Жаңалықтар

ҚАЙРАН КYНТУҒАН КӨКЕМ

ашық дереккөзі

ҚАЙРАН КYНТУҒАН КӨКЕМ

… Жүрек толқытар кездесу жөнiнде жазбай кетуге болмайды. Нұрсұлтан Әбiшұлына Нью-Йоркте қазақ қариясы Күнтуған Бәзiлбекұлы жолықты. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста фашистердiң қолына түсiптi. Азап лагерiнде небiр қорлық көрген. Соғыс бiткен соң одақтастар азат етiп бұларды отандарына қайтарған.

Бiрақ, негiзiнен қазақ, өзбек, қырғыз сияқты түркi халықтары тиелген алғашқы екi эшалонды кеңестер жағы Чехословакия жерiнде өртеп жiбергенiн көрген соң, бұлар ендi қайтып елге оралудан үмiттерiн үзген. Осылайша Германияда қалып қойыпты. Кейiн соның өзiнде МХК-нiң ұзын қолы маза бермеген соң, тәуекел деп мұхит асып кетуге мәжбүр болды. Содан берi Құрама Штаттарда. Соғыста қолға түсiп, ақыры АҚШ-тан шыққан қазақ әскери тұтқындардан қазiр үш шал ғана қалыпты. Қалғаны туған жердiң ауасын бiр жұтуды армандап, бұл дүниеден озыпты. Күнтуғанның өзi Түркiстанның тумасы. Бұл жүздесуге жете алмай қалған Кәрiбай Мұхтар ақтөбелiк, ал Сұлтанбек қария Жайық бойынан көрiнедi.

Нұрсұлтан Назарбаевты көргенде Күнтуған қария көзiне жас алды. “Талай рет тұлғаңды теледидардан көрiп, сыртыңнан қорған тұтушы едiм. Ендi құлыным, өзiңдi жүзбе-жүз көрiп тұрмын. Қазiр өлiп кетсем арман қайсы!” деп егiлген сонда Күнтуған қария. Салық Зиманов бар, Серiк Әбдiрахманов бар, Жiбек Әмiрханова бар, жабылып жүрiп зорға жұбатқандай болдық.

“Бiрнеше рет АҚШ-қа келген Қазақстанның үкiмет адамдарымен тiлдеспек болып едiм. Солардың iштерiнде өздерi қазақ болып, қазақ тiлiн бiлмейтiндердi көргенде жағамды ұстадым. Жиырма жыл Алманияда, отыз жыл Америкада тағдыр айдап тiршiлiк еткен мен қазақ тiлiн ұмытпақ емеспiн. Қазақ даласында туып, қазақ жерiнде жүрген жаңағылардың өз тiлiн ұмытқаны қалай” деп күңiренген сонда Күнтуған қария. Бұл жолы Салық та, Серiк те, Жiбек те тiлiмiздi тiстегенбiз. Өз қолыңды өзiң кесерсiң бе?! Үстiнде көнетоздау сары плащы, басында кәдiмгi күнқағары мылжаланған қалпағы бар Күнтуғанды Нью-Йорктен емес, алыстағы қазақ ауылдарының бiрiнен көрсең, сол ауылдың қариясы деп қабылдар едiң. Заман мұхитының толқыны адам жаңқасын қайда лақтырмаған.

* * *

Халықаралық журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты, Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықтың иегерi Қайнар Олжайдың осы үзiндi алынған “Президент пырағы” атты кiтабы Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың 1991-1993 жылдардағы ресми сапарларының репортаждарынан тұрады.

Бiрақ бiз үшiн Жетiсайдан кеткен Америкада Президентпен жолығып жүрген руы Көтен (Қоңырат тайпасы) Күнтуған көкемнiң тағдыры да қызық қой. Әлқисса…

