Жаңалықтар

САНАДАҒЫ САРҚЫНШАҚТАР НЕМЕСЕ ҰЛАН — ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛА МА?

ашық дереккөзі

САНАДАҒЫ САРҚЫНШАҚТАР НЕМЕСЕ ҰЛАН — ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛА МА?

Мамырдың басы мерекелерге толы. Бiр-бiрiне жалғасып жататын мерекелердiң iшiнде Тәуелсiз қазақ елi Ұланының күнi ең атаулы күн болуы керек.

Бiр қызығы, әлi күнге дейiн осы атаулы күннiң қай датаға дөп келетiнiн бiлмейтiн адамдар көп-ақ. “Қазақстан армиясының мерекесi 7 мамыр, жоқ 8 мамыр” деп дауласып жататындарды жиi көремiз. Ал кейбiр республикалық орыстiлдi басылымдар кешегi күнге дейiн “Отанды қорғаушылардың күнi 8 мамыр” деп жазып келген. (Сенбесеңiз 2007 жылдың 23 ақпанындағы “Экспресс К” газетiн қараңыз).

Неге бiз күнi өткен совет армиясының құрылған күнiн “атап өтуге” арланбаймыз? Әшейiнде патриоттық көңiл-күй танытатын азаматтарымыздың өзi тап 23 ақпанда әлдеқандай құттықтау, марапат күтетiнi несi?

Мұның түп себебiн “қызыл армияны” аңсаудан емес, 7 мамыр насихатының аздығынан көремiз.

1992 жылдың 16 наурызында Қазақстан Республикасының Ұланын құру туралы ҚР президентiнiң №673 жарлығы шықты. Ол күн 7 мамырға белгiлендi. Бiрақ сол кезден берi он жетi жыл өтсе де, Ұлан күнiн Қазақ әскерiнiң күнiне айналдыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргiзiлген жоқ. Алғашқы кезде осы күнi әлдеқандай өзгешелiк, ауада қалқып жүретiн ерекше көңiл-күйдiң ауанын сезiнгiсi келген жұртшылық билiк тарапынан ауыз толтырып айтатындай, елдi елең еткiзерлiктей ешқандай шараны көрмеген соң, қолды бiр-ақ сiлтедi. Сөйттi де, жаңалыққа жаны құмар халық ескi әдетiн қайта тапты.

Ал 23 ақпанның советтiк армияның құрылған күнi екенiн бiзге ұмыттырғысы келмейтiн де топ бар. Өйткенi, осы күн Ресей Федерациясының қарулы күштерiнiң күнi ретiнде ресми белгiленген. Iргедегi орысқа жалтақтап үйренген ат төбелiндей топ Қазақстанның тәуелсiздiк шежiресiн бұрмалауға, қиыс бастыруға әбден тырысып-ақ бағуда.

Осыдан екi жыл бұрын “Экспресс-К” бұл датаны “қасиеттi дата” деп атап, осы күндi пайдаланып, ресейлiк өнеркәсiпшiлерiнiң қолынан шыққан моншаға киетiн бас киiмдi жарнамалады. Бас киiмде тұрған ештеңе жоқ-ау, тек оның төбесiнде советтiк елтаңбаның бiр белгiсi “орақ пен балға” тұрмаса… Бұл бас киiмдi әрiптестерiмiз 23 ақпанда ер-азаматтарға сыйлыққа тарту етуге кеңес бердi. “Екi жеп биге шығу” деген осы. Бiр жағынан, “орақ пен балға” советтiк идеологияның өмiршеңдiгiне кепiл, екiншiден, ресейлiк өндiрiстiң өнiмi өтiмдi бола түспек.

Бiзде отандық өнiм тұрмақ, отандық патриотизм де өзектi емес…

Қазақы психологияға салып, “бәлi, екi жыл бұрын деген не, көш жүре түзеледi” деп қоя салуға болар едi, бiрақ тағы бiр кiлтипанды ескермей болмайды. Былтыр павлодарлық қалалық әкiмшiлiгi 23 ақпанның қарсаңында соғыс ардагерлерiн қабылдап, тарту-таралғы жасап, құрмет көрсеттi. Өз идеялары үшiн күрескен, қан кешкен ардагерлерге күнде құрмет көрсетсе де көп емес-ау, бiрақ осы салтанатты тура совет армиясының құрылған күнiне туралап қоюдың не қажетi бар едi? Дегенмен, Павлодар қалалық әкiмшiлiгi мұны “идеологиялық қатеге” баламайтын сияқты. Әкiмшiлiктiң баспасөз хатшылығы таратқан парақшаларда “Ұлы Отан соғысының павлодарлық ардагерлерi 22 ақпанда мерекелiк үстел басында ұмытылмас мереке — Совет армиясының күнiн атап өттi” делiнген. Ал керек болса! Одан әрi оқылық: “Алқызыл туының астында жауынгерлер отанымыздың бостандығына күрестi, фашизмдi жеңдi” деген (стилистикасының “мұртын бұзбай” көшiрiп отырмыз). Ау, бiз “егемендiк алғанымызға 18 жыл болды” деп жүрмiз, ал Сiз қай мемлекетте өмiр сүрiп жатырсыз осы?

