ДИВИЗИЯ БАСҚАРҒАН ҚАЗАҚ
ДИВИЗИЯ БАСҚАРҒАН ҚАЗАҚ
1943 жылы 14 қарашада 31-шi Невельдiк бригада мен 100-шi қазақтың ұлттық атқыштар бригадасы негiзiнде 1-шi атқыштар дивизиясы құрылды.
Бiрiншi атқыштар дивизиясы көп ұзамай Невель түбiнде ұрысқа кiрiстi. Алғашқы күнi-ақ 1-шi атқыштар дивизиясы командирi полковник А.Бакуев жараланып, госпитальге кеттi де, оның орнынан орынбасары гвардия полковнигi Әбiлқайыр Баймолдин тағайындалды. Ол қазақта тұңғыш әскери академия бiтiрген азамат болатын.
Әбiлқайыр Баймолдин 1909 жылы Павлодар облысының Лебяже ауданындағы Тақыр деген ауылда туған. 1928 жылы совет партия мектебiн бiтiрдi, сол жылы партия қатарына алынды. 1928-1931 жылдары Павлодар аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы болып қызмет атқарып, жерлестерiнiң тұңғыш комсомол топтарын ұйымдастыруға атсалысқан. 1931 жылдан Алматыдағы қазақтың тұңғыш “Үлгiлi” атты полкында эскадрон политругi болып қызмет еттi.
Қызыл әскер, курсант, взвод командирiнiң орынбасары, эскадрон саяси жетекшiсi болған Әбiлқайыр Баймолдин Қаттақорғанда, Алматыда, Нальчикте, Тульчинада әскери қызмет атқарды. Қайда жүрсе де Әбiлқайыр туған жермен байланысын үзбеген. Әбiлқайырдың бастамасымен Павлодар облысының төрт ауданымен Ертiс, Павлодар, М.Горький, Цюрупа аудандарымен қамқорлық байланыс жасалды. Атты әскер дивизиясының 49-полкiне осы төрт ауданнан жiгiттер әскери қызметке келiп тұрды. Ал, Баймолдиннiң жерлестерi Павлодар облысындағы лебяжiлiктер кейiн 49-полктiң эскадронын қамқорлыққа алды. 1936 жылы Ә.Баймолдин өз дивизиясының 17-полкiне келiп, эскадрон командирi болды.
1938 жылы Қиыр Шығыста Хасан көлi, Халхин гол өзенiнiң маңында жапон самұрайларына қарсы ұрысқа қатынасып, “Ерлiгi үшiн” медалiмен марапатталды. Награданы Мәскеуде М.И.Калининнiң қолынан алды. Қызыл алаңдағы жеңiс шеруiне қатысты. Көп ұзамай, аға саяси жетекшi Ә.Баймулдин, үкiметтiң арнайы тапсырмаларын орындағаны үшiн Қызыл Жұлдыз орденiмен марапатталды.
1939 жылы “Қазақ ССР-iнiң ХV жылдығы” белгiсiмен наградталған.
1941 жылы Баймолдин Ленин атындағы Мәскеудiң әскери-саяси академияны бiтiрiп, генерел-майор Л.Доватордың екiншi гвардиялық атты әскер корпусындағы төртiншi полктың комиссары болып тағайындалды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда, 1941 жылдың жетiншi қарашасында Әбiлқайыр 9-шы атты әскер дивизиясының 51-шi полкiне комиссар болып ұрысқа енедi. Баймолдин Мәскеу түбiнде жаралы болса да саптан шықпады. Көп ұзамай осы шайқастарда, ол екiншi рет жараланды. Бұл жолы аға саяси жетекшi Волоколамск түбiнде жараланып, госпитальге түседi. Көп ұзамай ол қайта сапқа тұрып, 44-шi атты әскер дивизиясының 61-шi полкiне командир болып, қайта ұрысқа енедi. Әбiлқайыр Баймолдин ерлiгi мен батылдығы үшiн жауынгерлiк Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз орденiмен наградталды.
Әбiлқайыр өзiнiң ауылдастарымен хат арқылы байланысып тұрады.Комиссар дереу атты әскерлер атына жеделхат жолдап, Мәскеу түбiнде әскери құраманың жетi елдi мекендi және бiр темiр жол стансасын азат еткенiн жазады. Жауынгер командирдiң хаты “Тақыр” колхозының ауыл-селоларында, жиындарда оқылып, талқыланады.
