Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН, АЛҒА ҰМСЫНА ТҮС!

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН, АЛҒА ҰМСЫНА ТҮС!

“Бiз бәрiн дұрыс жасадық” дейдi Елбасы

“Нұр Отан” онға толды. Елдегi саяси-экономикалық, әлеуметтiк-демографиялық, ұлтаралық жағдайлардың бәрiнде жауапкершiлiктi өз мойнына алған партия ретiнде “Нұр Отан” өзiн көшбасшы санайды. Дегенмен, бұл он жыл “Нұр Отанның” өзi үшiн де оңай болған жоқ.

“ӨЗIҢНЕН БАСТА!”

“Осы жолғы қиындықтардың бастау көзi бiздiң қателiктерiмiзде ғана емес, олар елдiң iшiнде емес, әлемдiк экономика мен қаржы жүйесiнiң сәйкессiздiгiнде болып отыр, бұл сәйкессiздiктер түбегейлi реформаларды қажет етедi. Бiз бәрiн дұрыс iстедiк” дедi Елбасы съезде сөйлеген сөзiнде.

Кезектен тыс өткiзiлген съезге республиканың барлық аймақтарынан 600-дей делегат, 2000-нан астам қонақ келген. Жиында партияның 2009-2012 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданды. Партияның орталық органдарын сайлау, “Нұр Отан” ХДП Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу сияқты ұйымдастырушылық мәселелер де қаралды.

Күн тәртiбiнiң негiзгi мәселесi — “Нұр Отан” партиясының әлемдiк дағдарыс салдарын еңсерудегi және Қазақстанды жаңартудағы рөлi.

“Нұр Отан” Халық демократиялық партиясы 1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Алғашқы атауы — “Отан” республикалық саяси партиясы болатын. Алматыда өткен алғашқы съезiне 400-дей делегат қатысқан. Ресми мәлiметтерге жүгiнсек, олардың 104-i кәсiпкер, 67-i бюджет қызметкерi, 122-i мемлекеттiк қызметкер екен. Осы жиында делегаттар бiрауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты бiрiншi төраға етiп сайлады.

Әр жылдары “Нұр Отан” ХДП Қазақстандағы басқа саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерге тiзе қосып, бiрге қимылдауға шақырып келедi. Қазақстанның Халық бiрлiгi партиясы, Қазақстанның Демократиялық партиясы, Қазақстанның Либералды қозғалысы, “Қазақстан – 2030 үшiн!” қозғалысы осы үндеуге үн қосып, “Отанмен” бiрiктi. Көп ұзамай Әдiлет партиясы, Қазақстан Халық-кооперативтi партиясы, Еңбек партиялары да “Отан” партиясының құрамына кiрдi. 2006 жылы “Отан” “Асар” партиясымен бiрiктi.

Құрылғалы берi “Нұр Отан” партиясы Парламенттегi басым дауысқа ие. 1999 жылы сайлаудан кейiн Парламентте 39 депутаты болған. Оның 12-i – Сенат, 27-i – Мәжiлiс депутаттары едi.

2005 жылы Нұрсұлтан Назарбаев “Отан” партиясының атынан президенттiк сайлауға түсiп, айқын басымдылықпен жеңiске жеттi. Ал соңғы Парламент Мәжiлiсi сайлауында “Нұр Отан” партиясы электорат iшiнде 88 пайыздан артық дауыс жинады. Елбасы съезде сөйлеген сөзiнде: “Нұр Отан” партиясы сайлау алдындағы берген уәделерiн толықтай орындап келедi” деп мәлiмдедi.

Саясаттанушылардың бiрауыздан “Нұр Отанға” “билiк партиясы” деп айдар тағуы тегiн емес. Мұны партияның белсендi мүшелерiнiң өзi терiске шығармайды. Елдегi түбегейлi өзгерiстерге толығымен жауапкершiлiктi мойнына алуы да сондықтан.

“Нұр Отан” осымен тоғызыншы рет кезектен тыс съезд өткiзiп отыр. Дегенмен, осы съезд партияның өзi үшiн де, ел үшiн де болашақтағы келелi өзгерiстерге бастайтын тарихи оқиға болатын шығар.

