Жаңалықтар

МҰНАЙ-ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫ ҚҰРЛЫҚТАН ҚҰРЛЫҚҚА...

ашық дереккөзі

МҰНАЙ-ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫ ҚҰРЛЫҚТАН ҚҰРЛЫҚҚА...

АҚШ-та бiрқатар ресми кездесулерде болған қазақ министрi – Марат Тәжиннiң әңгiмесi Астана мен Вашингтон арасындағы стратегиялық серiктестiк қағидаларына сай өрбiдi. Бiрақ Ақ Үй басымдықты энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiне берiп отырғаны анық.

Апта басында ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин Вашингтонда АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтонмен, АҚШ Президентiнiң Ұлттық қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiндегi кеңесшiсi Джеймс Джонспен, Энергетика министрi Стивен Чумен т.б. бiрқатар мемлекеттiк шенеунiкпен кездесулер өткiздi. Ресми басқосуларда негiзiнен ядролық қаруды таратпау талабын күшейту, орталықазиялық аймақтағы қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, екi ел арасындағы стратегиялық серiктестiктi нығайту мәселелерiне баса назар аударылумен қатар энергетикалық қорларды тасымалдау жолдарын дербестендiруге көңiл бөлiнгенi анық. Көмiрсутегiлер мәселесiнде Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi америкалық инвесторлар, әсiресе, мұнай компаниялары 11 млрд. доллар көлемiнде қаржы құйылған.

АҚШ Еуроодақ жүзеге асыруға белсене кiрiскен Nabucco газ құбырының жобасына Астананың да атсалысқанын қалайды. Ресейдi айналып өтетiн құбыр негiзi 2013 жылы пайдалануға берiлуi тиiс.

Бiрнеше жылдан берi кәрi құрлықтың ұсынысына онша елпiлдей қоймаған Ашхабадтың өзi бүгiнде Еуропалық Одақ пен газ құбырын салуға қатысатын тараптардан нақты ұсыныстар мен қадамдар күтуде. Түркiмендердiң ұлттық және мемлекеттiк мүддесiне сай ұсыныстарды, әрине. Түркiменбашының тақ мұрагерi – Бердiмұхамедовтiң халықаралық мiнберлерден Nabucco жобасына қосылуға мүдделi екендiктерiн ашық мәлiмдеуiнiң астарында орталықазиялық мұнай мен газды усынан шығармауға жанталасқан Кремльдiң ықпалына көнбейтiнiн аңғартқан доқ жатыр. Оның үстiне, 2009 жылдың 9 сәуiрi күнгi Түркiменстаннан Ресейге газ тасымалдайтын газ құбырында болған жарылысқа Ашхабад ресейлiк монополист компания – Газпромды кiнәлаған. Екi ел арасындағы осы дау да Орталық Азиядағы стратегиялық серiктестердi көбейтуге талпынған кәрi құрлық үшiн өте тиiмдi.

3,3 мың шақырымға созылатын құбыр Орталық Азиядан бастау алып, Еуропалық Одақ құрамындағы Германия, Австрия сияқты басқа да елдерге қарай жол тартпақ. Тасымалдау қуаттылығы – жылына 26-32 млрд. текше метр табиғи газ. Жалпы құны 7,9 млрд. еуроаға бағаланған жобаға алғашқы қаражатты өткен аптада Еуропалық Комиссия бағыттады: 4 млрд. еуро. Қатысатын компаниялар: Австрияның OMV, Түркияның BOTAS, Болгарияның Bulgargaz, Румынияның S.N.T.G.N. Transgaz S.A., Венгрияның MOL Natural Gaz Transmission Company Ltd. және Германияның RWE AG.

