ҰЙҒЫР ЗИЯЛЫЛАРЫ КЕҢЕСУГЕ КЕЛМЕДI

ҰЙҒЫР ЗИЯЛЫЛАРЫ КЕҢЕСУГЕ КЕЛМЕДI

ҰЙҒЫР ЗИЯЛЫЛАРЫ КЕҢЕСУГЕ КЕЛМЕДI
ашық дереккөзі

Елiмiздiң ауасын жұтып, суын iшiп жүрген ұлт пен ұлыс өкiлдерi, дәлiрегiнде, диаспоралар тату-тәттi өмiр сүрiп жатыр деп мақтан етемiз. Әрине, бiр шаңырақтың астында тiрлiк кешкен соң өзара бiрлiкте, ынтымақта болғанға не жетсiн! Бiрақ та кейiнгi жылдары қоғамды дүр сiлкiндiрген Шелектегi ұйғырлардың, Маловодное мен Маятастағы шешендердiң, Атырауда түрiктердiң озбырлық әрекеттерi татулық пен ымырашылдықты паш ете ме? Одан қала бердi, былтыр Еңбекшiқазақ ауданы, Малыбай ауылында 4 баланың әкесi Айдынның жергiлiктi қылмыскерлердiң қолынан айуандықпен өлтiрiлуi ненi меңзейдi? Бұл өлiмге қатысты сот процесiне нүкте қойылып, қолын қанға былғаған екеудi абақтыға тоғытқан соң, артынан көп ұзамай өрiмдей қазақ қызы жапа шегiп, зорлықтың құрбаны болды.

Тiзе берсек, көп. Өзi де қанап тұрған жараның бетiн қанша қымтасақ та, тоқтар емес. Бiр емес, бiрнеше рет. Тiптi, кейбiрiн жасырып-жауып жатқан жергiлiктi билiк мұндай бассыздықты жәй ғана бұзақылық әрекетке балауға әдеттенген. “Тәйт” деп ақыл айтудың орнына, өрекпiп тұрған жастардың қолтығына су бүркуге құштар олардың ұлтаралық бiрлiктi ұстап тұруға деген құлшынысын әсте байқамадық. Солардың көпе-көрнеу, лепiрме сөзiн iлiп әкететiн билiк те елiмiзде ұлтаралық қақтығыстың жоқтығына имандай иланады. “130 ұлт пен ұлыс өкiлдерi тұратын Қазақстанның халқы бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып отыр” деп бәрiне көз жұма қарайды. Неге? Өйткенi, бiздiң ең басты имиджiмiз де осы. Малыбай ауылының тұрғыны, қазақтың арыстай азаматы Айдын Халықовтың өлiмiнен соң “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшiм бастаған ұлт патриоттары осында келiп, жергiлiктi атқамiнерлер мен ауыл қарияларының басын қосып, екi ұлттың жастары арасында өршiп тұрған мәселеге қатысты әңгiме-дүкен құруға шақырған едi. Әсiресе, дәл осындай әр ұлттың өкiлдерi қоныс тепкен елдiмекендердi аралап, ой-пiкiрлерiн бiлiп, тәрбие жөнiнде кеңiнен насихаттауды көтердi. Алайда, “күл болмасаң, бүл бол” деген саясатты ұстанған тұрғылықты жұрт пен басшылар бұл бастаманы оң көрмегенге ұқсайды. Олардың iс-әрекетiнен жерiнген “Ұлт тағдыры” қозғалысы бұл шараны өздерi бастап кеп жiберiп, былтыр Алматы, Жамбыл, Павлодар, т.б. облыстарда болып, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзiп келдi. Негiзiнен бұл қоғам болып жұмыла шешетiн iс. Оны бiр ғана қоғамдық қозғалыстың мойнына жүктеп қою қисынсыз. Бұнымен мәртебесi былтыр ғана заңмен айқындалған, аты дардай Қазақстан халықтары Ассамблеясы неге айналыспайды? Әншейiнде ұлт пен ұлыстың бiрлiгi мен татулығын ғана көрiп, соны аузының суы құрығанша насихаттайтын ассамблеяның негiзгi мiндетi не? Хош, бұл асқынып кеткен дертке ассамблея көз қырын салғысы келмесе, ендi мұнымен ат төбелiндей ұлт патриоттары айналыспақшы. Бiр-екi күндiкте “Қазақстан-Zaman” газетiнiң