Нұрсұлтан Назарбаев: “Нұр Отан” ХДП-ның рөлi мен беделiн арттыру мақсатында орталықтағы да, сондай-ақ жергiлiктi жердегi де партия органдарының жұмысын жүйелi қайта құруды жүзеге асыруды ұсынамын” дедi. Ол үшiн ең әуелi партияның 2020 жылға дейiн есептелген жаңа бағдарламасын әзiрлеу керек. Партия бүкiл елдiң интеллектуалдық күшiн бiрiктiруге тиiс. Партия аппараты Президентке, Үкiметке, Парламент үшiн идеяларды пiсiрiп-жетiлдiретiн “ақыл-ой орталығына” айналуы қажет. Одан соң партияның басшы кадрларын күшейту, iшкi партиялық кадрлық жұмысты жолға қою маңызды. Партияның ұйымдық-саяси жұмысын да белсендiрек ету қажет. Үкiмет пен әкiмдер шешiмдер қабылдарда партия басшылығымен тұрақты ақыл-кеңес құрып тұрғаны жөн. Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күресте 900-ге жуық шенеунiктiң қылмыстық жауапкершiлiкке тартылғанына “Нұр Отан” партиясының да үлесi бар екенiн айтып өттi.

“Нұр Отан” партиясы қоғамда құндылықтардың дұрыс жүйесiн қалыптастыру жөнiндегi жұмыстың көш басында болуға тиiс. Қоғамда еңбекқорлық, кәсiби тұрғыдан өсуге және парасаттылық тұрғысынан жетiлу сияқты құндылықтардың қадiрi кете бастады. Мейiрiмдiлiк, көмек қолын созу дәстүрлерi ұмыт болуға айналды. “Нұр Отанның” идеологиялық жұмысы қоғамда рухани-парасаттылық құндылықтардың жаңа жүйесiн орнықтыруға бағытталуға тиiс” дедi Төраға.

Елбасының ойынша, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы жолындағы жасампаз iстердiң барлығының басында “Нұр Отан” жүруi керек. Ол үшiн жаңашыл бағыт алып, серпiндi даму жолына “Нұр Отан” өзi бастап түсуi керек. Басқаша айтқанда, өзгерiстi әуелi өзiнен бастауы керек.

“Өзiңнен баста” демекшi, жақында “Нұр Отан” партиясы сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында “Өзiңнен баста!” акциясын жариялады. Партияның съезi қарсаңында Сенат төрағасы Оралбай Әбдiкәрiмов өз табыстары туралы декларацияны жария еттi. Жыл басында тапсырған құжат бойынша, Әбдiкәрiмовтiң табысы былтыр 6792355 теңгенi құраған. Ал мемлекеттiк лауазымды шенеунiктер, топ-менеджерлер өз табыстары туралы ақпаратты қашан жария етер екен?..

ОН ЖЫЛДА…

Партияның төрағасы съезде “Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы – бiздiң ортақ болашағымыз үшiн” атты баяндама жасады. Он жылды партия төрағасы, ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың көзiмен саралап көрелiк.

Он жылда ел IЖӨ-сi 8 есеге ұлғайған.

Он жылда жан басына келетiн IЖӨ 1000 доллардан 8400 долларға дейiн өсiп, Орталық және Шығыс Еуропаның бiрқатар мемлекеттерiнiң көрсеткiштерiмен теңелген.

Он жылда сыртқы сауда айналымы 10 есе ұлғайды. Шағын кәсiпкерлiкке инвестициялардың жалпы өсiмi 2000 жылдан бастап 23 есе дерлiк ұлғайып, 2008 жылы 1,5 триллион теңге шамасын құраған.

Он жылда денсаулық сақтау мен бiлiм берудi қаржыландыру 8,5 есеге ұлғайған.

Бұдан бар-жоғы 5 жыл бұрын елде Интернеттi пайдаланушылар бiрнеше мың болса, бүгiнде олар 2 миллионнан асып жығылады.

Әрбiр мектепте жаңа толқындағы компьютерлер жұмыс iстейдi, мектептердiң 98 пайызы Интернет желiсiне қосылған.

ЖОСПАРЛЫ ЭКОНОМИКАҒА ҚАЙТА КЕЛДIК…

Дегенмен, Президенттiң сөзi бiрыңғай мақтаудан құралған жоқ. Елбасы экономикалық жүйенiң осал екенiн ашық айтты. Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың бiрыңғай шикiзатқа тәуелдiлiгi, өңдеу өнеркәсiбiнiң IЖӨ-дегi үлесi төмен екендiгiн, ғылымның дамуы, ғылымға технологияларды ендiрудiң тұралап қалғанын қынжыла жеткiздi.

