“АҚ ҮЙДЕГI” ӘКIМДЕР ЖӘНЕ АУРУХАНА “ЖЫРЫ”
“АҚ ҮЙДЕГI” ӘКIМДЕР ЖӘНЕ АУРУХАНА “ЖЫРЫ”
«Шығыс Қазақстан облысында медицина мекемелерiнiң бүгiнгi жағдайы сын көтермейдi» дейдi облыс басшысы
Шығыс Қазақстан облысында әкiмшiлiк жүйе орнағаннан берi 10-нан аса азамат тақ ауыстырыпты. Бiр таңқаларлығы, бұған дейiнгi басшылар тоз-тозы шыққан медицина мекемелерiнiң және апатты жағдайға душар болған мектептердiң жай-күйiне жеткiлiктi мән бермептi. Алайда, өздерi отырған ат шаптырым хан сарайындай зәулiм ғимаратқа әйгiлi Американың президенттерi келсе тамсанып, таңдай қағып кетердей екен. Бұл ғимарат Америкадағы “Ақ үйден” артық болмаса, бiр мысқал да кем емес. Билiктегiлер “Халықтың қамын ойлаймыз” деп жүрiп, өздерiнiң хан сарайларына ерекше мән берiп кеткендерiн бiлмей қалса керек. Сондықтан болар бүгiнгi күнi өркениет көшiне iлесе алмаған облыстық емдеу орталықтарының 81 пайызы типтiк емес ғимараттарға орналасқан. Бұл мекемелер “шықпа жаным, шықпа” деген күй кешiп отыр. Пайдалану мерзiмi 30 жылдан асқан денсаулық сақтау мекемелерi ғимараттарының тозығы 83 пайызды құрайды. “Елу жылда ел жаңа” демекшi, ұзақ жылда бұл өңiрде мектеп, денсаулық нысандарында өзгерiс болмаған. Облыста 27 мектеп апаттық жағдайда тұр.
Ұлы Абай мен Шәкәрiмнiң кiндiк қаны тамған жерде мұндай сорақылықтардың орын алып жатқаны жанға батады. Табиғаты таңғажайып Алқакөл айналасындағы 6 мың тұрғыны бар елдi мекенде елу жылда бiр мектеп те салынбапты.
Ал экологиялық апат аймағына кiретiн Қызылорда облысында өркениеттi өмiр талабына сай типтiк ауруханалар мен емханалар жеткiлiктi. Сондықтан Шығыс өңiрiнде де денсаулық және мектеп нысандарын жоғары қарқынмен салу өмiр талабы.
Халық денсаулығы — мемлекет байлығы. Денi сау мемлекет қана өсiп, өркендейдi. Шығыс Қазақстан облысының 1 жарым миллионға жуық халықтың барлығы бай-қуатты емес. Бай-манаптар секiлдi қарттар мен мүгедектер, балалар көршi Ресей мен Қытай асып, өз денсаулығына ем-дом жасата алмайды. Әйтпесе, шетел асып, қымбат курорттарда демалып сырқаттарынан айығуға мүмкiндiгi жоқ. Қазiргi экономикалық дағдарыс қыспағына ұшыраған қарапайым халықтың жағдайы жетiсiп тұрмағаны белгiлi. Қазiргi таңда Шығыста 13 кәсiпорын өз жұмысын тоқтатып, 102-сi толық емес жұмыс күнiне көшкен. Жыл соңына дейiн бұл өңiрде жұмыссыздар саны 42 мыңға жетедi деген болжам бар. 2009 жылдың 1-наурызына дейiн жұмыссыздар саны 9 мың 173 адамға жеткен. Өндiрiстiк өнiмнiң көлемi өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 3, өңдеу өндiрiсi 12, шағын кәсiпкерлiк нысандары өндiрген өнiм 11,7 пайызға төмендеген. Бұл әлемдiк қаржы дағдарысының салқыны ма, әлде, басшылардың салғырттығы ма, түсiне алмадық. Облыс аумағындағы республикалық деңгейдегi жолдардың жалпы ұзындығы 11 мың 800 шақырымды құраса, жартысы жөндеудi қажет етедi. ҚР Премьер-министрдiң орынбасары Ербол Орынбаев бұл өңiрдегi медицина мекемелерiнiң мүшкiл халiн өз көзiмен көрiп, ойланып кеттi. Қолғабыс жасаймыз деген сыңай танытты. “Медицина мекемелерiнiң бүгiнгi жағдайы сын көтермейдi және ешбiр талаптарға сай келмейдi. Мұндай ауруханалар басқа облыста жоқ та шығар”, – деген өңiр басшысы Бердiбек Сапарбаевтың Премьер-министрдiң орынбасары Ербол Орынбаевтың алдына бар мәселенi жайып салды. “Жыламаған балаға емшек бермейдi” демекшi, облыс әкiмi Үкiметтен алақан жайып қаржы сұрамаса, кiм сұрайды? Расында-ақ облыстың тiзгiнiн қолға алғалы берi Б. Сапарбаев әлеуметтiк, әсiресе медицина мәселелерiне жанашырлықпен қарап, бiраз шаруаларды тындыруға кiрiсе бастады.
Премьер-министрдiң орынбасары Ербол Орынбаев “Жол картасы” аясында 13 млрд. теңгенiң осы өңiрге бөлiнгендiгi туралы құлағдар еттi. Шығыстың шыж-быж тiрлiгiне жан бiтуi мүмкiн. Медицина мекемелерiнiң үлесiне 2,5 млрд. теңге қарастырылыпты. Бұл қаржыға 93 нысан қамтылған. Бұл нысандардың 63-i қалаларда, 30-ы ауылды жерлерде орналасқанын айта кету керек. Сондай-ақ, бұл өңiрге әкiм болып Бердiбек Сапарбаев келгелi берi мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiне деген ерекше бiр құрметтiң пайда болғанын байқадық. Жақында өткен “Тiл тұтастығы – ел тұтастығының тiрегi” деген форумда Дмитрий Саначевтiң: “Қазақ қазақпен ғана емес, орыс қазақпен, немiс қазақпен, кәрiс қазақпен… сөйлессiн” деген “қанатты сөзi” де тiлге деген құрметтiң жарқын көрiнiсi болғандай.
Шығыста сең қозғалып, қарбалас қимылдар басталды. Әдемi жобалар жүзеге асса, жергiлiктi халық бiр қуанып қалар едi.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