44-шi атты әскер дивизиясының саяси бөлiмi жауап хат жолдайды. Әбiлқайырдың полктес досы Қанапия Ибрагимов жерлестерiне хат жолдап, 1923-1925 жылдары туғандардан әскери өнердi қажымай меңгерудi сұрайды. Бұл 1942 жылы жолдаған хат едi.
Әбiлқайыр Баймолдин Жиздра өзенiнiң бойында төртiншi рет жараланып, тағы да госпитальге түседi.
Майор Ә.Баймолдин Алматы госпиталынан қайта майданға келiп, өзiнiң 4-шi полкының командирi болып тағайындалды. Бұл полк Смоленск облысындғы Ресета мен Жиздра өзендерiнiң түйiскен жерiнде 1942 жылғы 2 шiлдеден 8 тамызға дейiн қиян-кескi ұрыстар жүргiзiп, жаудың шабуылын тойтарды. Осы жолы Баймолдин Қызыл Ту орденiмен наградталып, корпус штабының комиссары қызметiне жоғарылатылады.
Комиссарлық қызметтер жойылған соң Баймолда Мәскеудегi Жоғарғы офицерлiк мектептiң жанындағы саяси қызметкерлерден командирлер дайындайтын алты айлық курсты бiтiрiп, Калинин майданына келдi. Майдан командован иесi оны 100-шi қазақтың ұлттық атқыштар бригадасына жiбердi. Подполковник Баймолдин бригада командирi полковник А.Марецкийдiң жауынгерлiк жұмыс жөнiндегi орынбасары болды.
1943 жылғы қыркүйектiң соңында, 3-шi екпiндi армия бөлiмдерi генерал-лейтенант К.Н.Галщкийдiң бастауымен Калинин майданының оң қанатында маңызды шабуыл операциясын бастады.
МАҚСАТ – НЕВЕЛЬ ҚАЛАСЫН АЛУ
Невель қаласы – жау қорғанысындағы маңызды стратегиялық торап едi. Автомобиль және темiржолдардың iрi торабына орналасқан Невель Балтық жағалауы мен Белоруссияға өтер қақпа болатын. Невель қаласы арқылы гитлершiл әскерлердiң екi тобын – “Орталық” пен Солтүстiктi байланыстыратын жол қатынастары өтетiн. Невель қаласында алысқа әрекет жасайтын гитлерлiк телефон-телеграф байланыстарының негiзгi торабын бередi. Мұнда қару-жарақтың iрi қоймалары, киiм-кешек пен азық-түлiктер қоймалары бар тылдық әскери ұйым орналасқан. Ақырында, Невель қаласының азат етiлуiмен қарсыласудың қуатты тораптарына құрылған жау қорғанысының үш бұрышындағы – Новосокольник – Великие Луки – Невельдегi екiншi бұрыш жойылар едi. Жау Невель қаласының айналасына инженерлiк құрылыстардың әбден жетiлдiрген жүйесiн жасады. Блиндаждар мен дзоттардың төбесi бес-алты қабат етiп жабылған. Өз қорғанысының алдыңғы шебiн жау екi, кейде тiптi үш қатар мина белдеуiмен, бөгесiн темiрлермен, тiкен сымдармен және басқа кедергiлермен айнала қоршап тастапты. Қалаға таяу орналасқан селолар мен поселкелер де қарсылық көрсетудiң мықты тораптарына айналдырылған.
Табысқа жету үшiн 100-шi атқыштар бригадасы күтпеген жерден күйрете соққы берiп, оның қорғанысын тез бұзып өтiп, қаланы иеленiп, жақсылап бекiну және оны ұстап тұру керек болатын.
Невель қаласына шабул жасар алдындағы түнде үлкен iс тындырылды. Командирлер Морецкий, Баймолдин, Байiшев, Мостовой Поречье селосы бағыттындағы майданның тар учаскесiнде жау қорғанысының бiрiншi және екiншi шебiн бұзып өту мiндетi алға қойылған екпiндi топтар құрды. Бұл жүз жылдың 6 қазаны едi.
Таңертеңге қарай барлық артиллерия атыс позициясына шығып, зеңбiректерiн жауға қарай бағыттады. Ал оған дейiн, түнi бойы үлкен шабулға дайындалған барлаушылар мен саперлер қауырт жұмыс iстедi. Жауынгерлер қажет жерiнде окоптар мен атыс нүктелерiн қайта жабдықтап жатты.
