Жаңалықтар

КIСIЛIККЕ БЕРГIСIЗ КIШIЛIК...

ашық дереккөзі

КIСIЛIККЕ БЕРГIСIЗ КIШIЛIК...

(Ғазиз жүректi бiлiмпаз аудармашы Әбiлмәжiн Жұмабаев жайында сыр) 

Жақында бiр басылым бетiнен белгiлi қаламгер Әбiлмәжiн Жұмабаев хақында мақала оқыдым. Обалы кәне, мақала шын ықыласпен жазылыпты. Бiрақ, мақала авторы Әбекең жайында айтамын деп отырып “Жазушы” баспасының жетпiсiншi-сексенiншi жылдардағы тарихи есебiн көбiрек күйттеп кетiптi… Оның да өзiндiк себебi бар. Әбiлмәжiн Жұмабайев “Жазушы” баспасын бақандай он үш жыл басқарған кiсi. Аталмыш баспаны әр жылдары әркiм-әркiм басқарғаны белгiлi. “Тәуiр орынның тек тұрмасы” белгiлi.

Алайда, баспа Әбекең басшылық жасаған жылдары ерекше дәуiрледi. Мақала авторы – Қайрат Жұмағалидың кейiпкерiн кейiптеу жолында азаматтық қырына екпiн сала сөйлеуiнде осындай гәп бар. Әйтпесе, Әбекең жайлы әңгiме тiптi бөгде қиырдан өрбiп, басқа арнада өрiстеуi бек мүмкiн едi деп ойлаймын. Өйткенi, Әбiлмәжiн Жұмабаев атқарған мемлекеттiк қызметiмен кiсi атанған санда бар да санатта болмайтын көптiң бiрi емес. Әдебиетке табиғи дарынмен келiп, қазақ руханиятына айтулы олжа салған белдi қаламгер, белгiлi тұлғамыз. Әбекең жайында ойлансам әртүрлi ой қаумалайды. Мәселен, Ә.Жұмабаев неге аудармашылық жолды таңдады? Расында да Әбiлмәжiн бала шақта жазушы болсам деп армандап, ат жалын тартып мiнген шақта осындай ой жетегiнде жүрген азамат. Бiрақ, оны тура жолдан бұрып жiберген елуiншi жылдардың қытымыр саяси ызғары. Ол – саяси суыққа ұрынған ұрпақтың өкiлi… Университет қабырғасында оқып жүрген көкөрiм шағының өзiнде бақылауға түсiп қалғанын қайтерсiң?! Ол – шыққан тегiне байланысты ма, болмаса басқа бiр iһмәтi бар ма, ол арасын ажыратып жатпадым. Бiлерiм – көкөнiм шақта “көзге” iлiккенi, соңына салпаңқұлақ iлескенi. Талантты жас құйрығына шала байланғаны. Тиiстi орындардың қайта-қайта шақырғыштауынан зәре-зап болған студент ақыры ұстазы Бейсекеңе – Бейсембай Кенжебайұлына келiп жүгiнедi. Мұндай құқайдың талайын көрген қайсар Бейсекең жастай саясат құрығына iлiнгелi тұрған шәкiртiне өз ақыл-кеңесiн айтып, сақтыққа шақырып, аудармамен айналысуға кеңес бередi. Интернационализм кепiлi болып саналатын аударманы көзалдар амал, саяси жамылшы етуге болады. Өзi де партиядан шығарылып iнiсi Әбен Сатыбалдиев атына аударма алып, сонымен жан бағып отыр емес пе?! Бiраз уақыт өткенде Әбiлмәжiн ұстазы алдына революциялық рухта жазатын жазушы В.Билль-Белецерковскийдiң әңгiмесiн аударып алып келедi… Шәкiрт аудармасын оқып қарап “мынаны былай етсе қайтер едi?”– деп өзiмен ақылдаса отырып жөндеп бередi. “Ебепке – себеп!”