БАУЫРЖАН МЕН КӘКIМЖАН
БАУЫРЖАН МЕН КӘКIМЖАН
Тағдырлас деймiз, тағдыр қосты деймiз. Тағдырдың iсi деп қарап отырамыз. Тағдырды бағыттап тұратын құдiрет деген тағы бар. Оның бәрi – бiр тәңiрдiң құзiретiндегi бiз бiле бермейтiн тылсым сырдан тұнған адамдар қойған атаулар тәрiздi. Тағдыр да, құдiрет те түбi жазмышпен астасады. “Жазмыштан озмыш жоқ” дейдi исi түркi тау тұлғаларын еске алғанда…
Сондай тұғырлы тұлғаның бiрi, көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, жазушы, журналист Кәкiмжан Қазыбаевтың тағдыры қарапайымдылығымен, бiрақ барынша мағыналылығымен ерекшеленетiн сияқты. Кәкең тiрi болғанда, биыл мамырдың 10-ында сексеннiң сеңгiрiне көтерiлген болар едi. Бiрақ тағдыр мен құдiреттiң бұйрығы осынау мерейтойды қайраткердiң елi мен ұрпағына аманат еткендей көрiнедi. Осынау қоғам қайраткерiнiң қарапайымдылығы сонша – ол кезiнде мүйiзi қарағайдай мығым мекемелердi басқарып, айтқанын бұлжытпай орындата алатын орындарда қызмет атқарғанда да шығармаларын толықтай жариялаған жоқ. Содан да болар, Кәкең өмiрден озғанда оның соңында баспаға ұсынылмаған бiршама шығармалары қалды. Жазушының ұлы – Батыр Қазыбаев әкесiнiң отызыншы жылдар нәубетiнен баяндайтын қолжазба күйiнде қалған “Сұрапыл” романын бастыртқанда, жазушы әруағы бiр-бiр аунап түскен шығар…
Оның алдында “Ызғар” романы мен “Кернеген кек” повесi және басқа да соғыс тақырыбындағы шығармаларды, әсiресе батыр Рахымжан Қошқарбаев жайлы көптеген деректердiң жарияланып, жазылуына себепшi болған бiр адам бар едi. Ол Кәкiмжан рухани аға тұтқан, әкесiндей көрген Бауыржан Момышұлы болатын. Жалпы, Бауыржан мен Кәкiмжан арасындағы қатынасты екiге бөлiп қарастыруға болатын тәрiздi. Оның бiрiншiсi – отбасылық қатынас болса, екiншiсi – қоғамдық деңгейдегi ел ағаларының байланысы дегенге саяды.
Кәкiмжан Қазыбаев “Лениншiл жас” газетiнде жауапты хатшы, “Жетiсу” газетiнде бас редактордың орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң нұсқаушысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кiтап саудасы iстерi жөнiндегi мемлекеттiк комитет төрағасының орынбасары, Республика Министрлер Кеңесi жанындағы Ақпарат агенттiгiнiң (ҚазТАГ) директоры қызметтерiн атқарып, 1982 жылы Қазақстан Компартиясының идеология хатшысы болып тағайындалды. Одан кейiн 1986 жылдан бастап “Қазақстан коммунисi” журналының бас редакторы болды. Бiр қызығы, Кәкiмжан Қазыбаев идеология хатшысы болып тағайындалғанда Баукең онысын онша-мұнша жарата қоймаса керек. Бұл ақиқатында баласының болмысын бiлетiн және соның бұзылмауына алаңдайтын әкенiң әрекетi едi. Алайда биiкте жүрiп, адамдық қалпын бұзбай, ұлтының алдында қарыздар болып қалмас үшiн барынша өз қуатын сарқа жұмсаған Кәкiмжан Қазыбаев өзiнiң нағыз қайраткер екенiн көрсетiп кеттi. Сол кезде билiк органдарында, биiк мекемелерде қызмет атқарған қазақтың бiртуар қайраткерлерiнiң қай-қайсысы да тәуелсiздiктi жақындатуға өзiндiк үлес қосқанын ұмытпауымыз керек. Өйткенi, тәуелсiздiк тақырдан пайда болған жоқ, оның алғы шарттары халықтың өнебойы қанында бұрқылдап қайнап, мәдениетiнiң бөлшегi, болмысының құнары ретiнде қалыптасып, қайраткерлердiң арқасында қоғам iшiнде жаңғырып, ұрпаққа аманат болып жалғасып жатты.
