Жаңалықтар

ТАҒДЫРЛАСТЫҚ ТАҒЛЫМЫ

ашық дереккөзі

ТАҒДЫРЛАСТЫҚ ТАҒЛЫМЫ

Екеумiз бiрге оқыдық. Алматыда. Жоғарғы партия мектебiнде (қазiргi КИМЭП-тiң ғимаратында). Бiреумiз – ежелгi Сырдың жағасынан, екiншiмiз – Iленiң Балқашқа құяр сағасынан келдiк. Ол – журналист едi, мен – комсомол қызметкерi болатынмын. Мұның алдында бiз бiр-бiрiмiздi сырттай ғана бiлетiнбiз. Өйткенi бiр жағынан әрiптестiгiмiз де бар едi. Мемлекеттiк қызметте жүргенмен менiң де жас кезiмнен жаныма жармасқан қаламға деген құштарлығым күн құрғатпай жүрек қылын жұлқып-тартып қоятын. Ол да өлең жазатын. Осы оқуға түскен тұста менiң де бiр жинағым жарық көрген, оның да бiр кiтабы оқырманының қолында жүрген.

“Балықшы мен балықшы бiрiн-бiрi алыстан аңдайды” деген сөз бар емес пе? Қазақтың қай өңiрiнде қандай ақын дүниеге келгенiн дер кезiнде жаңылмай тауып кеудеңе қондырып отыратын кезiмiз. (Бұған бiздiң санамыз елгезек-тi.) Әдеби атмосфераға солай сергек қарап үйренген Әли екеумiз бiрiмiз жайлы бiрiмiз бұрыннан сырттай хабардар болсақ, ендi жүзбе-жүз жолыққанымызға өте ризамыз. Осы мектепке бiзбен бiрге оқуға қабылданған өзге жұрт өзара асықпай жүре-бара танысып жатты, ал бiз болсақ – сағынысып көрiскен бауырдай мәз боп қуана қауыштық. Алғашқы кездескен сәттен-ақ жайлауымыз жарасып жүре бердi. Ежелден бiрге келе жатқандай. Табысқанымыз ұзағынан сүйiндiрдi. Әлi күнге байланысымыз үзiлмей келедi.

Сол мектептi бiтiргенiмiзге биыл қырық жыл толады екен. Сонда бiрге оқыған азаматтардың көбiсiнiң есiмi қазiр ойыма оңайлықпен орала қоймас, ал Әли екеумiз сол уақытта қалыптасқан ортақ өмiр арнасында қол үзбей қатар басып келемiз.

Әли деп отырғаным сол кездегi жас ақын, жұлқынған журналист, мектеп қабырғасында жүрiп-ақ баспасөзде өзiне лайық орын тапқан Әли Ысқабаев. Бүгiн ол белгiлi көркемсөз шеберi, республикаға мәлiм қаламы жүйрiк жорналшы, Қазақстан Жазушылар одағынының мүшесi.

Әли екеумiздiң тағдыр-табиғатымызда ұқсас жерлерiмiз кем емес. Ол да өзен жағасында дүниеге келдi, мен де өзен жағасында өстiм. Дархан Даламыздың мiнезi мен өрiсiндегi өзара ұқсастық та тамырлас боп шықты. Мен де қамыс арасынан қаз-үйректi қызықтап, жиде мен жыңғылға жем болып, сексеуiл iшiнде қоян қуалап өстiм. Ол да қамыс жапырағынан қайық жасап, әжесiнiң самауырына сексеуiлдiң сынығын жинап, жиде мен жыңғылдың жықпылдарында қырғауылмен жарысып өстi.

Ау, арасы алты айлық жол болатын төменгi Сыр мен iшкi Iле арасында Дала өз бояуын мың-сан құбылтып жатқан жоқ па? Ал Әлимен екеумiздiң туған жерiмiз бiр-бiрiнiң тiкелей көшiрмесi iспеттi. Табиғаттың көз қуантар таңғажайып заңдылықтарының бiрi – осы.

Бiздi бала жастан адами тағдырластығымыз да жақындата түскендей. Бақсам, ол да мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ сүйiктi анасы Архымбикеден айрылған екен, мен де әлемдiк соғыс аяқталар көктемде туған анам Бибажарды жер қойнына тапсырып қойғам. Екеумiздiң де әкелерiмiз қарапайым еңбек адамдары – қара шаруа едi. Демек екеумiз де тағдырдың тауқыметiн шамамен тең көтерген ауылдың қарадомалақтары екенбiз.

