Жаңалықтар

ҚАЗАҚ АЛТЫНЫНА ҚАРЖЫ ТАПШЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ АЛТЫНЫНА ҚАРЖЫ ТАПШЫ

Бүгiнде iшкi нарықты шетелдiк алтын жаулап алған. Әсiресе, орыс пен қырғыздың үлес салмағы басым. Қалтасы қалыңдарды итальяндық алтындар да қуантуда. Ал орталықазиялық аймақта арзан алтын өнiмдерiн өндiруге талпынған қазақстандық компания жұтылып кетудiң алдында тұр. Қаржылық қиындықтың кесiрiнен.

Халықаралық рейтингтiк агенттiк – Fitch Ratings KazakhGold Group Limited компаниясының Rating Watch тiзiмiндегi ұзақмерзiмдiк эмитенттiң дефолттық рейтингiн, “ССС” пен “ССС”/”RR4” қамтамасыз етiлмеген басымдық көрсеткiшiн “Жағымсыз” деңгейiнде қалдырды. KazakhGold Group Limited – Қазақстандағы ең маңызды ең маңызды Ақсу, Бестөбе мен Жолымбет шахталарында алтын өндiрушi компания. 2005 жылы аталған үш шахтаға қоса 8 жаңа нысанды сатып алған.

Орталық Азия аймағында құны арзан тұратын алтын өнiмдерiн қамтамасыз етудi мақсат ететiн компанияның басына қаржылық қиындық төндi. Жалпы көлемi 200 млн. долларға тең қамтамасыз етiлмеген облигацияларына тиесiлi купондық төлемi 9 375 млн. долларға шығандаған KazakhGold 2009 жылдың 6 мамыры күнi тақырға отырды. Компанияның рейтингтiк агентiкке берген түсiндiрмесiнде қаражаттың мерзiмiнде өтелмеуi техникалық ақаулардың кесiрiнен болғанын, облигацияларға қатысты құжаттамаларды дайындауға 30 күн қажет етiлетiндiктен, купон бойынша төлемдер 30 күннiң iшiнде қайтарылатынын айтқан. Компанияның әр қадамын жiтi бақылап отырған Fitch Ratings егер 2009 жылдың 15 мамыры күнi төлем өтелмесе, рейтингтiк көрсеткiштiң тағы да төмендетiлетiнiн көлденең тартады.

Ресми деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылдың 30 сәуiрi күнi KazakhGold компания еншiсiндегi өнiм өндiру қарқыны мен айналымдағы қаражаттың деңгейi өте тез төмендеп бара жатқанын және компания жұмысына кедергi келмес үшiн қосымша қаржы көздерiн табу жолдары қарастырылып жатқаны туралы мәлiмдеме жасаған. Экономикалық дағдарысқа қарай ойысқан қаржылық дағдарыстың арқасында тиiмдi келiсiмдерге қол жеткiзiп жүргендердiң бiрi – Полюс Золото компаниясы KazakhGold компаниясын иемденуге қатысты ұсынысты былтырдан берi айтып келедi. Бiрақ 2008 жылдың соңына қарай ұсынысын қайтып алған ол мамырдың аяғына қарай бағын тағы сынауды көздеп отырған көрiнедi.

Fitch Ratings KazakhGold басшылығымен кезедсiп, мәселенi жан-жақты талқылағаннан кейiн ғана компанияға тиесiлi “Жағымсыз” көрсеткiшiн басқа рейтингке ауыстырмақ. Әзiрге халықаралық рейтингтiк агенттiгi KazakhGold қызметiндегi жариялылықтың жоғары деңгейде қамтамасыз етiлмегенiне алаңдаулы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