Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨЛIК НАРЫҒЫНЫҢ ҚИЫН КҮНДЕРI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨЛIК НАРЫҒЫНЫҢ ҚИЫН КҮНДЕРI

Елiмiзде шетелдiк автокөлiктерге деген сұраныс бәсеңдемей тұр. Осы ахуалға байланысты, жуырда, елiмiзде шет мемлекеттерден тасымалданатын ескi көлiктер нөпiрiн азайту үшiн шетел көлiгiн пайдаланушыға кедендiк төлемдер екi есеге жоғарылауы мүмкiн. Дегенмен, автокөлiк бағасы қымбаттаса да, көлiктi құрықтағысы келгендер саны азаяр емес.

Бүгiнгi күнi отандық көлiк нарығының жағдайы мәз емес. Темiр тұлпарларды шетелден әкелуге сұраныс 2 есеге азайған. Соның салдарынан iрi жобалар жүзеге асырылмай отыр. Кедендiк салымдарды көбейту көлiк өндiрушi елдерге тиiмдi болғанымен, отандық автосаудагерлерге тиiмciз. Жақында өз автокөлiктерiне сұранысты арттыру үшiн Ресей сырттан келетiн көлiктерге кедендiк салымдарды 20-80 пайызға көтердi. Нәтижесiнде шетелдiк көлiкке қызығушылық төмендеген. Мәселен, Ресейде өткен жылдың қаңтар айында 110 мың көлiк сырттан келсе, биыл ол 4 есе қысқарған. Егер Қазақстан Үкiметi кедендiк салымды дәл солай көбейтсе, жаңа көлiктердiң бағасы қымбаттайды. Бұл дегенiңiз көлiк нарығының тоқырауға ұшырап, компаниялардың дефолтқа ұшырауына әкеп соғады. Жағдай тек жаңа көлiктерге ғана емес жалпы көлiк нарығына терiс әсер етедi. Демек, көлiктi елге кiргiзудiң заңсыз жолдары қарастырылады.

Дағдарыс басталғалы бергi 18 айдың iшiнде, көлiк саудасында 23 573 техника бiрлiктерi сатылыпты. Қазақстанда көлiк нарығының бiрден құлдырауы тұңғыш рет байқалып отыр.

Әзiрге көлiк нарығындағы алдыңғы орынды “Астана Моторс” компаниясы бермей тұр. Өткен жылы компания 8 585 автокөлiк сатып, нәтижесiнде нарықтағы өз үлесiн 36 %-ға жеткiздi. Алпауыт автосаудагерлердiң бiрi “Азия Авто” көлiк жасаушыларының да тұтынушылары екi есеге азайып, жыл бойында 4 096 көлiк қана сатқан. Бiр жыл үшiн бұл тым аз көрсеткiш. Алайда, сатылым саны төмендегенiмен, алдыңғы жылмен салыстырғанда “Азия Автоның” көлiк нарығына атсалысуы едәуiр жақсарған. Тұтынушылар қаржы жағдайының қиындығына байланысты Қазақстанда жасалған арзан және сапасы орташа заттарды ала бастағаны байқалады. 2008 жылы көлiк саудасында ең жоғарғы көрсеткiшке ие болған “Бипэк авто” әзiрге көш бастап келедi. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, 2009 жыл сатылымның еселеп құлдырауын жалғастыратын жыл болмақ. Соған қарамастан шетелдiк сарапшылар сатылымның азаймайтынын алға тартып отыр. Әйтсе де, 2008 жылдан 18-20%-ға кемидi.

Несиеге берiлетiн көлiк саны да азайған. Бұрынырақ әрбiр бесiншi көлiк несиеге алынатын. Қазiр көлiк саудагерлерiнiң арасында ерекше бәсекелестiк пайда болды. Кез келген сатып алушыға таласатын кезең туып отыр. Бәсекеге бiлек сыбана кiрiскен “Бипэк Авто” компаниясы Алматы қаласынан Автотехорталық ашпақшы, сол арқылы шетелден көлiк жеткiзуге кететiн қаржыны үнемдемек.

Көлiк сатып алушы үшiн биылғы жыл тартысты өтпек. Өйткенi, автосаудагерлердiң өзара бәсекесiнен тек тұтынушы ғана ұтады.

Ақниет ОСПАНБАЙ, ҚазМҰУ-дың студентi