Халқына берiле қызмет етiп, елдiң дамуына өзiндiк үлес қосқан Кәкiмжан Қазыбаевқа тағдыр Баукең әулетiнен түлеп ұшуға жазған екен. Олай болатыны батыр Баукең соғыстан кейiнгi жылдары Калининград қаласындағы әскери академияда сабақ берiп 1956 жылға дейiн жүрiп қалады. Баукеңнiң жары, Бақытжанның анасы Жамал апай ол кезде аты дүркiреп тұрған “Лениншiл жас” газетiнде терiмшi болып жұмыс iстеген екен. Жамал апайды көзi көргендер ол кiсiнiң тек қазiргi кириллица жазуында ғана емес, сонымен бiрге латын және арап хәрпiнде де сауатты басатын шеберлiгi жайында да тамсана әңгiмелейдi. Iсiн тиянақты атқаратын Жамал апайды газет редакциясындағылар да қатты сыйлапты. Кәкiмжан ол кiсiнi “Жәмке” атап кетедi. Сол кезде балиғатқа жетiп қалған Бақытжанына бас-көз болсын деп алыстағы Баукең Жәмкеңе редакциядағы жiгiттердiң бiрiн қолына тұрғызуды тапсырады. Сөйтiп Жамал апай Баукеңнiң ақылымен Кәкiмжанды Бақытжанға аға етiп, үйiне тұрғызады. Бұл турасында Кәкiмжан Қазыбаевтың өзi былай деп жазады: “Республикалық жастар газетiнiң бiлдей жауапты хатшысымын. Соған қарамастан пәтер iздеудiң бiр қыспағына мен де түсiп қалдым. Екi ай сабылып әбден шаршадым. Бiр күнi Жамал апай;
– Қарағым, қысылып жүрген сияқтысың. Бастықпын ғой деп намыстанбасаң, бiздiң үйге кел. Екi бөлмеде Бақытжан екеумiз ғана. Оның үстiне ағаңның: “Бақыт биыл он беске келедi, оны переходный возраст дейдi. Бұл шақ – өте қауiптi шақ. Көшенiң ықпалына түсiп кетiп жүрмесiн. Үйде әңгiмелесiп, алданатын ағасы болуы жағын неге ойламайсың, жастар газетiнде iстеп жүрсiң ғой” деген тапсырмасы бар.
Баспана шымбайыма батып тұрғанда, “бастықтығымды” ұстатып қайтемiн, келiсе кеттiм. Обалы не, Жамал апай менi үлкен ұлындай, Бақытты кiшi ұлындай етiп ұстады” деп жазады. Кәкең үшiн батыр Баукең шаңырағына бағытталған жол осылай басталған едi.
