ХАЛЫҢ ҚАЛАЙ, КЕНДI АЛТАЙ!?.
ХАЛЫҢ ҚАЛАЙ, КЕНДI АЛТАЙ!?.
“ЖОЛ КАРТАСЫ” ЖӘНЕ ЖАҢА ҰМТЫЛЫСТАР
Шығыс Қазақстан облысына ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Ербол Орынбаев өзiмен бiрге бiрқатар салалық ведомстволардың вице-министрлерiн ерте келген екен. Iссапардың мақсаты — ел Үкiметiнiң “Жол картасын” жүзеге асыруға дайындық жұмыстарымен жақынырақ танысу.
Оның орындалуы 1 мамырдан бастап қолға алынатынын еске сала кетейiк. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 13 млрд. теңге бөлiндi. Сонымен қатар, осы бағытта облыстық бюджеттен тағы да 3 млрд. теңгеден астам қаражат қоса қарастырылған. Әлеуметтiк сала нысандарын, жолдарды күрделi және ағымдағы жөндеуден өткiзу, сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарына қайта оқыту жоспарланған.
Алтай өңiрi бойынша “жол картасы” 800 нысанды қамтиды. Премьер-министрдiң орынбасары атап өткендей, бұл басқа облыстармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Үкiметтен келген делегацияның бұл күнгi бағдарламасында солардың бiрқатарына ерекше назар аударылған.
АПАТТЫҚ МЕКТЕПТЕР АЛАҢДАТАДЫ
Үкiметтен келген делегацияның мүшелерi Глубокое ауданындағы Бобровка орта мектебiне ат басын тiредi. Облыс бойынша осы және тағы 27 мектеп апаттық жағдайда.
Облыстағы 307 бiлiм беру нысанында жөндеу жұмыстарын жүргiзу көзделiп отыр. Олардың 68-i Өскемен қаласындағы нысандар. Күрделi жөндеу 58, ал ағымдағы жөндеу шаралары 249 нысанда орындалады. Бұған 1,7 млрд. теңге қаржы жұмсалмақшы. Олардың 1226,5 млн.теңгесi республикалық бюджеттен және 539,3 млн.теңгесi жергiлiктi бюджеттен бөлiнедi. Бiлiм беру нысандарындағы жөндеу шараларында 4156 жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, Ербол Орынбаев облыстық аурухананың көз микрохирургиясы бөлiмшесiнде болды. Бұған дейiн де аталған емдеу мекемесiнiң нашар жағдайын айтып келген облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев жаңа облыстық аурухана қажет екенiн Премьер-министрдiң орынбасарына жеткiздi.
“Медицина мекемесiнiң бүгiнгi жағдайы сын көтермейдi және ешбiр талаптарға сай келмейдi. Мұнда ауруханалар басқа облыстарда жоқ та шығар”, — деп атап көрсеттi өңiр басшысы.
Бүгiнгi күнi облыстың емдеу ұйымдарының 81%-ы типтiк емес ғимараттарда орналасқан. Пайдалану мерзiмi 30 жылдан асқан өңiрдегi денсаулық сақтау мекемелерi ғимараттарының тозығы 83%-ы (!) құрайды.
Медицина мекемелерiне жол картасы аясында бөлiнген қаражат 2,5 млрд. теңгеден астам. 93 нысан қамтылмақ. Олардың 63 қалаларда, ал 30 ауылдық жерлерде орналасқан. Аталған қаражаттың 2054,7 млн. теңгесi республикалық, 521,5 млн. теңгесi жергiлiктi бюджеттiң еншiсiнде. Жөндеу жұмыстарына 6584 адам тартылмақ.
Сонымен қатар, Ербол Орынбаев облыстық онкологиялық диспансердiң жұмысымен, медициналық кабинеттер мен мұндағы орнатылған құрал-жабдықтармен танысты.
Естерiңiзге сала кетсек, мұндағы сәулелiк терапия орталығының толыққанды жұмыс iстеуi үшiн тағы 380 млн.теңге қажет. Оған қоса бұл жерде қосалқы ғимараттар салынбаған, яғни айтарлықтай қаражат керек деген сөз. Бiздiң аймақтың ерекшелiгiн және онкологиялық науқастар санының өсуiн ескерген Премьер-министрдiң орынбасары бұл мәселеге қолдау жасайтынын айтты.
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕЛЕРI БАҚЫЛАУДА
“Қазмырыш” АҚ-да Ербол Орынбаев мыс балқыту зауытының құрылысымен танысты. Бұл кәсiпорын өңiрдегi iрi жұмыс берушiлердiң бiрi болып табылады. Негiзгi және қосымша кәсiпорындарда 20 мыңнан астам шығысқазақстандық еңбек етуде. Сол себептi “Қазмырыштың” тұрақты жұмысы — маңызды мәселе. Қазiргi уақытта жаңа өндiрiстi салу жұмыстары қарқынды жүрiп жатыр. Мыс балқыту зауыты iске қосылғанда 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Вице-премьер “Қазмырыштың” нақты жұмыспен қамту және босаған жұмысшыларды қайта оқыту жөнiндегi әлеуметтiк саясатын құптады.
