Жаңалықтар

«КӨРДIҢ БЕ ДЕСЕ ӘКЕҢДI...»

ашық дереккөзі

«КӨРДIҢ БЕ ДЕСЕ ӘКЕҢДI...»

(Ақын Сағи Жиенбаев өмiрiнен бiр үзiк сыр) 

Ақтөбе өңiрiнiң Байғанин ауданындағы Байсары құмында дүние есiгiн ашып, Алматыдай гүл қалада саналы ғұмыр кешкен, алпысқа толар таң бозында туған күнi (15 мамыр) өлген күнiне айналып, биылғы 75 деген мерейтойлы жасына Төлегенсiз келген ақбоз аттай боп жеткен алты алаштың аяулы ақыны Сағи Жиенбаевтың есiмi әдебиет төрiнен ойып орын алғаны даусыз. Сағи жырларындағы сыршылдық, нәзiктiк, адами болмыс, табиғат суреттерi, сан түрлi әдеби бояулар оқушысын өзiне тәнтi етумен келедi.

Қазақта “Үйдiң жақсы болмағы ағашынан, жiгiттiң жақсы болмағы нағашыдан” деген мәтел бар. Облысқа танымал “Батыр Ана”, “Баспасөз iсiнiң үздiгi”, Сағидың нағашы апасы Батан Отарбаеваның да ақын жөнiнде айтары мол. – Сағидың жастық шағының қандай ауыр болғаны өлеңдерiнен-ақ айқын сезiлiп тұрады, – деп бастады әңгiмесiн Батан апай. – Сағидың нағашысы болып келетiн Құлнияз деген атамыз суырып салма ақын болған деседi. Жалпы, Сағи марқұмның кескiн-келбетi сол нағашыларына тартқан… Оның: “Құсалықпен өтпесiн деп от күнiм, Анам менен жасырды әкем жоқтығын” деуiнде көп сыр бар. Әкесi Жиенбай Өмiрбаев 1901 жылы туған. 1937 жылы 8 -тамызда қазiргi Байғанин, ол кездегi Табын ауданындағы 11-ауылынан Ақтөбе түрмесiне ұстап әкетiп, “үштiктiң” ұйғарымымен екi аптадан кейiн атыпты. Сүйегi Түйетөбеде жатыр. Тиiстi орындарға жүгiнiп, жүгiрiп жүрiп, ақталғандығы жөнiнде жазылған қағазын алдым да, 1997 жылы әкеме, ағама және Жиенбай жездеме арнап ас бердiм. Сол бiр күндерде қатты толқып, толғаныс соңы менiң кәрi кеудемнен мынадай бiр жыр жолдары болып құйылып едi: Үңiлсем өткен жолыңа, Шылаймын жаспен көзiмдi. Кiтабыңды алам қолыма, Сағынған шақта өзiңдi. Жүгiрдiм, жанды еңбегiм, Құжаттар алдым толғана. Ақталды әкең, көрмедiң, Өкiнiш жалғыз сол ғана!.. Сөйтiп, болашақ ақын үш жасында әкеден айырылып, тұрмыстың бүкiл тауқыметiн анасы Жiбек арқалап қала бередi. Отбасында олар апасы Жұмажан, ағасы Атажан (Аташ), қарындасы Ажар төртеуi едi. Алды сегiз, арты бiр жаста болатын. Бiр өлеңiнде Сағи: Үйреттi маған бұл өмiр Айтпа деп әкең атын да, Бiр үйге барсаң – күле кiр, Не десе – бәрiн мақұлда. Атамау керек атын ендi, Атайтын орны бiр бөлек. Көрдiң бе десе әкеңдi, Көрмедiм мүлде деу керек, – десе, тағы бiрде: Қармағы жетiмдiктiң жас қармапты, Жүрекке шоқ түскендей жас парлатты. Бiреулер маңдайымнан сипағанмен, Кеудемнен арылтпады басқан датты, – деп жырлайды. Жастай жанына түскен нала-мұң өлең болып өрiлдi деп ойлаймын. Әкесiн iздеп, өксiп өттi-ау өмiрi. Оның осы себептерге байланысты ақын болмасқа амалы да жоқ едi. Бiздiң сорымызға, ендi есейiп, етек жапқан шағымызда сұм соғыс басталды. Әкелерiмiздiң көзiн көргендер де майданға бiрiнен соң бiрi аттанып жатты. Мiне, сол күннен бастап он бiр жастағы мен, жетi жастағы Сағи ауыр жұмыстың тертесiне жегiлдiк. Бұл кезеңдi де ақын С.