ҚАЛМҰҚАН ИСАБАЕВ
ҚАЛМҰҚАН ИСАБАЕВ
Шынашақтай ғана қазақтың осы бiр қара шалы көп сөйлей бермейтiн, үнемi ой үстiнде жүретiн, жай ғана жүрiп қана қоймай, үндемей-ақ талай шаруаның басын қайырғанын үнемi сырт көз сөз етiп отырады. Қазақ әдебиетi мен мәдениетiне қалдырып келе жатқан, тек сол саланың ғана емес, қазақ деген ұлттың ұлы дүниелерiнде де қолтаңбасы барлығын бүгiнгi көзiқарақты жұрты бiледi де. Бiлiп қана қоймай сырттай сүйсiне әңгiмелейдi. Менiң бiр ағам Қалағаңның қазақилығын, отбасындағы тәрбиелiлiгiн, өзiнiң инабатты тiрлiгiнде қонақжайлылығын, ол қонақты жұбайы екеуi ғана құрақ ұшпай перзенттерiнiң де құшақ жайып қарсы алуы, айта берсек керемет үлгi-өнегесi бөлек отбасы екендiгiн үнемi айтып отырады. Осындай жақсы ағалары туралы соңынан ерген ұрпақ өкiлдерi бағалап жатса, әрине, ол мына тiршiлiкте пендеңiздiң бақытты ғұмыр кешкенi де.
Тағы бiр танымал жазушы ағамыз Ахат Жақсыбай Қалағаң жайлы айтқан мына бiр әңгiмесiн де сұхбат арасында дәл сол күйiнде оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдiк. Олай болса, ағалар жайлы ағаларымызды тыңдасақ… – Қалекең – Қалмұқан Исабаев жоқты iздеп, үнемi жаңалық ашып жүретiн секiлдi. Адамның ойына келмейтiн әлдебiр тосын әрекеттердi ойлап тауып, соны жүзеге асырғанша тыным көрмейтiнiне талай рет куә болғанымыз бар. Ертiс-Қарағанды каналы құрылысы басталмай тұрып, болашақ канал арнасы бойымен 500 шақырым жердi жаяу жүрiп өткенiн бiлемiз. Жазушылар қауымы үшiн бұл өзiнше бiр жаңалық болды. Кейiн ол Ертiс-Қарағанды каналы туралы трилогия жазғанда өмiрлiк деректердi iрiктеп, мол дайындықпен кiрiскен едi. Көз көрген, құлақ естiген оқиға-тартыстарды шығармаға арқау еткенде сондағы 500 шақырымдық жаяу жүрiстiң пайдасы тиген болар. Өткендi тiрiлтiп, лайықты орнын әйгiлеу Қалекеңе бұйырған, табиғатына тән қасиет тәрiздi. Өзi ойға алып, өзi соның iзiне түсiп, қашан бiр iс шығарғанша өзiне де, өзгеге де маза бермей, ұзақ жылдар бойына тынымсыз iзденетiнiн қайтерсiз. Бiр ғана мысал. Екiбастұз көмiр кенiн Қосым Пiшенбаев деген баянауылдық қазақ ашты деген сөз бар. Ал бұған дәлел қайсы? “Екiбастұз көмiр кенiн Қосым Пiшенбаев ашты” дегенге күманданушылар көп болды. Осы мәселенiң шындығын дәлелдеуге Қалекең бел шешiп кiрiсiп, нақты дәлелдер табуға тырысты. Нәтижесiнде Верхотурлық 1 гильдиялық көпес-тау-кен кәсiпкерi Александр Бенардакидiң 1867 жылдың 21 маусымында жазған хатында (заявка) сол жылдың 12 маусым күнi Екiбастұз көлiнiң шығысындағы “Қарабидайық” деген жерде Қосым Пiшенбаев бастаған баянауылдық 5 қазақ көмiр кенiн ашқаны баяндалған. Осы бұлтартпас дәлелдi Қалекең Киевтен тауып, жария етiп, елге жайды. Баспасөз бетiнде Қосым Пiшенбаетың Екiбастұз кенiне тiкелей қатысты екенiне көз жеткiзу үшiн әлденеше мақалалар жазды. Қоғамдық пiкiр қалыптастырып, Екiбастұз кенiн Пiшенбаев ашқанын күмән келтiрушiлерге мойындатып, талассыз пiкiрге