…Таң атты да, подполковник Баймолдин сары ракетаны аспанға ұшырды – бұл артииллерияға берiлген белгi едi. Қолда бар зеңбiректердiң бәрiмен биiктiң беткейi және фашистер қашып барған Руднево деревнясын атқылады.
Командалық пунктке баяндай отырып, Баймолдин телефонмен былай деп хабарлады.
“Биiктi алдық, жүздеген фашистер жойылды. Жаудан сегiз пулемет, жетпiс автомат, алты зеңбiрек және көптеген оқ-дәрi олжаладық. Артиллерияны биiкке жақындатып жатырмыз. Окоптарды жауға қарсы жабыдықтаудамыз. Бiз жақтан жиырма адам өлiп, жиырма жетi адам жараланды. Дәрi-дәрмектер мен оқ-дәрi жетiспейдi”.
Подполковник Баймолдин жауды биiктен қуып шыға салысымен капитан Халимулдинмен бiрге окоптарды бойлай жылдам басып жүрiп кеттi. Олар окоптардың барлық қатарларын аралап шықты. Жауынгерлер биiктi жоғарыдан айнала қоршай, елу метрге созылған терең қазылған немiс окоптарында жасырынған едi.
Окоптарды бойлай жүрiп келе жатып, Баймолдин солдаттарды батыл штурм жасағаны үшiн алғыс айтып, әзiлдеп, оларды көтермелеп қояды.
– Ендi, жолдастар, қалай болғанда да биiктi ұстап тұруымыз керек. Басқа жол жоқ! Әйтпесе бiз мұнда сонша қырғынмен неменеге көтерiлдiк? Сәлден кейiн таң атады, сонда көресiңдер бұл жерден бәрi алақанда тұрғандай көрiнедi! Ендi бiз өздерiңмен бiрге биiкте тұрмыз. Ал олар, фашист азғындары, төменде… Бұл жақсы ғой! – дедi ол желпiне.
…Фашистер алғашқы атакаға шықты. Жаудың бронясында ақ крестерi бар қара танкiлерi тосын болған жоқ. Барлаушы-бақылаушылар оларды алыстан-ақ көрген болатын.
Жау танкiлерi жылдамдықты арттыра түсiп, биiкке ұмтылды. Барлық жауынгерлер окоптарда тұрып, шиыршық ата күттi. Подполковник Баймолдин де, оның қасында тұрған комиссар Бәйiшев те қобалжыды. Олар сымдай тартылып, көздерiн дүрбiден алмады. Соңында жаяу әскерлерi жүргiрiп келе жатқан жау танкiлерiнiң жақындауын тосты. Ал танкiлерге дейiн үш жүз қадамдай қалған кезде Баймолдин трубкасына: “Броня бұзғыштар, танкiлердi тура көздеп, атыңдар!” деп айқайлады.
Әп-сәтте бiздiң зеңбiректер гүрсiлдеп қоя бердi. Алдымен танкiлердiң айналасындағы топырақтар ұша бастады. Ал одан кейiн екi танкi, сәлден кейiн тағы үш танкi түтiндедi. Жаудың жаяу әскерлерi жанып жатқан танкiлерден аулақтап, кейiн қарай еңбектей қаша бастады. Бiрақ бiздiң “максимдер”, автоматтар мен минометтер бұл жаяу әскерлердiң сыбағасын жақсылап бердi. Жау атакасы тойтарылды.
1943 жылғы 15 қазанда Невельдiң солтүстiк-батыс жағындағы 20 шақырым жердегi Изога станциясын босату үшiн қиян-кескi ұрыс болды. Қаратай көлiнiң сыртында, таудың етегiнде, соғыс тiлiмен айтқанда “215-шi биiктiк” деген жерде пулеметшi Мәншүк Мәметова фашист әскерлерiмен бетпе-бет келдi.
Қаптай ұмтылған фашистердi Мәншүктiң пулеметi баудай түсiрдi. Пулемет оқ атып тұрған жерге жау снарядтары құйылды.