Кей адамды кездейсоқ жолықтырып-ақ бүкiл саналы өмiрiңдi иықтасып атқарып келгендей болатының бар ғой. Әли екеумiз де солай болдық. Екеумiздiң ой жүйемiз бен сезiм ырғақтары көп жағдайда жарасым тауып, ортақ арнаға түсiп жүре беретiн. Бiр ауылдың баласындай, қос саусақтың саласындай ортақ тағдыр күймесiнде ештеңеден қысылмай, жарқын өмiрдiң қуанышты құшағында көштен қалмай күнi бүгiнге дейiн әнiмiз бен сәнiмiз жарасып келемiз. Ықыласымызға қылау түскен жоқ. Сенiм күшi сейiлген жоқ. Құдай бұйыртса әлi талай қызыққа куә болармыз.

Әли биыл 70-ке толады – Мамыр айының алтыншы жұлдызында. Осы тұста ол туралы не айтуға болар едi? Әли парталас дос қана ма, қаламдас жолдас қана ма? Бiздi iшкi рухани тұтастық пен тағдырдың тамырластығы бiрiктiрiп келе жатыр емес пе?

Бұл өмiрде бiр үйден кiрiп-шығып, бiр көшенi күнде қатар кесiп өтiп жатқан адам аз емес. Бiрақ қырық жыл қатар жүрсең де қабыса алмағаның былай тұрсын, солардың аты-жөнiн де бiле бермеймiз ғой. Кейде жөндеп сәлемдеспейсiң де. Ал Әли екеумiз екi жыл бiрге оқып, қырық жыл қоныстың шалғайлығынан бөлек өмiр сүрiп келемiз. Бiрақ осынша уақыт көшiнде бiз бiр сәтке де ажырамаған сияқтымыз.

Телефоннан Әлидiң даусы естiлсе баяғы бiрге жүрген кездегiдей жүрегiм жылып жүре бередi. Кейде маған осы жылу мына қытымыр заманға төтеп беру үшiн күнде керек сияқты боп тұрады. Әр сөйлескен сайын шуақтанып қалам. Көңiлiм жадырап, өмiрдiң тәттiлiгiне тәнтi болып, әлде бiр тың жұмысқа қол ұрғым келiп тұрады.

Шiркiн, Тәуелсiздiк! Адам жанын асқақ әуенге асылдырып, санаңа жаңа сәуле құятын осы сөзден артық мағына бар ма екен бұл жалғанның жарығынан жалтаң қағып жарасым iздеп өскен жайсаңға?! Қоғамның даму тарихында, адамның өмiр сүру жолында тәулсiздiктен артық мәндi ұғым болар ма екен, сiрә?!

Неге екенiн бiлмеймiн, мен Әлидi көрген сайын осы қасиеттi тәуелсiздiк түсiнiгi көңiлiме орала кетедi. Алғашқы кездескен сәттер күнi бүгiнгiдей көз алдымда.

Оңайлықпен икемге келе қоймайтын керқұба шашын шалқайта қайырған, әдеттегiден келтелеу көрiнетiн мұрыны жылы жүзiнен үнемi ентелей ұмтылған ерке ынтасын жетелей түскен, көрген адамына аңтарыла қарап, ақтарыла сөйлейтiн, осы бiр қой көздi ұзынтұра, ақ сары жiгiт бiр сәт Даланың сән-салтанатын ұлттық салт-дәстүрiмiздiң алтын жақтауымен көмкерiп, өз иығымен көтерiп келген сал-серiдей көрiнсе, ендi бiрде әлдекiмнiң пәс көңiлiн жұбату үшiн жаралған, сондай жанды iздеп жүрген бейкүнә әпендiдей жаныңа iзгiлiк иiрiмдер салатын.

Өмiрi ауыртпалық көрмеген, қазымыр қыспаққа түсiп, қиындық кешпегендей әлпет танытатын Әли қандай сын кездесiп қалса да найзағай боп, жай оғындай омыртқасын үзе салам деп тұрғандай сенiмге толы әдемi сәби күлкi ұялаған қыздардың дөңгелек айнасындай жинақы жүзi төбеңнен құлай сүйген Күн нұрындай айналаңды ажарландырып жiберетiн. Бала бақшасының маман тәрбиешiсi ме екен, әлде бастауыш сынып мұғалiмi ме, әйтеуiр, көз алдыңа үлкен мейiрiм иесi келiп тұрғандай болар едi.

