Жаңалықтар

ТҮРКIСТАННЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАРИХЫ ЖӘНЕ ПАЙҒАМБАРДЫҢ АМАНАТЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКIСТАННЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАРИХЫ ЖӘНЕ ПАЙҒАМБАРДЫҢ АМАНАТЫ

Халықтың тарихын нағыз бiлiктi жандар, шынайы жанашырлар түзсе ғана ұлттың тарихы әманда ұлағатты болып шығатыны күмәнсiз. Ұлағатсыз тарих құрғақ деректер мен қанды оқиғалардың хроноголиялық тiзбесi ғана. Ал адам жанына, жүрегiне, санасына, рухына әсер етпейтiн бiлiм – өлi iлiм. Тарих қашанда адамға құрметтi, iзгiлiктi талап ететiнi белгiлi. Сондықтан да халқымыздың сандаған ғасырлық бай тарихы туралы сүйiспеншiлiк, аса зор құрметпен қалам тербеген көптеген шетелдiк ғалым, зерттеушi, саяхатшылардың есiмдерi алаш жұртының жүрегiнен өшпестей орын алған. Солардың бiрi – түрiк жазушысы һәм қоғам, мемлекет қайраткерi Якуб Делиомероглы.

Анкара шаһарына таяу маңдағы Шанқара аулында 1966 жылы дүниеге келген ол Анкара университетiнiң ветеринарлық факультетiн үздiк тәмамдаумен қатар жүрегiне Ұлы Даланың еркiн адамдары – қазақтарға деген ыстық ықылас, шексiз құрметтi қоса сiңiрдi. Қазақ, ағылшын, орыс, башқұрт, өзбек, қырғыз тiлдерiн жетiк меңгерген, бойында көшпелi түркiлердiң қызу қаны жүйткiп ағатын Якуб Делиомероглының бала күннен жүйрiк аттарды жанындай жақсы көрумен бiрге қазақ даласындағы айтулы бәйгелерге әрдайым арнайы келiп, қызыға тамашалайтынын айта кету ләзiм.

“Түркiстан” газетiнiң тұрақты оқырманы, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, “Қардаш қаламгер” әдеби-көркем журналының Бас редакторы Якуб Делиомероглы “Иасауидiң шаһары және оның тарихы” атты арнайы кiтап жазған жан. Қазақ тiлiн аса жетiк бiлетiн оның кiтаптарының негiзгi арнасы – түркi әлемi, түркi халықтарының телегей тарихы және қазiргi түркi әлемi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Бұл екi атаудан да тарихи шындық көз алдымызға келедi. Тарихта алғаш рет Түркiстан жөнiндегi деректер жетiншi жүзжылдықтағы шығармаларда кездеседi. Сол кезден бастап араб және парсы тарихшылары Түркiстан атауын түрiк өлкесi, түрiк жұрты мағынасында қолдана бастаған. Махмұд Қашқари “Диуани Лұғат-ат түрк” атты шығармасында Түркiстанды жаңа түрiк өлкесi дейдi, Хазар (Каспий) бұрышынан батысы Ұрымға, шығысы Қытайға дейiн созылған аймақ ретiнде атайды. Атақты орыс тарихшысы В.В.Бартольдтың еңбектерiнде де Түркiстан жайындағы деректер жиi ұшырасады, бiрақ ол Қашқариға қарағанда шекараны айтарлықтай тарылтып, Каспийден Қытайға дейiн ғана созылған аймақ деп қана алады. Түрiк тiлiндегi Түркiстан ұғымы да Бартольдтың анықтамасына жақындау, батыстағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстан және Тәжiкстан елдерiн ғана қамтып, ежелгi түрiк жұрттарын ұғындыру үшiн қолданады.

Түркiстан атауы екiншi мағынасында бүгiнгi Қазақстан жерiнде орналасқан, ұлы түркi елiнiң рухани орталығы болып қала беретiн, жүректерге адамгершiлiк дәнiн еккен кiшкене қала Түркiстанға байланысты да қолданылады. Ұлы аймақтың атын иемденген бұл кiшкене қала Орта Азия аймағында орын тепсе де Анадолы даласында ескi атауы Иасауидi ұмыттыра алған жоқ.