Бауыржан батыр жайында айтқанда оны былайғы жұрт қаһарлы, қатал тұлға деп ойлайды. Ол кiсiнiң алдын көргендер, кездескендердiң куә болдық деп айтқандары, сырттай айтылғандардың бәрi Баукеңнен бiрбеткей тұлға жасауға дайын тұратын. Әзiлхан Нұршайықовтың Баукең туралы “Аңыз бен ақиқат” диалог-романын оқығанда, Бауыржан тұлғасына тәнтi бола отырып, оның тек әскери жағдайға бейiмделген адам ба деп ойлап қаласың. Ондай үддеден тек шыңдалған шымыр тұлғалар ғана көрiне алатын болса керек. Содан да болар, қанша әке балаларына Баукеңдей болуды насихат етiп, қайта-қайта “Аңыз бен ақиқатты” оқытқызғанын да көргенбiз. Бесiншi класта осы романды алты рет оқыған бiр оқушы сол кездiң өзiнде барынша Баукеңе ұқсауға тырысып бағатын. Бұл бiз көрген бiр ғана оқиға. Сондықтан бiр бойынан қаншама қайшылық атаулы шамырқанып келiп, қабысып жататын осынау тұлғамен жақын болу шынында да артықшылық едi. Сол артықшылық Кәкiмжан Қазыбаевқа бұйырған екен. Тiптi Баукең әулетiнiң Кәкiмжанның жағдайына қарайласуының өзi қазақ қанындағы буырқанған бауырмалдықтың айқын үлгiсi болып табылатын. Тиiсiнше, Баукеңе бауыр басу да оңай болмаса керек. Бойына тектiлiк дарыған Кәкiмжан үшiн бұл бiр жағы сынақ та едi. Кейiн көкке өрлеген, ел намысын жыртып, жұрт қамын жоқтаған Кәкеңнiң сол сынақты оңды тапсырғаны анық. Кәкеңнiң қай жерде, қандай орында қызмет атқарғанына қарамастан күш-қуаты, дарыны мен қарымын ұлт мүддесi жолына жұмылдыруы соны аңдатады. Басқасын айтпаған күннiң өзiнде, Кәкiмжан Қазыбаевтың Қазақ Республикасының идеология хатшысы болып жүрiп, елдегi автономия мәселесiне тойтарыс бергенiн қалайша ұмытамыз. Сол кездегi одақ басшылығына М. Горбачев келiп, “қайта құруды” бастап кеткенде, ГДР басшысы Э. Хонекер келе қалған бiр кезi болатын. Сонда ГДР басшысы Волга бойынан немiс автономиясын құру жөнiнде қолқа салыпты. Қазақ жерiнде 1979 жылы осы тақылеттес мәселе көтерiлгенi белгiлi. Бiрақ оған деген қарсылық күшпен басылған едi. Бұл жолы Мәскеу мәселеге Қазақстанның идеология хатшысы Кәкiмжан Қазыбаев арқылы келедi. Кәкең болса, орталықтағыларға оның жөнсiздiгiн айтып, автономия мәселесiне заң бойынша тек референдум арқылы ғана жетуге болатынын дәлелдеп шығады. Соның нәтижесiнде өзi де әртүрлi сылтаумен хатшы қызметiнен босайды. Бiрақ ел iргесiнiң түрiлуiн тоқтату сөз жоқ, баға жетпес жеңiс болатын. Сондықтан қазақ жерiнен екiншi мәрте немiс автономиясын құру жөнiнде мәселе көтерiлгенде, оның ел мүддесiне орай оңды шешiлгенi үшiн де бүгiнгi толқын мен келешек ұрпақ Кәкеңдей ел ағасына қарыздар.
Сондықтан Кәкең ел алдында да, елдiң батыры Баукең алдында да өзiнiң сол кездегi партияның тек құрғақ функционерi емес екендiгiн көрсеттi. Оның басылымдардағы жанкештi еңбегiн айтпаған күннiң өзiнде, ҚазТАГ-ты түлеткенде де, идеология хатшысы бола жүрiп, ел мәдениетiн асқақтатқанда да Кәкiмжан Қазыбаев үнемi биiктен көрiнiп отырды. Мұның бәрiн жiпке тiзгендей баяндап отырғанымыздың өзiндiк себебi бар. Бауыржан батыр Кәкiмжан Қазыбаев хатшылыққа тағайындалғанда басында оған партия қызметшiсi ретiнде ғана қараған болатын. Алайда Кәкең өзiн туып өскен елдiң адал азаматы ретiнде биiктен көрсете бiлдi. Кәкеңнiң биiгi бүгiнгi толқын үшiн өзiндiк бiр меже болып табылады. Жақсының биiгiне ұмтылудың өзi адамды жасандырып жiбередi емес пе, ал ендi оны iсiмен қабыстырудың бақытын Кәкiмжан Қазыбаев та тұла бойымен сезiнiп, терең тұщынғаны анық.