айналдырды. Қалекең мұнымен тынбады. Ендi Екiбастұз қаласында Қосым Пiшенбаевқа ескерткiш қою керек деген мәселенi көтерiп, талай есiктi ашып, талай басшының алдына дәлелдерiн жайып салып, дегенiнен қайтпай, ойлағаны орындалғанша айтумен, жазумен болды. Ақырында, қуанышқа орай, Екiбастұз қаласының орталық көшелерiнiң бiрiнде биiк тұғырдың үстiнде қазақы шапан, бөркiмен, ұзына бойымен тұрған Қосым Пiшенбаевтың биiк ескерткiшi орнатылды. Бұған қоса осы қаладағы ұзын көшелердiң бiрi — Пiшенбаев көшесi аталды. “Бұл да бiр бiткен iс болды” дегендей, Қалекең ескерткiштiң ашылу салтанатында сөз сөйлеп, елдiң алғысына бөлендi. Ұмыт бола жаздаған Қосым Пiшенбаевты биiк тұғырға тұрғызып, қазақ ұлтының мәртебесiн көтердi. Осындай мәселелерде Қалекеңде тыным жоқ. Кезектi бiр iстi ойлап тауып, жүзеге асырудың жолдарын iздеп, тағы да жүзеге асыруға кiрiседi. Соның бiрi –Германиядағы бiр кездерi – соғыстан кейiн өзi комендант болған Ильменау қаласынан төрт шақырым жердегi Габелбахта немiстiң ұлы ақыны Гетенiң мұражайына 1979 жылы Абайдың “Қараңғы түнде тау қалқып” аудармасын табыс етедi. Гетеден Лермонтов, одан Абай аударған осы бiр екi шумақ өлеңдi гранит тасқа жаздырып, өзi көтерiп апарып, мұражайдың қабырғасына iлгiзiп, Абайға арналған шағын мүйiс аштырып, қазақтың домбырасын қойғызып қайтқанда Қалекең тағы да “Бұл да бiр бiткен iс болды” деп, iштей масайраған шығар. Қалекеңнiң қозғауымен, кiрiсуiмен Алматыда, Астанада, Семейде және Қарағанды облысындағы Абай қаласында Гетеге көшенiң аты берiлдi. Мұнда арғы бiр есеп бар едi. Гетеге Қазақстанда төрт қалада көше атауы берiлдi. Қазақтың ұлы Абайына Германияның Берлин қаласында неге көше аты берiлмеске?! Қалекең осы мәселенi көтерiп, жоғарғы орындарға қозғау салып, ақылдасып-кеңесу, ұйымдастыру шаралары нәтижесiнде, 2000 жылы Берлинде Абайдың атына көше берiлдi. Көшенiң ашылу салтанатына қатынасу үшiн Қалекең Берлинге барып қайтты. Қалекеңнiң елдiктi танытатын, жоғалғанды тауып, жария ететiн мұндай бастамалары жетерлiк. Қайсыбiрiн айтсақ та ұзақ әңгiменiң тақырыбы сияқты. Жақында Қалекеңнiң үйiне барып әңгiмелесiп отырып, сөз арасында; — Қалеке, қазiргi күнде Сiздi нендей мәселе мазалап жүр?– деп сұрадым. Қалекең ойланып қалды. Күрсiнiп қойды. Өзiмше ойлаймын, қашанда ойлаған iстi жүзеге асыру, бiрден қолдай кету оңайға түспесе керек. Мұндайда кедергiлер көп болады. Бiреулерге барасың, бiреулерге хат жазасың, бiреулерден өтiнесiң. Сарылып жауап күтесiң. Болмаған соң қайтадан мазалап, еске салып, дәлелдейсiң. Бұның бәрi Қалекең үшiн таңсық нәрсе емес, талай бастан кешкен, төзiмiн тауыспай, сан рет қайтадан кiрiскен. Мiне, осындай жанашыр қаламгер iнiлерiнiң ыстық ықыласынан кейiн бiз де Қалмұқан аға Исабаевтың көңiл-күйiн, жағдайын бiлу мақсатымен, бүгiнде үлкен бiр әулетке айналған отбасына ат басын тiредiк. – Үлкен рахмет! Жағдай осы. Уақытымен серуен, мезгiлiмен ас iшiп, тостақ босату, жаман емеспiз,– деп күле қарсы алған жазушы ағамыз iркiлместен әңгiмесiн жалғай бердi. – Не болса да көппен көрген ұлы той болады. Қазақта жақсы мәтел бар осындай, ол өзi кез келгендi тiзгiндей алатын, тоқтата алатын мәтел. Қазекең ондайға шебер ғой. Жұрт көргеннiң бәрiн бiз де көрiп жүрмiз.