Бастапқыда жобаға Иранның Парсы Шығанағындағы кен орындарында өндiрiлетiн “көгiлдiр отынды” тарту көзделген, бiрақ Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты туындаған даудан кейiн құбырға қажеттi энергоқорды Қазақстан, Түркiменстан, Өзбекстан, Әзiрбайжаннан алуға шешiм қабылданды. 2008 жылдың тамызындағы Ресей мен Грузия арасындағы Оңтүстiк Осетияда болған қарулы қақтығыстардан кейiн Nabucco құбырын Армения арқылы тарту туралы мәселе күн тәртiбiне шықты. Үстiмiздегi жылдың 8 мамыры күнi Прагада Nabucco жбасын талқыға салатын саммит өткiзiлмек. Энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде кәрi құрлықтың басты бәсекелесi – Ресей саммитке Ирак, Египет, Өбекстан сияқты бақылаушы мемлекет ретiнде шақырылды. Бұл басқосудан Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Грузия мен Түркия шет қалмады. Мәскеу өзiнiң Nabucco-ға балама жобасы – “Оңтүстiк ағынды” жүзеге асыруға жанталасып жатыр. Сонымен қатар еуропалықтардың ұсынысын қостап отырған Венгрия, Румыния, Болгария мен Австрияны да Ресей “Оңтүстiк ағынға” қосылуға үгiттеп бағуда. Өйткенi, Қара теңiз түбi арқылы тартылатын ресейлiк газ құбыры орыстардың “көгiлдiр отынын” Болгарияға, Сербия мен Венгрияға, одан кейiн Австрияға жеткiзбек. Осыдан екi апта бұрын Мәскеудiң София қаласында ұйымдастырған саммитiнде мүдделi тараптар нақты келiсiмге келе алмады. Посткеңестiк елдерге деген Мәскеудiң ықпалын әлсiрету мақсатында тер төгiп жүрген Брюссель Прагадағы саммиттен бiр күн бұрын Еуропалық Одақтың былтырдан берi жүзеге асырып келе жатқан жаңа жобасы – “Шығыстың серiктестiк” бағдарламасына қатысатын Әзiрбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Молдова мен Украина мемлекеттерiмен бас қосып, стратегиялық серiктестiкке қатысты бiрқатар түйiндi мәселелердiң басын ашып алмақ. Әсiресе, энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi көздейтiн жобалар – Nabuccoның бiр тармағы болып табылатын Транскаспийлiк газ құбырына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланбақ. Бұл орайда Ресей де қаражаяу емес, Каспий бойы құбырын салуға құлшына кiрiскен Кремль өткен аптада қазақ депутаттарына Каспийлiк құбыр жобасын мақұлдатып алды. Ендiгi кезек – Орталық Азиядағы көмiрсутегiлерге бай елдер мен тасымалдауда маңызды рөл атқаратын басқа мемлекеттерде.