Бауыржан батырдың үйiнде тұра бастағаннан-ақ бозбала Бақытжанға ес бола бiлген Кәкiмжан оның қалыптасуына да қатты әсер еттi. Баукеңнiң ұлы Бақытжанның осы күнге дейiн Кәкең жайында “Жан аға” атап елжiреп еске алуы Кәкiмжанның қандай аға болғандығын көрсетсе керек. Тиiсiнше әке-шешеден ерте айрылған Кәкең осыдан кейiн Баукеңнiң бiр баласындай болып кетедi. Баукең мен Жәмкең, Бақытжанды – “Сары бала” десе, Кәкеңдi– “Қара бала” деп атайды. Кейiн қайраткер дәрежесiне дейiн өрлеген Кәкiмжан – Қара бала өзiнiң жұбайы Орынша Қарабалина-Қазыбаеваны да осы Бәуеңнiң үйiне келiн қылып түсiредi. Орынша апа күнi бүгiнге дейiн сондағы Сары баланың өзiн қалай “жеңеше” атағанын айтып, әңгiмелеп отырады. Ол кiсi әңгiмелеп отырғанда “келiннiң бетiн кiм ашса, сол – ыстық” дейтiн қазақ қызы үшiн Баукеңнiң адамшылық тұлғасы қаншалықты биiк екендiгiне тағы бiр мәрте көз жеткiземiз.
Кәкеңнiң жарының айтуынша, Кәкiмжан Ақсу ауданында жұмыс iстейтiн Орыншаға өзi құда түсiп барып, алып қайтқанда бiрiншi табалдырығын аттаған үй – Баукеңнiң шаңырағы болыпты. Бiрақ Баукең мен Жамал апай Кәкiмжан келiн түсiретiн қарсаңда Бақытжанды алып туған жерi Жуалыға кетiп қалған екен. “Мен сол күнi Баукеңдердiң үйде болмағанына қуандым да. Баукең үйiнiң табалдырығын аттайтындай, соған лайық келiн бола аламын ба, жоқ па. “Қара баламыздың төрт жыл сарылып күткен қызы осы ма?” деп олқысынып жүре ме, әйтеуiр Алматыға жеткенше бойымды бiрде үрей билесе, тағы да бiрде қуанып, сан құбылып келгенмiн. Үй иелерi келгенге дейiн үйдiң тiршiлiгiне жаттығып, келiп-кететiндердiң мiнез-құлықтарына үйренiсiп қалармын деп ойладым. Кәкең той өтiсiмен Алматының көше-көшелерiн аралай жүрiп, Строительный көшесiнен екi бөлме тауып, азын-аулақ жүгiмiздi көшiрiп қойды. Өзiмiз Баукеңдер келген соң рұқсат сұрап көшпек болдық. Бiр күнi Баукең бiздi құттықтап телефон соқты. Телефон трубкасынан Баукеңнiң даусын естiгенде, тұла бойымды ток ұрғандай денем жансыз қалды, үнiм әзер шықты”,–деп еске алады Орынша апа. Әсiресе, Баукеңнiң Орыншаның 1937 жылы Орталық Атқару Комитетiнiң Төрағасы болып тұрып, шәйiт болып кеткен әкесi Ұзақбай Құлымбетов жайында жылы лебiз бiлдiруi де Орыншаны қанаттандырып жiбергендей болады. Бiр кезде “халық жауы” атанған әке жайында Баукең: “Ұзекең – қазақтың маңдайына бiткен таңдаулы азаматтарының бiрi едi. Ол жазықсыз атылды. Сен сол кiсiнiң қызы екенсiң, үйде қызымдай болып жүр”, – дептi. Баукеңдер Жуалыдан келген соң “келiн құтты болсын!” айтып келгендер де көп болады. Осылайша, Кәкiмжан Бауыржан батырдың ұлы, Орынша келiнi болып, қазақтың бiртуар тұлғалары өзiндiк өнеге жолын қалыптастырады. Жақсының жанына ерген жақсы – Кәкiмжан Қазыбаев үйленгенге дейiн осы шаңырақта төрт жыл тұрып, кейiннен бөлек отау құрады. Соның өзiнде де Орынша апа жұмыстан кейiн кешкi асты Баукең үйiнде iшiп, өздерi жалдаған пәтерге тек қонаға ғана барып жүргендiктерiн айтады.