Бiрақ бес адамнан құрылған топ оқ бората бердi. Расчеттағы адамдар түгелдей дерлiк саптан шығып, ақырында пулемет бiр ғана Мәншүктiң қолында қалды. Соңғы түскен снарядтардың бiрi Мәншүктi де, пулеметтi де орнынан көтерiп тастады.
Сержанттар Жақан Бөрiбаев пен Тәкен Майшин бастаған бөлiмшелер Мәншүктiң қаза болған орнына келiп, қирап жатқан Мәншүк пулеметiн көргенде өз көздерiне өздерi сенбей, қайран қалысты. Мәншүк оғынан өлген жауыздар бiрiне-бiрi артыла құлап, қырылған қойдай шашырап жатты, бұл үйiлген адам денелерiнiң ұзын саны 70-тен асқан едi.
Қиян-кескi шайқастар кезiнде бригада мергендерi өлтiрiлген фашистердiң есебiн көбейте бердi. Мерген Ыбырайым Сүлейменовтың есебiнде сол кездiң өзiнде-ақ өлтiрiлген 289 фашист бар едi. Оның мергендiк шеберлiгi бүкiл майданға әйгiлi болатын.
15 қазанда болған шайқаста Ыбырайым ерлiкпен қаза тапты. Бригадалық “Отан үшiн” газетiнiң келесi санында Мәншүк пен Ыбырайымның өлер алдында көрсеткен ерлiктерi жазылды. Сонда Ыбырайым Сүлейменовтiң соңғы ұрыста 31 фашистi жойғаны, сөйтiп оның барлығы 270 немiстi жер жастандырғаны баяндалған.
Невель қаласын азат еткеннен кейiн Әбiлқайыр Баймолдин осы қаладағы гарнизонның бастығы болып тағайындалды. Қашқан жаудың қалдықтары қаладан 3-10 шақырымдай қашықтықта едi. Олар есiн жиысымен қайта-қайта оқ атып, мазалай бердi. Аспаннан бомба тастады. Мiне, осындай сәттерде гарнизон бастығының көп жұмыс iстеуiне тура келдi. Күн демей,, түн демей ол тынымсыз еңбек еттi. Қала қорғанысын ұйымдастырды, соғыс объектiлерiн қорғауды күшейттi. Осындай сәттерде Әбiлқайырдың нағыз iскерлiгi, шебер қолбасшы екендiгi айқын көрiндi.
…Қалың әскердiң ортасында алшақтау екi жебе бейiт жатыр. Оның бiреуiнiң басында “Пулеметшi Мәншүк Мәметова 1922-1943” екiншi “Снайпер Ыбырайым Сүлейменов 1911-1943” деген сөздер жазылған.
Екi бейiттiң бас жағында 100-бригада командирiнiң екi орынбасары подполковник Баймолдин мен подполковник Бәйiшев тұр.
– Қымбатты достар! Даңқты Невель қаласының тұрғындары! Немiс – фашист тепкiсiнде азап шеккен азаматтармен азаматшалар! Аға-iнi, апа-қарындас бауырларымыз бiздiң! – подполковник Баймолдиннiң сөздерi төбе құйқаны шымырлата естiлген едi. – Кеңес қаласы Невельдi фашистер 1941 жылы 6-шiлде күнi басып алды. Содан сiздер, қадiрлi отандастар, тура екi жыл үш ай жау тепкiсiнде болдыңыздар. Кеңес Армиясы сiздердi осы жылы 6-қазанда фашистердiң құлдығынан азат еттi. Невельдi басқыншылардан азат ету iсiне көптеген құрамалар қатысты. Солардың iшiнде 28, 21-атқыштар дивизиялары мен бiздiң 100 қазақтың ұлттық бригадасы ең алғы шепте болды. Жауды қаладан қуып шыққаннан кейiн, дұшпан қайтадан күш жиып, Невельдi тартып алуға, сөйтiп мойындарыңызға құлдық қамытын қайта кигiзуге тырысты. Бiрақ бiздiң бригада фашистердiң соққысына төтеп бердi, Оларды қалаға кiргiзбедi. Әрине, Невель үшiн ұрыстарда Бригаданың көптеген жауынгерлерi мен командирлерi ерлiкпен қаза тапты. Солардың екеуi мынау орталарымызда томпайып тұрған қос қабiрдiң iшiнде жатыр. Бұлардың есiмдерi пулеметшi – Мәншүк Мәметова, мерген – Ыбырайым Сүлейменов. Екеуi де Кеңес Одағының Батыр атағына ұсынылды. Екеуiнiң де сүйегi Невель қалалық Кеңесiнiң ұйғаруы бойынша осы жерге жерлендi.