ұйымдастыруымен “Қазақ пен ұйғыр: бiр ұлт боп ұйыса аламыз ба?” деген тақырып шеңберiнде болып өткен дөңгелек үстелге жүрегi қазақ деп соғатын зиялы қауым өкiлдерi мен ұлт патриоттары жиналды. Олар бұл басқосуда қазақ пен ұйғыр арасында орын алған ұлтаралық қақтығыстар жөнiнде және Ұйғыр мен Панфилов ауданының атын өзгертуге байланысты мәселенi бiрлесiп талқыламақ болды. Бiр айта кетерлiгi, бұл жолы осы уақытқа дейiн бiр үстелдiң басында отырып, ашық әңгiме өрбiтпеген қазақ пен ұйғыр зиялылары жиналады деп күтiлдi. Бiрақ та шақырылған қонақтардың iшiнде әлдеқандай себептермен келе алмаған Ұйғыр Ассоциациясының төрайымы Тамара Мәметова, “Уйгур Авази” газетiнiң бас редакторы Юлдаш Азаматов, “Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы” қоғамдық бiрлестiгi төрағасының орынбасары Тұрған Розахунов және Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр бөлiмiнiң жетекшiсi, жазушы Ахметжан Аширов төбе көрсетпедi. Дөңгелек үстелдiң көздеген мақсаты аты айтып тұрғандай, елiмiздегi кез келген диаспора мемлекет құраушы негiзгi ұлт – қазақтармен бiрге ұлт болып ұйысудың жолын iздеуi тиiс. “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшiм: “Қоғамды дүрлiктiрген ұйғыр мәселесiн ұйғырлармен бiрге отырып шешейiк деп едiк. Солардың зиялы қауымын, халқы тыңдайды-ау дейтiн азаматтарын жинаймыз деп күттiк. Бiрiншi кездесуге келмегенiне ренжемей-ақ, бұны аяғына жеткiзуге бел буа кiрiсейiк. Бiз кезiнде 1990 жылдары ұйғыр мәселесiне өте көп көмектестiк. Шығыс Түркiстандағы ұйғыр мәселесi жөнiнде талай қалам тербеп, ту етiп көтердiк. Кейiннен Тәуелсiздiк алғаннан кейiн диаспоралардың басым көпшiлiгi (қырғыздан басқасы) орыс бағытымен кетiп, аяғы әлгiндей жағдайларға тiрелдi. Яғни, ұйғыр мәселесiн 17 жылдан кейiн қайта қолға алуға тура келдi. Менiңше, олар тек Үкiметтiң жинаған отырысына ғана келетiн сияқты. Облыстық iшкi саясат бөлiмiне және Алматы облыстық ассамблея бөлiмiне шығып, ресми емес түрде сөйлесу керек сияқты. Яғни, оларды жинап беруiн сұрап, бiрге отырып бағытымызды айтып, әңгiмелесу қажет” десе, қазақ тiлiнiң жанашыры Асылы Осман: “Ералы Тоғжанов ниет етсе, бiраз қауымның басын қосатын едi. Олардың сөзiнiң бәрi жалған. Неге бiзде ашықтық болмайды? Бүгiн бiз кiмнен қорқып отырмыз? Ассамблеяның негiзгi мақсаты – елiм берген еркiндiкке байланысты басқа ұлт өкiлдерiн ұйыстыру керек” деген күйiнiшiн бiлдiрдi. Отырыстың негiзгi ұстанымы – Еңбекшiқазақ, Панфилов, Ұйғыр ауданының атын ауыстыру болды. Ел тыныштығын көздеген ұлт патриоттары бұл орайда Үкiметке де өз ұсыныстарын жеткiзiптi. Белгiлi жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы: “Қазiр аталған ауданның атын өзгертуге байланысты БАҚ-да да көп айтылып, жазылып жүр. Кезiнде Ұйғыр ауданында Шарын қонысы болған. Сондықтан да, бұл ауданды Шарын десек болмай ма?!” деген ойын бiлдiрдi. “Оның атын ұйғырлар қойған жоқ. Бұл атау Кеңес өкiметiнiң халықты бөлетiн саясатының негiзiнде