Аш емеспiз, ол ендi бiр ғана шаңырақтың астындағы тiрлiк. Әлемдi алатын болсақ, азаттық, егемендiк алып тыныс кеңiдi. Ауа жұту еркiндiгi пайда болғандай болды. Мұның бәрi сырттан сенiң өмiрiңдi жасап, бақылап отыратын сырт көздiң жоқтығын көрсетедi. Өз басыма келсем, сексеннiң бел ортасына да жетiп қалыппын.. Табиғат та қызық құрылған ғой, сенiң күндерiңнiң аяқталып келе жатқанын аса уайым-қайғыға салындырмау үшiн соңыңнан ұрпақты өсiрiп келе жатыр. Соларға қарап тұрып, тәубә дейсiң, шүкiршiлiк жасайсың. Ақырын ермек қылып бiрдеңелердi жазған, сызған боласың.Күнделiктi ойды қағазға түсiрiп үйренген әдет қалатын емес. Қарап отырсам, осы жасымның жартысынан көбi қағаз ақтарып, архивтерде өтiптi. Сол табаны күректей қырық жыл – 40 баспа табақ роман болып алдымнан шықты. Бұған өкiнуге бола ма?! Әрине, жоқ! Егер өмiрге қайта келiп, қайта тiрлiк кеше бастауға мүмкiндiк туар болса, тағы да дәл осы жолды қалар едiм. Өйткенi, мен не нәрсенi жазсам да, сол оқиғаның бел ортасында жүрiп, түн демей, күн демей араласып, көзбен көрiп, қолмен ұстап жазған адаммын. Бүгiнгi дүниелерге кейде көңiл толмай жатады, неге? Өйткенi, кейiпкердiң бәрi ауылдан шығады, қалаға келедi… Оқиды, қолдан келсiн-келмесiн қызметте қалады. Одан кейiнгiсiнiң бәрi қияли дүниеге айналып жүре бередi. Ол да керек шығар. Дегенмен, ақиқатсыз дүние толыққанды шығарма емес. Бүгiнгi оқырман да басқаша, талғам-таразыға көңiл бөле бермейдi. Сондықтан кiтапқұмарлар азайып кеттi. Менiң бұл ойыммен келiспейтiндер баршылық. Жазу бар да, еңбектену, iздену бар. Осы екеуi қиылысқан жағдайда ғана дұрыс дүние туады. Тiлi бұралаң, жаһандануға жақындаймыз деп жүрiп, тiлдi де, шығарманы да сүрең жолға салып алғандар жетедi. Мен кезiнде, Германияда жүрген кезiмнен “Комендант” деген роман жаздым. Бiрақ сол дүние оқырман қолына жетпедi. 1964 жылдың көктемiнде өртеп жiбердi. Көз көрдi, баспаға бермеймiн, жарияламаймын деген акт жасалды, қол қойылды. Демократия, жариялылық деп жатамыз, қоғамдағы өзгерiстер, заңсыздықтар сол кезде-ақ қағазға түскен екен.Амал жоқ, өртелдi. – Қолжазбалар қалған болар? – Қалыпты. Бертiн келе 1998 жылы қайтадан шықты. Сол атымен жарияланды. Қазiр ондай органдар жоқ, шығармашылық еркiндiк пайда болды. Бiрақ белгiлi бiр тақырыптан ауытқымау керек. Қалай да жазар дүниең ой елегiнен, сүзгiден өтiп, әбден иi қанып барып жарыққа шығуы керек қой! Өз басым бұл жағынан мақтана аламын. Тағы бiр мысал, ауыл шаруашылығы жөнiнде дүние жазғым келiп жүрдi де, ойланбастан комбайншылар курсында оқып, екi жаз қатарынан егiн орағына қатысып, шөпшiлер мен пiшеншiлердiң тыныс-тiршiлiгiн бақылап жүрiп, “Комбайн” деген пьеса жазып шықтым. 