Орынша апаның және қатарластарының айтқандарына қарағанда, сондай-ақ Кәкеңнiң өз жазғандарын саралап отырсақ, Кәкiмжанның Баукең сырын аша алатын санаулы адамдардың бiрi болғанын көремiз. Баукең жайлы жазған естелiгiнде Кәкең бiрде Баукеңе Ахмет Жұбанов келгенде батырдың өзiне әскери форма кигiзгендiгiн жазады. Ол кезде Баукеңнiң киiмiн кимек тұрмақ, көп адамдар осы үйге келгенде батырдың “Кругом! Шагом марш!” деген командасын естiмей кiрiп шықса, соның өзiн олжа санайтыны анық едi. Баукең кейiннен Кәкеңе нелiктен қонақтың көзiнше өз киiмiн кигiзгенiн Ахмет Жұбановқа Кәкiмжанның бөтен емес екендiгiн көрсеткiсi келгендiгiмен түсiндiрiптi. Яғни, Баукең осы арқылы Ахмет Жұбановқа Кәкiмжанды да жатсынбай шешiле сөйлеуге ишара жасаған екен.
Кәкiмжан мен Орыншаның Баукең жанұясымен араласып кеткенi соншалық – Жамал апайдың жаназасын шығарып, жерлеу де осы екеуiнiң мойнына түседi. Тура сол сәтте Бақытжанды алып Жуалыға кеткен Баукең күн аптап ыстық болғандықтан жарының жаназасын шығарғанға дейiн келiп үлгере алмайды. Бiрi тағдыр қосқан жарының жарқын жүзiн көре алмай, екiншiсi асыл анасымен қоштаса алмай Алматыға келгенде оларға басу айтып, көңiлдерiн аулаған да Кәкiмжан екен.
Жамал апа дүниеден озған кезде оны Кәкеңе ел Апа-апа атандырып жiберген апасы естiртедi. Марқұмның кенеттен жүрегi тоқтап қалған екен. Сонда Кәкең үйге соғып, Орынша апайды болған жайдан хабардар етедi. Жамал апайдың мәйiтiн үйiне бiр қондырып аттандырған Кәкең жаназаны шығару және жерлеу рәсiмдерiнiң барлығын өзi ұйымдастырады. Сол күнi Бақытжан келедi деп кезiнде өзi тұрған, Баукең елге келгенде жылы ұясы болған үйге Кәкең жалғыз өзi қонып қалады.
Мiне, жоғарыда айтылғандардың бәрi Бауыржан мен Кәкiмжанның отбасылық қатынас барысында бiр-бiрiмен қалай араласқанын көрсетедi. Ал ел ағалары ретiнде қатынастың өзiндiк ерекшелiгi де болмай қойған жоқ. Кәкiмжан Баукеңнен тәлiм алып, бiлмегенiн үйренгеннен еш арланған емес. Баукеңнiң “Спина” деген әңгiмесiн “Жонарқа” деп аударып “Лениншiл жасқа” жариялайтын кезде Баукеңмен кездескен сәттердiң бәрiнде дерлiк Кәкiмжанның қолынан қағаз-қаламы түспейдi екен. Бұл да бiр өзiндiк ұқыптылықтың, айрықша тиянақтылықтың көрiнiсi болып табылады.