Жиенбаев қаламынан тыс қалдырмайды: Ел басына туды күн, Ер азамат ұрыста. Бiр қора жан тұрды бiр Бiздiң құйттай қуыста. Ышқынады долдана Қарлы құйын кимелеп. Отырамыз он бала Отбасында үймелеп, – деп бiр қайырады. Сағи ақын жетi жасынан колхоздың арбасын айдады. Балдәурен балалық шағының базарлы болмағаны, аштық, жетiмдiк, жоқтықпен өткенi рас. Аңсап, көптен күткен жеңiс келгенде бiз Қаракөл деген жерде шоңқай терiп жүргенбiз. Жиып қойған шоңқайымызды Атанғара деген кiсiнiң қорасына тастап, сабақтан қайтарда алып қайтатынбыз. Шоңқай деген көсiктiң бiр түрi. Оны ыстық құмға қуырсаң, борпылдап пiсiп шығады. Содан соң келiге талқандап, қорек етемiз. Сағи қолына қаламды ерте алды. Жалпы, жоғарыда айтқанымдай, бала кезiмiзде қазiргiдей мол ойыншық та, ойын қуып жүретiн уақыт та жоқ, ойынымыз оңашада бiр-бiрiмiздi қағытып өлең шығару болатын. Ал Сағи бiзден бөлектенiп, қағазды шималайтынын шығарды. Айналасындағы адамдарға, туған жердiң әр құбылысына елеңдеп, көңiл көзiмен үңiлiп жүредi екен-ау! Мектептi жақсы бiтiрдi. Соғыстан соң қиын жылдарда ол өз еңбегiмен Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түстi. Бiрде ауылға демалысқа келгенде анасы Жiбек отбасындағы әлдебiр жағдайларға байланысты баласының оқуын бiр жылға қоя тұрғанын жақсы көрдi. Сағи да анасының сөзiн жықпай, Байғаниннiң Жарқамыстағы орта мектебiнде сабақ берiп жүрдi. Бiр күнi оқу орнынан хабар келiп, Қызылордаға жүретiн болды. Апам жұмыс iстеп жүрген жерiнен, екi қап тарыны балам азық етсiн деп келе жатқанда, бiреуiне шеге кiрiп, төгiлiп қалыпты. Сағиға көрсетпей, “балам аш қалатын болды-ау” деп, апамның тарыға жылағанын көрiп, зорға жұбаттық. Жоқшылық уақыт iште шемен болып қатып жатқан қайғысын қозғап кеттi ме, кiм бiлсiн! Сөйтiп, қалған бiр қап тарысын қайнатып, түйiсiп, Сағидың өз айлығына киiм-кешек алып берiп, оқуына аттандырғанымыз күнi бүгiнгiдей көз алдымда. Жетiм бала, жесiр қатынның жайын ол кезде кiм ойлаған. Апам жер асып Қарақалпақстанға кеткен Аташ деген ұлының қолында болды. Сол жақта 1985 жылы дүниеден озды. Сағи нағашы әжесiне, яғни менiң шешеме қатты бауыр басты. Соғыс жылдары жас ғұмыр гүлдей солып, төрт баламен тiрлiк тауқыметiн шеккен сауыншы анасы Жiбекке де Сағи көптеген өлеңдер арнады. “Сүт туралы балладасында”: Көштi талай көк аспанның бұлттары, Кептi жұрттың көзiндегi шықтары. Төрт жыл