Бiз, осы сапта тұрғандардың барлығы да, Кеңес армиясының жауынгерлерiмiз, қазақпыз. Бiздiң туып – өскен жерiмiз Қазақстан. Бiздiң асқар тауларымыз Алатау мен Алтай, үлкен өзендерiмiз Ертiс пен Жайық, үлкен қалаларымыз Алматы мен Қарағанды.
… Даңқты Невель қаласының тұрғындары! Ұландарымыздың моласын сiздерге тапсырдық. Жүдетпей, күтiп ұстап, туысқандық көз қырын сала жүрiңiздер. Әскери комендатураның ұсынысы бойынша, Невель қалалық Кеңесi бұрынғы Новоквартальная көшесiн Ыбырайым Сүлейменов көшесi деп атап, тағы бiр көшеге Мәншүк Мәметованың атағын берiптi. Бұған бiз шын жүректен алғыс айтамыз.
Қымбатты жауынгерлер мен командирлер! Мәншүк пен Ыбырайымды ұмытпаңдар. Бұл екеуiне және басқа да жауынгер жолдастарына мекен болған Великие Луки, Невель қалаларын мәңгi естерiңе сақтаңдар. Бұл екi қаланы қазақтың өз ауылдарындай жүректерiңе жақын ұстаңдар. Әрқашанда Мәншүк пен Ыбырайым сияқты ер болыңдар.
Подполковник Баймолдин осылай деп сөзiн бiтiрдi. Содан кейiн iлгерi аттап, қос қабiрдiң ортасына кiрдi де:
– Қош қарындасым! Қош бауырым! – деп қазақша сөйлеп, екi қабiрдiң үстiн кезек-кезек алақанымен сипады.
Жаңа 1944 жылды дивизия командирi Баймолдин окопта өткiздi. Үш күн бойы жүргiзiлген қызу ұрыстарда дивизия бiрнеше селоларды азат еттi.
Төртiншi қаңтарда Невель қаласының солтүстiк-батысындағы биiк үшiн болған айқаста Әбiлқайыр тағы да көзге түстi. Бiрiншi атқыштар дивизиясының екi батальоны алға жылжи алмай, сайда жатып қалды. Ал немiстер бұл сайды үздiксiз атқылап жатыр. Нағыз сын сағаты туды. Өз өмiрiн қатерге тоса отырып, Әбiлқайыр сайға түстi, жауынгерлердiң арасына келдi, сөйтiп оларды шабуылға бастады. Екi батальонның жауынгерлерi екi жақтан шабуыл жасап, жауды тағы да ығыстырды. Осы ұрыста немiстердiң көп офицерлерi мен солдаттары қолға түстi.
Ендiгi кезекте тұрған Неделькино селосы едi. 4 қаңтарда 3-шi екпiндi армия қолбасшысы генерал Галицкий бұйрық бердi:
– Неделькиноны сағат 14-те алуға мiндеттiсiң
– Мiндеттiмiз, аламыз да, – деп жауап бердi Баймолдин.
Полковник Баймолдин әкерлердi жақынырақ жерден басқару үшiн Нощино селосының тұсындағы төбеге шықты. Оның “Алға!” деген бұйрығын естiп, офицерлер мен жауынгерлер өршелене алға басты. Неделькино алынды. Бiрақ ұрыстың шешушi бiр сәтiнде Әбiлқайыр қаза тапты.
Генерал Галицкий Неделькиноның алынғанына қанша қуанса да, өзiнiң жауынгер досы Баймолдиннiң қайтыс болғанына қатты қайғырды. Оның бұйрығы бойынша Әбiлқайырдың денесi 21 шақырым жердегi Нощино селосынан өзi комендант болған Невель қаласындағы бейiтке әкелiнiп қойылды.
Ол Невель қаласының орталық алаңына жерленген. Кеңес Одағының Батырлары пулеметшi Мәншүк Мәметовамен, мерген Ыбырайым Сүлейменовпен Невельдiң орталық алаңында батыр, ержүрек полковник, 1-шi атқыштар дивизиясының командирi Әбiлқайыр Баймолдин мәңгi ұйқыда жатыр.
