Жаңалықтар

ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛЕ МЕ?

ашық дереккөзі

ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛЕ МЕ?

Клиникалық өлiмдi бастан кешiрген адамдар сол сәтте не көредi? Кiмдi көредi?

Естерiңiзде болса, “Коматозники” атты кинода Джулия Робертс бастаған бiр топ студент медиктер клиникалық өлiмнiң халiн өздерi байқап көрудi ұйғармайтын ба едi. Бәрiмiзге беймәлiм ана жақтағы өмiрге саяхат жасап келген студенттердiң ашқан жаңалығы таңқалдырды. “Коматозниктер” “ана жаққа” барғанда бiрiншi болып кiмдi көрдi? Иә, дәл таптыңыз өздерi ренжiткен адамдарды… Ал сол 5-6 минут аралығында өлiммен арпалысып жатқан адам не көредi? Шынымен де өлiмнен кейiн өмiр бар ма, әлде сол уақытта ми аралықтары сiзбен жұмбақ ойынын ойнап жатыр ма? Осыған байланысты 1970 жылдан бастап Америка ғалымдары түрлi зерттеу жұмыстарын жүргiзiп жүр. Сол жылдары психолог Раймонд Моудидiң “Өмiрден кейiнгi өмiр” атты кiтабы жарық көрген болатын. Психологтың пайымдауынша “тәннен тыс өмiр сүрудiң” келесi талаптары бар екен: — Бүкiл дене құрлысының жансыздануы; — Жағымсыз дауыстардың естiлуi; — Өлiм ауызындағы адам өз денесiнен белгiлi бiр жылдамдықпен шығып тоннель арқылы жарыққа ұмтылуы; — Өткен өмiрiнiң көрiнiстерi көз алдынан өтуi; — Ол бақилық болған достары және туыстарымен кездесуi. “Ана өмiрге” барып келгендердiң санасы екiге бөлiнетiн секiлдi. Олар бәрiн бiлiп жатады, бiрақ қасындағы адамдарға беттей алмайды. Америкалық ғалым Кеннет Рингтiң ашқан жаңалығы әлемдi таңдандырды. Оның пайымдауынша, тiптi көзi көрмейтiн адамдар да клиникалық өлiмде жарық түстi көре алады екен. Ғаламторда, Ресейлiк газеттерде перiштемен, қайтыс болған туысымен кездесiп келдiм деген мақалалар өрiп жүр. Бiздiң Қазақстанда да бiрдi-екiлi адам клиникалық өлiмдi бастан кешедi. Соның бiрi — Тулепердинова Әйгерiм жүрек ауруымен осыдан он жыл бұрын ауруханаға түседi. Бiр мезетте жүрегi қысып демала алмай ауырып жатқанда, жеңiлдiктi сезiнедi. Бейне бiр аспанда ұшып жүрген сияқты. Оны бiр алып күш тартып алып барады екен. Қап-қара дәлiзден ұшып келе жатқанда, алдынан жарық көрiнедi. Жарыққа ұмтыла бергенде қайдан келгенi белгiсiз анасымен бiр кiшкентай бала шығыпты. Анасын құшақтап жылайын десе, ол оны артқа қарай итермелеп: “кет бұл жерден, төрт балаңды кiмге сенiп қалдырып барасың?” деп қасына беттетпептi. Ал Әйгерiмнiң оралғысы келмептi, себебi сол мезеттегi жеңiлдiктi ешқашан сезiнбеген. Ол қипақтап жарыққа ұмтыла бергенде анасы “бұл жаққа келiп үлгересiң, қазiр артыңда қалған балаңды ойла” деген сөзiнен кейiн, тәнiмнiң қасына қалай келгенiмдi бiлмей қалдым. “Мүмкiн сол уақытта бiр оянған болуым керек,” дедi ана жақтың табалдырығын аттап келген жан. Бұл көрiнiстерге жауап бар ма? Ғалымдар өмiрдiң соңғы минутында адамның халiне жауап тапқан секiлдi. Бұл жұмбақты психолог Пайэл Уотсон шешiптi. Оның ойынша, бiз өмiрiмiздiң соңғы минутында ана жатырынан шыққанымызды еске түсiремiз. Және сол сәтпен өлгенде де қауышамыз. Себебi, ана пұшпағынан шыққан сәбидiң санасында не болып жатқаны бiзге