БIР СОҒЫС – ҮШ ТАҒДЫР

Алатаудан қарағанда Сырдың арғы бетiнде, Қызылдың құмын ендей жайлап, Мырзаның шөлiнде малын айдап, Жетiсайдың сайларында тамыр байлап, отырықшылыққа бойы үйренiп, диқаншылыққа қолы үйренiп, пейiлi кеңiп, жердi емiп қалың Қоңырат елi отыр. Ондағы Қоңырат – алты ата Көктiң ұлы мен бес ата Көтеншi және Жаманбай – бәйбiше, тоқал балалары делiнедi шежiреде. Аңызды айтсақ арыға кетiп қаламыз. Қоңырат Атаның (лақап аты Нағанай) жетi әйелi, отыз ұлы, екi құлы болған деседi. Нағанай соңғы екеуiн құл демей ұлым дептi – баласы отыз екi болады екен. Бiр баласы Орынби, одан туған Мелдеби жаугершiлiк заманда Түркiстанда қалыпты, билiк құрыпты. Мелдебидiң бәйбiшесi Құндызай жеңге алған тоқалы Жезбике анамыз деседi. Көтеншi мен Көктiң ұлының аналары солар. “Ұрпақтарым көктей өсiп көбейсiн!”деп ырым жасапты перзенттiң зары өткеннен. Әзiретi Қызыр Iлиястың аналарымызға жолыққаны, желеп-жебегенi рас болса керек, қалың ұрпағы – қара ормандай өсiп-көбейдi…

Сол елде, сол ауылда, аталас үш жiгiт туып-өстi. Бiздiң ендiгi хикая басқаша шертiледi. Бiр соғыс – үш тағдыр баян етiлмек. Жаңағы үш жiгiттiң тағдыры. Соғысымыз – Ұлы Отан соғысы. Бiз Ұлы Жеңiс деп атап тойлап өткен, талайлардың тағдырын талқан еткен бiз көрмеген соғыс туралы хикаят бұл.

Соғыстың алды. Үш кейiпкер кiм едi?

Бiрiншiсi – Жомарт Сауытбеков

Құжатта 1907 жылы туған, 1944 жылы соғыс қашқыны ретiнде атылған. Алғидың даласында аң аулап, қырғауыл атып жүрген, Шардараның мал дайындау мекемесiнiң жұмысшысы едi. Руы – Алғидың Әгi деген атасынан.

Жомарттың екi баласының бiрi – Үсей iрi едi, қайтыс болған, Сапары – дембелше келген, “Көксу” кеңшарында тұрады. Құм елi “Жомарт банды” деп ат қойған, Жомарт тағдырының салқыны балаларына тимей қойған жоқ.

– Әкемнiң сүйегiнiң қайда екенiн бiлмеймiн. Орыстар, большевиктi атқан ақ гвардияшысын да ақтап, мақтап жатыр ғой. Әкемнiң аты қағазда шықса, ақталғандай болар едi, ас та берер ем. Қазiр Ұлы Отан соғысына әртүрлi баға берiлiп жүр ғой, – дейдi Сапар. (Рас, әке сүйегi Шымкент маңында қайтпаста жатыр, бiрақ, Шыңғыс Айтматовтың бағы әркiмге бұйыра бере ме, Бiшкектiң қасынан ардақты әкесiнiң қабiрiн тапқан. Қайтпасты күнде мылтық даусы шыққан отыз жетiншi жылдары Албастысай деп атаған екен. Кейiн Қайтпас дептi, кеткен адам қайтпаса қайтсiн!?).

Екiншi кейiпкерiмiз – Күнтуған ақсақал

Нью-Йорктiң Бруклин ауданында тұрады. Жетiсайдың Құрбан ата ауылында өскен. Соғыс тұтқыны. Бұрынғы Кеңес колхозшысы. (Күнтуғанға кеңiнен тоқталамыз. Тiптi, Ұлы Жеңiстiң 60 жылдығы қарсаңында да соғыс тұтқындары қандай халде тұтқынға түскенiне қарамастан заң жүзiнде әлi ақталған жоқ. О дүниенiң босағасында Құдайдың өзi ақтар).

Үшiншi кейiпкер – Мырзақадыр Нұрбаев

1909 жылы туған, 1961 жылы қайтыс болған. Оның еңбек кiтапшасында – 1941 жылдың 10 июнь күнi Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Председателi болып сайланғаны жазылған. Он екi күннен соң соғыс басталды. Қырық үшiншi жылдың 29 қаңтарында Қазақ ССР Заң халық комиссары болып бекiтiлдi. Отыздан ендi асқан жiгiттiң қалаған адамын соғыстан қалдырып бронь беруге құдiретi жететiн.

