Жаңалықтар

БАҚ-ТЫҢ БАСЫН ҚАТЫРЫП...

ашық дереккөзі

БАҚ-ТЫҢ БАСЫН ҚАТЫРЫП...

Басшылыққа жалған ақпар беруге еттерi үйренiп кеткен кейбiреулердiң кесiрiнен қоғамға, ел экономикасына келетiн шығын шаш етектен. Бiрақ оны түйсiнгендер аз. Өкiнiшке қарай, әрине.

Жуырда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед әлемдiк экономикалық дағдарыстан бүкiл Жер шары тығырыққа тiрелген қиын кезеңде отандық бұқаралық ақпарат құралдары халыққа бағыт-бағдар сiлтейтiн, экономикалық мәселелерде ақыл-кеңес беретiн мiндеттi мойындарына алу керектiгiн айтты: “Дағдарыс кезiнде БАҚ өз оқырмандары үшiн, әрбiр отбасы үшiн ақыл-кеңес беруi тиiс. Бүгiнгi таңдағы БАҚ-тың басты мiндетi – осы”. Министрдiң бұл сөзi ақылға қонымды екенi анық. Бiрақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiне мемлекеттiк органдардың қызметкерлерi кез келген мәселеде нақты әрi шынайы ақпарат бермейтiнiн ескерсек, кейде қолына қалам ұстаған ағайынның халыққа не деп кеңес берерiн бiлмей дал болатыны бар. Шенеунiктер арасындағы кейбiр “шаш ал десе, бас алуға” дайын тұратын науқаншылдары ащы шындықтан гөрi тәттi өтiрiкке көбiрек иек артатыны да бүгiнде ешкiмге таңсық емес. Мысалы, жуырда Fitch халықаралық ретингтiк агенттiгi ұйымдастырған бiр форумда ҚР Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттiгiнiң басшысы Елена Бахмутова ханым банктердiң өздерiнiң қабiлет-қарымына қатысты көп жағдайда агенттiкке жалған ақпар беретiнiн айтып, шағынды. Банктердiң мұндай “көзсiз батырлығынан” Үкiмет те хабардар. Бiрақ ондай банктердi тезге салуға Министрлер Кабинетi кейде мүдделiлiк танытпайды. Мәселен, осыдан бiр жарым айдай уақыт бұрын Премьер Мәсiмов “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорынан бөлiнген қыруар қаржыны халыққа жеткiзiп беруде екiншi деңгейлi банктердiң шабандық танытып отырғанын айтып, әсiресе, Ресейдiң СберБанкiн қатаң сын тезiне алған. Тiптi, қарамағындағыларға тез арада банкке берiлген қаражатты қайтарып алып, оны басқа банктерге үлестiрудi тапсырған. Мәсiмов осылайша қаһарына мiнiп жатқан кезде СберБанктiң баспасөз қызметi “Бiздiң банк Қордан түскен ақшаны игеруде белсендiлiк танытуда” деп сүйiншi сұрап, журналистер қауымының электронды пошталарына бiрнеше рет үшбу хат жолдады. Кiмдi кiмнiң мазақ қылғанын түсiне алмай, бiз далмыз.

Әлбетте, Мәсiмовтың нұсқауы одан кейiн де орындалған жоқ. Яғни, әлемдiк экономикалық дағдарыстан тығырыққа тiрелген халыққа, әсiресе, ауылдағы қарапайым ағайынға өзiнiң ақшасын таратып беруге мүдделi болмаған немесе қаржыны уақытылы игермеген банктер Үкiмет пен банктер арасында түзiлген келiсiмдi орындамағаны үшiн заң жүзiнде жаза тартылмады. Осының кесiрiнен, мемлекет тарапынан бөлiнетiн қаржылық қолдауға зәру отандық және шағын кәсiпкерлiк өкiлдерi, ауыл шаруашылығында тер төккен ағайын шаруаларын дөңгелетiп әкете алмай дiңкелеп отыр. Қаражатты игеруде банктер әлi де бәсең. Қаржылық дағдарысқа қарсы күрестiң алғашқы айларында, 2007 жылы мемлекеттiк қазынадан бөлiнген 4 млрд. доллар сол күйi iзiм-қайым жоғалып кеткенi белгiлi. Үкiмет “жауапкершiлiк танытпады” деп банктердi кiнәлады, банктер “бюрократтыққа бой ұрды” деп билiкке кiнә артты. Зиян шеккен билiк те, банктер де емес, қаражаттан қағылған тағы да қарапайым халық… Отандық бұқаралық ақпарат құралдары сонда кiмнiң сойылын соғып, елге қандай ақпарат тарата алады? Тек қаражат немесе Ұлттық Қордағы қаржыға ғана қатысты емес, кез келген мәселеде – кереғарлық: ауыл әкiмi – аудан әкiмiне, аудан әкiмi – облыс әкiмiне, облыс әкiмi – орталық атқарушы билiктегi басшылыққа жалған ақпарат беруге еттерi үйренiп кеткен. Әрине, Кеңес заманынан берi келе жатқан бұл келеңсiздiк бүгiнде елiмiздегi кез келген мемлекеттiк салаға тән десек, қателеспеймiз. Мұндайда Қазақстан экономикасына келетiн шығын мен зардап туралы сөз қозғау артық. Iрiлi-ұсақты әкiм-қара, шенеунiктер нақты әрi шынайы ақпаратты журналистер қауымына кедергiсiз әрi дер кезiнде жеткiзiп тұрған кезде ғана Құл-Мұхаммед мырза айтқан мiндет пен жауапкершiлiктi отандық БАҚ өз мойнына арта алады. Ол үшiн билiктiң үш тармағы да тәттi өтiрiктен гөрi ащы шындықтың елге әлдеқайда тиiмдi екенiн түсiнгенi және түйсiнгенi абзал.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