беймәлiм. Менiңше, мұнда мидың қысымда болуы арқылы жан тәннен ажырап кетедi. Психолог Анна Мергенбайқызы клиникалық өлiмге психология саласында ешқандай түсiндiрмелер жоқ дегендi айтады. Ал Нұр Мүбәрак мешiтiнiң бас имамы Әдiл Мархабаұлы өмiрден кейiн өмiр бар дейдi. Өйткенi бiз ұйқыны да кiшi өлiммен салыстырамыз. Хадисте талма ауруының өзiн бiр өлiп қайтқанмен теңестiредi екен. Менiң досым суға батып бара жатқанында бiр секундтың iшiнде бүкiл өмiрi көз алдынан өтiптi. Сонда ол көзiн ашқандағы сөзi: “бұл өмiрдiң жалғандығын-ай!” дегенi. Бiздiң тәнiмiз өлгенменен жанымыз ешқашан өлмейдi. Және өлiммен өмiр арасында жатқан адамның рухы ұшып жүредi, оның ахиреттегi туысын көруi әбден мүмкiн. Бiздiң қазақстандық реаниматолог дәрiгер Лапин: “Клиникалық өлiмде болған адамдар тiптi сол сәттi байқамай да қалады” дейдi. Ал дәлiздi, перiштенi, құдайды көрдiм дегендер жүздiң бiреуiнде ғана мүмкiн. Бiрақ ол наркоздан немесе голлюцинациядан болады. Сол сәтте бiздiң миымызда оттегiнiң жетiспеуiнен көру қабiлеттiлiгi нашарлайды. Сондықтан да көру аймағы барынша кiшiрейiп орталық көру аймағы тек сызықша тәрiздi жердi қабылдайды. Жалпы бiз хал үстiндегi адамнан: “Сiз кеше өлдiңiз, сонда не көрдiңiз?” деп сұрай алмаймыз. Бiз тек кеше “Сiз қандай халде болдыңыз?” деймiз. Сонда көбiсi “қатты жүрегiм, иә басқа жерiм ауырды” деп қана жауап бередi. Отыз жыл осы салада жұмыс атқарсам да, бiрде-бiр адамның мен ана өмiрге барып қайттым дегенiн естiмедiм. Мұның бәрi халықтың сенiм нанымын нығайту үшiн айтылатын бос сөздер. “Өзiңдi сырттан әр түрлi кезде көруге болады,” — дейдi психолог маман Патрик Дбаврин. Оның пiкiрiнше, жанның тәннен тыс кетуiнiң сан түрлi кездерi болады, тiптi қарапайым стомотологиялық анестезиден кейiн. 2 секундқа ғана созылатын жанның тәннен ажырауы тiптi иогамен айналысатындар да, сондай-ақ, мигреньмен ауырған кезде кездеседi. Альпенистерде биiктiкке шыққанда миға оттегi жетiспеуiнен жан тәннен бiр сәтке ажырайды. Ондай жағдай косманавт пен ұшқышта да болады. Өлiм аузындағы адамның көз алдынан бүкiл өткен өмiрi не үшiн өтедi деген сұраққа да жауап iздеп көрдiк. Өлу процесi мидың жаңа құрылымдарынан бастау алып, ескiлерiмен аяқталады. Қалпына келу керi әсер бередi: бiрiншi “бұрынғы” ми аралықтары тiрiледi, содан кейiн жаңа ми аралықтарына жан бiтедi. Сол себептi де өмiрге оралғанда бiрiншi есiңе маңызды деген сәттер ғана түседi. Эдинбург патшалығының психиатры Крис Фрименнiң пайымдауынша, адамдардың көргендерiнiң бәрi дәлелсiз. Бiзге беймәлiм өмiрдiң суреттерiн олар жүрек тоқтар кезде немесе оның жанданған кезiнде көруi мүмкiн. Ал Ұлттық зерттеу орталығы мен 9-емхана бiрiгiп жасаған зерттеу жұмыстарында ана жақтан қайтып келгендердiң 500-нiң тек бiр пайызы ғана не көргендерiн есiне түсiре алды. Ғалымдардың пiкiрiнше, солардың 30-40% психикалық ауытқуы бар адамдар болып есептеледi екен. Сөзiмнiң соңын Раймонд Моудидiң пiкiрiмен аяқтағым келедi: “Мен “Өмiрден кейiн өмiр” бар екенiн дәлелдеуге талпынбаймын. Мұндай дәлелдеу тiптi мүмкiн екенiне де күмәнiм бар”.   Назым Әшiмхан