Елдiң айтуына қарағанда, Жомартқа да, Күнтуғанға да, Мырзақадырдың өзiнiң туған екi iнiсiне де соғыстан қалу туралы ұсыныс айтылған. Отансүйгiш мiнездер әскери комиссариат есiгiн тоздырып, ақыры майданға аттанды. Заң министрiнiң өзiн де кiнәлаушылар табылды. Екi iнiсiн Сталинград шайқасы жұтты. Обал-дағы ай!

Сонымен, “күндей күркiреп” (Қасым) соғыс өттi. Бiз жеңдiк. Бұл кiмге жеңiс болды? Кiмге жеңiлiс болды? “Қашқын” атылды, “тұтқын” Америкада, “Заң” халық комиссары да соқтықпалы, соқпақсыз жол кешiп өмiрден өттi…

1. Қашқын немесе Жомарт банды

Аты-жөнiн айтуды қаламаған адамның куәлiгiнен:

– Жомарт 1942 жылы армияға аттандырылды. Сол жылы қашып келiп құмға барып киiк атып, ауылға да жоламай, елге де көрiнбей жүрген. Сөйтiп НКВД-ның iздеу тiзiмiне iлiктi. Жоғарыдан “ұстап тапсырыңдар” деген нұсқау келген соң жан-жақтан iздедiк. 1942 жылы мен аудандық милицияның бастығымын, бұлар облысқа топтанып жүрген банды деген атпен мәлiм болып қалды. Қызылқұмға да Шардараға да сол әңгiме бұйрық түрiнде айтылды. Ол кезде облыстық НКВД жанынан бандитизммен күрес бөлiмi ашылған болатын. Қашқындар он екi адам деген хабар алып бiрнеше топ боп iздедiк. Бимырза құдық, Орақ қазған, тағы басқа жерлерде атысып-тартысып ұстай алмаған қалғанымызды ұзақ айтып неғылайын. Менiмен бiрге болған адамдардың ешбiрiнiң де атын айтпаймын, шырағым. Араласып жатқан елмiз, бала-шағалар қырғи-қабақ болып кетедi. Аталған бөлiмнiң бастығы Сыздықов деген едi. Қашқындар окопты қазып алған, ешкiмдi жақындатпайды, барсаң атады. Сыздықов:

– Сен соны әдейi ұстамайсың, – деп менi Жомартпен байланысты етiп ұрса бердi.

– Сен жауапты болсаң, қағаз берсең, атып өлтiрiп берейiн, – дедiм ашуланып. Түнiмен жүрiп таң ата бардық. Жақындағанда шайла-қостары көрiндi. Қап кетуге қорықтым. Олар бiздi көрген соң окоптарына жүгiрiп кiрiп кеттi. Сайға түстiк. Олар атты. Пулеметтiң оғы аттың жүгендерiн кесiп кеттi. Сайда қамалып қалдық. Сыздықовқа:

– Алшы ендi мықты болсаң, – дедiм. Сесi қайтып қалды.

– Сендер жатыңдар, мен қырға барайын, мылтық атып тұрыңдар, оған дейiн мен қырға шығып қаламын–дедiм.

Қырдың басына шықтым. Бұтаның арасынан аттым. Бiреу мылтығын көтердi. Атып ем мылтығы ұшып кеттi. Түнiмен жүргемiз, ұйқы қысып тұр, су жоқ, күн ыстық, тiл ауызға сыймайды. Шегiнiп барып ұйықтадық. Тұрсақ бәрi қашып кетiптi.

Бiраз күннен соң Орақ қазғандағы жылқышыдан естiп барып iздеп, тағы айырылдық. Ордапан деген жерде топты үш бөлiкке бөлдiк. Ең алысы Оспанқұдыққа мен кеттiм. Бiр қақпаншы аңшының үйiнде кездесетiн болдық. Кешiгiп жете алмай қалдық. Жомарттың iзiмен барсақ окоп та бұзылыпты, қостары өртенiптi. Ұстап әкеткен екен ғой деп үш адам шаба-шаба жақындадық. Қырдан Әбiшқұдық жақтан мылтық, винтовка атысы естiледi. Екi топ та жиналып қалыпты. Топ адамдарына айттым:

– Сендер тұра тұрыңдар, мен барып сөйлесейiн, әйтпесе адам шығын болады, – дедiм. Жақындап бiр сексеуiлдiң түбiнен:

– Жомарт, шық, – дедiм. Даусым бұзылыңқырап шыққан едi ыстықта су iшкеннен.