Өмiрде қиянат болар-ау деп бiлмейтiн, өзiңнiң әсем күлкiң мен адал ойыңнан өзге терiс пиғыл болар-ау деп ойламайтын, бiреу алдап, бiреу аяқтан шалар-ау деп қапер қылмайтын кәдiмгi Дала мiнездi, кең қолтықты жезкиiк сияқты.

Осында бас қосып жатқан, бұрын аппаратта iстеп, мемлекеттiк қызметте болған шалажансар пенделер тәрiздi оқтау жұтқандай сықиып тұру, осы жұрт қалай түсiнер деп жан-жағына жалтаңдап iркiле сөйлеу, өзгелердiң назарын аудару үшiн өзiнiң сыртқы бiтiмiне мұқият мән бере қимылдау – Әлиге жат болатын. Ол барынша еркiн сөйлеп, еркiн жүрiп-тұрады. Ойына келген сөздi iрiкпей, қипақтамай тура айтады. Көңiлденсе – балаша шалқып маңайына шұғыла шашып күлетiн. Демек бұл жiгiттiң басқаларға қарағанда буырқанған тегеурiндi iшкi азаттығы сыртқы мың құбылған құйтырқы құбыжық қысымнан әлдеқайда басым екенiн көремiз.

Партия мектебi оны өзгелер көнген қалыпқа түсiре алмады. Аңқылдап келiп, жарқылдап жүрiп, саңқылдап сөйлеп, аң-таң қылған айналасын шуаққа бөлеп, бағы жанған Бақанасым қайдасың деп тартып отырды. Өзiнiң ежелгi кәсiбi журналистiк жайлауға кеттi. Бұрынғы бiлетiндерiн өзi iздеп келiп, осында жаңадан игерген ойларымен елiне әспеттеп беру үшiн аттанды.

Өзгенi бiлмеймiн, өзiм ерекше бiр қимасымды шығарып салғандай болдым. Жүрегiмнiң жылуы кемiп, егiздiң сыңарынан көз жазғандай күй кештiм. Әлдебiр өктем күш қайығымның желкенiн беймәлiм бағытқа бұрып бара жатқандай. Елге оралғанда жақын-жұрағатыма деген сағынышқа толы қуанышты кеудемде жанымды жәбiрлеген жалаудай бiр сезiм қатар желбiреп келе жатты. Әлидiң өзiм ұғып үлгiрмеген жұмбақ мiнезi, өзiм игермеген биiк бiр белес болып қала бердi.

Сағынғаннан Әлидiң өзi сыйға тартқан пышақтың қырындай тұңғыш өлеңдер жинағы “Менiң iнiмдi” қолға алдым. Сондағы шапақты жырдан Әлидiң жанын ұғып, шұғылалы бейнесiн көз алдыма елестетуге тырыстым. (Ол жайлы жазғандарым “Қазақ әдебиетi” газетiңде жарияланған.)

Бауыр төсеп Бескөлде,

Жатшы самал ескенде.

Қимайтынын бiлдiң ғой

Туған жердi еш пенде – дейдi “Тырналар” деген өлеңде көктем құсын сағынып қарсы алған Әлидiң iнiсi. Әнге сұранып тұрған әдемi өлең емес пе? Осындай ұшқыр ойлар мен шұғылалы сезiмдер бұл кiтапта ғана емес Әлидiң кейiнгi кебежесiнде де мол кездеседi.

Саяси бiлiмi нығайып, ой өрiсi тың тұжырымдармен толыққан дарынды қаламгер елге оралған соң баспасөз iсiне бiлек сыбана кiрiскенiн бiлемiн.

Балқаш, Шелеқ, Көксу аудандық газеттерiнде бас редакторлық қызмет атқарған жылдарында Әли өзiнiң ысылған публицист, кәсiби шеберлiгi барған сайын жетiле түскен iскер маман ретiнде танла бiлдi. Өңiрдiң өндiрiсi мен мәдени-әлеуметтiк мәселелерiн бiлiктiлiкпен саралай алатын қайраткерлiкке жеттi.

