Жаңалықтар

ҰЛАНДАР ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНА ҮМIТТЕРIН ҰШТАСТЫРДЫ

ашық дереккөзі

ҰЛАНДАР ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНА ҮМIТТЕРIН ҰШТАСТЫРДЫ

ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ — ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒАРАР ЖОЛБАСЫ

Әрбiр жылғы ерте көктемде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың отандастарымызға жаңа күш, жаңа серпiн берер Жолдауын асыға күтемiз. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының әсерi мен ықпалы ерекше болды. Президент бүкiләлемдiк дағдарыс алаңдатып отырған халқына үмiт нұрын сеуiп, сенiм ұялатты. Ең бастысы, бiрлiк пен ынтымақтастықты сақтап қалу қажеттiлiгiн баса айтып, жауапкершiлiк те жүктедi.

Бұл орайда қызметшiлерге айырықша сенiм артылды. Шындығында да, экономикалық дағдарыс белең алған сын сағатта қарапайым азаматтар мемлекеттiк қызметшiлерге иек артып, нақты қадамдар күтедi.

Елбасы Жолдауы жарияланысымен Республикалық Ұлан қолбасшылығы онда айтылған мәселелердi әскери қызметшiлер арасында терең талқылап, түсiндiрме жұмыстарын жүргiздi. Жолдау талаптарын көкейiне берiк түйген сардарлар әрбiр аптаның жұма күнi болатын жеке құрамды ақпараттандыру кезiнде, азаматтық-құқықтық дайындық сабақтарында, жан-жақты тәрбиелiк шараларды қарамағындағы жауынгерлерге жетiкiзу үстiнде. Әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiмен кездесуiмiзде де Елбасы Жолдауында айытылған мәселелерге тоқталып, дағдарыс жағдайында сабырлылық сақтаудың маңызын ескертiп өттiк.

Мұндай әңгiмелер барысында Мемлекет басшысының қадағалауымен дағдарысты еңсеру мақсатында бiздiң елiмiзде жүзеге асып жатқан нақты шаралар ортаға салынды. Мәселен, экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында Ұлттық қордан қаражат бөлiнуi, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, мемлекеттiк ақылы бiлiм алып жүрген студенттерге жәрдемдесуi секiлдi игi iстер әскерилер ортасында қызу қолдау тапты.

Елбасымыздың бастамасы бойынша дағдарыс жағдайындағы жекелеген шектеулерге қарамастан әлеуметтiк төлемдер сақталып, мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысы, зейнетақы, студенттер шәкiртақасы секiлдi жоспарланған өсiмдердiң жүзеге асатыны қуанышты.

Мемлекет басшысының: “Барша қазақстандықтардың өркендеуi, қауiпсiздiгi мен әл-ауқатының жақсаруы бiздiң мемлекетiмiз үшiн аса маңызды үш тұғырлы мiндет болып қала бередi”, — деген тұжырымы көңiл тоғайтты.

Президенттiң осындай қолдауына ие мемлекеттiк қызметшiлер де өз тарапынан асқан жауапкершiлiк танытуы тиiс. Халық мақалы сақтандыратындай, ел ерге қарағанда, ер жерге қарамасын. Бүгiнгiдей қысылтаяң шақта қарапайым халық билiк өкiлдерiне арқа сүйейдi. Елбасы осыны меңзедi.

Республикалық Ұлан әскери қызметшiлерi бұл сенiм мен жауапкершiлiктi терең сезiнедi. Ұландар қазақстандық патриотизмдi дәрiптеу, жастарды отансүйгiштiкке тәрбиелеу iсiнде бiрден-бiр көшбасшы десек артық айтқандық емес. Олар негiзгi жауынгерлiк мiндеттерiн аброймен атқарғанымен қоса, мемлекеттiк және қоғамдық процестерге белсене қатысады, елiмiздiң халықаралық беделiн нығайтуда да үлесi бар. Ал тәуелсiз Қазақстан үшiн патриоттық сезiмнiң, Отанға деген махабаттың маңызы, қашанда жоғары. Әскери ортада ұлтаралық келiсiмдi қолдау, жауынгерлiк жодастықты, қазақстандық патриотизмдi басты назарда ұстаудың маңызы зор. Ұландықтар арасындағы тәрбиелiк және әлеуметтiк шаралардың барлығында осы игi мақсаттар көзделедi.