– Бәленшеев болсаң шығамын, – дедi.

– Бәленшеевпiн, – дедiм.

– Адамдарыңа айт, атып қоймасын. Сiзбен сөйлесемiн.

Айғайлап адамдарға айттым. Жомарт окоптан шықты.

– Сен менi бүгiн жiбер. Өз еркiммен барам.

Өстiп сөйлесiп отырғанда түс қайтып бесiнге жақындады. Мылтығын жерге қойып, окопқа бұрылса атып қоюым мүмкiн, әңгiмеге әлi салып отыр. Қырда тұрып облыстан келген Мойсеенко деген орыс айғай салды:

– Жомарт астын қазып құмға кiрiп бара жатыр. Шықсын. Шықпаса атамын, – дедi. Мен де амалсыз:

– Өт ендi, әйтпесе қазiр басамын, – деп едiм амалы жоқ шетке шықты. Қанжары бар екен. Iшiндегiсiн алып лақтырып жiбердi. Төбедегiлер тура шауып жетiп келiп байлады. Кеңсеге ұстап әкелiп қамадық. Әйелi жарамды адам едi:

– Балаларына көрсет, – дедi. Көрсеттiм. Әйелi ұрысты:

– Өзiң қатарлылар соғысқа барды, не бiтiрдiң қашып жүрiп…

Ертеңiне өзiм бас болып қолға түскен серiктерiмен қоса Шымкентке апарып тапсырдым. Тергеуде бәрi Жомартты қаралап кеттi. “Бiз ақымақ болдық, немiс пәлен жердi алды, түген жердi алды дегенге сенiп, кеп қалар деп жүрдiк”. Сот қысқа тергеп Жомартты атуға үкiм шығарды.

Оған дейiн атылатындар камерасында отырды. Серiктерi 10-15 жылдан алды. Облыстағы НКВД бастығы Федотов деген кiсi түнде көргiсi келiп:

– Жомартты әкелшi көрейiн, – дедi. Iшкi түрмеден алып келдiк. Милиционер тұр.

– Жомарт сен бе?

– Иә.

– Как дела?

– Нешауа, – дейдi. Алып кеттiк. Қаншама топпен шайқасып жүрген Жомартты әлгi орыс бiр алып адам деп ойласа керек. Кетерде Жомартқа жолығып кетейiн дедiм.

– Мен ақымақтық қылдым. Сенен басқа досым қалмады. Балаларға колхоздағы сиырды бергiз. Қас емеспiз ғой, – дедi. Мақұл болдым. Балаларына колхоздағы сиырды бергiздiм. Кәмпiс қылатын түгi де жоқ едi. Бұл оның соңғы өтiнiшi болды. (Уақыт солай. Заң солай. Орталықтың бұйрығымен бiр қазақты бiр қазақ ұстап берiп, ол атылып жатқан заман. Неге жоғарыдағылар қазақты қазаққа ұстатуға мақсат тұтты екен. Құмның елi Жомартты қашқын демей, батыр сипатында еске алып есiмiн құрметтейдi. Неге? Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Әлде басқа мемлекеттiң жерiнде болған соғысты халық iштей жек көрiп сол кездегi үкiмнен қорықты ма екен?).