. Әбiлмәжiн тағдырын тәржiма өнерiмен табыстырып жiберген алдымен елуiншi жылдардың саяси ызғары да, сосын тәлiмгер ұстаз Бейсембай Кенжебайұлының осы кеңесi! Аудармашылық жол осылай басталып кете барды. Аударма – өнер. Өнер болғанда да, “Переводчик от творца только именем рознится”-деп Василий Тредиаковскийдiң әспеттеуiне қарамай қара бейнетi белден келетiн, қадiрi аздау, атқарар мiндетi соншалық биiк авторлық құрметтелуi шарғы сала саналады. Әйтпесе, қиындығы өз алдына қызығы шаш-етектен, берер ғибраты мол, елмен елдi табыстыратын, өнермен өнердi қауыштыратын бекзат өнер. Осындай өнерге белдi буып келгенде Ә.Жұмабаев қандай нәтижеге жеттi? Әбекең қандай аудармашы? Ә.Жұмабай – аударманы өнер тұтқан қаламгер.Қазақ әдебиетiнiң ғажап аудармашысы. Елуiншi жылдардың еңсенi езген сұрқай жылдарынан берi Әбекеңнiң талғампаз танымы мен бiлiмдар қаламы арқылы қаншама елдiң нешеме шығармасы қазақ оқырмандарымен қауышты. Асылы, бiз аудармашылар еңбегiн жете бағаламай келемiз. Әйтпесе, Абдолла Құлыбеков, Бiләл Малдыбаев, Әбдiрахман Бегишев, Сағындық Ищанов, Қалмахан Әбдiқадыров, Әлихан Сүлейменов, Хасен Өзденбаев, Ғалым Ахмедов, Әнуар Ипмағамбетов, Өмiржан Оспанов, Б.Сопбеков, Рахымалы Байжарасов секiлдi талай сайыпқыран аудармашылар болған қазақ әдебиетiнде. Жұмағали Ысмағұлов, Нияз Сыздықов, Нұрғазы Шәкеев, Көрiк Дүйсеев секiлдi Әбекең замандастарының өзi ше?! Аударманы ар тұтқан азаматтар ана тiлiмiздi ұстартуға, қазақ оқырмандарын әлем әдебиетiнiң не бiр үздiк туындыларымен бауырластырып, қазақ әдебиетi қазынасын байытуға ерекше еңбек сiңiрген майталман өнер иелерi. Әттең iздеусiз, елеп ескерусiз қалып барады. Орыс әдебиетi тарихына қарап отырсаңыз Кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдарының өзiнде М.Горький әлем әдебиетiнiң iнжу-маржандарын жедел аудару мәселесiн күн тәртiбiне көтередi. Онсыз жаңа тұрпатты әдебиетiмiз көкжиекке көтерiлiп көксеген биiктi ала алмайды – деп әрiптестерiн аударма iсiне жегедi. “Әлем әдебиетi” сериясы дүниеге солай келген. Бүгiнде ғой, М.Горький жарықтықпен жүре сөйлесетiнiмiз. Әйтпесе орыс әдебиетiне жасаған қамқорлығы көп қой ол кiсiнiң. Нәтижесi – ХХ ғасырдағы орыс әдебиетi шырқап шыққан биiк. Орыс әдебиетi арқылы ұлттар әдебиетi де әлемнiң талай жауһарын өз тiлiнде оқыған шарапатын да ұмытуға болмас, сiрә?! Әдебиетiмiздiң көсегесi көгерсiн десек осы бiр тарихи тәжiрибенi үрдiс тұтуымыз абзал. Өз тiлiмiзге деген құрмет – өзге тiлдi , өзге тiлде жасалған мәдениет үлгiсiн ысырып тастау болса – ұлттық тұйықталушылыққа апарар соқпақ сол болмақ. Бұл – қауiптi. Түрлi ұлт мәдениетiн бiр-бiрiмен тiл қатыстырып, түрлi ұлтты бiр-бiрiмен бауырластыратын бекзат өнер – аударма! Мұндай жағдайда бiздiң арқа сүйерiмiз – кәнiгi аудармашы Корней Чуковский айтқандай, мәдениет елшiсi – аудармашыларымыз, қарым-қатынас құралымыз – аударма болуға тиiстi. Әңгiме Әбекең туралы едi ғой. Әбiлмәжiн Жұмабаев – аударманы өнер тұтқан, өзге тiлдi құрметтеу арқылы өз тiлiн құрметтеудiң, өзге ұлт әдебиетiн ардақ тұту арқылы өз ұлтының әдебиетiн ажарландыра түсудi ойлаған өте шебер аудармашы. Әбекең қолынан шыққан аударманың қай-қайсысы да ана тiлiнде туған өз туындымыздай кiсiнi баурай жөнелетiнi содан. Уақытында тарлан тәржiман қолынан шыққан М.