Елестетiп көрiңiз. Егер совет үкiметiнiң кезiнде жергiлiктi әкiмшiлiк “патшалық Ресейдiң немесе Қазақ хандығы әскерiнiң құрылған күнiн” атап өтiп жатса, “саяси қате” үшiн Сiбiрге айдалып кете берер едi-ау, әлде “Отанын сатты” деп ату жазасына кесiлер едi…

Ал бiзде ештеңе болмағандай, бәрi жайбарақат. Орыстың Жаңа жылын бiр ай үздiгiп күтiп, бiр апта мерекелеймiз, бiрнеше жылдан берi қытайдың Жаңа жылын тойлауға көштiк. Соңғы жылдары үндiлер де қазақ жерiнде өз Жаңа жылын кеңiнен насихаттай бастады…

Өзгенiң Жаңа жылын қарсы алып, бөтеннiң армиясын құрметтеп жүргенде, ТӘУЕЛСIЗДIГIМIЗДI қалайша баянды қылмақпыз?

“Өз әскерiн құрмаған, өзгенiң әскерiн асырайды” дегендi қызулана қайталап айтамыз-ау, iске қашан асырамыз?

Осының бәрi қазақ мемлекетiнiң идеологиясының олқы түсiп жатқандығынан болып жатыр-ау. Атағы дардай профессор, докторлардың құлағына алтын сырға, өзiн “идеологпын” деп санайтын азаматтарымыздың арына сын — қазақ елiнiң ұлттық тәуелсiздiгiн қорғайтын, азаматтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн, елдiң бiрден-бiр әскерi — Ұланның насихаты жетiм қыздың жасауындай тым жұпыны, тым жадағай.

Шын мәнiнде, Ұлан — элиталық әскери құрылым. Оның ресми сайтында осылай делiнген: “1992 жылғы 16 наурызда Президенттiң жарлығымен құрылған жеке әскери құрылым және Қарулы күштердiң резервi республикалық Ұлан бүгiнде элиталық бөлiмше болып саналады”.

Бiрақ Президент жарлығы бойынша 7 мамыр Ұланның құрылған күнi болып бекiтiлдi. Ұлан күнi — отан қорғаушылардың да күнi. Ал, ұландықтардың өзi осы мәселеде бiрауыздылық таныта алмай отыр. Биыл 16 наурызда Республикалық Ұлан қолбасшысы А.Тасболатов келiсiм-шарт бойынша әскери қызметшiлер, сарбаздар және Республикалық Ұланда әскери қызметте болған азаматтарға Республикалық Ұлан күнiне орай құттықтау жолдаған. Бұл құттықтау әлi де Ұланның ресми сайтында iлiнiп тұр. Сонда Ұланның атаулы күнi жарлық шыққан 16-наурыз ба, әлде ресми түрде бекiтiлген 7-мамыр ма? Осындай “бастамашылдықтан” кейiн-ақ 7 мамырдың көмескiленiп қала беретiнi түсiнiктi ғой.

Ұланның тарихы тәуелсiз Қазақстанның тарихымен астасып жатыр. Оның шетелдiк мемлекеттер басшыларын күтiп алу, Қазақстан мемлекеттiк рәмiздерiн қорғау, Президенттi ұлықтау рәсiмiн атқару сияқты дәстүрлi мiндеттерiн жиi көрiп, көз үйрендi. Бұдан басқа Ұлан Президенттiң күзет қызметiмен ынтымақтаса отырып, Президенттiң, елдiң экс-президенттерi мен олардың отбасыларының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Ұлан қорғауына алынатын лауазымды адамдар тiзiмiн Президент бекiтедi. Сондай-ақ, шетелдiк мемлекет, үкiмет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшылары қазақ жерiнде iссапарда болған кезiнде олардың қауiпсiздiгiне Ұлан сарбаздары жауап бередi. Бұдан басқа Ұлан терроризмге қарсы операцияларға, хаттамалық iс-шараларды өткiзу кезiнде, ҚР мерекелерi мен салтанаттарында дәстүрлi рәсiмдердi атқаруға қатысады.