2. Тұтқын Күнтуған

– Айтсам сенбейсiң ғой, – дедi ауыл молдасы Мейiрбек қария. Күнтуғаннан соғыста хабарсыз кеттi деген қағаз келгенде анасы оның өлгенiне сенбейтiнiн айтып едi. 1973 жылы дүниеден өткенiнше сенбедi кейуана. Ұлын iздеп зарлайтын қара кемпiрдiң әнi бар ғой тура сол сияқты. 1960 жылы Мұхтар Әуезов Америкаға барғанда үйiне қонаққа шақырған қазақ Күнтуған екенiн естiп “О, тоба” деп жағамызды ұстадық. Соғыста опат болыпты деп жүрген Күнтуған тiрi екен. Жалғыз шешесi жанарының жасы кепкенше жолға қарап күттi. Екi елдiң арасы салқындау тұс едi. Америкаға аяқ жетпедi, Күнтуғанды КГБ жiбермедi. Құдай сәтiн салып бiр күнi өзi келдi. Өкiнiшке орай анасы бiр жыл бұрын дүние салған едi. Соғыстан бұрынғы қарашаңырақ үйiнiң орнына құрбандық шалып құран оқыттық…

Жақында “Аттан” халықтық штабы Нью-Йоркке барды. Нью-Йоркте Күнтуған ақсақал қазақ бауырларымен жылап көрiстi. Орта бойлы, қара сұр жүздi, жүрiс-тұрысы ширақ, мақалдың майын ағызатын Күнекең соғыс кезiнде тұтқынға түскен. Атақты Мұстафа Шоқаевтың Түркiстан легионында болған. Тұтқынға ауыр жараланып құтыла алмайтын болғандықтан амалсыз түскен. Өз қайғы-қасiретi өзiнiң iшiнде жатқан қарияның айтары көп.

Оның бiрi былай:

– Соғыс аяқталған 1945 жылдары Германиядағы тұтқындарды елге қайтару жөнiнде әңгiме шықты. Бiздi елiмiз кешiредi. Сондықтан мыңдаған қазақ, қырғыз, өзбек жiгiттерi атып жiберсе де Отанға қайтамыз деп шештiк. Бiрiншi эшалондағы мыңдаған тұтқын Брестке жеткенде “сатқындар” деп әдейi өртеп жiберiлдi. Өртке жартылай күйiп одан қашып шыққандар бiзге қайта келiп: “бәрiбiр сендердi де өртейдi, одан да жандарыңды сақтаңдар. Елге әйтеуiр бiр қайтарсыңдар”, – дедi. Германияда қалдық.

Күнтуған немiс қызына үйлендi. Жиырма жылдан астам уақыттан берi Нью-Йоркте тұратын Күнекеңнiң үйiнде Америкаға аяғы жеткен қазақ зиялылары болған. Атақты өнер қайраткерi Шәкен Айманов дастарқанынан дәм татқан. Дәлелдеуi қиын бiр шындық, Күнекең “Америкадағы ашықтығы үшiн Шәкеңдi КГБ тыңшылары авто апат ұйымдастырып Мәскеу өлтiрдi” деп отыр. Кеңес үкiметiнiң 30-шы жылдардағы сойқаны, орыс шовинизмiнiң зұлымдығы, репрессия қырғыны туралы айтар әңгiмесi бiр кiтап. Сексенiншi жылдарда атамекенiне келiп кеткен Күнекең дiнiн, тiлiн ұмытқан жоқ. Қайда жүрсе де орысша сөйлейтiн қазақ жастарын, кәрi, жасына қарамай арақ iшетiндердi көрiп көңiлi қалыпты. Халықты мәңгүрт қылған коммунистiк тәртiптiң заңдарынан шошыпты. Дегенмен тәуелсiз Қазақстан күштiлерге жем бола бермей ертерек ел қатарына қосылса екен. Ол үшiн Америка, Жапония, Германия сияқты елдерден мәдениеттi үйренсе екен дейдi. Шетелге талай қазақ келдi. Көбi арақ iшiп, көңiл көтередi. Халқына пайдалы нәрсенi бiлуге ұмтылмайды. Жүрiс-тұрысы осындай сұйық адамдардың халыққа жаны ашымайды. Жақсылық жасамайды. Коммунистiк рухта тәрбиеленiп, ел басқарған шенеунiктер жұртты аямайды, өз пайдасынан басқа ешнәрсенi ойламайды.

Күнтуған сексенге жақындаса да машина рөлiнде отырып “Аттан” штабының жiгiттерiне көп жәрдем бердi. Әдептi, сұлу немiс әйелi екеуi қазақстандық қандастарын қонақ етiп күттi. Жиһазға толы, ыдыс аяқтары жап-жаңа, дастарқаны бай оның үйiнде алты-жетi адам дәм татып, iшiмдiксiз қонақ болыпты. Бизнес қуған екi ұлы бар. Бөлек тұрады. Үйленбеген. Американдық салтқа үйренген.