“Сiздiң асыл жарыңыз, бiздiң жауынгер және өжет жолдасымыз, гвардия полковнигi Әбiлқайыр Баймолдин социалистiк отаны үшiн, әскери антқа адалдық жолында батылдықтың үлгiсiн көрсетiп, 4 қаңтар күнi ерлiкпен қаза болды. Батырдың денесi Калинин облысындағы Невель қаласының орталық Ленин алаңында жерлендi. Оны жерлеу кезiнде барлық әскери құрмет көрсетiлдi” делiнген батырдың жары Сұлубике Баязитоваға жолданған қаралы хабарламада.
Дивизия командирi Л.Бакуев өзiнiң орынбасары болған Әбiлқайырдың қазасына ортақтаса көңiл айтып, Сұлубикеге жазған хатында былай деген:
… “Бұл өте ауыр қаза! Ол офицерлерге нағыз жолдас бола бiлсе, солдаттарға әке болып едi. Оны барлығы да шын сыйлайтын, оның бұйрықтары заң iспеттес қалтқысыз орындалатын. Өйткенi сол бұйрықтарды орындау әрекеттерiне өзi тiкелей басшылық ететiн. Ұлы Отанын жаудан қорғап, жан аямай күресiп жүрiп, соңғы демi өмiрiнiң ақтық секундiне дейiн сол бiр принципiнен тайған емес.
Фашистiк айуандар окоптарға, ДЗОТ-тарға, блиндаждарға әбден бекiнiп алған едi. Дегенмен, бiздiң айбынды жауынгерлерiмiздiң, олар қаруланған пулеметтердiң, минометтердiң, зеңбiректердiң, авиацияның үдей де үстемелей соққан дүмпуiне шыдай алмай, бытырай шегiнiп, бекiнiстерiн тастай қашты. Алайда олар қаша жүрiп, күштi қарсылықтар көрсетiп бақты. Жер де, аспан да ысқырған оқ, жарылған снарядтар, миналар, бомбалардан қалшылдап, дiрiлдеп тұрды, қара түтiн аспан мен жердi қымтай жауып, тiптi адам тынысын тарылта бердi. Ал, бiздiң жауынгерлер алға қарай ұмтылды. “Отанын, жерiн сүйем” деп фашистiк зұлымдардан азат ете бердi. Осы бiр лекте, бiр жолда 80-ге жуық елдiмекендер азат етiлдi.
…Бұл операцияны сiздiң жан жарыңыз бiздiң полковник жолдасымыз Баймолдин өзi басқарды. Бiздiң дивизия осы жолғы асқан ерлiгiмен көзге түсiп, Жоғарғы Бас командованиенiң алғысына ие болған-ды. Тап осы жолы Әбiлқайыр да қаза болды. Бұл орны толмас қайғылы оқиға қарт Невельдiң солтүстiгiне қарай болған едi…”.
Полковник Я.Дубинин сол 1944 жылдың 18 тамызында мынадай естелiк жазған едi:
“…1944 жылғы қаңтардың 4-i күнi Баймолдин екеумiз алғы шепте болдық. Ново-Сокольники сияқты стратегиялық үлкен маңызы бар қала түбiндегi Старосемия деревнясындағы бiздiң жеңiстен кейiн есiн жаңа жиған немiс басқыншылары осы бағытқа танк, авиация, артиллерия бөлiмдерiн топтастырып қарсы шабулға шықты. Баймолдин өте ұтымды әдiстер пайдаланып басқарған осы операциясы бiздiң жеңiспен аяқталып, неше дүркiн жасаған жау шабуылдары тойтарылды.
Майдан алаңында бiр сәтке тыныштық орнады. Тап осы кезде сандырақтаған таяу жерде жарылған снаряд асыл ердiң өмiрiн қиып жiбердi.
Баймолдиннiң жарқын бейнесiн, оның көрсеткен толып жатқан ерлiгiн, оны көрiп бiлген жауынгерлер әрқашан есте сақтайды. Оның ержүректiгi, батылдығы әрқашан да жадымызда сақталады. Баймолдиннiң даңқы өшпесiн!”.
Әбiлқайырдың адамгершiлiгi де күштi болатын. Жауынгер жолдастарына қамқорлықпен көңiл аударатын. Майданда қаза тапқан жауынгерлер отбасыларына көп көңiл аударып, адресiн сұратып алатын да, көңiл айтып хат жазатын, олардың қайғыларына ортақтасып, көңiлдерiн жұбататын. Өзiнiң қолы тимегенде жұбайы Сұлубикеге көңiл айтуды хат арқылы тапсыратын.