Елбасы бұған кiнәлi — билiк органдары екенiн де жасырмады. “Экономиканы әртараптандыру барлық билiк органдарының нақты басымдығына және елдiң жалпыұлттық идеясына айнала қоймады” дедi Президент. “Бiрiншiден, өңдеу өнеркәсiбiнде сыртқы инвестицияларға сенiп отыру еңсерiлген жоқ. Шикiзат ресурстарына жоғары бағалар шетелдiк инвесторлар үшiн шикiзаттық емес салалардың тартымдылығын төмендетiп жiбердi. Iшкi ресурстарға арқа сүйеу үшiн елеулi жұмыстар жүргiзiлмедi. Екiншiден, Үкiмет кәсiпкерлер үшiн қолайлы бизнес ахуалды, өндiрiстiң негiзгi факторларының қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету жөнiнде көп айтқанымен, жұмысты аяғына дейiн жеткiзген жоқ. Тiптi, еркiн экономикалық аймақтар үшiн басқа елдерде жасалып жататынындай барлық жағдайлар туғызыла қоймады. Үшiншiден, мемлекеттiк аппараттың жұмысын тиiмсiз ұйымдастыру, министрлiктер мен әкiмдiктердiң бизнеспен өзара ықпалдастығының әлсiздiгi, экономиканы әртараптандыру үшiн жауап беретiн бiртұтас отандық органның жоқтығы өзiнiң терiс рөлiн атқарды”.

Ендi экономикада мемлекеттiк жоспарлау күшейедi. Қазақстан индустриялық-иновациялық даму жолына түседi. “Қазақстан өз жолын iздеуi керек” дедi Елбасы.

2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап “Қазақстан-2030” стратегиясының аясында индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығы басталады. Елбасы инновациялық индустрияландыруға баса мән беретiнiн айтты. Экономиканы мемлекеттiк жоспарлау мен ынталандырудың рөлi күшейтiлетiн болады. Сонымен бiрге таза бәсекелестiк, жеке меншiктi қорғау және iскерлiк бастамашылдықты ынталандыруға мән берiлмек. Кәсiпорындардың тауарлары бiр жерлерде сатылуы, бәсекеге қабiлеттi болуы тиiс.

Осы айтылғандарды жүзеге асыру үшiн Президент әдеттегiдей Үкiметке нақты тапсырмалар бердi.

Бiрiншi. АӨК және ауылшаруашылық өнiмдерiн өңдеу. Аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыруды және кең ауқымды қайта жаңғырту қажет. Ортақ мiндет – 2015 жылға қарай ауылшаруашылық өнiмдерiнiң үлесiн экспорттың жалпы көлемiнде 8 пайызға дейiн жеткiзу. Аталған және басқа жобалардың есебiнен агроөнеркәсiптiк кешеннiң жалпы қосылған құны ең таяудағы уақыттарда кем дегенде 16 пайызға ұлғайтылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы тиiс.

Екiншi. Құрылыс индустриясын дамыту және құрылыс материалдарын өндiру. Қазақстандағы құрылыс материалдарының 50 пайыздан астамы импорт арқылы келедi. Осы заманғы цемент зауыттарын, әйнек табақтары, өңдеу материалдары, темiр-бетон және керамикалық бұйымдар өндiрiсiн дамыту қажет. 2015 жылға қарай iшкi өндiрiс есебiнен рынок тұтынысының 80 пайыздан астамы қанағаттандырылуы тиiс. Құрылыс кешенiнiң жалпы қосылған құны кем дегенде 76 пайызға ұлғайтылатын болады.

Үшiншi. Мұнай өңдеудi және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыту. 2014 жылға қарай отандық мұнай өңдеу зауыттары жоғары сапалы мұнай өнiмдерiне – жанармай мен авиакеросинге деген iшкi сұранысты толық қамтамасыз етуi тиiс. Елбасы Үкiметке отын-энергетикалық кешеннiң жалпы қосылған құнын кем дегенде 30 пайызға арттыруды мiндеттедi.

Төртiншi. Металлургияны дамыту және дайын металл өнiмдерiн шығару. 2015 жылға қарай металлургия өнеркәсiбiнiң өнiмдерiн өндiру мен экспорттау көлемiн екi есе ұлғайтуды қамтамасыз ету. Қайта өңдеудi тереңдету және жаңа бөлiнiстi құру есебiнен металлургияның жалпы қосылған құны кем дегенде 107 пайызға өсуi тиiс.

Бесiншi. Химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсiбiн жедел дамыту. Интеграцияланған газ-химия кешенiн салу жөнiндегi жұмыс жеделдетiлуi тиiс. Фармацевтика саласында бiр ай мерзiмде өзiмiздiң дәрiлiк препараттар — вакциналар, инсулин, антибиотик және басқаларын өндiру жөнiндегi зауытты салу мәселесi әзiрленуi керек. Президент Үкiметке 2014 жылға қарай дәрiлiк препараттарды iшкi тұтынудың 50 пайыздан астамын отандық өндiрiс есебiнен қамтамасыз етудi тапсырды.

Мемлекеттiк қорғаныс тапсырысы да отандық өндiрiспен қамтамасыз етiлуi тиiс. Үкiметке Қазақстанда тиiстi өндiрiстердi құруды ескере отырып, Қарулы Күштердi технологиялық жаңғыртуға бағытталған арнаулы бағдарлама әзiрлеудi тапсырды.

Алтыншы. Таза энергетиканы дамытуды қоса алғандағы энергетика. Қазiрдiң өзiнде өңiрлердiң энергия қуаттарын кеңейту және Ұлттық электр жүйесiн дамыту жөнiндегi жобалар iске асырылуда. Жел күшi мен күн сәулесiн пайдалану есебiнен энергияның қайта жаңғырту көздерiн дамыту маңызды бағыт болып табылады. Экономиканың энергиялық сыйымдылығы 2015 жылға қарай 10 пайызға кемiтiлуi тиiс.

Жетiншi. Көлiк және телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту.

Осы жобалар экономикаға 7 триллион теңгеден асып жығылатын жылдық қосылған құнды қосымша құруға мүмкiндiк бередi. Бұл iс жүзiнде ұлттық өнiмнiң 50 пайызын құрайды.

“Аталған барлық жобалар құр сөз емес. Мен сiздерге ешқашан бос сөз айтқан емеспiн. Барлық жобалардың есеп-қисабы жасалған, қаржымен қамтамасыз етiлген” дедi Президент.

Үкiмет екi айлық мерзiм iшiнде барлық бағдарламаларды талдаудан өткiзiп, тек басымдыққа иелерiн ғана қалдыруға тиiс. Бұған қоса, Үкiмет әкiмдермен бiрлесе отырып, Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Индустрияландырылу картасын әзiрлеуi қажет.

Президент әртараптандыру жөнiндегi жұмыстың тиiмдiлiгi үшiн бүкiл жауапкершiлiктi Үкiметке және премьер-министрдiң тiкелей өзiне жүктедi, олар Елбасыға әр жарты жыл сайын есеп берiп тұратын болады.

Съезде баяндама жасаған Кәрiм Мәсiмов: “Соңғы тоғыз жылда Қазақстан экономика үздiксiз өсу үстiнде келедi” деп мәлiмдедi. 2000 жылмен салыстырғанда IЖӨ 2008 жылы 6,8 есе өсiп, 1 миллион теңгеге жеткен. Ал 2007 жылы Бүкiләлемдiк банк Қазақстанды орта табысты елдер қатарына жатқызды. Мәсiмовтiң айтуынша, соңғы тоғыз жылда мемлекеттiк бюджеттен бiлiм беру, денсаулық сақтау мен әлеуметтiк төлемдерге қатысты шығындар 6,3 есе өсiп, 2 триллионға жеткен. Бұл мемлекеттiк бюджет шығындарының тең жартысына жуық.

Былтыр Ұлттық қордан экономиканы тұрақтандыруға 1 триллион 200 миллиард теңге бөлiндi. Ал биылғы жыл мен келесi жылы шикiзаттық қордан түсетiн табыстар түгелiмен дағдарыс салдарларын жоюға бағытталмақ. Бұл, шамамен, 550 миллиард теңгеге жетуi тиiс.

Парламент пен Үкiметтi жасақтап отырған бiрден-бiр партия “Нұр Отанның” көшбасшы болмасқа шарасы да жоқ. Президенттiң сөзiнен кейiн Үкiметтiң мойнындағы жауапкершiлiк екi есе арта түстi. Ендеше, Нұр Отанның тарихи миссиясы да ауырлады деген сөз. Дегенмен, бiрiншi төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан да, “Нұр Отанның” жетiстiктерi ел президентiнiң абырой-беделiне тiкелей байланысты екенi жасырын емес.

Осыдан бес жыл бұрын президенттiк сайлауға түскен Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды сөзiнде былай деген болатын:

“Алдағы жетi жыл iшiнде мен Қазақстанның қандай ел болғанын көремiн?

Мен Қазақстанның әлемдегi ең бай 50 елдiң бiрiне айналатынына нық сенiмдiмiн.

Мен Қазақстанның әр отбасының өз табысына салған үй-жайы, кәсiбi мен жеке көлiгi бар ел болатынына сенемiн. Мемлекет осының бәрiн әр қазақстандық өз еңбегiмен, өз қолымен жасауы үшiн барынша жағдай туғызатын болады.

Мен Қазақстанның әрбiр азаматы өзiн тең сезiнетiн, татулығы мен ынтымағы жарасқан өнегелi елге айналатынына кәмiл сенемiн… Мен Сiздердi тек қана алға басуға шақырамын!”.

Бүкiләлемдiк дағдарыс Президенттiң ой-жоспарына да, елдiң дамуына да бiраз өзгертулер енгiзетiн түрi байқалады. Дегенмен, кеше ғана өткен “Нұр Отан” партиясының съезiнде айтылған ой-жоспарларды қорытындыласақ, “Қазақстан, алға ұмсына түс!” деген қамшылау бар сияқты. Бәлкiм, дағдарыс – жаңаша дамудың басы болар?!

Гүлбиғаш Омарова