Жаңалықтар

«ИIРКӨЛ» КЕНIШIНIҢ ИГIЛIГI КӨП

ашық дереккөзі

«ИIРКӨЛ» КЕНIШIНIҢ ИГIЛIГI КӨП

“Қазатомөнеркәсiп” ұлттық атом компаниясы Қызылорда облысында жаңадан екi кенiш ашты

Қазақстан ураны мен оның қоспаларын экспортқа шығаратын ұлттық оператор — “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК экономикалық қаржы дағдарысы әкелген ауыртпалықтарға қарамастан бiраз шаруаны еңсерiп тастады. Соңғы он жылда қадамы оңға басып, тасы өрге домалаған ұлттық компания белең алған жұмыссыздықтың да шешiмiн бiртiндеп тауып жатыр. Оған бiр дәлел, жақында ғана Жапон елiмен бiрлесiп Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында “Қорасан -1” уран кенiшiнiң ашылуы. Бұған дейiн 25 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етiп отырған “Казатомөнеркәсiп” ҰАК iле-шала iргелес Шиелi ауданында “Иiркөл” кенiшiн де ашып үлгердi. Осы екiншi кенiште қытайлықтардың да еншiсi бар.

Аталмыш жоба 2008 жылдың қазан айында Астанада қол қойылған келiсiм-шарттың жемiсi iспеттес. “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК мен Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы арасындағы стратегиялық әрiптестiк негiзiнде қолға алынған уран кенiшi жылына 750 тонна уран өндiруге тиiс. Бұл жобалық қуатқа шығуды кәсiпорын алдағы жылға межелеген. “Иiркөл” кенiшi атом энергетика саласындағы Қазақ-Қытай ынтымақтастығы аясында пайдалануға берiлiп отырған алғашқы өндiрiс орны. Биыл мұнда 500 тонна табиғи уран өндiру жоспарланып отыр. Жерасты ұңғымалы шаймалау әдiсiмен уран өндiру 25 жылға созылады. Бiр қуантарлығы, “Иiркөл” кенiшiнiң ашылуы Қызылорда облысының Шиелi ауданында екi қолға бiр күрек таба алмай жүргендерге жағымды жаңалық болды. Ә дегеннен 460 адамға жаңа жұмыс орнын беретiн уран кенiшiне жергiлiктi тұрғындар қабылданады. Оларды қажеттi мамандық бойынша оқытып, бiлiмiн жетiлдiру жағы да жоспарда бар. Оған қоса өндiрiс орны әлеуметтiк салаға да қолдау көрсетедi. “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК-ның “2010 жылға қарай — 15000 тонна уран” бағдарламасы аясында 2006 жылы құрылған “Семiзбай — U” ЖШС қазiрдiң өзiнде Шиелi ауданындағы әлеуметтiк жобаларды, атап айтқанда, табысы төмен отбасы мен студенттердi қолдауға, бiлiм мекемелерiн құрал-жабдықтармен жасақтауға қолын созып, жыл сайын 100 млн. теңге қаржы салып келедi.

Өткенге көз жүгiртсек, “Иiркөл” кен орнындағы барлау жұмыстары 1977 жылы басталған. Ал аса ыждаһатты түрдегi барлау 1982-1985 жылдары жүргiзiлген екен. Нәтижесiнде кен орнын өнеркәсiптiк ауқымда игерудiң тау-кен-геологиялық жағдайының қолайлы екендiгi айшықталған. Жер қойнауын өнеркәсiптiк игеру үшiн кәсiпорынға 18 925 тонна берiлген. Уран кенiшiн игеру жерасты ұңғымалы шаймалау әдiсiмен жүзеге асады.