қойылған. Егер бүгiн ұйғыр азаматтары келсе, жер атауын өзгертудi Ұйғыр ауданынан бастап, одан кейiн Павлодар, Петропавл атын ауыстыруға өздерi бастап мұрындық жасайтын едi” деген Дос Көшiм: “Ұйғыр ауданы атауының өзi – Ұйғыр автономиясы дегенге негiз болып тұр. Бiрақ, жергiлiктi жұртқа бұның еш уақытта болмайтынын айтып түсiндiру тиiс. Оны мойындату керек” деп түйiндедi. Кейiнгi кезде зиялы қауымның қитығына тиiп жүрген тағы бiр мәселе – Қасым Мәсiмидiң “История уйгурской державы” атты үш томдық еңбегi. Бұл еңбекте қазақ түгiлi барлық түркi жұртының түпкi тамыры болып есептелетiн Ғұндар ұйғырлардан таратылған деп бұрмаланған. Тарихымызды терiске шығарып, өзiнше ғылыми еңбек жаздым деп ойлаған Қасым Мәсiмидiң арандатуға негiзделген кiтабы туралы газетiмiзге сұхбат берген Бексұлтан Нұржеке-ұлы бұл отырысқа аталмыш еңбектiң екiншi томын ала келiптi. “Егер кiтапты әдепкiде тексерiп, таралуына тез арада тыйым салғанда, екiншi, үшiншi томының шығуына тосқауыл қояр едiк” деген әттеген-айын жеткiздi. Бiр сорақысы, бұл кiтапта тарихта болмаған ұйғыр державасын қолдан жасаған. Моде бастаған Ғұн империясын ұйғыр империясы қылып көрсеткен автор: “Бiз ғұн, сақтан тарайтын түркi тектес ұлтпыз демейдi, әуелi сақтарды, үйсiн мен қыпшақты, түркештерiңiздi ұйғырдан тараған деп көрсетедi” деген жазушы тарихшы-ғалымдардың нелiктен селт етпей отырғанына таңданысын жасырмады. Ал “Қазақстан-Zaman” газетiнiң бас редакторы Ертай Айғалиұлы: “Бүгiн ұйғыр азаматтары келмедi. Бұл олар үшiн ұят нәрсе. Неге келмедi? Қарасаңыз, басқа ұлттарға жағдайды үйiп-төгiп берiп жатқан Қазақстан секiлдi мемлекет жоқ. Ресейде, 1 млн.-нан астам қазақ бар, есесiне бiрде-бiр қазақ мектебi жоқ. Ал бiзде, ұйғыр, орыс мектебi жетерлiк” дедi. “Биыл әкiмшiлiктен 570 млн. теңге диаспоралардың мәдени орталықтарына бөлiнген. Яғни, бiзде қазақтан басқасының бәрiне жағдай жасалып жатыр. Дәмхана, асхана, мейрамхананың бәрi өзбектiкi, ұйғырдiкi. Ал Өзбекстанда тек қана ұлттық дәмхана ғана бар. Иә, бiз кең халықпыз. Бiрақ мұны өзгелер түсiнiп отыр ма?” деген “Алаш” тарихи-зерттеу орталығының төрағасы Хайролла Ғабжәлелов қонақжайлылықтың да әкелетiн керi жағын тiлге тиек еттi. Әрине, дөңгелек үстелге қатысқан кез келген ұлт жанашырының пiкiрiнен бiр тобықтай түйiн шығаруға болады. Алайда, диалогтан гөрi монологқа айналып кететiн бiздiң басқосулар сөзден iске тезiрек көшсе екен дейсiң. Күлтөбенiң басында өзiмiз ғана жинала бермей, басқа диаспора өкiлдерiмен де ашық әңгiме алаңын жасау қажет. Алғашқы жиынға ұйғыр зиялылары не себептен келмедi? Бәлкiм, саясаттанушы Болат Дүйсембi айтпақшы, ұйғырлар да өзара тайталасып, мәмiлеге келе алмай, қырық пышақ болып жатқан шығар, кiм бiлсiн?! Бұл тек бiрiншi ғана отырыс. Ұйымдастырушылар келмей қалған ұйғыр азаматтарын тағы да шақыратынын айтып, арнайы меморандум жасап, бұл жәйттi соңына дейiн жеткiзетiн боп тарқасты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