Иассы – бүгiнде Қазақстандағы Шымкент облысына қарасты Түркiстан қаласының ескi атауы және ол орналасқан аймақ Күлтөбе деген атаумен белгiлi. Күлтөбе – Иассы қаласының маңында орын тепкен киелi төбе. Оның атауы неге Күлтөбе деп аталған? Мұны нақты ешкiм де бiлмейдi.

Азиядан Анадолыға дейiнгi аралықтағы бүкiл түрiк әлемiне дауылдай тиiп, күлiн көкке ұшырған монғол басқыншыларынан бұрынғы атауы да Күлтөбе ме едi? Мұны бiлетiн ешкiм қалған жоқ!

Күлтөбенiң тоғыз метрге жуық биiктiгiне байланысты мұндағы ауылды да “Иассы” дейдi. Яссының тағы бiр атауы тұрғылықты халықтың тiлiнде “Иассы” немесе “Иеси” болар. Бұл көзқарас этимологиялық тұрғыдан Иассы сөзiнiң белгiлi болған жалғыз анықтамасы.

Түрiктiң ұлы ғалымы Фараби дүниеге келген, кейiн бiлiм алған және iрi сауда орталығы болған Отырарды моңғалдардың өртке орап, жермен жексен еткенiн баяндаған сол кезеңдегi еңбектерде Иассы аты өте жиi айтыла бермейтiн. Күлтөбенiң үстiндегi осынау кiшкене ауыл ол жылдары соншалықты маңызды жер болған емес шығар. Иассы ауылы монғол басқыншылары өртеп жiбергеннен кейiн жер бетiнен жойылады. Жаңа Иассы өртенген ауылдың орнынан сәл жырағырақтағы бүгiнгi орнында, яғни Күлтөбенiң батысында жаңадан бой көтередi.

Бiрақ Күлтөбе шынымен қасиеттi болғандығынан шығар, ол арадағы монғол шапқыншылығынан қалған күлдiң арасынан бiр шоқ алауға айналып, маңайға нұрын шаша бастайды. Бұл – жер бетiндегi қараңғылықты жарқыратуға талаптанған, өзiне сенiмi зор алау едi. Және бұл алау Иассымен ғана шектелiп қалмас, бүкiл Түркiстанға, Кавказға, Анадолыға жарығын шашар.

Бiр аңыз әңгiмеде Күлтөбеде салынған қаланың атауы Иесиден бұрын “Асан” деп аталған-мыс. Асан, яғни алаңсыз, бейбiт, тыныштыққа толы деген сөз…

Күлтөбедегi өртеңнен жарқыраған алаудан соң тағы да қайтадан тыныштық орнайды.

Және бұл алау үлкен бiр мәдениеттiң рухын жылытып, келешегiн нұрға бөлейдi.

Және бұл – моңғол басқыншылығынан қалған қасiреттiң қызыл нұр шашқан таулары секiлдi де көрiнедi.

Және 12-ғасырда Күлтөбедегi күлдiң арасынан нұрлы алау жаққан Құл Қожа Ахмет кезеңiнен Иеси қаласы тарихтағы ең керемет шағын басынан өткерген едi. Құл Қожа Ахмет Қазығұрт тауының етегiнде орналасқан Түркiстаннан шамамен 200 шақырым қашықтығы Сайрам қаласында дүниеге келiптi. Әкесi Ибраһим Ата мен анасы Қарашаштың қабiрлерi бүгiнгi уақытта Сайрамның тау жақ беткейiндегi жотада тұр. Ол кiшкене кезiнде Түркiстанға келiп, алғаш бiлiмдi Арсылан Бабадан алады.

Аңыз әңгiмеде Арсылан Баба кiшкене Ахметке деп сахабадан Пайғамбар аманаты – құрманы әкеле жатады. Достарымен бiрге ойнап жүрген Ахмет Арсылан Баба жолдан өтiп бара жатқанында, оған жүгiрiп келiп: “Менiң аманатымды бер” дейдi. Бұдан Арсылан Баба құрманың иесi осы кiшкене бала екенiн түсiнедi.

