“ЭЙР АСТАНА” БОЛАШАҚҚА ЖОЛДАМА БЕРЕДI
“ЭЙР АСТАНА” БОЛАШАҚҚА ЖОЛДАМА БЕРЕДI
Бала күнiнде ұшқыш болуды армандамаған адам кемде-кем шығар. Көк аспанның төсiнде қалықтап, аспан атты шексiз әлемдi аралауға не жетсiн, шiркiн! Ұшқыш мамандығы ұқыптылықты, сабырлылықты талап ететiн мамандық. Сол үшiн оған iштей дайын болып, талмай жаттығу керек. “Эйр Астана” әуе компаниясы осы жылы игi iске мұрындық болып, ұшқыш болуды армандайтын әрбiр азаматқа көк аспанда қалықтауға жолдама берудi қолға алды. Дәлiрек айтсақ, елiмiздегi бiрегей әуекомпаниясы ab-initio ұшқыштарды алғашқы дайындау бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Игi бастама жайында толығырақ бiлу мақсатында “Эйр Астана” әуекомпаниясының ұшқыштар құрамын алғашқы дайындау бойынша менеджерi Талғат Бақұбаевпен сұхбаттасқан едiк.
– Талғат Қабидоллаұлы, жалпы бағдарламаның тарихы туралы қысқаша баяндап берсеңiз?
– Ұшқыштарды дайындайтын мұндай бағдарламалар негiзiнен АҚШ, Еуропа елдерiнде кеңiнен қолданылады. Шетелде ұшқыштар мектебi өте жақсы дамыған. Ұшқыш мамандығы өте қызықты мамандық болғанымен, оның қиыншылықтары да жеткiлiктi. Бұл мамандықты игеру үшiн толыққанды жан-жақты дамыған, тәжiрибелi болуыңыз керек. Мұндай талаптарға екiнiң бiрi сай келмейдi. Ұшқыш болуды арман тұтқан әрбiр адамның арманын орындау үшiн бiз ab-initio бағдарламасын алғаш қолға алып отырмыз.
– Бұл бағдарламаның басты мақсаты қандай?
– Аталмыш бағдарлама компаниямызда ұшқыштардың жетiспеушiлiгiнен туындап отыр. Сондықтан өзiмiздiң бiлiктi де кәсiби шебер мамандарымызды дайындау мақсатында тың бағдарламаны қолға алдық.
– Бағдарламаны жүзеге асыру оңай орындала қойса деңiз…
– Бiз ең алдымен ұшқыш болуға ниеттенген адамдарды iрiктеп алдық. Олар арнайы сынақтардан өттi. Сынақтардың қорытындысының нәтижесiнде бiрнеше адамды шетелге оқуға жiбердiк.
– Яғни ұшқыш болуды армандаған кез келген адам бағдарламаға қатыса алады ғой?
– Негiзiнен физика, математика сынды техникалық пәндердi еркiн меңгерген, ағылшын тiлiн жетiк бiлетiн кез келген мектеп оқушысы, студент бағдарламаға қатысу мүмкiндiгiне ие.
– Курсанттарды iрiктеу қалай жүргiзiлдi?
– Ұшқыштардың денсаулығы мықты болу керек. Сол себептi iрiктеу алдында үмiткерлер арнайы медициналық тексерiстен өтуi тиiс. Iрiктеу бiрнеше бөлiмнен тұрады. Алғашқы бөлiгi физика, математикадан тест тапсыру, арнайы психологиялық дайындықтар, сонымен қатар бiрнеше қиын тапсырмаларды орындау сыны өзiмiзде өтедi. Бұл сыннан сүрiнбей өткен үмiткерлер Амстердамға аттанады. Амстердамда iрiктеудiң екiншi бөлiгi: үмiткердiң жеке қасиеттерiн, iшкi дайындығын анықтайтын арнайы психологиялық тесттер, бұған қоса математика пәнiнен жазбаша сынақ және түрлi жаттығу тапсырмаларын орындау секiлдi жауапты сындардан өтедi. Бұл сынақтарды ұшқыштарды сұрыптау мен жаттықтырудың еуропалық орталығы ұйымдастырады.
– Үмiткерлердiң жас мөлшерi қандай болуы тиiс?
– Бағдарлама 18 жас пен 29 жас аралығын қамтиды.
– Оқуға ниет бiлдiрген үмiткерлер аз болмайтыны белгiлi және солардың қаншасы болашақта әуекомпанияда ұшқыш болады?