1943 жылдың аяқ кезiнде Калинин майданындағы шайқас асқына түстi. Көне қала Невельдi немiс-фашист басқыншыларынан азат ету үшiн болған айқаста Отанына, халқына деген сүйiспеншiлiгiн, абыройлы борышын атқару жолында өздерiнiң ерлiгi мен табандылығын, әскери антқа адалдығын танытып шейiт болған Әбiлқайыр дивизиясының жауынгерлерi атақты мерген, старшина Ыбырайым Сүлейменовтың, пулеметшi Мәншүк Мәметованың қазасын хабарлауды Сұлубикеге тапсырған-ды.
Майдангер С.Аяпбергеновтың естелiгiнен: “Мен Әбiлқайырмен жиi кездесетiн едiм. Бiрiншi атқыштар дивизиясында байланыс бөлiмiнiң офицерi болып iстейтiнмiн. Бiрде екеумiз ұзақ түндi бiрге өткiзген едiк. Бұл күндi әсте естен шығармаймын. Оның күлiмдеген үлкен қара көздерi, кескiндi келбетi кiмдi болса да өзiне тартатын. Батырларға тән күш-жiгерi, ер тұлғалы пiшiнi оған деген сенiмдi арттыра түсетiн. Расында да Баймолдин нағыз қолбасшы едi. Ұлы Отан соғысының талай ерлiктерi соның көз алдынан өткен болатын. Өзi де талай ерлiктiң бастаушысы болған едi. Сондай қолбасшы Отан үшiн өз өмiрiн аяған жоқ. Отанымыздың тарихы соғыс тарихы бұл сияқты ерлердiң есiмiн ұмытпайды”.
Ендiгi сөздi 100-ұлттық атқыштар бригадасының ардагерi, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың иегерi Әзiлхан Нұршайықовқа берелiк.
– Әбiлқайыр Баймолдин орта бойлы келген, денесi тығыршықтай, қара көздерi оттай жайнаған уытты командир едi. Орысша мүлтiксiз сөйлейтiн. Денесi тiп-тiк болып, етiгiнiң шпорлары сылдыр қағып келе жатқанын көргенде көз тоятын. Иығына Чапаевша қара бурка жамылып, үнемi атпен жүретiн.
Дивизиясын Новосокольник бағытында шабуылға көтерген сәтте полковник Баймолдин жау бомбасының астында қалды. Бұл қайғылы хабарды естiп, дивизияның қазақ, орыс жауынгерлерi қатты қайғырды. Бұрын 100-бригаданың сүйiктi командирiне айналған ол аз уақыт iшiнде дивизияның да қадiрлi командирi дәрежесiне көтерiлген едi. Ол өзiнiң әдiлдiгi, туралығы, кемшiлiкке төзгiсiз қаталдығымен жұрт көңiлiне жағып үлгерген болатын. Өз басым Баймолдиндей алғыр командир көргенiм жоқ. “Бiздiң Баймолдин бригаданы ғана емес, дивизияны тiптi, корпусты басқаруға да лайық қой!” деген сөздердi, орыс, қазақ командирлерiнiң аузынан сан рет естiгенiм бар. 3-шi екпiндi армияның қолбасшысы, парасатты генерал К.Н.Галицкий де оны бекер жақсы көрiп босқа құрметтемеген болар.
Мiне, осындай командирден айырылу бiз сияқты кiшi командирлер мен жауынгерлерге де оңай тиген жоқ. Сондықтан да мен Баймолдиннiң өлiмiне арнап мынадай өлең шығардым.
Полковник Әбiлқайыр Баймолдинге
Құрыштан құйылғандай денесi нық,
Кеудесi – кең сахара, жүрегi – ық.
Өлшеусiз өжеттiгi, қайтпас қайсар,
Болаттай кесегiмен түскен сынық.
Айбатты арыстандай айға шапқан,
Қылышын күнге қайрап жарқылдатқан.
Тұлғасы Чапаевтай, қимылы тез,
Ер едi екпiнiмен тау құлатқан.
Қос орден кеудесiнде жарқ-жұрқ етiп,
Астында арғымағын екпiндетiп.
