Жаңалықтар

ӘСКЕРИ ТIЛШI МАРШАЛ И.КОНЕВТIҢ ӨЗ ҚОЛЫНАН АЛҒЫС ХАТ АЛДЫ

ашық дереккөзі

ӘСКЕРИ ТIЛШI МАРШАЛ И.КОНЕВТIҢ ӨЗ ҚОЛЫНАН АЛҒЫС ХАТ АЛДЫ

Шайхы Мақапұлымен бiрге оқыған, бiрге қызмет iстеген, тiзе қосып ата жаумен айқасқан адамдардың қайсысынан сұрасаңыз да оны: “ең қарапайым, ең кiшiпейiл, өте адал, жамандық жасаған адамның өзiне жақсылықпен жауап беретiн игi ниеттi азамат едi” дейдi. Ол туралы Шайхы аға: “бойымда жақсылығым болса, әкеден дарыған қасиет” дейтiн. Мақап ақсақал өз кезiнде сөзiмен де iсiмен де, елдi аузына қаратыпты. Шайхы аға бертiнге дейiн әкесi Мақаңды жиi еске алып, ел арасындағы беделiн, өнегесiн үлгi етiп отырған.

Шайхы Мақанұлы Кәрiбаев 1911 жылы Ерейментаудағы Қартбай тауы төңiрегiнде дүниеге келген. Бұл күндерi “Кәрiбай өзенi“, “Кәрiбай қыстауы” деген атаулар әлi де сақталған.

Шайхы аға жастайынан өмiрге бейiм, етi тiрi, елгезек боп өсiптi. Өмiрдiң сан қилы аумалы-төкпелi кезеңiн бастан өткiзiп, талай қиындықты жеңе жүрiп, ғылымның сара жолына түседi. 1929 жылы ауыл мұғалiмi болып еңбек жолын бастаған, ол қабырғалы бiлiм ордасы ҚазПИ-дiң доцентiне дейiнгi жолдардан өтедi.

1942 жылы майданға шақырылған Шәкең алғашында Харьковтағы артиллерия училищесiн бiтiрiп, Украинаны азат ету майданына қатысты, жеңiстi Берлинде тойлайды. Воронеж майданының №261 танкiге қарсы атқыштар дивизионында взвод командирi ретiнде жаумен айқасады. 1943 жылы 50 күн мен түнге созылған атақты Курск иiнiнде атқыштар дивизиясының құрамында орталық майданда шайқасады. Одан кейiн Старый Оскол, Белгород қалаларын азат етуге қатысады. Қарт Днепр, тасқынды Припять өзендерiн кесiп өтуде жанқярлық ерлiк жасап, Қызыл Жұлдыз орденiмен марапатталады. Сұрапыл соғыста үш мәрте ауыр жараланып, Украина майданының “За Честь Родины” газетiне тiлшi-ұйымдастырушы болып, жауға қару мен қаламды бiрдей жұмсауына тура келедi.

Әсiресе, Воронеж майданында әскери басшылықтың соғысты дұрыс жоспарлай алмағандығынан көптеген майдандастарының қаза тапқанын ұзақ уақыт ұмытқан емес.

Солтүстiк Донның оң жағалауы үшiн болған ұрыста тарих шежiресiнде даңқа айналды.

Оқиға былай болды. Кешкi iңiрде атқыштар полкiнiң батольондары өзен жағасымен жылжып жатқан-ды. Өзеннiң арғы жағындағы селолар алыстан көрiнiп тұрған. Сол тұста орналасқан жаудың әскерi оқты қардай боратып тұрды.

Жеңiл қайыққа мiнген кеңсе әскерiнiң бiрнеше тобы пулеметшiлермен арғы жағаға бет алған. Батольон командирiнiң алға қойған мiндетi бiреу: ең алдымен, бiрiншi басып арғы жағаға пулеметшiлер шығуға тиiс. Содан соң арғы жағадан оқ жаудырып тұрған жау пулеметшiлерiн жойып, бiздiң әскери бөлiмшелердiң өзеннiң арғы жағасына өтуiне жол ашу. Қайықтарды аңғарып үлгерген жау жағадан артиллерия мен минометтерiннен оқ боратты. Салқын күнгi өзен суы десанттардың үстiне жаңбыр тәрiздi құйып бердi.

Жағалауға бекiнiсiке жайғасып алған жау оқ боратуын одан әрi өрiстеттi. Жау пулеметтерi бiр толастар емес. Өзен жағасына орналасқан аға лейтенант Шайхы Кәрiбаевтың взводы қарсыласқан жау пулеметiнiң үнiн өшiрдi. Сол кезде батольонның басқа бөлiмшелерi Доннан бiр мезгiлде өтуiне жол ашты. Осы түндегi ұрысқа қатысқан барлық жауынгерлер жоғары әскери марапатқа ие болды. Солардың қатарында Шайхы Кәрiбаев та бар болатын.