1982 жылы жазылды. Қойылды. Тiптi, Мәдениет министрлiгiнiң сыйлығын алды. Сол сияқты, қырық жыл бойы архив ақтарғанымның жемiсi, “Шоң би” деген романым да осындай еңбектiң жемiсi. Наполеонды жеңген Александр-1 патша 1822 жылы қазақ үшiн ең соңғы уставын жазған. Қазақ өмiрiн белгiлеп отыратын, қазақ өмiрiн жылжытып отыратын. Соны бұздырған Шоң би қазақтан шыққан тұңғыш хан болған. Бiзде, әдебиетте Құнанбай жайлы “қарадан шыққан хан” деген сөз бар ғой. Яғни, Шыңғыс хан ұрпақтарынан ғана емес, нағыз сұлтан осы кiсi болғанын iзденiп жүрiп, деректi дәлелдермен жазып шықтым. Қасқайып отырып уставты бұздырған Шоң би жайлауын күтуге Сiбiр губернаторынан әскер шақыртып алады екен. Он-он бес казак орыстар, оларды бiр сотник офицер басқарып келедi екен. Губернатордың әлгi сотникке “әр он күн сайын сұлтанның төңiрегiндегi оқиғалар жайлы хабарлап, рапорт жазып тұр!” деген жасырын бұйрығы да бар екен. Фамилиясы әртүрлi, Давыдов, Махонин, Лебедов, Усов дейдi, толып жатқан рапорттар архивте әлi күнге сақтаулы. Бiр қызығы, бидi әрқайсысы әртүрлi сипаттаған. Бiрi: “сары, көзi қысыңқы” деп жазса, ендi бiрi: “толық, бiрнеше жiгiт атқа көтерiп отырғызатын-ды” деп сипаттайды. Осыларды оқи, зерттей отырып, мен романыма Шоң бидiң портретiн өзiм салдым. Қазiр ше? Жақында бiр жас жазушымен әңгiмелесiп отырып, осы ойымды айттым. Ол, әрине, келiспедi. Мен айтам ғой: “Әй, сен еңбекқор жазушысың, қабiлет-қарымын мықты, бiрақ не жазарыңды бiлмейсiң. Бар ана түрмедегi өзiң сияқты жап-жас жiгiттердiң арасында бiрер ай болып, олардың психологиясын зерттеп, тiрлiгiн бақылап, жан-дүниесiне үңiлiп келшi, сенен қандай шығарма туар екен” деймiн. Сондағы әлгiнiң жауабын тыңдаңыз: “Ой, аға, ол жақтағы, тордың ар жағындағы тiрлiк белгiлi емес пе, фантазияң мықты болса, бармай-ақ жазып шығуға болар едi” Бұған не дейсiң, дауласа алмайсың, өз ойынан қайтпайды. Ал, бұл әдiсте менен озған, мендей еңбек еткен жазушы, әй, қайдам, жоқ-ау. Жаңа жоғарыда айтқан екi жазушы iнiм айтқандай, шын мәнiнде шығармашылыққа да, көркем дүниеге де, шырайлы қазақ тiлiне де мендей жанын салған қазағыңыз көп емес. – Тiл демекшi, шынында да тәрбие отбасынан басталады деймiз, сонау тiлге, дiнге қарсылық жүрiп жатқан Кеңес дәуiрiнiң өзiнде Сiздiң қазақ тiлiне, қазақ мектептерiне жасаған еңбектерiңiз де ел аузында… – Оның дұрыс, бұл орайда көптеген ағаларым мен тұстастарыма өкпелi қазақпын. Адам өзi не нәрсенi бағалы, құнды десе, соны ұрпаққа, өзiнiң тiкелей ұрпағына қалдыруға тырысады ғой. Ал, менiң ағаларымның көбi балаларына өз ана тiлдерiнде тәрбие бермегенi белгiлi. Сол кездегi қазақ зиялылары аса көп болмаса да, белгiлi бiр топтың тiл мәселесiне келгенде кiбiртiк танытқаны қаншама ұрпаққа залалын тигiздi. Соның салдарынан кезiнде қаламызда қазақ мектептерi жабылып қалды. Тұңғыш қызымыз Баян жетiге толғанда мектепке, қазақ мектебiне берейiк десек, бүкiл қалада бiрде-бiр мектеп жоқ. Амалсыздан орыс мектебiне тапсырдық та, осы мәселенi қозғауға ниеттендiк. Содан бiраз азаматтар, 1967 жылы бiр-бiр баладан жетелеп жүрiп, Әбу ақсақал немересiн, Қадыр Мырза Әлi, Бәкiр Тәжiбаев, Мырзатай Жолдасбеков, тағы бiраз азаматтар бар, №40-шi мектептен қазақ сыныбын аштырдық. Сөйтiп жылдан жылға қазақша сыныптың балалары көбейдi де, ендi мектеп ғимараты тарлық жасады да, жаңа мектептiң құрылысы жүре бастады. Осы күнгi 12-шi мектептiң тарихы осылай қалыптасты. Одан кейiнгi бiр шаруа — кадр мәселесi болды. Сол кездегi республикалық, облыстық, аудандық оқу жүйесiндегi орыстiлдi қазақтар кезiнде мектеп ашуға қарсы болса да, кейiн тамыр-таныстықпен орналасқан мұғалiмдер ұжымымен күрес басталды да кеттi. Бiреуiнiң әйелi, бiреудiң қарындасы не қызы – бiрауыз қазақша бiлмейтiндер балаларымызға қалай бiлiм бермек? Халқымыздың баға жетпес ұлттық үрдiске толы салт-дәстүрiн, өнегесiн қалай қалыптастырмақ? Үзiлiс кезiндегi әңгiме түгiл, оқу орнында жиналыстар әлгiлердiң ықпалымен орыс тiлiнде өтетiн болыпты. Осы Мырзатай бастап (ата-аналарға олармен ұстасу қиын болса да) кейбiр мұғалiмдердi қызметiнен қуып та шықтық. Тiптi қазақ мектебiнде сабақ беремiз деп құлшынып жүргендердiң өз балалары орыс мектебiнде оқиды екен. Байқасақ, балаларымызға қазақи тәрбие беремiз деп емес, нан табу үшiн ғана жүргендер. Осы бiр қиын кезеңде Рабиқа Нұртазина директор болып келдi. Ұйымдастырушылық қабiлетi күштi, бiлiмдi. Өз шаруасына өте қабiлеттi, iскер әйел жұмысын дөңгелетiп-ақ әкеттi де, көзiмiз ашылды. Дау-дамай да тынды. Сөйтiп, өмiрге әкелген бес баламыз да осы мектептi бiтiрдi. Қазiр ешкiмнен де кем емес. – Сiз қызмет бабымен, анығырағында, әскери қызметпен бiраз жылдарыңызды шетелдерде өткiздiңiз. Сөйте жүре туған тiлiңiзге жанашырлығыңыз ерекше, мүмкiн осы жылдардың да әсерi бар ма? – Бүгiнде бiраз азаматтар өздерiн шетелде тұрып келгендiктен тiлдерi шорқақ, шұбалаңқы болып кеткенiн айтып қалады. Мен айтар едiм, көп нәрсе керенаулықтан. Ар жағында жiгерi жоқ, ұлттық үрдiске тәрбиелейiн деген ниетi жоқтар ғана солай дейдi. Бiрде белгiлi бiр азаматтың үйi қонаққа шақырды. Бардық. Қалалықтарда дастарқанға отырмас бұрын бөлмелерiн аралатып, не болмаса жұмыс бөлмесiн көрсететiн үрдiс бар ғой. Кiтапханасы өте бай екен. Бiрақ бiрде-бiр қазақша кiтап қанша iздесем де көзiме шалынбады. Қаным басыма шауып, кетуге асықтым. – Ой,Қалеке, қайда барасыз?, – деп жатыр үй иелерi. – Қазақтың рухы жоқ үйде отыра алмаушы едiм,– дедiм де шығып жүре бердiм… Кейде тiлге байланысты, орта, қоршаған ортасының әсерi деген сөздi жиi естiп қаламын. Ол – далбаса сөз. Қаның, жаның, жүрегiң қазақпын деп соғып тұрса ешкiмнiң қауқары жетпес. Өзiңнiң тiлiңдi, дiлiңдi, салт-дәстүрiңдi ұмыту – тек қана сыртқы