“Алдымызда бiздi үлкен белес күтiп тұр. Ол — Қазақстан тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығы”, — дедi Елбасы халыққа Жолдауында. Мемлекетiмiздiң күнi толысып, кемелiне келген азамат жасына жететiн осынау кезеңiмен Республикалық ұланның даму барысы да қатар өрiстейдi.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛАННЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢI

Айырықша мiндеттердi атқаратын Республикалық ұлан елдегi алдыңғы қатарлы әскери құрылғылардың бiрi. Оның даму жолында Қазақстан таңдаған басым бағыттар мен ұлттық қауiпсiздiк саласындағы мiндеттер ескерiледi. Мемлекеттiк деңгейдегi хаттамалық iс-шараларға қатысу, дәстүрлi рәсiмдердi орындаумен қатар ұландықтарға қауiпсiздiктi қорғауға қатысу, әскери және төтенше жағдай режимiнде тиiстi шараларды iске асыру секiлдi мiндеттер де жүктелген. Мәртебесi жоғары Республикалық ұланға қойылатын талаптар өресi де биiк. Ұландықтар жоғары жауынгерлiк және шұғыл-қызметтiк әзiрлiкте болуы тиiс, ол үшiн құрылым тактикалық ұтқырлығын жетiлдiрiп, жоғары техникалық жарақталу үстiнде.

Жасақтау жүйесiн жетiлдiру де басты мiндеттердiң бiрi. Әлеуметтiк инфрақұрылымды жақсарту арқылы келiсiмшарт бойынша әскери қызметтiң беделiн одан әрi арттыруды мақсат етемiз. Мерзiмдiк қызметiн өтеп болған соң запасқа шығарылатын әскери қызметшiлердiң көпшiлiгi келiсiмшарт бойынша Ұлан қатарында қалуға ынталы. Басқа тiлек бiлдiрушiлер де жетерлiк. Бұл бiздiң елiмiзде әскери қыземтiшлерге жасалатын әлеуметтiк қолдаудың арқасы. Бiр ғана мысал, 2008 жылдың өзiнде Республикалық Ұлан Астана және Алматы қалаларында тұрғын үйлер салып, екi жүзден астам ұландық отбасын баспанамен қамтамасыз еттi. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бередi.

Қазiргi күнi Республикалық Ұлан жаңа кезеңге аяқ басқалы тұр. Қызметтiк-жауынгерлiк мiндеттер көлемiнiң ұлғаюына байланысты оның ұйымдық-штаттық құрылымы Қазақстан Ресупбликасының Қарулы Күштерiнде қабылданған бригадалық жүйеге келтiрiлмек. Ұзақ уақыт бойы осы мәселеге мұқият зерделеу жүргiзiлдi, қызметтiк-жауынгерлiк мiндеттердiң ерекшелiктерi, жауынгерлiк техника мен қару-жарақтың жаңа үлгiлерiн алу мүмкiндiктерi ескерiлiп, ұйымдық-штататтық құрылымды бригадалық жүйеге айналдыру тәжiрбиесi сараланды.

Астана қаласында Республикалық Ұлан бригадасының қазiргi заманғы инфрақұрылымы бар әскери қалашығын салу туралы мәселе қаралды. Экономикалық ахуал қалыпты күйiне түскен соң бұл идеялардың жүзеге асары сөзсiз.

“Дағдарыстар өтедi, кетедi. Ал, мемлекет тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгi қалады”, — деген Елбасымыз бiзге дағдарыс салдарын еңсерiп, одан кейiн келетiн экономикалық өсуге әзiрленудi тапсырды. Сондықтан Республикалық Ұлан да алдағы жылдарда көздеген межеге жетерiне сенiмдi.

“Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол — бiрлiк”, — дедi Елбасы бiзге. Айналадағы елдер аумалы-төкпелi замандарды бастан кешкен кездерi көпұлтты қазақ елiнiң шаңырағы шайқалған емес. Экономикалық дағдарыс тұсында дарынды саясаткер, көреген Елбасы көшiн бастаған елiмiз татулығы мен ынтымағынан ажырамайды. Республикалық Ұлан да Президент Жолдауында қойылған талаптарды орындауға әзiр.

Абай Тасболатов, Республикалық Ұлан қолбасшысы