Жалпы, әуелде орыс тiлiнде жазған Бауыржан Момышұлының шығармаларының алғашқы аудармашысы Кәкiмжан Қазыбаев болатын. Аударғандарын Баукеңе қайтара оқып берiп отырғанда, арасында Баукеңнiң ақырып жiберетiнi болады екен. Сонда ас үйде жүрген Жамал апай келiп, батырды сабырға шақырып, арқасын сипайды екен. Жамал апай сонда Кәкең аудармасының ақыруға себепшi болған тұсының тiгiсiн жатқызып бергенде Баукең: “Я сдаюсь!” деп екi қолын көтередi екен. Кәкең бастап аударған Баукеңнiң әңгiмелерi “Лениншiл жасқа” алғаш осылай жарияланып отырған.
Баукеңнiң ақырғаны дегеннен шығады, оған да Кәкеңнен асып ешкiм дәл бағасын бере алмайтын шығар. “Ақырып та сөйлейдi, асырып та сөйлейдi. Бiрақ ар жағында зiл тұрмайды, нұр тұрады. Ұққаныңды сезсе мәз-мәйрам, жайсаң. Қара қылды қақ жаратын әдiлдiкке қоса әрекеттегi жалғандыққа, жадағайлыққа төзбейтiн айбаттылық та жеткiлiктi. Жымысқылатып, жыбырлатып шудай сүйреткен немесе орағытып оттап кеткен сөзден гөрi жаны дiк еткiзiп, төбесiнен түсiре айтатын бiр сөздi қалайды… Өзi сынды, ойы құнды адаммен ұзақ отырып әңгiмелесуге әрқашан әзiр, жалықпайды, өзi де жалықтырмайды. Ондай әңгiмелерден соң отты көздерi нұрланып, жайма шуақ жайдары күйге түседi. Сөзi де жұмсарып, өзi де жұмсарып, кеңкiлдеп рахаттана күлiп алады. Әңгiме бiтсе де ақырын ыңылға басып, жаңағы бiр ләззатты әрi қарай өздiгiнен жалғастыра түскен кейiпiн байқайсың” деген Кәкеңнiң Бауыржан батырға берген мiнездемесiне қарап, Сарбас Ақтаев: “Баукеңнiң болмыс-бiтiмiн тап осындай дәл әрлi де нәрлi етiп берген кескiндеменi бұрын-соңды кездестiрген емен” деп жазады.
Сол кездегi Одақта Сталин қайтыс болғаннан кейiн Хрущев билiк басына келiп, бiрталай саяси өзгерiстердiң өрiс алғаны белгiлi. Қан кеше жүрiп ақиқаттың анық бағасына көз жеткiзген, онсыз да ешкiмнен жасқанбайтын Бауыржан батыр да осы кезде өз пайымдауын өткiр бiлдiрiп жүредi. Сондайда Баукең бiрде анау-мынау емес, сол кездегi Жоғары партия мектебiнiң өзiнде баяндама жасап, кейiн соның тезисiн Кәкiмжанға берiп, жазып алуын тапсырады. Соғыс теориясынан қозғайтын осы көшелi баяндамасында Баукең Сталиннiң еңбегiн басқаларға ұқсап бас салып жоққа шығармай, тиiстi бағасын бере отырып, оның кемшiлiктерiн де тiзiп бередi. Сол ретте Баукең Сталиндi қаралауды науқанға айналдырмай, мәселеге шынайы баға берiлуi керектiгiне ден қояды. Ленин мен Сталиннiң саяси бейнесiн салыстыра келiп, Баукең алғашқысының адамдарды баулып, тәрбиелей бiлгендiгiн, адамдарға сенiм көрсеткендiгiн, ал екiншiсiнiң төзiмсiз, кiнәмшiл, күдiкшiл екендiгiн айтады. Б. Момышұлы Сталиннiң трагедиясы оның күдiкшiлдiгiнен туындағандығын ескертiп отырады. “Ширек ғасыр болды, бiз бiресе олай, бiресе былай толқимыз. Екi толқудың да әдiлетсiздiгi бар. Екi толқу да бiздi шатастырады”,-дейдi Баукең.