ортаның әсерi емес. Өз басым белгiлi бiр дәрежеде араласатын ортамыз басқа тiлдiлер деген сынық сылтаумен өз ана тiлiне мән бергiсi келмейтiндерге қарсымын. Менiң талай жылым, өзiң айтпақшы, шетелдерде өттi. Он екi жыл әскерде болдым. Әскери тiл —орыс тiлi екенiне қарамай, өз ана тiлiмдi ұмытпақ түгiлi, шығармаларымның барлығы дерлiк таза қазақ тiлiнде жазылды. Қазақ тiлiнде жазылған екен деп ешкiм кiтабымды баспай қойған жоқ. Тiптi, бiрнеше елдiң тiлiне аударылды да. Жалпы, тiл мәселесiнде дәрменсiздiк танытуға болмайды. Даңғаза айқайға iлесiп, мiнберлерде қазақ тiлiнiң жыртысын жыртып, ал отбасында сықпыты әлгiндей болса, одан не қайыр, не үмiт?! Ана тiлi, қазақи тәрбие отбасынан басталуға тиiс. “Өз ана тiлiңнiң алдына басқа тiлдердi шығарма!” деп балаларымның, немерелерiмнiң де құлақтарына әлi күнге құйып отырамыз. Ұлттың бiрiншi белгiсi өз тiлi болуы керек. Өз жерi, өз мемлекетi, осы үшеуi болған халық қана бiртұтас ел екенiн, ұлт екенiн айғақтайды. Мен қазақ тiлiнен ешқашан ақау жiбермеген адаммын. – Екiбастұз хикаясы туралы өз аузыңыздан естiсек… – 1960-70 жылдары Екiбастұздың аты керемет шыға бастады. Өзiмiз түгiл, Сiбiрдiң жарты қаласына электр, отын энергиясын таратып, сол сұмдық құбылысты Павлодар облысының сол кездегi секретарлары мұндай байлықты,яғни кен орнын қарапайым қазақ ашты деуге ауыздары бармады. Қимады. Ал, Қосым Пiшенбаев деген геолог туралы емiс-емiс әңгiмелер құлаққа жетiп жатыр. Содан бiлек сыбана кiрiстiм де кеттiм. Обкомның насихат жөнiндегi секретары Екiбастұз көмiрiн Бородин деген айдауда жүрген бiр инженер тапты дегендi мақұлдап, сол кiсiнiң атына көше бергiзiп те қойыпты. Содан, қазақша айтқанда, iзiне шам алып түстiм ғой. Сонау Киевтiң орталық архивiнен барып, деректi мәлiметтер жинадым. Тiптi, Қосым жүрген жерлер, бағыттар, ашқан кен орнын бұлжытпай көрсеткен картаға дейiн табылды. Соның бәрiн жинап, реттеп әкелiп секретардың алдына тастадым ғой. – Что ты хочешь теперь? – дейдi. – Бородиннiң көшесiнен тақтасын алып, Қосымның ескерткiшiн қоясыз, – деймiн мен де тықақтап. – Жо-жоқ, ол көше де, тақта да алынбайды, композитор Бородин болып қала бередi, – деп бажырайды. – Георгий Алексеевич, егер сiздiң осы сөзiңiздi осы қалпында “Крокодилге” жазып жiберсем, не болады?– дедiм. Жынданып кете жаздады. Содан не керек, жағаласып, тартысып жүрiп Бородиндi жiбердiк те, көшенiң аты да, тақтасы да алынды. Содан кейiн-ақ Қосым жайлы аудандық, облыстық газеттерге батылдау жаза бастадық. Не керек, 1994 жылы Қосымның 150 жылдығына орай Екiбастұз қаласынан ойып тұрып биiк ескерткiшi орнатылды. – Ол кезде, Кеңес дәуiрiнде ондай мәселелер халықтар ұлтараздығына, татулығына керi әсерi тиедi деп қорықпадыңыз ба? – Шындық үшiн қашан да, қай заманда да, қай ортада да күресуге болады. Менде нақты дәлелдi деректер болды, несiне қорқайын. Архивте 14-шi қор бар, осы кен iздеушiлердiң