Осындай сындарлы жолдан шыңдалып шыққан қабiлеттi қаламгер кейiн “Социалистiк Қазақстан” (қазiргi “Егемен Қазақстан”) газетiнiң Маңғыстау облысындағы меншiктi тiлшiсi қызметiне тағайындалады.

Жаңа облыста екi жыл жемiстi еңбек еткен ақын тың оқушыларының алдында үлкен абыройға ие бола алды. Одан кейiн Талдықорған облыстық “Октябрь туы” газетiне бас редактордың орынбасары қызметiне жоғарылатылады. Бұл бiлiктi маманға артылған үлкен сенiм едi.

Кейiн Әли осында облыстық полиграфия өндiрiстiк бiрлестiгiне де жетi жылдай жетекшiлiк еттi. Қайда барса да өз iсiн жетiк бiлетiн адал қызметкер ретiнде көпшiлiк құрметiне бөлендi. Жаңа дәуiр орнағалы берi Әли Алматы облыстық “Алатау” газетiне бас редакторлыққа ауысып, күмiс қоңыраулы қаламын қолдан түсiрмей келе жатқаны қүш-қуатының қайтпағандығы болар.

Әли еңбекқор адам. Жұрт оны үнемi жұмыс үстiнде көредi. Өйткенi айтары көп, бiлетiнi ұлан-ғайыр. Соны замандастарына дер кезiнде жеткiзуге асығады. Жаңғырған заманның жаңа талаптарын жете түсiнген қаламы қарымды журналист өмiр тынысын тез танып, оған дәйектi тұжырымдармен лайықты үн қатып отыруды жөн көредi. Сондықтан да оның белсендiлiгi күн сайын арта түседi.

Бүгiн жұрт “Алатау” газетiнiң әр санын аңсай күтедi. Оның қай санын алып қараса да Әлидiң қолтаңбасын көредi. Көрген сайын қуанады. Өйткенi Әли әрқашан олардың төл мүддесiн сөз етедi. Оған оқырмандарының көзi қанық. Жақсы жаңалық жеткiзетiнiне де сенедi. Оны ризалықпен iздейдi. Қолына тисе сүйсiнiп оқиды. Әлидiң әр мақаласы, тiптi ол алақандай ғана болса да, оқушының санасын сiлкiндiретiн, атан түйеге жүк болардай ой жататындығымен құнды.

Әдетте айналаңда күн сайын буы бұрқырап қайнап жататын сан қырлы өмiр көрiнiстерiнiң көбiсiн бiз дер кезiнде аңдап, бабарлай бермеймiз ғой. Әлидiң назарынан ештеңе тыс қалмайды. Әлдененi елемей өте шығу онда жоқ. Әлидiң сергек сезiмi бейтарап көрiнген нәрсенiң өзiнен түйiндi сыр табады. Тапқан сырдан оның елгезек жүрегi орнықты ой түйедi. Сосын сол ойдың тiнiн тарқатып, өрнектi тiлмен зерделi оқушысына жеткiзедi. Әлидiң өзгемiзден ерекшелiгi осында. Бұл да оған Алланың берген сыйы.

Әли тек жазу үшiн ғана, өзiн еске салып тұру үшiн ғана немесе мамандық мүддесi үшiн ғана – кәсiби шеберлiгiн жетiлдiру үшiн ғана жазбайтынын оқушысы бiледi. Әли ыстық пен суықты аз көрмеген жанкештi ұлтының үзiлмеген үмiтi мен асқақ мұраттарын паш ету үшiн жазады. Соған әлеумет пен билiктiң назарын тiкелей аудару үшiн жазады. Қаламгер үшiн мұнан биiк мұрат болар ма?

Әли сәби мiнездi, үлкен жүректi азамат, жан-жақты сезiм иесi – ақын, өмiрдiң үйлеспей тұрған бармақтай мәселесiн көре қойып, бақандай түйiн жасай бiлетiн пайымы пiлдей философ деуге лайық жазушы десе еш артықтығы жоқ.

Үлкен көлдiң жағасындағы ардай таза, балдай тәттi балалық шағын мәңгiлiк етуге талпынған Әли көпке дейiн балаларға арналған өлең, әңгiмелер жазумен шұғылданды. Онысы сәтсiз де болған жоқ. Жоғарыда назарларыңызға ұсынылған бiр ауыз өлеңнен-ақ ақынның құлагерлiк шабысын тануға болады. Бұл ақынның ең алғашқы жинағынан алынған үзiндi. Ал осы тақырыпқа Әли он шақты кiтап шығарды. Әрбiр жаңа кiтабы балаларға базарлық болып келiп, қаншама сәби жүрегiн қуанышқа бөледi. Өйткенi, Әли бала болып ойнап, бала болып сөйлей бiлдi; бала болып ойлап, бала болып күн сайын арман шыңына өрлей бiлдi.