Горькийден В.Распутинге дейiнгi аралықтағы талай шет ел жазушылары туындыларын сүйсiнiп оқыдық. Әдебиет деген бiр сиқырға құмартуымызға ол аудармалардың септiгi аз тиген жоқ. Орыс тiлiнен төгiлтiп тәржiмаланған ол дүниелердi өзге ұлт әдебиетi екендiгiн де байқай қоймаппыз кезiнде. Бәлкiм, ол да болса тәржiмашының өзге тiлде туған туындыны өзекке тепкендей одағайландырмай, бауырына тарта мейлiнше қазақыландыра аударуының арқасы. Әбекең аударуымен мың-сан қазақ оқырмандарына жол тартқан том-том кiтаптарды айтып жатпай-ақ екi сәтке аялдағым келедi. Бiрi – “Қазақтар хақында” аталатын аударма туындылар жинағы. Кiтапқа А.С.Пушкин заманынан берi тарта қазақ өмiрiнен жазылған орыс жазушылары шығармалары бас бiрiктiрiптi. Аудармашының мақсаткерлiгiне тәнтi боласың. Қазақ халқы жайында жазылды екен деп күлдiбалам шығармасымақты аударып жатқан ол жоқ. Тарихи таным мен көркем талғам бiрлiгiнен туындатып Әбекең әдемi аударма кiтабын шығарыпты. Бұл – балаң шақта соңына шала байлап алып, қалай құтыларын бiлмей Бейсекеңдей ұстазы алдына алып баратын ұлттық болмыстың айнымауының, қайта жылдар өте келе жоталанып шыға келуiнiң айғағы. Бiз кейде отаншылдық сезiмдi тым ұшқары ұғып жатамыз. Отаншыл адам бейне “Мен Отанымды сүйемiн” – деп айқайлауы керек сияқты. Тiптi де олай емес. Отаншылдықтың тәуiр үлгiсi – қолымыздағы Әбекең құрастырып, аударған – “Қазақтар хақында” кiтабы. Уақыт тауып оқыған оқырман бiздiң аспаннан түспегенiмiздi, балаң шақтан өтiп келе жатқанымызды, сол сияқты қазақтарды шетелдiктердiң тану жолының да бiркелкi болмағанын аңғарады. Мұндай кiтап құрастыру – Әбекеңнiң жазушылығының ғана жемiсi емес, елiмiздiң арғы-бергi тарихын тамаша бiлетiн бiлiмпаздығының да жемiсi. Тағы бiр байқалатын ерекшелiк – Әбекеңнiң аударма туындыларды таңдағанда аудармашылық өнер тұрғысынан қарап iрiктеп сұрыптағаны. Ұлы Отан соғысы аталған жиһандық соғыста қазақтар соғыса алмайды деген пiкiр болған әдепкiде. Сол пiкiрдi жаңсақтыққа шығарған А.Бек, А.Кривицкий, Б.Полевой, И.Эренбург секiлдi орыс жазушылары. Олар қазақ жауынгерлерi ерлiгiн жырға бергiсiз сырға айналдырып тамаша очерк, әңгiме, роман жазды. Б.Полевойдың “Аңыздың тууы” – осы мақсаттағы шығарма. Кейiпкерi – Мәлiк Ғабдуллин. Шығарманы екi мезетте екi кiсi аударған. Бiрi – Ғ.Мүсiрепов, келесiсi – Б.Кенжебайұлы. Әбекең “Қазақтар хақында” аталатын аударма жинағына екi аударманың Б.Кенжейбайұлы аударған нұсқасын таңдапты. Әрине, Ғ.