Жаңалықтар

НАР МАЯНЫҢ ЖYНI ЖIБЕК, СYТI БАЛ

ашық дереккөзі

НАР МАЯНЫҢ ЖYНI ЖIБЕК, СYТI БАЛ

Ауылдық кәсiпкер Сыдық Дәулетов аруананы өсiрудi кәсiп етiптi

Қазақ халқы үшiн төрт түлiк малдың әрқайсысының орны ерекше. Ойсылқараның, Зеңгi бабаның, Қамбар ата мен Шопан ата және Сексек атаның да қазақ үшiн өз орны бар. Әр мал өз киесiмен келедi. Қазақта “бiр төл туса, бiр топ жусан артық шығады” деген сөз тегiн айтылмаса керек.

Совхоз, колхоз тарағанда, мал басының да саны кемiп кеткенi белгiлi. Жайылымдық жерлер сатылып, көбi қоралы қойынан, үйiр-үйiр жылқысынан айрылып қалды. Ендi мiне, сол бiр қиямет жылдар келмеске кеткендей. Ел iшiнде төрт түлiктiң басы құрала бастады. Әрбiр үйдiң шаңырағында отар-отар қой болмаса да, бiрлi-жарым малдың басы құралып, ағарғанға қолы жете бастады.

Кисең киiмiңе, жесең тамағыңа, iшсең сусыныңа жарайтын төрт түлiктiң бiрi — түйе. Қазақ халқы ертеден-ақ түйенi киелi деп санаған екен. Түйенi төрт түлiктiң төресi санайтыны да, сондықтан болар. Бүгiнде осынау кәсiппен айналысып, түйе малын көшсе көлiгiне, кисе киiмiне, жесе тамағына, iшсе сусынына жаратып отырған бiр азамат бар. Ол — Сыдық Дәулетов.

Түйе малының қасиетiн бала кезiнен көрiп өскен кәсiпкер бар-жоғы үш түйемен өз кәсiбiн бастапты. Әуелi Қарақалпақстаннан көшiп келген Әбiш ақсақалдың боталы түйесiн сатып алып, емдiк қасиетi мол, дәмi балдай, ұлттық сусын – шұбат әзiрлеудi қолға алады. Шұбатты жақсы көрмейтiн қазақ кемде-кем шығар. Халықтың күннен күнге шұбатқа деген сұранысы арта бастаған соң, әрi жалғыз түйенiң шұбаты елдiң бәрiне жете бермейтiнi тағы бар, ендi кәсiпкер түйенiң санын көбейтудi ойлай бастады. Түйе санын көбейткен соң, оған жайылымдық жер де қажет емес пе? Сосын Алматы маңындағы аудандарды асықпай аралаған Сыдық Дәулетов түйеге ыңғайлы жайылымды Күртi маңынан тауыпты. Өзi болса, Қарасай ауданының тұрғыны, ал Күртi жерiнiң көбi Iле ауданына қарайды. Сөйтiп, Iле ауданының әкiмi Николай Логутовқа кiрiп, өз кәсiбiнiң мән-маңызын айтып, жеткiзген соң, әкiм оған Сарытауқұм жайылымдығынан қажеттi жердi бөлiп бередi.

Үш-төрт түйеден басталған кәсiп бiртiндеп отыз-қырық түйеге айналады. “Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей” дейтiн сөздi басты қағида етiп алған кәсiпкер аянбай тер төгiп жүрiп, жыл сайын мал басының санын арттыра берiптi. Түйеге қоса, жылқыны да, мүйiздi iрi қараны да, қой санын да көбейте бастайды. Бүгiнде түйенi 1300-ге жеткiзген Сыдық Дәулетов тек қана iрi мал өсiрумен айналысып қоймай, шұбат өндiретiн арнайы цех ашуды да қолға алады. “Дәулет-Бекет” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiн құрған кәсiпкер Ақши ауылында қосымша жұмыс орындарын ашуды белсене қолға алады. Бүгiнде бұл ауылда сән-салтанатымен көрiнетiн тойхана, наубайхана, киiз үй жасайтын цех құрылысы салынып, жұмыс iстеп жатыр.

Шұбат өндiру де оңай шаруа емес. Оған арнайы технология қажет. Осы орайда, кәсiпкер арнайы технологиямен жабдықталған цех құрылысын салуды көздей бастайды. Қазiр цех құрылысы аяқталып, онда күн сайын тонналаған сүт өндiрiлiп жатыр. Кәсiпкер осы ауылдан этно-ауыл салуды да жоспарлап жүр. Этно-ауылдың орны белгiленiп, жобалау сметалық құжаттары, болжамды макеттерi де әзiрленуде.

“Осындай жағдайға жетуiмнiң сыры қажырлы еңбегiмнiң, қайтпас табандылығымның арқасы деп бiлемiн. Дегенмен де, облыс, аудан басшылары болмаса менiң жалғыз еңбегiмнен ештеңе шықпас едi. Бұл орайда тиiстi қамқорлығын жасап, ағалық ақылын айтып, дұрыс бағыт-бағдар берiп жүрген облыс әкiмi Серiк Үмбетовке де зор алғысым бар. Аудан әкiмi Николай Логутовтың да менiң шаруашылығымның өсiп-өркендеуiне көп септiгi тидi”, — дейдi Сыдық Дәулетов.

Бүгiнде Алматы облысы түйе шаруашылығын дамытуды мықтап қолға ала бастағандай. “Дәулет-Бекет” шаруашылығынан басқа, облыста бiрнеше түйе шаруашылықтары да шұбат өндiрумен айналысып жатыр. Олардың саны бүгiнде беске жетiптi. Олардың қатарында “Агро Меркур” ЖШС, “Камел” ШҚ” ЖШС, “Дәулет-Бекет” ЖШС, “Жақсылық” ШҚ бар. Бес бiрдей түйе шаруашылығымен айналысып жатқан облыс осы орайда, Ақши ауылында арнайы семинар өткiздi. Семинарды өткiзудiң басты мақсаты да — “түйе шаруашылығын дамыту және шұбат өндiрiсiн арттыру”. Дәл сол күнi БАҚ өкiлдерi облыс әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетовпен бiрге “Дәулет-Бекет” ЖШС-на қатысты түйе шаруашылығын да аралап қайтты.

Жүнi жiбек, сүтi бал, нар маяның кәсiбi облыста қарқынды дамып жатқанға ұқсайды. Оған өзiмiздiң де көзiмiз жеттi.

Гүлзина Бектасова