– Жалпы әлемдiк тәжiрибе көрсеткенiндей тек 10 пайыз үмiткерлер ғана ұшқыш атануға мүмкiндiк алады. Ол 10 пайыздың өзi екi топқа бөлiнедi. Мәселен, бала кезiнен ұшқыш болуды армандап, арнайы курстардан өткен, яғни аздап болса да ұшқыштықтан хабары бар үмiткерлер бiр топқа жатады. Ал бұрын-соңды әуеде болып көрмеген, бiрақ ұшқыш болуға талпынғандар екiншi топқа жатады. Бiздiң бағдарламамызға ниет бiлдiрушiлердiң жалпы саны 200-дей. Соның тек сегiзi ғана iрiктеу сындарынан өттi. Олар қазiр АҚШ-та, Маямиде дәрiс алуда.
– Курсанттардың бiлiм алуы ақылы түрде екен, компания оқу ақысының елу пайызын ғана төлейдi, қалған елу пайызы ұшқыштарға несие ретiнде берiледi дегендi естiдiм…
– Иә, дұрыс айтасыз. Бiр курсанттың бiлiм алуы 80000 АҚШ долларын құрайды. Ақының 50 пайызын курсант оқудан оралған соң, 7 жыл iшiнде жалақысынан төлеп отырады. Бұл бағдарламаның ең басты тиiмдi тұсы. Себебi, көршiлес Ресейде бұл бағдарлама бойынша бiлiм алуға үмiткерлер оқу ақысын толығымен төлейдi.
– Аталмыш бағдарлама “Эйр Астананың” кадрлық саясатына айтарлықтай септiгiн тигiзедi деп сенесiз бе?
– Бағдарламаның тигiзер септiгi мол. Әуе компаниясында ұшқыштар ұжымы үнемi толықтырылып отыруы тиiс. Ал сапалы дайындалған, бiлiктi ұшқыш табу қиын. Сол себептi бағдарлама ұшқыштарымыздың толыққанды кәсiби тұрғыда жетiлуi, әуекомпаниямыздың қауiпсiздiгi, сонымен қатар жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуiн одан ары арттыра түспекшi.
– Қазiргi әлемдi жайпап өткен экономикалық дағдарыс бағдарламаның жүзеге асуына кедергi болған жоқ па?
– Әрине, әрбiрiмiзге де дағдарыстың салқыны тидi. Дегенмен дағдарыстың қиыншылықтарына қарамай болашақ ұшқыштарды байсалды түрде дайындаудамыз. Сонымен бiрге Нидерландия , АҚШ мемлекеттерiмен тығыз байланыс орнатудамыз.
– Бағдарлама болашақта өз жалғасын таба ма?
– Әлбетте. Бұл бағдарлама тек сынақ түрiндегi бастама ғана. Жалпы болашақта арнайы техникалармен жабдықталған ұшқыштар мектебiн ашу да ойда бар. Қазiрдiң өзiнде бағдарламаның екiншi жаздық кезеңiне үмiткерлер iрiктелу үстiнде.
– Дегенмен, елiмiзде арнайы ұшқыштар мектебi бар ғой…
– Иә, дұрыс айтасыз, Оралда арнайы техникалық авиациялық мектеп бар. Бiрақ бұл мектептi бiтiрушiлердiң бiлiктiлiгi компания қойған талаптарға сәйкес келмейдi. Сондықтан Қазақстанның жоғары деңгейдегi арнайы ұшқыштар мектебi мiндеттi түрде болуы керек. Осы бағдарлама аясында байқағаным, Алматы елiмiздiң мәдени-экономикалық ортасы болғандықтан, оның үстiне Алматы жастары мұндай бағдарламадан ертерек хабардар болатындықтан Алматыдан ниет бiлдiрушiлер басым. Сол себептi де басқа өңiрлердiң талапкерлерi, студенттерi бағдарламадан хабардар болса екен деймiн. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде болашқта мықты ұшқыш болатын небiр талапты балалардың бар екендiгiне сенемiн. Сондықтан кең ауқымда бағдарламаның Қазақстанның орталық, шығыс, батыс, оңтүстiк өңiрлерiне таралуын қалаймын.
– Оқу жылы да таяп қалды. Мектеп бiтiрушiлерге қандай тiлегiңiз бар?
– Мектеп бiтiрушiлерге айтарым, егер де жастайынан ұшқыш боламын деген армандары болса, бiзге келсiн. Бағдарлама жыл бойына үнемi жүргiзiлiп тұрады. Сондықтан ниет бiлдiрушiлер болса есiгiмiз ашық. Iрiктеуiмiз ашық әрi әдiлеттi түрде жүргiзiледi.
Әңгiмелескен Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