бойы асыраған, бiрақ та, Таңдайымнан кетер емес сүт дәмi, — десе, анасы Жiбек туралы: Менiң анам – сүйегi асыл мықты адам, Талай рет жай түссе де жықпаған. Бар кезде де сыртқа сыры шықпаған, Тар кезде де қабағын бiр шытпаған, – деп көсiле жырға қосады. Сағи Жиенбаев үлкен ақын атанып әдеби ортада жүрсе де, қарапайым мiнезiнен ауған жоқ. Тәкаппарлық, айналасына менсiнбей қарау, қызғаныш Сағиға жат мiнез едi. Қаншама қолпаштаулар мен қошеметке басы айналмаған бiр жанды көрсем, ол осы Сағи едi. Табиғи мiнезiнен әсте ауытқымайтын. Алдымды кесiп өтпедi, сөзiмдi жерге тастамады. Менiң отағасым Шымбай да оны құдайындай сыйлап, көкке көтерiп, құрметтейтiн. Сағи Жиенбаев сонау 1980 жылдардың ортасында 50 жылдығын атап өтуге жан жары Өзипамен, белгiлi ақын С.Мәуленов зайыбыменен, атақты әншi Е.Хасанғалиев әйелiмен, баласы Бiржанмен Байғанинге, өзiнiң кiндiк қаны тамған Бұлақтыкөлге келдi. Қасындағы қонақтарға туған жерiн түгел аралатып, ел тарихынан жан-жақты хабардар еттi. Бiз Шымбай екеумiз Кенжалы өзенiнiң бойынан күтiп алып, қонақасы бердiк. Сырбай ақынның гүрiлдеген даусымен нақышына келтiре оқыған өлеңiне, әкелi-балалы әншiлер Ескендiр мен Бiржанның әнiне ауыл жұртшылығы түгел елтiп, бiр жасап қалды. Сонда Сағидың бiр қалыппен ғана жымиып қойып жүргенi есте қалыпты. Өмiрден озарынан төрт-бес күн бұрын “Қазақ әдебиетi” газетiнде Сағидың 60 жылдық мерейтойына арналған сөзiн Ғафу Қайырбеков ағамыз: “… Айта кететiн бiр өкiнiш – өзiне тиесiлi атақ-дәрежесiн ала алмай, осыншама үлкен қазақ ақынының, мүлде даусыз дарынның әлi күнге көлеңкеде қалып, бағаланбай келуi, оған оның өзi де, жаратылыс мiнезi де себеп-ау деп қаласың. Бiрақ Сағиға деген ел махаббаты, ризашылығы, жас ұрпақтың өлең сүйгiш өрендерiнiң құрметi зор болып қала бередi. Сағижан, өмiрден артық сыйлық болмайды, жасай бер, алтыныңды қаза бер!” – деп аяқтаса, қазақтың “Сәкен серiсi” атанған С.Жүнiсов, ақынның өзi жоқ болса да, 60 жасын тойлауға елге келгенiнде мынадай өлең жазған екен: Өзiнiң туған күнi Сағи өлдi, Ешкiмнен сұраған жоқ – неғып өлдi? Бiлемiн, Байғанинде туған жұлдыз Астана аспанында ағып өлдi. Берерiн берiп жүрiп Сағи өлдi, Аларын алып болмай, неғып өлдi? Тиесiлi атақтарын алмаса да, Халқының сый-құрметiн тағып өлдi. Иә, дәл солай! Сағи “халқының сый құрметiн тағып өлгенi” рас. Бүгiнде Ақтөбе қаласында, туып-өскен ауданында оның атында көшелер, мектептер мен кiтапханалар бар. Ендi, 75-ке толып отырған мерейтойына орай, Алматының да бiр көшесi ақын есiмiн иеленсе, бұл да Сағидай саңлақ лириктiң үлкен дарынын бағалаудың бiр жарқын көрiнiсi болар едi, – дейдi Батыр Ана Батан апамыз.   Ардақ ҚОНАҚБАЕВА