Мүсiрепов – классик жазушымыз. Қолына нендей тақырыпты алса да тамаша бұйым жасап шығаратын асқан iсмер. Осындай тамаша жазушы қаламынан туындаған аударманы Әбекең көрмедi, бiлмедi десек, жалған болады. Көре, бiле тұра Б.Кенжебайұлы нұсқасына тоқтапты. Аударманы өнер тұтқан, оның қыр-сырына жетiк Әбекең еркiн аударманы емес, көркем аударманы таңдағаны. Ол заңдылық. Мiне, талғам! Ә.Жұмабай – танымы мен талғамы сай үйлескен кәнiгi тәржiман. Тағы бiр тәнтi қалып оқыған аударма – Әбекеңнiң К.Паустовскийден аударған “Түнделеткен күйме” кiтабы. К.Паустовский орыс әдебиетiнiң Иван Буниннен кейiнгi керемет стилист жазушысы. Әрине, Әбекеңнiң “Золотая розаны” “Алтын гүл” атап аударуымен келiсу қиын. Одан гөрi Д.Әшiмхановтың “Раушан гүлi” жақындау маған. Жә, мәселе онда да емес. Паустовский шығармаларын аудару қиын дедiк емес пе? Бұл да жәй сөз. Дұрысы – қиынның қиыны. Сiздерге бiр қызық айтайын: Әбекең нысаналаған туындыларды төлтума авторымен жарыса отырып қазақша сөйлеткен. Дәл осылай аудару үшiн орыс сөзiн көру, тану өз алдына – қолға ұстап байқау, ауызға салып дәмiн алғандай дәрежеде игеру керек шығар, асылы. “Жазушының сөзбен ойнағаны – қатерлi”-дептi Н.В.Гоголь. Солайы солай! Орыс сөзiн соншалықты игерген К.Г.Паустовский үшiн сөзбен ойнау – тiптi де қауiптi емес-тi. Қазақ өмiрiнен бiрсыпыра шығарма жазған, Ұлы Отан соғысы жылдары ығысып келiп Алматыда – М.О.Әуезов үйiнiң бiр бөлмесiнде тұрған, сол бiр қиын-қыстау жылдардың эпистолярлық айғағы Мәскеуде – Орталық мемлекеттiк Әдебиет және өнер архивiнде сақталатын К.Г. Паустовский шығармаларын соншалық жүреккке жылы, жанға жайлы етiп аударған Әбекең қандай құрметке де лайық. Ә.Жұмабаев – аударма өнерiндегi iрi тұлға. Ана жылы Ә.Жұмабаевтiң аудармашылық өнерi бойынша бiр азамат кандидаттық диссертация қорғады. Көп жәйттi аңғартатын бiр дерек осындай. Бұл – әрi аудармашы қаламгер еңбегiнiң жануы, әрi оның аудармашылық өнерiн өнеге тұту, ұрпаққа насихаттау! Ә.Жұмабаев – қай жанрда жазса да көркем жазатын тiлi кестелi, ой-дүниесi тамаша публицист. Оның “Жол айырығында” секiлдi тарихи тақырыпта туған формасын тауып дөңгелентiп, тiлiн төгiлтiп жазған очерктерiнiң өзi көркем дүниеге бергiсiз. Бiлiм – қайда да бiлiм. Құдай берген дарыныңды демеушi, жебеушi сол бiлiм. Оның қарапайым жазбаларының өзiнен кiсi мол бiлiм алады, сөз қолданысына сүйсiнедi, тiл мәйегiне айызың қанады.Бiлiм болғанда да бiр бағытты, мамандық аясында қалыптасқан бiлiм емес, әр алуан тақырыпта оқи жүрiп, көңiлге тоқи келiп, бойға табиғи қордаланған мол бiлiм. Ә.Жұмабай жазбаларынан мәдениеттiлiк иiсi аңқып тұрады. Әбекең “Кездесулер күнделiгiнен” аталатын өмiрлiк есебi секiлдi өмiрбаяндық дерек, штрихтар араласып отыратын кiтап жазды. Табиғаты – мемуар. Талай мемуарлық шығарманы оқып жүрмiз. Кiм жайында жазса да өзiн ұмытпайды, тiптi алдымен өзiн айтады. Тiптi М.