“МЕКТЕПТЕРДЕ ЕСIРТКI САТАДЫ”
“МЕКТЕПТЕРДЕ ЕСIРТКI САТАДЫ”
Елiмiздегi есiрткi бизнесiне қатысы бар iрiлi-ұсақты шенеунiктердi Үкiмет басшысы құрықтауға құлшынып отыр. Ол үшiн Президенттiң рұхсаты керек. Ал “мектептерде есiрткi сатады, оны бәрiмiз бiлемiз” (К.Мәсiмов).
Ағылшындар Лаос түрмесiнде отырған Саманта Орабаторды өлiм жазасынан құтқарып қалуға жанталасуда. Лаостық құқық қорғаушылар 20 жастағы аяғы ауыр британдық келiншектi “0,68 келi есiрткiнi елге заңсыз тасымалдады” деп айыптаған. Лаос заңы бойынша, елге осынша көлемде есiрткi әкелгендер өлiм жазасына кесiлуi тиiс. Заңды деректерге сүйенсек, 2003 жылдан берi Лаоста 40-қа жуық адам “заңсыз есiрткi тасымалына” қатысты өлiм жазасына кесiлген екен.
Әлемдi алаңдатқан есiрткi бизнесi қазақ билiгiнiң де “бас ауруына” айналған. Ресми көрсеткiштер қазiргi кезде Қазақстанда 55 мыңға жуық нашақор тiркелгенiн айтады. Бiрақ билiкке көбiнесе ұнай бермейтiн бейресми деректердiң керiсiнше сөйлерi белгiлi. Сорақысы сол, 55 мыңның 5 мыңы – қыз-келiншектер, 4 мыңға жуығы – кәмелеттiк жасқа толмағандар. Iшкi iстер министрлiгiндегiлер былтыр 1,5 мың отандастың есiрткiнi бұрыс пайдалану салдарынан ажал құшқанын айтады. “Жығылғанға – жұдырық”, жыл сайын қатары қарайып, молайып келе жатқан нашақорлар қоғамға қауiп төндiредi.
Сарапшылар қауымы қаржылық қиындықтар, экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық секiлдi қаражат тапшылығы кесiрiнен туындайтын есiрткiге тәуелдiлiк дертi адамдарды шеңберiнен шығуға итермелейтiнiн айтып, алаңдайды. Ең қиыны, екi қолға бiр жұмыс таба алмай сенделгендердiң кейбiрi есiрткi тасымалын оңай олжа табудың көзi ретiнде қарастыруы әбден мүмкiн. Қазақстандағы 39 наркологиялық мекемеде нашақорлықтан, араққа тәуелдiлiктен арылу мақсатында емделiп жатқандар көп. Былтыр қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметкерлерi есiрткiге қатысты 10 мыңға жуық қылмыстың бетiн ашып, 9 ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған. Бұл әрине, ресми дерек. Ал бейресми деректердiң бiрнеше есеге көп екендiгi айтпаса да түсiнiктi. Сәуiр айында экс-министр Бауыржан Мұхамеджанов полицейлердiң 2009 жылдың өзiнде ең ұйымдасқан қылмыстық топты ауыздықтап, есiрткiге қатысты 1600-ден астам қылмыс анықталғанын және 28 тоннаға жуық есiрткiнiң тәркiленгенiн айтқан.
Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында бiртұтас кеден одағын құруға қазақ жерi арқылы тасымалданатын ауған есiрткiсi айтарлықтай керi әсер етiп отырғанын айтқан Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов қарамағындағыларға қоғамды iштен iрiтетiн дерттердiң бiрi – есiрткi бизнесiмен күресу мiндетiн жүктедi. Сорақысы сол, iрiлi-ұсақты шенеунiктер арасында есiрткi тасымалдайтындардың қылмысын бүркемелейтiндер бар. Мәсiмов барлық деңгейдегi сондай шенеунiктердi анықтау үшiн ведомствоаралық бөлiм құруға ҚР Президентiнен рұхсат алуға өтiнiш айтатынын мәлiмдедi. Сонымен қатар Премьер орынбасары Ахметовке 1 айдың iшiнде ҚР Iшкi iстер министрлiгi тарапынан ұсынылған есiрткi бизнесiмен күрес туралы бағдарламаны сүзгiден өткiзетiн арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Ал мектеп жасындағы балаларды арнайы тексеруден өткiзуге мәжбүрлеу қажет. Есiрткi қолданатынын не қолданбайтынын анықтау мақсатында. “Мектептерде есiрткi сатады, оны бәрiмiз бiлемiз” деген Үкiмет басшысы осылайша, Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Қарағанды облыстарында өршiп тұрған есiрткi проблемасы тез арада ауыздықтауды көздейдi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