Егер атамекенде болып қазақ салтын сақтаса әлдеқашан үйленер едi. Бұл жақтың заманы солай. Оларға не айтарсыз. Бәлкiм қандас қыздарды iздеп жүрген шығар? Күнтуғанды Қазақстанның қазiргi дағдарысы, сорақылық күн көрiсi қатты ашындырады. Елiн сағынғанда күйiнгеннен күледi, ашынғаннан жылайды. (Мен кешегi соғысқа сұранып барып, бастан аяқ қатысып, қанын төгiп, денесiн мүгедек етiп, майдангер атанып, бүгiнде үш-төрт айлар бойы жартымсыз зейнет ақысын ала алмай, сонда да “құдайға шүкiр, сендер барсыңдар ғой” деп он баласын медет тұтып отырған әкемдi ойладым. Сонда бұл кiсiлер кiм үшiн соғысты? Соғыс кiмге керек едi? Жеңiс кiмдiкi? Жеңiлiс кiмдiкi? Мен бұл сұрақтарға жауап бере алмаймын.).

3. Заң халық комиссары Нұрбаев немесе идеология құрбаны

Мырзақадыр Нұрбаевтың әңгiмелерi Вышинский, Маленков, Шаяхметов туралы болып келетiн. 1939 жылдан коммунистiк партия мүшесi Мырзақадыр Нұрбаев үкiметтiң Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгiсi ордендерiмен, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегi үшiн” медалiмен наградталған. Шерiн тартқанда Вышинскийдi айтса (еңбек кiтапшасында НКВД кеңсесiнде iстегенi жазылмаса да) ол баяғы 37-жылдың зұлыматының режиссерi болған Вышинский ғой. Қаншама тағдырлар қолынан өткен Нұрбаевтың өкiнiшi өз басына жетерлiк едi. Екi рет Жоғары Советке депутат болған, Орталық комитеттiң ревкомиссиясына мүшелiкке сайланған, 15 жылдай сот төрағасы, заң министрi болып iстеген Нұрбаев коммунистiк идеологияның белсендi орындаушысы әрi құрбаны болған. Бiрақ өзiнiң бөлтiрiгiн жеп қойған қасқыр тектес мемлекеттiң құрбаны екенiн сезбей өттi дүниеден. Бәлкiм дүниедегi жалғыз бақыты сол шығар.

Мәскеудегi заң академиясын үздiк бiтiрген Мырзақадырдың әйелi Халима да орысша тәрбие көрген, европа әйелдерi сияқты темекi шегiп, арақ iшетiн, елтiрi, құндыздың жылдың төрт мезгiлiне арналған түрлерiн сәнмен киiнетiн, отызыншы жылдардағы Мәскеу мен Алматының сұлу ақ сары бойжеткенi едi. Заңды бiлiп туған заң қызметкерi Халимадан перзент көрмедi. Өзге әйелден Арыстан деген ұл көрдi. Министрдiң баласы болып өскен Арыстанның жегенi алдында, жемегенi артында едi. Дүние шыр айналып, достары сатқындық жасап, қызметтен босап, қапалықтың күйiгiнен iшкiлiкке салынып, денсаулығын бұзып, бауыр етi баланың дертiн бөлекше көрiп, азаптанып, оңала алмай өткен өмiрiне өкiнiп Мырзекең дүниеден қайтқанда артында әйелi Халима қалды. Есiгiнен ене алмағандардың көз жасы ма екен, Халима сал ауруымен ауырып қиналып қайтыс болды. Көне көздердiң айтуынша, өткен өмiрiне қатты өкiнiп жатыпты деседi. Арыстанның тағдыры да оңай болмады. Елге келген соң не қазақ бола алмады, не орыс бола алмады. Оның трагедиясы сондай. Өзiн-өзi асып өлтiрген бiлiмдi жiгiттi ешкiм түсiнген жоқ бұл өмiрде.

Мырзақадыр Нұрбаев адамдық құқықтар тек қағаз жүзiнде қалған, iс жүзiнде адам тағдыры тәлкек етiлген мемлекеттiң заңды өкiлi едi. Ондай мемлекетте қызмет те сатылады, қызметтегi адам да сатылады.