Әуезовтi де меншiктеп алдық. Ал, Әбекең жазбаларының бiр ерекшелiгi – өзiн емес, өзгенi жазады. Көргенiнен көз жазбай, танығанынан танбай жазады.Ең бастысы – өмiрде болған оқиғаны талғай жазады. Бiрақ, өзi баяндап отырған оқиғаның алдымен уақытқа қатысы, сонан соң қазақ елi руханиятына қатысы қатты ескерiледi. Қазақтай ұлтты төмендетiп алмауды, сол ұлттың арына айналған ақын, жазушы, ғалым – қайраткерлердi арзандатып алмауды ойлайды. Айтқан әңгiмесi қалың астар аңдатып, мол бiлiмге бастап бара жатады. Көркем тiлмен көмкере жазылған мемуарлық дүниелер кiсiнi баурайды. Әдетте естелiкке ден қоя қалсақ, көңiлде қалған бейнесiне қарай, әйтпесе әдебиеттегi беделiне орай билей жөнелетiнiмiз, жалпы сөйлей беретiн әдетiмiз бар. Жалпы сөз артық айтуға апармай тұрмайды. Артық айту, кем түсу – әруаққа шетiн болумен бара-бар! Өйткенi, естелiк – өткендi көз алдыңа қайта елестету, өлгендi тiрiлту. Жарық жалғанда өзi жоқ адамның көзiне айналып сөйлеу-адал болуды, әдiл сөйлеудi қалайды. Әбекең мемуарлық жазбаларында бiреудiң бәсiн асырайын деп асыра айту, бiреудiң құтын қашырайын деп тұқырта сөйлеу жоқ. Барын – барша айту, ойға алғанын орамды жеткiзу – мемуарист ретiнде оның қаламгерлiк мұраты. Тiптi дұшпаны турасында жазса да турасын жазады. Бұрмайды, бұра тартпайды. Кiм жайында толғанса да бұлтартпайтын дерекпен жазады. “Кездесулер күнделiгiнен” кiтабын оқып отырып Әбекеңнiң күнделiк жүргiзетiн ұқыптылығына, сапырылысқан жауапты қызметтер атқара жүрiп күнделiк жазуға уақыт тапқанына дән риза боласың. Өзара салыстырып оқырман көзiн жеткiзуге жер тар. Әйтпесе Әбекеңдей азамат қаламгердiң аудармасы туралы да, мемуарлық жазбалары жайында да көп айтуға болар едi. Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi – “Кездесулер күнделiгiнен” – халқымыздың бiрталай тұлғалы азаматының шыншыл бейнесiн жасауымен құнды! Қазақтың белдi қаламгерi Ә.Жұмабай шығармашылығының шырайын кiргiзiп тұрған қасиет – шыншылдығы! Мейлi аударма, мейлi төлтума – қай-қайсысынан да қаламгер адалдығы көрiнiп тұрады. Қолында тұрған қаржыдан қарпып қалайын деп аудармада еркiн кетiп жатса – Әбекең қолын ешкiм қақпас едi. Оған бармады. Төлтума авторына қиянат жасамады. Әбекең аудармалары – төлтумаға соншалық жақын, жақын бола тұрып мейлiнше қазақы. Мiне, шеберлiк! Ал, мемуарында әрбiр кейiпкерiне адал қарайды. Сынаса – өзiн сынайды. “Өзiн сынайды” дегеннен шығады, қазақ мемуаршылары көбiне бөспебайлыққа салынады. Өзi мақтануға бар. Марқұм болған әрiптесiн алға салып жiберiп, соның атымен мақтанатын жаман әдетi тағы бар. Тәкен Әлiмқұлов өзi ұстаз тұтқан Қасым Аманжолов жайында естелiк жазып отырып өзiн сынайды. Есесiне – естелiк шыншыл шыққан. Бiреулер мұны кiшiлiк деп қарауы мүмкiн. Жо-жоқ, бұл – кiсiлiк! Әбiлмәжiн аға естелiктерi осындай кiсiлiктен тұрады. Әңгiме кiсiлiкке ойысқанда Әбекеңнiң адами табиғатына аялдамай тұра алмаспыз. Әбекең табиғаты Абай айтқан “Асыл адам айнымастың…” өзi. Әбекең қашан зейнеткерлiкке шыққанға дейiн абыройлы қызмет биiгiнде жүрдi. Кiсiлiгi шамалы адамның басы айналатын биiкте, арына шаң тиген адам аузы оңай былғанатын мол қаражат билiгiнде болды. Көзкөрген Әбекеңнiң өзгергенiн көргенiмiз жоқ. Алаш азаматтарын алаламай, бөле жармай бәрiне ортақ Әбекең атанып өтiп келе жатыр ағамыз өмiр белеңдерiнен. Үлкенге де – бiр, кiшiге де – бiр.Сөз дәйектi болуы үшiн екi сәтке аялдағым келедi. Қазақтың мақал-мәтелiн қос томдық етiп дайындап ертең “Жазушы” баспасына тапсырамын деген күннiң кешiнде қаны тасыған Өтебай Тұрманжанов түн жарымында жан тәсiлiм еттi. Баспамен түзiлген келiсiм шарт бар ма, жоқ па, бiлмедiм. Болған күнде автордың көзi кеткен соң оған тиесiлi қаражат аяқ астынан шөмиiп шыға келуге тиiстi. Жиырма жыл Сiбiрде айдауда, тас түрмеде болып жiгерi жасып, мұқалып оралған Өтебай Тұрманжановтың от басы марқұмның жетiсiне дейiн тиiстi қаламақысын жүз пайыз алды. Ешкiм айтпай-ақ, сыртынан қамқор болып жүрген Әбекең! Бәле iздеген кiсiге қылмысқа бара-бар iске басын бәйгеге тiгiп барғызған Әбекеңнiң – кiсiлiгi! Бiр деңiз. Екiншi бiр жайт – ақиық ақынымыз – Мұқағали Мақатаевқа қатысты. “Жоспардан ана Мұқаш қалып қоймасын” – деп құдайдың зарын қылып, ақын iнiсiнiң сыртынан қамқор болып отырғанын талай көргенбiз. Жоспарға сыртынан енгiзген кiтабының қолжазбасын уақтылы тапсыруға Мұқаң уақыт таба бермейтiн керiсiнше. Әбекеңдей ғазиз жүректi адамның осы қамқорлығын жан-тәнiмен сезiнгендiктен де М.Мақатаев Әбекеңе бiр өлеңiн арнаған. Неге екенiн бiлмеймiн, соңғы жылдары өлең төбесiндегi арнау сөз түсiп қалған сыңайлы…Ол не үшiн? М.Мақатаевты замандастарынан зәбiр-жапаны көп көрген кiсi етiп көрсету үшiн бе? “Кездесулер күнделiгiнен” кiтабын оқығанда Әбекеңнiң Мұқаңа деген сағынышы сипатталыпты да, сырттай жасаған қамқорлығы айтылмапты. Аса дарынды ақынға сыртынан ағалық қамқорлық жасау – кiсiлiктiң бiр белгiсi болса, оны уақыт өте келе арқаланып айтудың орнына “қызмет бабындағы жағдай, жұрт бiледi ғой”-деп жауып қоя салу – кiсiлiкке бергiсiз кiшiлiк! Әзiз адамның осындай сырттай қамқорлығын көрген бiр Мұқағали ақын ғана емес, ұстазы – Бейсекең (Кенжебайұлы), қанаттас досы – Қалтай Мұхамеджановтан тартып мына бiздерге дейiн әр буын ұрпақ өкiлдерi басымыздан кешiрдiк. Оны бүгiн айтпағанда қашан айтамыз? Кiсiлiкке бергiсiз кiшiлiк сыры мiне осындай! Өз басым қазақтың тұлғалы таланты – Әбiлмәжiн Жұмабайдың кiшiлiгiн кiсiлiктiң көкесi деп бiлемiн!   Құлбек ЕРГОБЕК