Әлидiң балаларға арнап жазған дүниелерi талай жас түлектi адами ұлы қасиеттерге баулыды. Соның iшiнде “Айдостың арғымағы”, “Солдат ағаға хат”, “Еңбекқор құмырсқа”, жоғарыда атап өткен “Менiң iнiм” және басқа кiтаптарын ұлағаты мол шығармалар шоғырына еркiн қосуға болар едi. Мұнан басқа “Бейтаныс қыз”, “Әубәкiровтер әулетi”, “Көмекшi шопан”, “Жәрменде Пышан”, “Ана алақаны” дейтiн кiтаптар да қалың оқушы қауымның ыстық ықыласына бөленген отты ойлар жиынтығынан тұратындығын атап өткен ләзiм.

Ұрпақ тәрбиесiне арналған мақалдар мен мәтелдер құрастыру, әртарапты жұмбақтар жасау Әлидiң шығармашылық өмiрiндегi шырайлы кезеңдер – өзектi арна. “Тiл мен сөз” дейтiн мақалдар мен мәтелдер жинағы, “777” жұмбақ деп аталатын балаларға арналған басылым соның жемiсi. Соңғысы әр жылдары төрт рет жарық көрiп, биыл он мың данамен қайта басылып шығып отыр.

Мiне, өмiрден өз орнын тауып, қоғам қозғалысына, адам табиғатын жаңғыртуға лайықты үлес қосу деген осындай-ақ болар. Әли өз тағдырына тәнтi болатыны да сондықтан. Оның осынау қомақты қызметiн елi де ескерусiз қалдырған жоқ. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қызметкерi, Алматы облысының құрметтi азаматы, “Еңбектегi ерлiгi үшiн” және басқа бiрнеше медальдардың иегерi.

Әлидiң шығармашылық белестерiн биiктетуге, әрине ең алдымен о баста қасиеттi “Құйған” топырағынан, сол жердi мекен еткен ел өнегесiнен бойына сiңген салиқалы сана, ҚазМУ мен партия мектебiнен алған сан-салалы теориялық бiлiм, баспасөз орындарында көп жылғы практикалық жұмыс үстiнде қалыптасқан кәсiби шеберлiк сүбелi себеп болғаны даусыз.

Десе де от басы, өзi көтерген шаңырақ деген қастерлi ұғым бар емес пе? Осы тұста Әлидiң сүйiп қосылған асыл жары, өмiрлiк досы, сенiмдi серiгi, керек болса, ошақтың тiрегi Елеусiздiң ролiн ескерусiз қалдыру азаматтық арға сия қояр ма екен. Әлидiң денсаулығына қамқоршы болып, жемiстi жұмыс жасауына барынша тиiмдi жағдай жасап келген, ұрпақ өсiрiп ұлын ұяға, қызын қияға ұшырып отырған, сөйтiп Әлиге немере сүйгiзiп отырған ардақты ана, асыл жарға бүгiн шын ықыласпен бәрiмiз бас исек, жарасатын сияқты.

Әлидiң “Айдостың арғымағы” атты жыр жинағындағы “Қонақ күту” деген өлеңiнде:

Отбасым бар танытатын елдiгiн,

Жайсаңдығын, дастарханның кеңдiгiн.

Дәстүр исi шапағатын шашады,

Нанбасаңыз қонақ болып кел бүгiн.

Есiк ашық, қонақ еркiн төрлейдi,

Кеудем-бесiк, ән мен жырын тербейдi.

Таба нанның ыстығындай сезiлер

Шаңырақтан шалқып жатқан төр пейiлi – деуi де жаны жайсаң жарының арқасы. Ерлi-зайыптылардың ата дәстүрiмен қара шаңырақты иеленiп, дастарқан ырзығын қонақтарына кеңпейiлдiлiкпен ұсынып, ашық қабақ танытулары көпке ортақ үлгi. Олардың үй төрiн ақжайлауға айналдыруының өзi бiр ғанибет. Ылайым, мәңгi солай болсын!

Садықбек ХАНГЕЛДИН