фонды. Көп көмектестi, орыс көпестерi келедi екен де, ақша берiп Қосымға кен iздетедi екен, ол табады. Ал нәтижесiнде атағы солардiкi болып шыға келедi. Осындай деректер алдымнан шыға бердi, шыға бердi. Тiптi Қосымның кен iздеген жолдары, кен бұрылыстары, тiптi Қосымның шахтасы деп белгiленген ескi карта сызбасына дейiн таптым ғой. Бұл ол кездегi ұлтшыл шенеунiктердiң бұлжытпас дәлелi, дәйегi болды да, қарсыласуға мүмкiндiктерi де қалмаған едi. – Еуропаны қорғаған он қазақ жайлы да өзiңiзден естiсек… – Иә, ол да ұзақ әңгiме ендi. Берлиндi қорғауға бара жатқан Италия жерiнде фашистiң бiр топ ротасы, шамамен 150 солдат бiр көпiрдiң бойында он қазақтан құралған барлаушылар отрядына кездескен ғой. Сөйтiп, Берлинге көмекке бара жатқандардың жолын бөгеп, бiрнеше күн бойы қырғын шайқас болған. Соңында, он-ақ қазақ жауынгерi бәрiн жайратып, өздерi де опат болған. Бұл, ендi сұмдық қой, 150 адамға он қазақ! Маған жолыққанда бiрде-бiрiнiң фамилиясы қазақ емес екен, соларды төрт-бес жылдың iшiнде қазақша аты-жөндерiн тауып, сол көпiрдiң бойына соларға мәңгi ескерткiш орнату туралы мәселе тағы да алдымнан шыға келдi. Қазақтар Еуропаны жаудан азат етуде тек көптiң бiрi ғана емес, нағыз ерлiк көрсеткен жауынгер халық болғанын дәлелдеу, әрине, оңай болған жоқ. Тағы да жол, тағы да архив, тағы да айтыс-тартыс… қарсылық.. қойшы әйтеуiр, аты-жөндерi тасқа жазылып, үлкен жолдың бойына ескерткiш қойдырып тындым. – Аты-жөндерi неге орыс болып кеттi екен? – 1941-42 жылдары тұтқынға түскенде, бәрiн орыс әскерлерi деп солай толтырып жiберген ғой. Қашқаны қашып барып қайтадан қосылып, жете алмағандары қалған. Бiр шаруаны тындырдым деп елге жетсем, бiраз қарсылықтар алдымнан тағы да шықты. Орталық Комитеттен неге жоғары жақ араласпай, жеке тындырып жүрсiз дегендей әңгiмелер де шықты, егер үкiмет жағы араласса, бiреу бiреуге сiлтеп ол нәтиже берер ме едi, бермес пе едi, кiм бiлсiн? Бұл мәселенiң соңына түсiп жүргенiм, Еуропада ұзақ жыл қызмет iстеген адаммын. Соғысқа бардым,соғыс психологиясын бiлемiн, тiптi әр елдiң әскерлерiнiң психологиясын, тәртiп-талабын бiлемiн, құрылымын бiлемiн. Сосын Еуропа елдерiмен, мемлекеттерiмен өзара қарым-қатынасын бiлемiн. Осындай мүмкiндiгiм бола тұра, қалай қарап отырайын. Әйтеуiр, кеудеңде жаның, ар-намысың болғандықтан жоқтан бар жасауға емес, ар жағында ақиқаттың ауылы алыс емес екенiне көз жеткен соң несiне алаңдайын. – Ертiс-Қарағанды каналының Сәтбаевтың атымен аталуына да Сiздiң ықпалыңыз бар деп естiдiк. Жалпы, Қаныш ағаға туысқандық жақындығыңыз ба, әлде… – Оның рас,Сәтбайдың қызынан туғанбыз, Сәтбаевтарға жиен болып келемiн, анам жағынан. Туыстық, қандық жағын былай қойғанда, Қаныш үлкен ғалым Алашқа ортақ азамат. Ал, каналға келсек, онда мен табаны күректей он бес жыл жұмыс iстедiм. Кәдiмгi жұмысшылардың бел ортасында жүрдiм, қара жұмыстың, қарапайым жұмысшының образына