Жаңалықтар

“ҚАЗАҚ КӨШIНЕ ҚАУIП ТӨНГЕН ЖОҚ” ДЕЙДI КӨШI-ҚОН КОМИТЕТIНIҢ ТӨРАҒАСЫ

ашық дереккөзі

“ҚАЗАҚ КӨШIНЕ ҚАУIП ТӨНГЕН ЖОҚ” ДЕЙДI КӨШI-ҚОН КОМИТЕТIНIҢ ТӨРАҒАСЫ

Газетiмiздiң өткен санында “Әбiшевтiң сюрпризi” атты мақала жарияланған едi. Онда Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Хабылсаят Әбiшевтiң Алматыда Тiлтану институтының ұйымдастыруымен өткiзiлген дөңгелек үстелдегi мәлiмдемесi талданған болатын.

“Алматы ақшамы” газетiнiң 23-сәуiрдегi №47 санында жарияланған бұл мәлiмдемеге “Жас Алаш” және “Түркiстан” газеттерi беттерiнде қарсы мақала жарияланған едi. Алайда, Хабылсаят Әзiмбайұлы өзге шенеунiктер секiлдi бұл мақалаларға көз жұма қарауды жөн көрген жоқ. Бiрден реакция танытып, “Хабар” арнасындағы “Бетпе-бет” бағдарламасының 5-мамырдағы тiкелей эфирiне келдi.

“Бетпе-бет” бағдарламасының жүргiзушiсi Берiк Уәли мәселенi бiрден “Алматы ақшамы” газетiнде жарияланған мақаладан және ол мәлiмдемеге байланысты қоғамдық пiкiрден бастады. Хабылсаят Әбiшев мырза өзiнiң кейбiр ойларының бұрмаланып кеткендiгiн, газет тiлшiсiнiң төрағаның сөзiн диктофонға емес, ұялы телефонға жазып жүргенiн айтып, “бәлкiм содан қате жазып алған шығар” деп ақтала отырып, бүкiл әлеумет алдында оралмандардан кешiрiм сұрады.

Хабылсаят Әзiмбайұлы бiрiншiден, “Моңғолиялық мамандардың түкке қажетi жоқ” деген пiкiрдi мүлдем айтпағандығын айтады. Ол кiсi “Жалған диплом жасап, өтiрiк маман болып келетiндер бар. Соның салдарынан шын маман иелерiне квота тимейдi де, алаяқтар квотаға ие болып кетедi. Сондықтан, бiз “Квота беру ережесiн” өзгертемiз” деп айтып едiм. Екiншiден, “оралман куәлiгi” жайында айтқанымды да тiлшi дұрыс түсiнбеген екен. “Мен тек қазақтардың оралман куәлiгiне ие болуы арқылы шеттен келетiн өзге ұлт өкiлдерiнен ерекше мәртебеге ие бола алады” дедiм. Сондай-ақ, “оралман” деген құқықтық мәртебенi өзгертудiң де тым қисынға сыя бермейтiндiгiн сөз еттiм” дей отырып, өзiне қарсы мақаланың авторларының аталған отырысқа қатыспағандығын айтты.

Осы орайда, журналистiк этикаға сай, өз басым мақала жазардан бұрын Көшi-қон комитетiне қоңырау шалып, Хабылсаят Әзiмбайұлымен қосуын өтiнген едiм. Өйткенi, айтылған сөздердiң рас екенiне тағы бiр көзiмдi жеткiзiп, қандай бұйрық шығарғанын бiлмек ниетте болғанмын. Алайда, қабылдау бөлмесiндегi қыз бастығының iс-сапарға кеткенiн айтты. Әрi ұялы телефонын бере алмайтындығын жеткiздi. Сөйтiп, менiң ол кiсiнiң өзiмен сөйлеспек болған әрекетiм далаға кеттi.

Қалай дегенмен де, қоғамдық пiкiрге құлақ асып, өзiнiң айтқандары үшiн бұқара қауымнан кешiрiм сұрау оқиғасы Қазақстан шенеунiктерi тарапынан тұңғыш рет болып отырған жайт болса керек. Демек, Хабылсаят Әзiмбайұлы бұл тұрғыда кiсiлiк танытты. “Ұлық болсаң, кiшiк бол” деген. Ол кiсiнiң бүкiл әлемге тарайтын “Хабар” арнасы арқылы елден кешiрiм сұрауы, елдегi демократиялық үрдiстердiң алға бiр қадам болса да жылжығандығын көрсетедi. Яғни, қоғамдық пiкiр тыңдалып, баспасөз төртiншi билiк дәрежесiне жете бастады.

Есенгүл Кәпқызы