Ақырып, азу тiсiн жауға бiлеп,
Түбiне фашистердiң жүрдi жетiп
Талқандап дұшпан шебiн, ойран салды,
Артында жау өлiгi жайрап қалды.
Қаратай стансасын, темiр жолды.
Немiстен кеше ғана тартып алды.
Талай күн ұдай қуып немiстердi,
Босатып жау қолынан туған жердi.
Жүргенде тыным алмай, жау бомбасы
Арадан алып кеттi қайран ердi.
Қимылды үстi-үстiне үдетемiз,
Арманды мақсатыңа бiз жетемiз.
Тынбаймыз кегiңдi алмай, батыр аға
Құшақтап қабiрiңдi ант етемiз!
Бұл өлең майдандық “Суворовшы” және бригадалық “Отан үшiн” газеттерiнде басылды. Әттең, Әбiлқайыр ағамыз қапыда кеттi. Егер ол өлмегенде қазақтан шыққан атақты қолбасшы болатын едi. Өйткенi ол әскери академияны соғыс басталған кезде бiтiрдi. Баймолдин қаншама қатал, өжет, өткiр болғанымен мiнезi морт емес болатын. Ал адамның тағдыры, оның қызмет баспалдағымен көтерiлу жолы көбiнесе, мiнезге байланысты. Бiр сөзбен айтқанда ұлтының маңдайына сыймаған ұлдың бiрi– Баймолдин болды.
Атақты Калинин майданында қаза болған подполковник Ералин марқұм Әбiлқайырды “Үлкен жанды адам” деп атап өттi.
Баймолдин тек қана әскери азамат емес, ол журналистикамен шұғылданды. Он сегiз жасынан өмiрiнiң соңына дейiн газет, журнал беттерiнде оның мақалалары, әңгiме, өлеңдерi басылып жүрдi. Бұл туралы академик жазушы Сәбит Мұқанов “Социалистiк Қазақстан” газетiнiң 1960 жылғы 9 мамырдағы санында жазып едi. Әбiлқайыр күнделiк те жазып жүрген. Ол соғыс бiткен соң кiтап жазуды армандайтын едi.
Соғыста жүрiп те жерлес партия, совет ұйымдарымен тығыз байланыста болды. Оған жерлестерi аудан еңбекшiлерiнiң табыстары, тылдағы есел еңбегi туралы жазып тұрды. Мәселен, Лебяже ауданының еңбеккерлерi большевиктiк сәлем жолдайды. “Көктем егiсi аяқталды Немiс окоптарын талқандауда табыс тiлеймiз! (Шишканов)” – деген аудандық партия комитетiнiң сол кездегi хатшысы атынан рапорт – телеграмма жiберген.
Отан үшiн өмiрiн қиған азаматты елi ұмытқан жоқ. Батыр Әбiлқайыр Баймолдиннiң есiмiмен Невельдiң бiр көшесi атанды. Павлодар облысының “Востачный” кеңшары полковник Әбiлқайыр Баймолдин есiмiне ие болды. Оның бюстi қойылды. Ауыл мектебiне оның есiмi берiлдi.
Ал, Невель қаласының мұражайында Ұлы Отан соғысының қаһарманы, полковник Әбiлқайыр Баймолдиннiң алып үлгермеген жауынгерлiк Қызыл Ту орденiмен наградтау туралы жарлық, полковник погоны сақтаулы тұр.
Отыздың ортасында Отаны үшiн қанды шайқаста қаза болған батыр азаматтың артында ұлы Тельман мен қызы Жұлдыз қалды. Тельман Баймолдин техника ғылымынң кандидаты, доцент, Қазақтың ұлттық техникалық университетiнде көп жылдар дәрiс бердi. Жұлдыз Баймолдина Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген артисi.
Ұлы Жеңiстiң даңқты 64 жылдығы жақындаған сайын сол бiр қиын-қыстау кезеңдерде бүгiнгi жарқын болашақ үшiн кеудесiн оққа төсегендердiң биiк тұлғалы батыр бейнелерi бұрынғыдан да жаңғыра жарқырап, айбындана түсуде. Олар аспан әлемiндегi жарық жұлдыздардай мәңгi сөнбей, халықпен бiрге жасай бередi.
Тiлеу КӨЛБАЕВ, Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Алматы тел үй 221-04-43