Бүгiнгi таңда қазақ билiгi үшiн көмiрсутегiлердi Батысқа бағыттаудағы маңызды жобалардың бiрi – Қазақстан-Қытай газ құбыры. Жуырда ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовпен кездескен Қытайдың Ұлттық МұнайГаз корпорациясының (CNPC) вице-президентi Ван Дунцзинь Қазақстаннан Қытайға тартылатын газ құбырының құрылысын аяқтауға әзiр екендiгiн мәлiмдедi. Алғашқы кезеңде жыл сайын 4,5 млрд. текше метр газ тасымалдайтын құбырдың қуаты 2013 жылға қарай 40 млрд. текше метрге дейiн жеткiзiлмек. 40 млрд. текше метрдiң 30 млрд. текше метрi – Қытайға, ал 10 млрд. текше метрi Қазақстанға бағытталады. Қазақ билiгi көмiрсутегiлердi тасымалдау жолдарын барынша көбейтуге мүдделi. Қазақстандық энергоқорды Шығысқа қарай бағыттайтын Қазақстан-Қытай құбырының екiншi тармағын қаржыландыруға да құлшынып отырған аспанасты елi тасымал жолын iске қосудың мүмкiндiктерiн қоса ұсынған. Қазақ, түркiмен, өзбек, қытай қатысатын бұл жобаға жауаптылар – “ҚазСтройСервис” АҚ мен CPPE (China Petroleum Pipeline Engineering) корпорациясы. Ең маңыздысы, аспанасты елiне бағытталатын құбырдың арқасында ОҚО, Жамбыл, Алматы мен Қызылорда облыстарының белгiлi бiр бөлiктерi табиғи газбен қамтамасыз етiлмек. Әрi бұл әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқынын сезiнген отандық экономикаға да сеп болмақ. Өйткенi, құбыр құрылысын салуға жұмылдырылатын жұмыскерлер елiмiздегi жұмыссыздар санын азайтатыны сөзсiз. Түркiмен мен өзбектiң “көгiлдiр отынын” қазақ жерi арқылы өткiзу де экономикалық тұрғыда тиiмдi. Үстiмiздегi жылдың шiлдесiнде басталған құбырды 2010 жылы пайдалануға беру жоспарланып отырғанын бiлетiн Ресей Қазақстанмен арадағы iскерлiк қатынастарды барынша нығайтуға жанталасып жатыр. Бiресе орталықазиялық елдермен және табиғи газ өндiрушi мемлекеттермен бiрiгiп, Энергетикалық хартия құруға талпынған, бiресе Иранмен, Катармен бiрлесiп, газ картелiн құруға жанталасқан Кремль Орталық Азия уысымнан шығып кетпесе деп алаңдайды. Қазақстан-Қытай құбыры iске қосылса, “Газпромның” ықпалы әлсiреп, Батыс Сiбiрден ҚХР-ға дейiн тартылатын “Алтай” газ құбырының жобасы маңызын жоғалтады. Iшкi нарықтағы көмiрсутегiлерге деген тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру үшiн Қытай 80 млрд. текше метр газды сырттан тасымалдайды. Оның басым бөлiгi – түркiмен мен орыстiкi. Табиғи ресурстарға бай барлық аймаққа ықпал етуге мүдделi Ресей Қазақстанға бiрнеше рет Сiбiрдiң батысы мен шығысындағы кен орындарын бiр бiрiне жалғастыру арқылы көмiрсутегiлердi АҚШ пен Азиялық-Тынықмұхиттық нарыққа тасымалдайтын Шығыс Сiбiр – Тынық мұхиты құбырының жобасына қатысуға ұсыныс бiлдiрген. Алайда, бiздiң мұнай және газ компаниялары бұл жобаға қатысуға құлықсыз. Ресей, Қытай, Жапония, Оңтүстiк Корея қолдау көрсетiп отырған Шығыс Сiбiр – Тынық мұхиты құбыры Қазақстан үшiн көмiрсутегiлер тасымалын дербестендiрудiң бiр жолы ретiнде қарастырылғанмен, ресми Астана мен Мәскеу арасында нақты келiсiмдер қабылданған жоқ. Өйткенi, жоба тым қымбат әрi экономикалық тұрғыдан алғанда, қазақтар үшiн тиiмсiз. Оның үстiне, кез келген жобаға қатысуға ресми Астананың бiрден елп ете қалмауына Қашаған кен орнындағы өндiру жұмыстарының басталмауы да себеп. Сарапшылардың кейбiрi Қашаған мен Теңiздегi көмiрсутегiлер қоры сыртқа мол көлемде “көгiлдiр отын” экспорттауға қабiлетсiз деген күдiк айтады. Ал ресми билiктiң бұл пiкiрге қатысты айтар уәжi басқа. ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгiндегiлер 2015 жылға қарай елiмiздегi Маңғыстау облысы мен Қашағаннан өндiрiлетiн көмiрсутегiлердiң ең төменгi көрсеткiшi 10 млрд. текше метрден асып түсетiндiгiне және энергетикалық қорларды Ресей мен Еуропаға бағыттау арқылы экспорттық қуатты арттыруға мүмкiндiк беретiндiгiне сенiмдi. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы табиғи газ қоры 3,3 трлн. текше метрге жуық, потенциалдық қор көлемi 6-8 трлн. текше метр төңiрегiнде. 2010 жылға қарай жыл сайынғы экспорттық көлем 12 млрд. текше метр болмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