Жаңалықтар

ЖЕҢIЛ ӨНЕРКӘСIПТIҢ “ЖЫРЫ” КӨП

ашық дереккөзі

ЖЕҢIЛ ӨНЕРКӘСIПТIҢ “ЖЫРЫ” КӨП

Дүние жүзi бойынша жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiнiң жыл сайынғы кiрiсi 1,4 трлн. доллардың үстiнде. Машина құрастыру, әскери-өндiрiстiк кешен, химиялық өндiрiс сияқты маңызды салаларды шаң қаптырған жеңiл өнеркәсiптiң бағы Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi ашылмай отыр.

Апта басында Астанадағы “Көрме” орталығында елiмiздегi тауар өндiрушiлер мен қызмет көрсетушiлердiң жалпыұлттық “Отандық өнiм” жәрмеңкесi ашылды. ҚР Премьер-министрi К.Мәсiмов, “Нұр Отан” ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Д.Қалетаевпен бiрге ашылу салтанатына қатысқан вице-премьер С.Ахметов “Елбасы мен Үкiмет басшысы тауарлар мен жұмыстардағы қазақстандық үлестi арттыруға үлкен назар аударуда. Менiңше, бұл көрме бәсекеге қабiлеттi өнiмдер өндiруге дайын отырған бiздiң отандық тауар өндiрушiлерге қосымша серпiн болады” деп ағынан жарылды. Аузына май, делiк. Бiрақ қазiргi сәтте қаржылық тұрғыда тығырыққа тiрелген қазақстандық тауар өндiрушiлерге мемлекет тарапынан көрсетiлiп жатқан көмек қандай?

2008 жылдың маусымында Мәсiмов ҚР Индустрия және сауда министрi бастаған топқа сол жылдың 1 қыркүйегiне дейiн республикадағы жеңiл өнеркәсiптi дамытудың тиiмдi жолдарын қарастыруға пәрмен бердi. Өкiнiшке қарай, бiр жылға жуық уақытта тындырылған шаруа мардымсыз. Әлбетте, қағаз жүзiнде “атқарылған” жұмыс “көл-көсiр”: түрлi баяндамалар, жаңа салық кодексi жобасына енгiзiлуi тиiс өзгертулер мен толықтырулар, түрлi ұсыныстар… Бiрақ одан отандық тауар өндiрушiлерге қандай пайда бар? Ешқандай, әрине. Ал билiк қолда барды ұқсата бiлсе, кәсiпкерлердiң табысқа шаш-етектен кенелуiне мүмкiндiк көл-көсiр: мақта, жүн, терi, мақта-мата өнiмдерiн өндiруге шикiзат жеткiлiктi, бағасы арзан әрi бәсекеге қабiлеттi болса, отандық өнiмдерге сұраныс мол. Оңтүстiк Қазақстан облысы арқылы Өзбекстанға, Түркiменстан мен Тәжiкстанға щықсақ, қажеттi шикiзатты әлдеқайда арзанға алуға болады.

Италия, Түркиямен бiрге жеңiл өнеркәсiп саласын жолға қойған Қытай бүгiнде бүкiл әлемдi жаулап алуға көшкен. Осының арқасында аспанасты елiнiң тауарына деген сұраныс жоғары. Алғашқыда сүлгiлер мен iш киiмдердi экспорттаудан бастаған қытайлар уақыт өте келе жүннен тоқылған сапалы тауарларға, одан кейiн аяқ киiм мен терi өнiмдерiне қарай ойысты. Егер бiздiң Үкiмет отандық тауар өндiрушiлердi қолдаудың нақты жоспарын жасап, бағыт-бағдарын анықтап алса, бiрқатар түйткiлдiң түйiнi шешiлмек. КСРО ыдыраған 90-жылдардың басында көптеген посткеңестiк елдер отандық өндiрiс орындарын iске қоса алмай дағдарғаны белгiлi. Алайда, естерiн тез жиған елдер iшкi нарықты ұлттық тауарлармен қамтамасыз етудi басты мiндетi деп бiлгендiктен, сыртқы өндiрiстiк күштiң ықпалынан аман қалды. Есесiне, Қазақстан сияқты iшкi нарықты шетелдiк тауармен толтыру арқылы қиындықтан құтылуды көздеген елдерде Қытай тауарлары үстемдiк құрды. “Жығылғанға жұдырық”, бүгiнде мата және тiгiн саласы – ел тәуелсiздiк алғалы берi ең қиын жағдайда қалған жалғыз сала. Шенеунiктер жиi ат ауыстыратын, яғни, министр құтаймайтын да – жеңiл өнеркәсiп саласы. Оның үстiне, қазiр қазақ мақтасының 80-90 пайызы кластерлiк жүйе бойынша өнiм өндiруге емес, өте арзан бағаға экспортқа жiберiледi. Есесiне, Қытай, Ресей, Түркиядан құны удай қымбат тауарлар импортталады. Қаржылық дағдарыс алқымнан алғалы берi бiрнеше тiгiн цехтары жабылып қалды, ал жұмыс iстеп тұрғандары қаржы тапшылығы тұсау. Кеңестер Одағының “көзiн көрген” құрал-жабдықтардың әбден тозығы жеткен. Мұндайда отандық өндiрiс ошақтарынан сапалы әрi арзан киiм тiгудi талап етудiң өзi ыңғайсыз. ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң мәлiметтерiне сүйенсек, жеңiл өнеркәсiп саласының өндiрiстiк қарқыны 5 есеге дейiн төмендеп кеткен.