кiрейiн, шығарма жазу ойда болған, сондай мақсатпен барып, бiраз жылым ен далада, каналдың жағасында өттi. Арқаның аязына қарамай, пана тұтар ағашы да жоқ Сарыарқаның ми қайнатар ыстығына қарамай, күндiз-түнi еңбек еттiм. Қызық қой, өңiм түгiл түсiме енбеген гидрология, геология деген салаларды тез түсiнiп, меңгеру мен үшiн түкке тұрмады. Инженерлермен айқаса жүрiп, жәй ғана олардың өмiрiн зерттеу үшiн ғана емес, жанымды салып еңбектендiм. Ол кезде Мәскеуге қараймыз, құрылысты да солар жүргiзген. 1970 жылы Лениннiң 100 жылдығы болды ғой. Сонда Қарағанды обкомының бiр секретары каналға куратор болды. Наурыз айының бас жағында “Молодежный” деген жерге келiп, активтiң жиналысын өткiздi. Қаныш Сәтбаевтың Орталық Қазақстанды суландыру жөнiндегi барлық еңбектерiн жинап кiтап шығарғанмын, бұл канал мәселесi де Сәтбаевтың идеясынан туған шаруа, сондықтан канал сол кiсiнiң атымен аталуы керек, сұранып-ақ тұр. Менiң де бар арманым осы. Жиналыс ауаны басқа жаққа бұрылды да кеттi, зал жым-жырт. Бiттi, ешкiм сөйлейтiн түрi жоқ. Не болса да, ойымды жеткiзiп қалайын дедiм де, мiнберге көтерiлдiм. “О, каналский писатель” деп таныстырды. — Белогор каналы Ленин атында, Москва каналы Ленин атында, Волга-Дон, 1930 жылы салынған Үлкен Фергана каналы, Кiшi Фергана, Қарақұм каналы Ленин атында, деп тiзiп-тiзiп келдiм де, ал ендi бiз мына каналды да ұлы көсем атына берсек, мұнымыз мазақ болмай ма?– дедiм жан-жағыма батыл қарай бастап. Жұрт тым-тырыс. Үнсiздiктi куратордың өзi бұзды: әлi каналдың 20 процентi бiткен жоқ, уақыт бар, ойлануға деп тарасты. Жұмсақ бiткен жиналыстың соңғы нәтижесi, ғалым атымен аталуымен тынды ғой. Роман да жазылды. Құрылысты жүргiзген Бас басқарма құрылысшылардың қатарында еңбегiмдi бағалап, “Еңбек Қызыл Ту” орденiмен марапаттады. Мұның да хикаясы осылай, қарағым. Қалмұқан ағамен болған әңгiмеден түйгенiм: қазақтың бiреуге сүйсiнсе “шынашақтай болып” деген әдемi сөзi дәл осы бiр қазақтың шынашақтай ғана болып, үндемей-ақ тындырымды ғұмыр кешiп келе жатқан қара шалдарына бағытталған болар. Кейiнгi бiр кездерi Алматының құбылмалы ауа райына байланысты мазасы болыңқырамай жүрген қайраткер жазушының шаршаңқы жүзiне қарап, айтып шығуға, жазып шығуға оп-онай қаншама шаруалары салған әжiм сызықтарына қарап iштей сүйсiндiк. Елiне, халқына саналы, туған тiлiн пiр тұтар ұрпақ ғана емес, не болмаса қалың оқырманына тек қана ақиқатты оқиғаларға құрылған роман-кiтаптар ғана емес, осындай сырт көзге елене бермейтiн, тiптi “көрмес түйенi де көрмес” дегендей, кейбiр даңғаза ойлылар ойға да алғысы келмейтiн жоғарыдағы тiрлiктерi бүгiнгi өзiне демеу, жанына рухани азық болып келе жатқанын ашып айтпаса да, жан-дүниемiзбен ұғындық. Ал, шынашақтай ғана қазақтың қара шалынан өрбiген ұрпақтың тындырар шаруасы, халқына етер қызметi, ол ендi, тiптi бөлек әңгiме… Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