Бауыржан батыр Кәкiмжан Қазыбаев қағазға түсiрiп қалдырған осы баяндамасында, соғыс қарсаңында Кеңес Одағының Германияның соғыс ашатынын бiле тұра, халықты соған дайындамағанын аяусыз мiнеп, шенейдi. Сонымен қатар Баукең сол кездегi жеке басқа табыну салдары деген мәселеге де сынмен қарауға үндейдi. “Сталиннiң көзi тiрiсiнде партиямыздың, халқымыздың барлық жетiстiктерiн соған апарып таңдық… Сталин өлдi. Билiк басына Хрущев келдi. Ендi зұлматты жекелеп те, үймелеп те Сталинге жаптық. Кiмге керек бұл сыңаржақтылық?”–деген Баукең бүгiнгi күнi де маңызды болып отырған мына мәселелерге тоқталады. Ол: “Тарихымызды құбылта беру бiзге абырой әпермейдi”,–дейдi. Батырдың айтуынша, осыған қатысты мектеп оқулықтарын жыл сайын қайта шығарудың салдары адамдарды тек шатастыратын болады. Баукеңнiң пайымдауынша, құдайдың бiреу болғаны жақсы. “Құдайлар күн санап өзгерсе, нағыз құдайсыздар сонда шығады”,-деп қорытады Баукең.
Батырдың осынау пiкiрлерiн жазып қалдырған Кәкең кейiннен оны өз естелiктерiнде де қамтып өтедi. Ал Кәкеңнiң ел мен жер жайында қаншалықты күйзелгенi жайында оның достарымен жазысқан хаттары мен Бақытжан Момышұлының естелiктерiнде кеңiнен баяндалған. Мәселен, Бақытжан Момышұлы әзiл-шыны аралас өзiнiң “Жан ағасының” арқасында мәңгүрттiктен арылғандығын жазады.
Бiр кезде осынау ағаларды алаңдатқан мәселе бүгiнде де өз шешiмiн тапты деуге әлi ерте. Мәселен, тiл мәселесi әлi де болса тiлiм-тiлiм күй кешiп келедi. Ал 1989 жылы дүниеден озарынан бiрнеше ай бұрын тiл мәселесi көтерiлiп, арнайы заң қабылданарда Кәкiмжан Қазыбаев заң жобасын жасаушылар қатарында оған да атсалысқан болатын.
Ал Кәкеңнiң Баукеңнiң араласуымен Рахымжан батырдың ерлiгiн паш етуiн ештеңемен де теңестiре алмайсың. 1958 жылы “Лениншiл жас” газетiнiң ақпанның 21-iндегi санында жарық көрген “Рейхстагқа ту тiккен қазақ” деп аталатын мақаладан бастап Кәкiмжан Рахымжан жайында көп iзденедi. “Кернеген кек” деректi повесiн жазып, оның соңы “Отпен жазылған өмiрбаян” деректi повесiне айналады. Осының негiзiнде Кәкең пьеса да жазған. Басқа очерк, мақалалар қаншама. Соның бәрi Баукеңнiң Рахымжан жайында Кәкеңе айтқандарынан бастау алған едi. “Баукеңе бұл ғұмырымда аса риза болатын тағы бiр жай – халқымыздың аяулы ұлы Рахымжан Қошқарбаевпен танысуға дәнекер болғандығы” деп жазады Кәкiмжан Қазыбаев. Осы таныстықтың соңы тамырластыққа ұласады. “Өсер елдiң баласы бiрiн бiрi батыр дер” демекшi, Кәкiмжан Рахымжанның Рейхстагқа ту тiккен тұңғыш жауынгер екендiгiн алғаш Баукеңнен естидi. Ести салып, осы мәселенi зерттеуге кiрiседi. Соның нәтижесiнде қазақ батырының фашистiк ордаға тұңғыш ту тiккендiгi дәлелденедi. Басқасын былай қойғанда, бұл деректiң алғаш “Воин Родины” атты дивизия газетiнiң 1945 жылғы мамырдың 3-iнде жарияланғанын да ешкiм ескермеген болып шығады. Одан қала бердi, антифашистердiң сол кезде шығарған листовкалардың бiрiнде тайға таңба басқандай етiп, “Ұмытылмас фактiлер. Рейхстагқа бiрiншi болып лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов жеттi, олар жеңiс жалауын тiктi” деп жазылған.