“Иiркөл” уран кен орнының ашылу салтанатынан соң Алматыда бас қосқан компания басшылары ҚХР мемлекеттiк мүлiктердi бақылау және басқару бойынша Мемлекеттiк Кеңес Комитетiнiң құзырындағы iрi мемлекеттiк кәсiпорын Гуандун ядролық-энергетикалық Си-Джи-Эн-Пи-Си корпорациясымен бiрiккен кәсiпорын құру жөнiндегi меморандумға қол қойды. Әрине, екi елдiң iрi компаниялары қол қойған келiсiмнiң келешек үшiн маңызы зор. Бұл — “Қазатомөнеркәсiп” пен Си-Джи-Эн-Пи-Сидiң Қытай елiнде атом электр стансаларын салумен айналысатын бiрiккен кәсiпорын құруы жөнiндегi меморандум. Осы келiсiм аясында Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы әрiптестiгi бұдан да әрi дами түспек. Екi жақ стратегиялық әрiптестiк туралы Келiсiмге қол қойған кезден бастап, Қазатомөнеркәсiп пен CGNPC арасындағы екiжақты тиiмдi қарым-қатынас қарқыны жылдан-жылға қарыштап барады. Мұның нәтижесiнде, ортақ қызметтiң түрлi салаларында әрiптестiк туралы бiрқатар келiсiмдерге қол қойылды, соның iшiнде уран ресурстарын бiрлесе игеру, табиғи уран жеткiзу және Қытай атом стансаларына арналған ядролық отын шығару да маңызға ие. Екi елдiң ядролық отын тiзбегiнiң ең мықты буындарын бiрiктiрудегi кезектi қадам — атом электрстансаларын салумен айналысатын мамандандырылған бiрiккен кәсiпорын құру. Меморандумға сәйкес, екi жақ жаңа мамандандырылған бiрiккен кәсiпорын құрып, оның қызмет аясын анықтайды. Бұл негiзiнен атом электр стансаларының құрылысы, құрылыс менеджментi және АЭС ғимаратын бақылау жұмыстарын қамтымақ. Аталған БК CGNPC еншiлес кәсiпорыны Қытайдың ядролық-энергетикалық инженерингтiк компаниясы мен “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ арқылы қаржыландырылатын болады.

“Қазатомөнеркәсiп” ҰАК президентi Мұхтар Жәкiшев: “Бүгiнгi күнi бiз Си-Джи-Эн-Пи-Си компаниясымен бiрiгiп атқарған әр жұмысымыздың жақсы нәтиже бергенiне көзiмiз жеттi. Биыл бiздiң компания уран өндiру саласында әлемдегi бiрiншi орынға шығайын деп отыр. Сондықтан бiзбен жұмыс iстегiсi келетiн компаниялар жетерлiк. Бiз елiмiзге және компанияға тиiмдi болатын жобаларды қашанда қолдайтын боламыз. Бiздiң өнiмдер тек қана экспортқа бағытталған. Қытаймен бiрлесiп жұмыс жасауымыздың себебi, олар уранға көп тапсырыс беретiн ел. Оның үстiне қазiр атом станциясын салуды да жоспарлаудамыз” десе, CGNPC директорлар кеңесiнiң төрағасы Цянь Чжиминь: “Бұл бiздiң қазақстандық Қазатомөнеркәсiп компаниясымен әрiптестiгiмiздiң аясында жүзеге асырып отырған алғашқы қадамдарымыздың бiрi ғана. Болашақта уран өндiруде ғана емес, басқа да салаларды дамытуға әрiптестiк аясын кеңейтудi жоспарлап отырмыз” деп ағынан жарылды.

ҚХР “Ұлттық энергетикалық әкiмшiлiгiнiң” басшысы Чжан Гобаоның айтуынша, Қазақстан — қоршаған ортаға зияны тимейтiн уран өңдеу технологиясын меңгерген және табиғи уран ресурстарына бай мемлекет. Бiр қызығы, Қытай әлемдегi энергия таратушы iрi мемлекет болса да, уранды тұтынушы елдер қатарында екен.

Әрине, дағдарыс жағдайында алып өндiрiстердiң өзi жабылып жатқанда, жаңа кенiштер ашу саланың бәсекеге қабiлеттiлiгiн байқатады. Көршiлер атом энергиясын болашақтағы ең тиiмдi қуат көзi ретiнде қарастырып, соған қамданып жатқаны анық. Бұл саладағы талпыныстар дағдарыстан кейiнгi кезеңге дайындық, яғни алысты көздеген батыл қадам. Мамандар алдағы күзге салым табиғи уран шикiзатының бағасы өсетiнiн болжап отыр. Бұл Қазақстан экономикасы үшiн де тиiмдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