлекет басшысының “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн құру туралы” №745 Жарлығы жарияланғандықтан, бұл күн Қарулы Күштердiң құрылған күнi және Отан қорғаушылар күнi ретiнде белгiленген. Қарулы Күштер құрамына Құрлық әскерлерi, Әуе қорғанысы әскерлерi, Әскери-теңiз күштерi секiлдi негiзгi әскери құрылымдар кiредi. Ал Республкалық ұлан, IIМ Iшкi әскерлерi, ҰҚК Шекара қызметi, т.б. — Қарулы Күштерден тыс, басқа әскерлер мен әскери құрамалар қатарында.

Республикалық ұланның құрылған күнi — 16 наурыз. 1992 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасы Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Республикалық ұланын құру туралы” №673 Жарлығы негiзiнде Республикалық ұланның бригадасы құрылды. Материал авторы өзiнiң өресi жетпеген сұрақты Республикалық Ұлан қолбасшылығы мүшелерiне қойып, анықтап алмағаны былай тұрсын, “ұландықтардың өзi осы мәселеде бiрауыздылық таныта алмай отыр” деп баршаға жар салғаны — оның кәсiби деңгейiнiң төмендiгi. Егер ол журналист этикасы, құқықтары мен мiндеттерiн бiлетiн автор болғанда, тиiстi лауазым иелерiне телефон шалатын едi де, 7 мамырдың тек ұландықтардың ғана емес, қару ұстап, Қазақстанның тыныштығы мен қауiпсiздiгiнiң қорғанында тұрған барша Отан қорғаушылардың кәсiби мерекесi екенiн түсiнер едi.

Екiншiден, Республикалық ұлан қызметi туралы көпшiлiкке осы материал авторы “алаңдайтындай”, аз ақпарат берiлiп отырған жоқ. Республикалық Астана және Алматы қалалық мерзiмдi басылымдары, теле-радиоарналар арқылы Республикалық ұланның жауынгерлiк қызметi, ұландықтардың мәдени, рухани дамуға қатысуы, патриоттық тәрбиеге орасан зор үлесiн қосар iс-шаралары, спорттағы жетiстiктерi туралы ақпарат молынан берiледi. Нақтырақ айтсақ, 2009 жылдың өзiнде “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда”, “Астана ақшамы”, “Алматы ақшамы”, “Вечерняя Астана”, “Вечерний Алматы”, “Сарбаз”, “Ел”, “Ана тiлi” т.б. басылымдарда заметка, репортаж, очерк, мақала жанрларында жазылған 30-дан астам материал жарық көрдi. “Қазақстан”, “Хабар”, “Астана”, “Алматы”, “Эра”, “Рахат” телеарналарында, “Қазақ радиосы”, “Астана” радиосы эфирi арқылы 20-дан астам бағдарлама жарияланды. Олар: Республикалық ұланның құрылған күнiне арналған мақалалар және бағдарламалар легi, ұландық офицерлер-ауған соғысының ардагерлерi жайлы очерк, Елбасы қатысқан Президент оркестрiнiң концертi, Ұлан офицерлерiнiң Отан қорғаушылар күнiне орай берген интервьюлерi, Республикалық ұлан өткiзген Әскери ант беру салтанаты, офицерлер корпусына қабылдау рәсiмi, ашық есiк күнi, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнир, кiр көтеруден республикалық бiрiншiлiк, мемлекеттiк құрылымдар арасында болған волейбол турнирi туралы көптеген репортаждар, т.б.

Бұдан басқа, 2007 жылы Республикалық ұланның құрылғанына 15 жыл толуына орай мемлекеттiк құрылымның тарихы, мiндеттерi, жауынгерлiк қызметi, офицерлiк құрамы туралы кеңейтiлген ақпарат беретiн кiтап және деректi фильм жарық көрдi.

Барлық облыстық, қалалық қорғаныс iсi жөнiндегi департаменттерде жастарға, жалпы көпшiлiкке Республикалық ұлан қызметi, оның қатарында мерзiмдiк қызмет атқару және келiсiм-шарт бойынша қызметке қабылдау талаптары туралы ақпарат ұсынылады.

Қолбасшы Аппаратының басшысы А.НЕҒМЕТЖАНОВ