Одан соң Шайхы аға қайтадан майдан шебiне аттанады. Алайда, соғыста алған ауыр жарақаттары сыр бiлдiредi. Сондықтан оны Бiрiншi Украина майданының әскери газетiне арнаулы тапсырмалар бойынша тiлшiсi, аудармашы ретiнде қызметке жiбередi. Редакция Батыс Украинаның Тернополь қаласына орналасады. Майдан газетi бес тiлде — украин, қазақ, татар, қырғыз және өзбек тiлдерiнде шығады.

Соғыс кезiнде әскери тiлшiлерге майдан даласындағы ұрысты әдiл жазуға қатаң талаптар қойылды. Кеңес әскерлерiнiң Отанға сүйiспеншiлiгiн, патриотты сезiмiн көрсетуге, оларға зор мiндеттер жүктелдi. Жалпы, адамзат тарихындағы ұзақ, қанқұйлы соғыста жауынгерлердiң рухани максимализмi аштық, жалаңаштық, оқпен, қақаған аязбен бетпе-бет келуi, олардың өмiршеңдiгiн көрсетуде әскери журналистердiң де еңбегi зор. Ол туралы кезiнде Илья Эренбург “Адамдар, жылдар, өмiр” атты белгiлi мемуарында жазып көрсеткен болатын. Шайхы ағамен бiрге майдандық газетте тiлшiлiк қызымет атқарған татардың белгiлi жазушысы Усман Бакир де “Жауынгер күнделiгiнде” Шәкең туралы үлкен сүйiспеншiлiкпен жазады.

1944 жылы 28 мамырда Киев қаласының жанындағы Коростень қалашығында Бiрiншi Украина майданның барлық әскери журналистерiнiң слетiне қатысу бақытына Шайхы аға да ие болды. Майдан даласындағы ерлiгi үшiн маршал Коневтiң өз қолынан Алғыс хат алды.

1945 жылы редакция Вена қаласына көшiрiлдi. Шайхы аға мұнда Орталық әскери топта өз қызметiн жалғастырды. Жеңiстi Германияда қарсы алған Шәкең әскери қызметiн 1946 жылы 12 тамызда Вена қаласында аяқтайды.

Соғыстағы ерлiгi бiр кiсiдей бағаланған Шайхы ағамыздың кеудесiн “Қызыл Жұлдыз” орденi мен “Германияны азат еткенi үшiн”, “Берлиндi алғаны үшiн”, “Праганы азат еткенi үшiн” т.б. медальдары жарқырады.

1946 жылы елге аман-есен келген Шайхы аға кезiнде өз жүрек қалауымен таңдаған бiлiм беру саласына қайта оралады.

Шәкең жәдидше де, қадiмше де сауаты мол, оның үстiне әртүрлi мұрағаттармен түбегейлi жұмыс iстеп, түрлi ғылыми iзденiстер жасайды. Жоғары оқу орындарының студенттерiне арнап “Әдебиет оқулығы” деген методикалық еңбек жазып шығады.

1954 жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы зерттеу еңбектерiн жүргiзу үшiн Қазан қаласына iс-сапармен барып, елiмiзге көптеген құнды материалдар алып келiп, ғылымға зор үлес қосты. Ыбырай Алтынсариннiң атақты ғалым Ильминскиймен жазысқан хаттарын да әкелген Шайхы аға болатын.

1956 жылы Шәкең бiлiм беру саласындағы зор еңбегi үшiн Қазақ ССР-i Жоғарғы Кеңесiнiң Жарлығымен “Қазақ ССР-iнiң еңбегi сiңген мұғалiм” атағы берiлдi. 1968 жылы Оқу министрлiгiнiң “Қазақ ССР-i бiлiм беру iсiнiң үздiгi” белгiсiне ие болды. 1971 жылы Жоғарғы аттестациялық комиссиясының шешiмiмен Абай атындағы Мемлекеттiк педагогика институтының доцентi атағы берiлдi.

Шәкең бұл жерде де өзiнiң табиғи орынын таба бiлдi. Ол жүргiзген түбгейлi зерттеулер Шәкеңнiң қабырғалы ғалым екенiн көрсеттi.

Өмiрiнiң соңғы жылына дейiн қоғамдық iстерден қол үзбедi. Елге жиi барып, қарапайым халықтың хал-жағдайын бiлiп, қолдан келген көмегiн аямайды екен. Оның адамгершiлiгi мен парасаттылығы барлық ортада қатты бiлiнiп тұрған. Өз ортасында “келешек бiлiмдi, сондықтан сауатсыз болып қалмаңдар” дегендi жиi айтады екен. Бұл да жастай алған тәрбиесiнiң өзегi.

“Жақсының аты өлмейдi” деп жатамыз. Белгiлi әдебиетшi, iрi педагог, методист ғалым Шайхы Кәрiбаевтың халық ағарту iсi мен педагогика ғылымы саласындағы өлшеусiз еңбегiн ескере отырып, туған жерi Ақмола облысының бiр мектебiне, туған аулындағы бiр көшеге оның есiмiн берсе нұр үстiне нұр болар едi.

Азат Үсен