Ел арасында жиi айтылатын осы сияқты хикаялардың түп негiзiн бiлетiндер Құл Қожа Ахметке табынып, аңызда орын алған оқиғалардың тасасында жасырынып тұрған сырларды түрлi нышандармен белгiлеп, халыққа таратады. Бұл нышандардан әркiм өз шамасына қарай бiр нәрселердi ұғына алады. Әркiм өзiн мұхит суын жинадым деп бiледi. Әрқайсысының қоржынындағы мұхит суының тамшысы болуы мүмкiн, бiрақ ешкiмдiкi де мұхит суындай деңгейге жете алмайды. Аңыздың бұл арадағы ерекшелiгiн айтарда ойланып сөйлеген дұрыс. Өйткенi, Арсылан Баба жайындағы құрма оқиғасы да осы берiлген жалпы мiнездемеге үйлеседi. Арсылан Бабаның әкелген Пайғамбар аманаты “құрма” екендiгi белгiлi. Бұл Медине құрмасы болғандықтан мұның ауқымды нышаны болу керек. Бәлкiм, бұл бiлiмнiң кiлтi болар, немесе жоғарыдан жiберiлген тәттi жемiс пе? Ниязи Мысри Жүнiстiң өлеңдерiнде талдағанда, кейбiр нышандарға “үйреншiктi жәйт” деп қарап, нақты не екендiгiн түсiндiрмейдi. Бiз де “құрманы” осылай санайық. Бiз қалай ойласақ та, үйреншiктi жәйт екендiгi белгiлi.

Осы “құрма” арқылы терең бiлiм алуға деген құштарлықтың жетегiне ерген Бұқарадағы Қожа Жүсiп Хемаданидiң жанына барады. Осы арада бiлiмiн жетiлдiрiп әбден кемелiне келедi. Ұстазы қайтыс болған соң Иесиге қайтып оралады.

Мiне, осы оралуы Иасауидiң тағдырын өзгертiп, еңбегiнiң өтемақысы ретiнде Құл Қожахмет есiмiне Иасауи аты тiркеледi. Ахмет – Исауидiң Ахметi атанады. Иасауи есiмiмен бiрге Иасауи қаласы да таныла бастайды. Иасауидiң өмiр сүруi қаланың даңқын шартарапқа таратады. Осыдан келiп Құл Қожа Ахметтi өмiрге әкелген қаланың атына неше түрлi ерекше атаулар таңыла бастайды.

Қожа Ахмет – Түркiстанның ту ұстары, патшасы;

Ай жүздi сұлу, әдемi қала – Түркiстан;

Ол – Түркiстаннаң пiрi, абызы;

Иасауи – Түркiстанның қариясы;

Түркiстан – руханият кiндiгi.

Түрiк тiлiнде “Қожа Ахмет Иасауи” деп жүрген ұстаз атағы қазақшада және ескi түркi тiлi бойынша “қожа” яғни “ие” деген мағынаны бередi. Әуесқой этимолог ретiнде қарастырсақ, түрiк тiлiндегi “қожа” сөзi мен “қожа – елдiң, үйдiң иесi, егесi” ұғымдарының негiзi бiр болуы керек. Яғни, бiздiң “Қожа Жүнiстiң” “қожалығы” мен “Қожа Ахметтiң” “қожалығы” бiр ұғымды бередi. Құл Қожа Ахмет Иасауи екi мағынасында да Түркiстанның иесi дегендi бiлдiредi. Халық “Қожа” деп атаса да терең бiлiмi және таза ар-ожданымен танылған бұл атаудың алдында “құл” сөзiнiң тұруының сөкеттiгi жоқ. Құл Қожа Ахмет Күлтөбенiң үстiнде шамшырағын жағып және көңiлдерге қуаныш сыйлап нұрландырар. Iшкi мағыналылығымен тәнтi етер “Хикметтер” деп аталатын жыр жинағы Түрiк тасавуф әдебиетiнiң алғашқы негiзiн қалаушы болды. Бұл жыр жинағындағы аяттар мен хадистерде көтерiлген мағыналы мәселелер тiл қолданысы жағынан халыққа ұғынықты, оңай түсiне алатын дәрежеде жырланған. Әуездi тiлмен өрнектелген қасиеттi үндеу жүректен жүрекке жетiп, көңiлдердi шарлайды.