Ұят туралы түсiнiк тiптi де Америкадағы Күнтуғанның ойымен сәйкес келмейдi. Ал бiз оны тұтқын деймiз ғой.

Мырзақадыр Нұрбаев дәуренi жүрiп тұрғанда талайды соғыстан қалдырды. Талайды оқытты. Талайға жұмыс берiп, талайды тәрбиеледi. Көбi үмiтiн ақтамады. Жақсылығына қайырым жасамады. Ауырып жатқанда көңiлiн сұрамады. Қайтыс болғанда бiрауыз жел батасын да жасауға жарамады.

Бiр соғысқа қатысты үш тағдырды айттым. Қашқынның ұрпағы құдай көз жасын көрдi ме екен өсiп-өнiп келедi. Америкадағы тұтқын бiздiң мүгедек майдангерлерден тұрмысты тұрады. Халық комиссарының Кеңес өкiметi құлады. Сонда соғыс тағдырын шешкендердiң адамнан қайтпаған қайырымын қайтарып, жақсылығын жасап тұратын бiр құдiреттi күш бар шығар. Кiм бiлед?

Менiң бiлетiнiм, Жеңiс күнi теледидарды тыңдасаңыз – орыс халқының жеңiсi дейдi. Кешегi қазақтың және басқа ұлттың төгiлген қанының сұрауы жоқ. Әрберден соң бес саусақты алтау деп айта алмайтыным сияқты, бұл соғыс, Отан қорғау, менiң сүйiктi Қазақстанымның жерiнде болған жоқ қой. Менiң көкелерiмнiң сүйегi кең байтақ СССР-дiң территориясында, шетелдерде азаттық үшiн құрбан болғандардың қабiрлерiнде шашылып жатыр ғой. Сонда бұл соғыстағы жеңiс, жеңiлiс кiмдiкi?

…Мен соғыс көрмеген ұрпақтың өкiлi, балабақша, мектеп, аурухана, демалысы үшiн және адал еңбегi үшiн өз адамдарына ақы төлей алмайтын мемлекетте тұрғаныма өкiнемiн. Мағынасыз соғысты жек көремiн.

* * *

Хасен Оралтай “Азат” газетiнде 2005 жылы күздi күнi Күнтуған ағайдың қаза болғанын жазады.

Әттең, Күнтуғанның күнi тумады. Есiл ердiң жатқан жерi жайлы боп, Алла-тағала қабiрiн пейiштiң нұрымен нұрландыра көрсiн!

Сондағы әсермен жазылған “Туған жер” деген өлең едi. Әншi, композитор Ержан Арзықұлов орындап жүр.

Туған жер, гүлдене бер, майдай болып,

Көзiме көрiнесiң айдай болып,

Әркiм де туған жерiн мақтан етер,

Несiне айтысасың дай-дай болып.

Шеттесең туған жерден тағдыр айдап,

Көрер ем жүргенiңдi қандай болып.

Жат жерден топырағы бұйырған бар,

Қайыршы, қаңғып өлген жандай болып.

Алыстан ат арытып келгенiңде,

Жарқырап елiң шығар таңдай болып.

Құшасың балаларды кейiнгi өскен,

Апыр-ай, кеттiң бе деп дардай болып.

Сүйесiң сақалынан қарияларды,

Сәлем бере келгенде нардай болып.

Аумағы қара жердiң шардай болып,

Туған жер шақырады шамдай болып.

Қара көз сағыныштан жасаурайды,

Қара нан, iшкен шайың балдай болып.

Дәм-тұзын татқан елдi еш ұмытпа,

Қырық күн сәлем беру заңдай болып.

Деген бар, бiр күн бiлiс екi күн таныс,

Жүресiң бiр туысың бардай болып.

Дүниенiң бұрышында жүргендер бар,

Ерiксiз айдап барған малдай болып,

Кiр жуып, кiндiк кескен Атамекен

Аппақ боп жүректе тұр – ардай болып.

10.ХI.1997 ж.

Мылтықбай ЕРIМБЕТОВ, Жазушылар Одағының мүшесi