Кезiнде талайға мақтан болған Алматы мақта-мата комбинаты қаңтарылып тұр. Қарғалыдағы шұға комбинатының жүргенiнен тұрғаны көп. Онда да комбинат тiгiншiлерi мемлекеттiк тапсырыс пен арнаулы киiмдер тiгумен шектелуге мәжбүр. Мамандар қазiр iшкi нарықтағы тұтынушылық сұраныстың 10 пайызын ғана қанағаттандыруға қауқарлы отандық жеңiл өнеркәсiп деңгейi 30 пайызға көтерiлгенде ғана алаңдауды азайтуға болатынын айтады. Мәжiлiс депутаты Айгүл Солвьева отандық бiр басылымға берген сұхбатында мата және тiгiн өнеркәсiбi Қазақстан экономикасы үшiн аса маңызды саналмайтынын және Қытай мен Қырғызстан тiккен киiмдерге бәсекелестiкке төтеп беру қиын түсетiндiктен, жеңiл өнеркәсiптi дамытуда ұлттық нақыштағы киiмдерге басымдық беру керектiгiн айтыпты. Бiрақ алыс-жақын шет ел түгiлi отандастардың өзiне қазақтың ұлттық киiмдерiн күштеп таңу мүмкiн еместiгiн ескерсек, мәжiлiсменнiң ұсынысына қандай уәж айтарыңды бiлмей, тосыласың.

Қазақстандағы жеңiл өнеркәсiп саласының өкiлдерi Үкiметке ұсыныс айтты: салықтық жеңiлдiктер көрсету; елiмiздегi жеңiл өнеркәсiп мекемелерiнiң барлығына тең дәрежеде жағдай жасау; тауарлардың саудалық тепе-теңдiгiн қамтамасыз ету (импорт пен экспорт көлемiнiң сәйкестiгi) т.б.

Мамандардың пiкiрiнше, отандық кәсiпкерлердiң шетелдiк тауарлар өндiрушiлермен бәсекеде қабiлетсiз болуының бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, Қазақстанға сырттан тасымалданатын сапасыз тауарлардың (әсiресе, қытайлық өнiмдер) басым бөлiгi заңсыз әкелiнедi. Аталған заңсыз өнiмдер экспортталмас бұрын арнайы тексеруден өткiзiлмейтiндiктен, қазақстандықтар түрлi ауруларға душар болуда. Мысалы, қытайлық аяқ киiмдердiң кесiрiнен кейiнгi кездерi жастар майтабан дертiне ұшырағандықтан, әскер қатарына қабылданбауда. Қазақстандағы нарықтың 74 пайызын жаулап алған сапасыз қытай аяқ киiмдерiнiң зардабын артроз, сколиозға шалдыққан сәбилер де тартуда. Сапасыз синтетикалық материалдан жасалған аяқ киiмнiң кесiрiнен пайда болатын аллергия мен шуашты тағы қосыңыз. Екiншiден, бiздiң iшкi нарықта деклорацияланбаған тауарлар сатылымда жүр. Шекарадан берi өткiзiлетiн тауарларды тасымалдау тәртiбiн өзгерту керек, яғни, шетелдiк тауар өндiрушiлер халықаралық сауда тәжiрибесiне сәйкес, дайын өнiмнiң салмағына қарай емес, әр данасына ақы төлеуi тиiс. Бiзге импортталатын жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiне салықтық тұрғыда жақсы жағдай жасалғандықтан, отандық өнiмдердi өндiру – тиiмсiз, есесiне, алыпсатарлықпен айналысқан әлдеқайда жеңiл әрi пайдалы.

Айтпақшы, АҚШ пен Батыста егер iшкi нарықтағы қытайлық өнiмдердiң үлес салмағы артып бара жатса, дереу импорт көлемiн шектейтiн мемлекеттiк басқару тетiктерiн iске қосады. Өкiнiшке қарай, жеңiл өнеркәсiбi аяғынан тiк тұрып үлгермеген Қазақстаға мұндай мәселенi қозғаудың өзi күлкiлi…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