Кәкеңнiң Рахымжан батыр жайында жазған “Лениншiл жастағы” очеркi қоғамда үлкен резонанс тудырады. Оқырмандар жолдаған хат өз алдына, кейiннен сонау Германиядан журналист Карл Кокошко Кәкеңдi ат терлетiп, арнайы iздеп келiп танысады. Сөйтсе, ол көптен берi Рахымжан Қошқарбаевты таба алмай жүр екен. Кәкiмжанның “Лениншiл жастағы” очеркiнен хабардар болған ол Кәкеңдi iздеп тауып, Рахымжан батыр жайында екеуi көп сырласады. Кәкең оны Рахымжан батырдың өзiмен таныстырады. Осылайша, Баукең арқылы Кәкең, Кәкең арқылы басқалар қазақ батырының ерлiгiнен құлақтанып, оған сол кездегi ең жоғары атақ Совет Одағының батыры атағын беру жөнiнде мәселе көтерiле бастайды. Батырын паш етуде Баукең мен Кәкеңнiң қосқан үлестерi ересен. Егер Баукең мен Кәкең болмағанда Рахымжан батырдың ерлiгiн кiм, қашан паш етерiн бiр құдай бiлсiн…
Рахымжан жайында жаза жүрiп Кәкiмжан ол кiсiмен де етене араласып кетедi. Кәкеңнiң тұңғышының атын Нәргүл деп қоюға Баукең себепшi болса, кенжесiнiң атын Батыр деп Рахымжан Қошқарбаев қойған екен. Ал Сарбас Ақтаев Кәкеңдi “қос батырдың бауыры” деп атайды.
Елiнiң ержүрек ұлдарынан тәлiм алған Кәкiмжан Қазыбаев кейiн Баукең қайтыс болғанда оның Кеңсайдағы қабiрiнiң басындағы ескерткiштiң тұрғызылуына себепшi болады. Баукең дүние салғаннан кейiн Кәкең мүсiншi, бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанның айбынды көк байрағының авторы Шәкен Ниязбектi шақырып алып, өзiнiң идеяларын айтып, қазiргi Кеңсайдағы ескерткiштiң бой көтеруiне мұрындық болады.
Бауыржан батырдың дүние салуы халқына тиген ауыр соққы болды. Соны тұла бойымен сезiнген Кәкең 1982 жылы тамыздың 11-iнде қаралы хабар жеткен сәтте мына өлеңдi жазған екен:
Қаралы хабар жеттi, “Баукең жоқ” деп,
Жүректi осып өттi жанған шоқ боп.
Ойлаушы ек бәйтерек деп құламайтын,
Ойлаушы ек сөнбейтұғын жалын от деп!
Халқыңды қатты сүйдiң арыңменен,
Бойыңда қайнап жатты дарын деген.
Өр бейнең өнеге едi өмiрдегi,
Өткiзген, бықсып жанбай, жалынменен.
Жанарың от шашушы едi, айбаттансаң,
Тұрушы едi тұлғаң биiк, қайраттансаң.
Майданда майыспаған ақ семсердi
Сұм ажал, қалай ғана жайратқансың?!
Мен ұқтым сол бейнеңнен талай сырды,
Шар болат көк семсерiм қалай сынды?!
Ақ туын әдiлдiктiң тiк ұстаған,
От жүрек, бұла денең қалай тынды?!
Халқының ардақты ұлдары – алдағы жылы 100 жылдығы аталып өтiлетiн Бауыржан батыр мен биыл 80 жылдығы аталып өтiлмек Кәкiмжан Қазыбаев арасындағы осынау тамырластық бүгiнде көпке – үлгi, ұрпаққа – өнеге.
Қуанышбек ҚАРИ