ОТАНДЫҚ ӨНIМДI НАСИХАТТАЙТЫН КӨРМЕ
ОТАНДЫҚ ӨНIМДI НАСИХАТТАЙТЫН КӨРМЕ
Апта басында Елордадағы “Көрме” орталығында отандық тауар өндiрушiлер мен қызмет көрсетушiлердiң “Отандық өнiм” жалпыұлттық көрме-жәрмеңкесi ашылды. Бұл шара “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының бастамасымен өтiп жатыр. Көрме 15 мамырға дейiн жалғасын табады.
Партияның ХII съезi қарсаңында өтiп жатқан көрме-жәрмеңке отандық тауар өндiрушiлердi демеу мақсатында жасалып отыр. Бұл “Патриот бол – отандық тауарды сатып ал!” кең көлемдi акциясының жалғасы. Ашылу рәсiмiнде сөз алған “Нұр Отан” ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Дархан Қалетаев: “отандық тауарлар үшiн тұтыну нарығында кең көлемде жол ашу үшiн бұл шараның маңызы зор” екенiн қадап айтты. Ал Премьер-министрдiң орынбасары Серiк Ахметов отандық өнiм өндiрушiлердi қолдау әрi қазақстандық мазмұнның үлесiн арттыру мақсатында Үкiметтiң аса маңызды шаралар кешенiн әзiрлегенiн алға тартты.
Отандық өндiрушiлерге дағдарыстың ауыр соғып тұрған сәтiнде партияның мұндай қолдауы қажет-ақ. Олар бұл жәрмеңке — отандық тауар өндiрушiлер мен отандық тұтынушылар арасында жаңа байланыс орнатуға негiз болады деген сенiмде.
Көрмеде елiмiздiң әр өңiрiнен келген 200-ге тарта отандық тауар өндiрушiлер өздерiнiң өнiмдерiн ұсынды. Бұл күнi сондай-ақ жәрмеңкенi тамашалауға келгендер арзан бағамен қалаған отандық заттарын сатып алып жатты. “Отандық өнiм” жалпыұлттық көрме-жәрмеңкесi — қазақстандық тауар өндiрушiлердiң өнiмiн насихаттап ғана қоймай, сонымен қатар, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген өндiрушiлердiң өзара тиiмдi iскер байланыс жасауына да зор мүмкiндiк туғызады.
Г.ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