Ұлан ҚР заңнамасында көзделген тәртiпте әскери режимде және төтенше жағдайда iс-шараларды атқарады. Басқа да мiндеттердi ҚР Президентi белгiлеуi мүмкiн. Ұлан Президентке тiкелей бағынады және оған есеп бередi.

Дегенмен, Ұланға мемлекеттiк деңгейдегi саяси маңызды шараларды, хаттамаларды атқаруға қатысатын Рәсiмдiк батальоны мен Президент резиденциясын күзететiн Құрмет қарауылы деп қана қарайтын түсiнiк бар сияқты. Ал ұландықтарға қойылатын әскери талаптың күштiлiгi, олардың дене сымбатына ғана емес, денсаулығының мықтылығына, қажыр-қайратына, саяси сауатына көп көңiл бөлiнетiндiгi естен шығып кете бередi. Мұның себебi әу баста Ұланды насихаттау жұмысының дұрыс жолға қойылмағандығында.

Шын мәнiнде, Ұланның қатарына өту оңай емес. Ұланда қызмет етемiн деген азаматтың бойы 178 см-ден кем болмауы керек (ал Рәсiмдiк бөлiмшелерде одан да жоғары болуы шарт). Орта бiлiмдi, денсаулығы мықты болуы тиiс. Ұланда қызмет етемiн деген азамат еш уақытта заң бұзбаған болуы керек, оның отбасы мен туыстарының өмiрбаяндары да тыңғылықты тексерiледi. Медициналық тексеруден өткен шақырылушыны ең соңынан Ұлан госпиталi қайта тексередi. Осыдан соң ғана ол азаматтың Ұлан қатарында қызмет ету-етпеуi белгiлi болмақ.

Ұланда қызмет ететiн азаматтардың ең сымбаттылары Құрмет қарауыл ротасына жiберiледi. Басқалар ерекше және шұғыл мақсаттағы бөлiмшелерге түседi.

Ал өтiп болған соң да, Ұлан қатарында қызмет ету — ерiккеннiң ермегi емес. Күнделiктi таңғы сағат алтыдан бастап тiк тұратын ұландықтар бiрден күшейтiлген денешынықтыру жаттығулары мен сабақтарға қатысады.

Мұның бәрi Ұланның республикалық Қарулы күштердiң басқа түрлерiнен ерекшелiгiн көрсетсе керек: ол бейбiт уақытта да үнемi жауынгерлiк әзiрлiкте тұратын ұрысқа қабiлеттi бөлiмшелердiң бiрi.

1997 жылдан бастап Реcпубликалық Ұлан келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi атқару жүйесiне көштi. Осы санаттағы әскери қызметтегiлер Ұланның 81 пайызын құрайды. Дегенмен, мерзiмдi қызметтегi әскери қызмет те санаттан қалмақ емес.

Он жетi жыл дегенiңiз әрдайым жинақы жүретiн, кез келген сәтте Отанын қорғауға дайын, күшi мығым Ұлттық армияны құруға аздық ететiн шығар, бәлкiм. Бiрақ оның өзегiн қалыптастыру үшiн жеткiлiктi уақыт өттi. “Армияда Отанға, халық пен Президентке деген сүйiспеншiлiк мәселелерi айтылмайтын бiрде-бiр күн жоқ” дейдi Ұланның қолбасшысы А.Тасболатов. Патриотизмдi ұландықтардың ғана емес, өзiн Қазақстан азаматы санайтын әрбiр азаматтың бойына жасынан сiңiру қажет. Осы мақсатта да Ұланның насихатын күшейту қажет болар.

7-мамырды тек Ұланда қызмет еткен немесе қызмет етiп жүрген сарбаздарға ғана тиесiлi етпей, оны Қазақстанның барша ер-азаматына ортақ мерекеге айналдырғанның несi ерсi? Егер әлдеқандай күн туа қалса (Құдай оның бетiн әрi қылсын!), қолына қару ұстауға жарайтын ер-азаматтың қайсысы ерлiк көрсетiп, Отанын қорғауда қайсысының жанкештiлiкпен өмiрiн қиятынын кiм бiлiптi?!

Күнi өткен 23 ақпанды ұлттық мейрам — 7 мамырға ауыстырып, Отан қорғаушыларының күнi екенiн әрбiр қазақстандықтың санасына сiңiрiп, тәуелсiз ел азаматтары ретiнде ой түзетiн кез әлдеқашан туды емес пе!

Гүлбиғаш Омарова