“ХАЛЫҚ БАТЫРЫ” ПАТРИОТТЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
“ХАЛЫҚ БАТЫРЫ” ПАТРИОТТЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Мемлекеттiк тiлдi дамыту президенттiк қоры “Атақазақ” қоғамдық бiрлестiгiмен бiрлесе отырып тарихта “Ұлы Отан соғысы” деген атаумен қалған ХХ ғасыр ортасындағы екiншi дүниежүзiлiк соғыста асқан ерлiк көрсетiп, алайда әдiлетсiздiктiң кесiрiнен “Кеңес Одағының Батыры” атағын ала алмай қалған қазақстандықтарды ұлықтайтын “Халық Батыры” жобасын бастайды.
Жоба мақсаты — өскелең ұрпақ жадына ата-бабаларының ежелден батыр, отаншыл болғанын сiңiру. Сол арқылы жас буынды елге, жерге деген патриоттық сезiммен тәрбиелеу. Әмiршiл жүйенiң озбырлығынан қағажау көрген аға ұрпаққа тәуелсiз ел ретiнде лайықты құрмет көрсету.
“Кеңес Одағының Батыры” атағына лайық болып, сол кезде осы атаққа ұсынылған, бiрақ әдiлетсiздiктiң кесiрiнен оған қолы жетпеген аталарымызға бүгiн тәуелсiз Қазақстан лайықты бағасын беруi керек. От кешкен олар дәрiптелуi қажет. Батыр туралы тарихи құжаттар сүзгiден өткен соң, яғни, оның кезiнде “Кеңес Одағының Батыры” атағына ұсынылғаны расталса, бұл адамды мәңгi есте қалдыруға лайық атақ-дәреже беру туралы ресми орындарға ұсыныс жасалады”, — дейдi қор директоры Берiк Әбдiғалиев.
Өз уақытында “Кеңес Одағының Батыры” атағын ала алмаған батыр аталарымыз елiмiздiң әр өңiрiнде баршылық. Соғыс қиыншылығымен қатар саяси қиянат көрген сол жандардың бүгiнгi үрiм-бұтағы, мұрагерлерi, туған-туыстары өз аталары туралы қолда бар мәлiметтi “Ана тiлi” мен “Алаш айнасы” газеттерiне хабарлауы керек. Мәлiмет-деректер Мемлекеттiк тiлдi дамыту қоры жанынан құрылған арнайы сарапшы, тарихшы мамандардың талқысынан өтедi. Жоба жыл бойы жүредi. Келер жылы соғыстың 65 жылдығы қарсаңында “Халық батыры” жобасымен анықталған батыр аталарымызды ұлықтауға үкiметке ұсыныс жасалатын болады.