Сөз арасында айта кетсек, облыстағы қалыптасқан жағдай алаңдатарлықтай. 2009 жылдың 15 сәуiрiндегi мәлiмет бойынша өңiр бойынша 13 кәсiпорын, оның iшiнде облыс орталығында 7, Семейде — 4, Риддерде — 1, Шемонаиха ауданында бiр кәсiпорын өзiнiң iс-қызметiн толығымен тоқтатқан. 101 кәсiпорын толық емес жұмыс уақытының режимiне көшкен. Жыл басынан берi бұл кәсiпорындардан 447 адам қысқарып, 1505 адам өз ерiктерiмен кеткен, 645 жұмысшы басқа қызметтерге ауыстырылып, 48 кiсi басқа кәсiптерге қайта оқытылды.
2425 жұмысшы еңбекақысы сақталмаған демалыстарда, 3995 адам — толық емес жұмыс уақытымен қамтылған, 343 адам өндiрiстiң тоқтауына байланысты уақытша жұмыс iстемейдi.
Осы орайда шығысқазақстандықтарды оқыту мәселелерi ерекше маңызды. Бұл жайында Астанадан келген шенеунiктер ат басын бұрған №1-шi кәсiптiк лицейде сөз қозғалды. Үкiметтiк бағдарлама аясындағы жұмыстар мұнда басталып та кеттi. Қазiр лицейде “жол картасы” қаражаты есебiнен газэлектр дәнекерлеушiлердiң алғашқы тобы бiлiм алуда. Айта кететiн жәйт, оқу барысында оларға 7,5 мың теңге көлемiндегi шәкiртақы төленедi.
“Жол картасының” аясындағы шаралар атқарушы билiк органдары үшiн жаңаша болғандықтан оларды жүзеге асыру айрықша амалдарды қажет етедi. Олардың бiрi — жұмыспен қамтудың мобилдi орталығы. Әлеуметтiк серiктестiк негiзiнде жергiлiктi бизнесмен “Альшемали” сауда үйiнде аталған орталықты ұйымдастыруға арнайы бөлме берген. Ендi жұмыссыз қалған әрбiр азамат жұмыс iздеуде осы жерде бiлiктi кеңес әрi көмек алатын болады. Мобилдi орталықтың мәлiметтер базасы мамандық бойынша жалақысы айына 30 мың теңгеден төмен болмайтын жұмыс тауып бере алады. ЖОО-ның түлектерi айына 15 мың теңге құрайтын жастар тәжiрибесiнен өте алады. Мұнда 37 мамандықтың әрқайсысы бойынша жұмыссыздарға тегiн қайта оқыту ұсынылады. 4400 әлеуметтiк жұмыс орындарын ашуға 396 млн. теңге, Жастар тәжiрибесiне 2500 түлек үшiн 222 млн. теңге бөлiнген.
“Жол картасын” орындауға деген Шығыс Қазақстанның дайындығы арнайы кеңесте талқыланды. Ербол Орынбаев өңiр басшылығын жоспарланған iс-шараларды жүзеге асыруға Үкiмет барынша ықпал етедi деп сендiрдi.
ҰЗЫНҚҰЛАҚ ЕМЕС, ҮЙЛЕСТIРУ МАҢЫЗДЫ
Ұзынқұлаққа сенгiш ел шынайы ақпаратқа әрқашан зәру. Айта кететiн жағдай, Бердiбек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша облыста қиын жағдайға тап болған азаматтарды анықтауға мүмкiндiк беретiн ақпараттандыру жүйесi ойластырылған. Көрнекi ақпарат құралдары — билбордтар, баннерлер, кермелер және т.б. әзiрлеген. Ауылдық және кенттiк әкiмдiктер, жергiлiктi өзiн-өзi басқару комитеттерi, салалық кәсiподақтар, жеке және жастар еңбек биржаларының жанынан мобилдi ақпараттық топтар құрылған. Халық арасында түсiндiру жұмыстары үшiн көлiкте және адамдар көп шоғырланған жерлерде, вокзалдарда, базарларда, iрi сауда орталықтарында бейне мониторлар және дыбыстық құлақтандыру арқылы әлеуметтiк жарнама берiледi. Айталық, Глубокое ауданында “Жұмыс” атты насихат пойызы ұйымдастырылыпты. Алғашқы сапарлардың өзiнде-ақ 14 жұмыссыз бiлiм алып, жұмысқа орналасуға мүмкiндiк алды.
Бақылау мақсатында “жол картасының” мониторингi жасалды. Облыс әкiмiнiң ресми сайтында оны орындау жөнiндегi материалдар жарық көредi.
Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламаларды үйлестiру басқармасында Мониторинг және ақпарат орталығы жұмысын бастап кеттi. Бұл жерде бағдарламаның басым бағыттарын жүзеге асыру, оған қатысушылар туралы ақпарат күнделiктi талдаудан өтетiн болады.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзiмдерi, отандық тауарөндiрушiлерден материалдар сатып алу туралы мәлiметтер MS- PROGECT бағдарламасы арқылы талданады. Осылайша “жол картасын” орындаудың ашықтығы қамтамасыз етiледi.
Ж.Баққондыұлы