Жаңалықтар

ЖАС ТYЛЕКТЕР – ЖҰМЫССЫЗДАР МА?

ашық дереккөзі

ЖАС ТYЛЕКТЕР – ЖҰМЫССЫЗДАР МА?

Қазақстандағы жұмыссыздыққа қатысты ресми және бейресми деректердiң арасы жер мен көктей. Санмен салмақтайтын сарапшылар кем де кем. Есесiне, жаз шыға қолдарына диплом алатын жоғары оқу орындарының түлектерi елдегi жұмыссыздар қатарын көбейте түсетiнiн ешкiм жоққа шығара алмайды.

Дүниежүзiлiк еңбек ұйымы 2009 жылы Жер шары тұрғындарының ширегi, яғни, 1,4 млрд. адамның сiңiрi шыққан кедейге айналатынын айтады. Ал жұмыссыздар саны 30 млн.-ға көбейiп, 230 млн.-ға жетпек. Ұйым сарапшылары дүниежүзiнде экономикалық ахуал жақсара бастаса – 18 млн. адам, егер күрт ушығып кетсе, 50 млн. адам қызметтен қуылатынын айтады. Әсiресе, Шығыс Азия (45%) қатты зардап шегедi. Ал Еуропалық Одақ шеңберiндегi елдерде жұмыссыздық деңгейi 23 пайыздан асып жығылмақ. Ресми дерек бойынша, қазiргi кезде кәрi құрлықта 19 миллион адам жұмыссыз қалған. Әлемдiк экономиканы алға сүйрейтiн алпауыт – АҚШ-та да жағдай мәз емес: наурыз айында Америкадағы жұмыссыздық деңгейi соңғы 25 жылда болмаған жағдайға (8,5%) жеткен. Бұл мәселеде Қазақстанда да кездесетiн қиындықтар жетерлiк. Мысалы, биiк мiнберлерден оқылатын ресми есептер мен баяндамаларға қарасаң, төнген қатер жоқ. Сиыр жылы басталмай жатып, жұмыссыздық деңгейiн билiк 7 пайызбен шектеген. Бiрақ ҚР Мәжiлiсiнiң жанынан құрылған қоғамдық палата мүшелерi шын мәнiсiндегi көрсеткiштiң 7 пайыз емес, 20 пайызға, яғни, 1,5 млн. адамға жеткенiн мәлiмдеген болатын. Палата сарапшылары азаматтардың көпшiлiгi iрi қалалар – Алматы, Астана, кейде тiптi, Ресей сияқты көршiлес елге нәпақа табу мақсатында жиi сапарлайтынын, ауыл шаруашылығындағы науқандық жұмыстармен күнелтiп отырған ауылдағы ағайынның басым бөлiгi белгiлi бiр мамандық иесi қатарына жатпайтынын айтқан.

Сарапшылар қауымы компаниялардың “көрпелерiне қарай көсiлуге” ұмтылуы кәсiби тұрғыда бәсекелестiкке төтеп бере алатындарды iрiктеуге жағдай жасайтынын айтады. Алайда, жаз шыға жоғары оқу орындарын бiтiретiн түлектердiң жұмыспен қамтамасыз ету мәселесi қоғамның күн тәртiбiне шығатыны белгiлi. Қазiр дағдарыстың дауылынан кейiнгi кезеңге тап келген еңбек тәжiрибесi жоқ жас мамандарды қызметке қабылдауға кәсiпорындар мен мекемелердiң құлшына қоймасы анық. Демек, қазiр жұмыссыз сенделiп жүргендер қатарын 2-3 айдан кейiн жоғары оқу орындарының түлектерi қарайта түседi. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi өткен аптада 2009 жылы бiздегi жұмыссыздар саны 900 мыңнан асып жығылатынын ескерттi. Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде Қазақстандағы 570 мың жұмыссызға 378 мың адам тағы қосылмақ. ҚР Жұмыс берушiлер конфедерациясы ұйымдастырған “Экономикалық дағдарыс кезiндегi республикалық жұмыс берушiлер (кәсiпкерлер) бiрлестiгi қызметiнiң ерекшелiктерi, айырмашылықтары мен тиiмдiлiгi” атты дөңгелек үстелде министр Гүлшара Әбдiхалықова ханым жұмыссыздарды құрылыс, көлiк жолдарын жөндеу, арнайы әлеуметтiк құрылыс жобалары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секiлдi басқа да салаларға тарту көзделiп отыр. Осылайша, 280 мың жаңа жұмыс орны қамтамасыз етiлмек.