Тiптi, бүгiнде халықтың көпшiлiгi жатқа бiлетiн “Хикметтер” Анадолыда ерекше күндерде оқылатын Сүлеймен Шелеби Мевлиди жырлары секiлдi өзiне сай әуенмен жырланады. Бiр Мәулiт түнi мейрамында немесе сүндет тойында қарт кiсiнiң ерекше әуенмен бiр нәрсе оқығанын көрсеңiз, мұның Иасауи хикметтерi екендiгiн бiлiп жүрiңiз.

Құл Қожа Ахмет Күлтөбеде жаққан алауынан ұшқан ұшқындар әлi күнге көгiмiзде. Батыстағы, Солтүстiктегi, Орта Азиядағы және Орал, Кавказ, Анадолы, Балқан түрiктерi арасында “хикметтер” ықыласпен оқылады. Одан тәрбие алған дәруiштер: Башқұртстанда – Шейх Хусейн, Кавказда – Авшар баба, Токатта – Гаждаж Дәде, Шейх Нүсрет, Мерзифанда – Пiр Дәде, Қыршехирде – Қажы Бекташ, Бурсада – Киiктi баба мен Абдал Мұса, Ыстамбұлда – Қораз баба, Филибиде – Қыдемлi Баба Сұлтан, Варнада – Ақжазылы Баба, Бабатауда – Сары Салтық секiлдi ғұламалар бүкiл Түрiк әлемiне таратты.

Және Күлтөбеде жанған алаудың ыстық мейiрiмi мен жарығын аяқ басқан жерлерiнiң барлығына таратқан Иасауи дәруiштерi, яғни дiн жолындағы күресушiлердiң арасындағы алыптардың бiрi.

Қожа Ахмет Иасауи 1166 жылы қайтыс болады. Дүниеден өткен соң оның жерленген жерiне түрiк жұртынан зиярат етушiлер ағылып келе бастайды. Баршаға әйгiлi Отырардың жер бетiнен жойылуынан кейiн Жiбек жолының бойындағы мүмiндер соқпай кетпейтiн қасиеттi орынға айналған. Ендi бұрынғы Иасауи қаласы шығыстан батысқа, солтүстiктен оңтүстiкке сапар шеккен керуендердiң барлығы тәу етiп өтетiн Иасауиге айналады. Бүгiнде ол Ұлы Түркiстанның нұры, Түрiк-Ислам мәдениетiнiң негiзi саналады. Қала өзiнiң атауын Құл Қожа Ахметке берсе, уақыт өте келе Қожа Ахмет те қалаға өз атағын берiп, ұлы ұстаз дүниеге келiп, өмiр сүрген қаласы оның есiмiмен еске алынатын болады.

Ендi Иасауидiң атағы қалаға:

Түркiстан – шаһары, қаласы, патшасы;

Түркiстан – ай жүздi әдемi қала;

Түркiстан – қаласы, пiрi деп телiне бастайды.

Қаланың атауы XV ғасырдың аяғына дейiн Иасауи аталады. XVI ғасырдан бастап Иасауидi әр жерде Түркiстан дей бастайды. XVII ғасырдан бастап бүкiл еңбектерде Иасауи атауы Түркiстан деп жазылуға көшедi.

Өз заманындағы зиялы-оқымыстылардың тарапынан Түркiстан қаласы сол кезеңдегi гүлденген қалалар – Самарқан, Бұқарамен салыстырылады. Тiптi Бабыр заманында өмiр сүрген Ақын Шейбани секiлдi жандар Иасауи қаласының орнын бұл қалалардан да биiк деп санайды.

Әулиелердiң үлкенi, ол – Түркiстан Шаһы едi,

Жер жүзiне нұр шашқан сұлу Түркiстан едi.

Көңiлiме кеп кiр деймiн оған,

Самарқанның көңiлi қалап, құштар болған –

Бiлмесең-ей, ол көңiлдiң сұлтаны – Түркiстан едi.

Якуб ДЕЛИОМЕРОГЛЫ, Жазушы