Жаңалықтар

АЗИЯЛЫҚТАР ҚОР ҚҰРДЫ

ашық дереккөзі

АЗИЯЛЫҚТАР ҚОР ҚҰРДЫ

1997-1998 жылдардағы қаржылық дағдарыстан “ауыздары күйген” азиялық алпауыттар қазiргi дағдарыс кезiнде “үрлеп iшуге” көштi: азиялық мемлекеттерден құрылған ассоциация мүшелерi 120 млрд. долларлық қаржы қорын құруға бекiндi.

Әп дегенде қаржылық қиындықтардан басталған экономикалық дағдарыс әлемдiк экономикаға рецессия қаупiн төндiргенi белгiлi. Тығырыққа тiрелген кәрi құрлық қысылтаяң шаққа тап келгенiн түйсiнгенмен, оның салдары мен зардабын тап басып бiле алмады. Өткен аптада кешегiсi мен бүгiнiн сараптаған батыстық сарапшылар Еуропалық Одақтағы рецессия деңгейi биыл шамамен, 4 пайызға жететiнiн айтты. “2010 жылы дағдарыс ауыздықталады” деп өзеуреген әдепкi қарқын кәдiмгiдей басылған: арнайы есеп дайындаған Еуропалық Комиссияның мамандары еуроны қолданатын елдерде үстiмiздегi жылы экономикалық қарқынның 2 пайызға дейiн бәсеңдейтiнiн көлденең тартты. Көрсеткiштердiң күрт төмендеуiне Еуроодақ шеңберiндегi жұмыссыздық кiнәлi. Eurostat таратқан деректерге сүйенсек, бүгiнде Еуропадағы жұмыссыз қалғандар саны – 14,1 млн. адам. Батыстықтар бас қатырып жатқан мәселелер азиялықтарға да тән. Өткен аптада Индонезияның Бали аралында бас қосқан Шығыс және Оңтүстiк-Шығыс Азия аймағындағы 13 мемлекеттен құралған ассоциацияның экономика министрлерi әлемдiк экономикалық дағдарысқа қарсы күрес үшiн 120 млрд. долларлық шұғыл қаржы қорын құру туралы ортақ келiсiмге келдi. Негiзi Индонезия, Сингапур, Таиланд, Малайзия, Филиппин, Бруней, Вьетнам, Лаос, Мьянма мен Камбоджа мүшелiкке өткен Оңтүстiк-Шығыс Азия мемлекеттерiнiң ассоциациясы 1967 жылдың 8 тамызында Бангкокте құрылған. Былтыр ассоциация қаражат көлемiн 80 млрд. доллармен шектеген едi, бiрақ әлемдiк экономика тығырыққа тiрелген 2009 жылы бастапқы меженi 40 миллиардқа дейiн көтеруге бел буды. Қаржылай көмек ассоциация шеңберiндегi экономикалық дағдарыс пен шошқа тұмауынан айтарлықтай зардап шеккен елдерге көрсетiлмек. Сонымен қатар 120 млрд. 2009-2015 жылдарға арналған азиялық аймақтың “жол картасын” сызуға сеп болады. Жапония азиялық нарықты тұрақтандыру мақсатында қосымша 6 трлн. иен (61,54 млрд. доллар) бөлетiн болды. Қаржы тапшылығынан тығырыққа тiрелген елдер қаражатқа қатысты мәселелердi шешiп алуға тырысып жатса, Комбоджа мен Таиланд үндiлiк Преах Вихеар ғибадатханасына байланысты туындаған жер дауын шешiп алуға мүдделi. Қордағы қаражаттың 64 пайыздық жүгiн көтерiп алуға құлшынған Қытай мен Жапония әрқайсысы 38,4 млрд. доллар бөлмек. Одан кейiнгi кезекте – 16 пайызды қанағат тұтқан Оңтүстiк Корея ($19,2 млрд.). 120 млрд. доллардың қалған 20 пайызын, яғни, 24 млрд. долларды ассоциацияға мүше елдер табады. Жапондардың қаржы министрi Каору Йосано 500 млрд. иенге (5,13 млрд. доллар) тең “самурайлардың облигациялары” аталатын мемлекеттiк кепiлдiк жүйесiн жүзеге асырғалы отырғандарын жеткiздi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