Отандық кәсiпорындар мен өндiрiс орындарының дағдарыс кезiндегi қиындықтарына елiмiздегi коммуналдық монополистердiң ашкөздiгi де кедергi. Қазақстандық шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi сансыз әрi тиiмсiз бюрократтық тексерулерден жапа шегумен қатар коммуналдық төлемдердiң өскенiне қынжылады. 2009 жылдың 1 шiлдесiне дейiн рұқсат етiлген мемлекеттiк мораторий мерзiмi бiтетiн күн таяу. Жоспар бойынша, кәсiпкерлiкке көрсетiлетiн жеңiлдiк ретiндегi мораторийдi арнайы заң жобасымен бекiтiп алу тиiс едi. Бiрақ билiк тарапынан белсендiлiк танытқан ешкiм жоқ. Қазақстан кәсiпкерлерi форумының атқарушы директоры Мунавар Палташева отандық бизнестi дамытуға мүдделiлiк танытпай отырған Үкiметтiң кесiрiнен 1 шiлдеден кейiн кәсiпкерлер қауымы шығынға тағы да белшеден бататынын көлденең тартты. Демек, жұмыссыздықпен күресуге бiрден-бiр сеп – жұмыс орындарының қиын жағдайда қалуы, елiмiздегi жұмыссыздар санының өсуiне әкеп соғуы әбден мүмкiн.

Кiндiгi көмiрсутегiлерге байланып қалған қазақ экономикасы халықаралық нарыққа тәуелдi. Әлемдiк экономика тығырыққа тiрелген шақта дүниежүзiлiк нарықтағы көмiрсутегiлердiң үлкен сұранысқа ие болмайтыны белгiлi. Шикiзаттан түскен пайдаға басымдық берген Қазақстан қаражат көзiн жаңа өндiрiс ошақтарын құруға бағыттап, экономиканы дербестендiруге мүдделi болмады. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорынан бөлiнетiн қыруар қаражатты отандық экономиканы дербестендiруге, яғни, отандық кәсiпорындар мен өндiрiс орындарын ашуға жұмсау көзделiп отыр. Осы орайда, қаржыны халыққа елiмiздегi екiншi деңгейлi банктер арқылы үлестiруге шешiм шығарылды. Өкiнiшке қарай, Үкiмет пен банктер арасында түзiлген келiсiм-шарттың әлi күнге толық жүзеге асырылмауы әлеуметтiк ахуалы сын көтермейтiн қандасқа, әсiресе, ауылдағы ағайынға қиын тиюде. Өткен аптада Мәсiмов Қордан бөлiнген қаржыны уақытылы игермеген банктерден қайтарып алатындығын тағы ескерттi. Мұндай, “доқ көрсетуге” кейбiр банктiң еттерi үйренiп кеткендей. Өйткенi, осыдан 1 жарым айдай уақыт бұрын бiздiң премьер қаржыны игере алмай жатқан Ресейдiң СберБанкiнен қайтарып аламыз деп мәлiмдеген болатын. Ол үшiн қарамағындағы кей шенеунiкке тiптi, арнайы нұсқау да берген. Бiрақ “баяғы жартас, сол жартас” күйiнде қалды. Яғни, халық қалтасынан шыққан қаржыны халыққа жеткiзуде немқұрайдылық танытқан СберБанктен ешкiм ақшаны керi қайтарып алмады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