Жаңалықтар

ҚЫМЫЗ БЕН ШҰБАТТЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАРЫҚҚА

ашық дереккөзі

ҚЫМЫЗ БЕН ШҰБАТТЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАРЫҚҚА

Қазақтың қос ұлттық сусыны – қымыз бен шұбатқа қазiр еуропалықтармен бiрге Жапония мен Израиль кәсiпкерлерi қызыға бастады. Ал отандық ғалымдар осы екi сусынды Еуропа мен Азияға таблетка түрiнде таратудың тәсiлдерiн ойлап тапты. Әлбетте, жаңалықты тәжiрибеде қолдану үшiн ауылдағы қалтасы “тесiк” ағайынға Үкiмет тарапынан қаржылай қолдау керек.

ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьниктiң мәлiмдеуiнше, Қазақстан қымызды көптеп өндiрумен бiрге оны экспортқа шығаруға ден қоймақ. Ол үшiн 2008 жылдың 28 қарашасында қабылданған Үкiметтiң №1106 қаулысын негiзге алса, жетедi. Аталған құжатта елiмiздiң ауыл шаруашылығын 2009-2011 жылдар аралығында тұрақты дамытуға қатысты шараларға орай, сүт пен ет шаруашылығын кластерлiк жүйе бойынша дамыту қарастырылған. Школьник мырза бәсекеге қабiлеттi жаңа сүт өнiмдерiн өндiре отырып, оларды сыртқы нарыққа қазiргi заманғы технологиялық талаптарға сәйкестендiру керектiгiн көлденең тартады. Ол үшiн ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi жылқы шаруашылығына тиесiлi сүт өндiрiсiн жақсартуды қолға алуы қажет. Қазақ қоғамында ерекше тұтынушылық сұранысқа ие қымыздың құрамында амин қышқылдары мен өкпе-тыныс жолдары ауруларына қарсы күресуге қабiлеттi бiрқатар витаминдердiң көптiгiн шетелдiк, әсiресе, еуропалық тұтынушылар бiле бермейдi. Халықаралық нарықта қымыздың таңсық ас саналуы сондықтан. Егер жатжұрттықтарға қымызды биоқоспа ретiнде ұсынса, әлдеқайда тиiмдi болуы әбден мүмкiн. Бүгiнгi таңда дамыған елдерде, мысалы, Францияда қымызды терiнi, әсiресе, беттiң терiсiн жасартуға септiгiн тигiзетiн косметикалық өнiм жасауға деген қызығушылық артып келедi. Бүгiнде Қазақстанда қымыз бен шұбатты кептiрiп, таблетка немесе ұнтақ күйiнде сатуға қатысты ұсыныстар жиi көтерiлiп жүр. Қазақтың ұлттық сусындарын кептiру арқылы шетелдiк нарыққа экспорттауға және iшкi нарықты жатжұрттық тауарлардан қорғауға мүдделiлiк танытқан техника ғылымдарының докторы, профессор Үрiшбай Шоманов қымыз бен шұбаттың емдiк қасиетi барын және туберкулезге қарсы қолданылғанын мыңжылдықтар дәлелдегенiн көлденең тартады. Бiр кездерi әр қазақтың дастарқанының сәнi болған қымыз әсiресе, ХIХ ғасырда кеңiнен қолданылған. Орыс дәрiгерi Нестор Постников қымыздың емдiк қасиетiнiң теңдессiз екендiгiн айтқан кеңесiнен кейiн арада бiр жыл өткенде оның әрiптесi Нефтель Орынбордағы әскери госпитальда туберкулезбен ауыратын 15 әскердi қымызбен емдеу үшiн арнайы тәжiрибе жасап көредi. Белгiлi бiр уақыт өткенде қымыздың шынында да емдiк қасиетке ие екендiгiне көз жеткiзген ол өзге әрiптестерiне қымызды насихаттауға көшедi. Одан кейiн де бiрқатар ғалым, дәрiгерлер қымызды емдеу-сауықтыру шаралары барысында кеңiнен қолданған. Құрамында А, В1,В2, В12, Д, Е, С витаминдерi бар қымыз адамдар бойындағы туберкулез, гастрит, холецистит, энтерит пен энтероколиттiң асқынған түрлерiн, дисбактериоз, тоқ iшек пен асқазандағы жараны емдеуге, жүрек қан тамырлары, жүйке және ас қорыту жүйесi, қан айналысы т.б. жағымды әсер етедi. Өкiнiшке қарай, бүгiнде емдеу-сауықтыру шараларымен айналысатын шетелдiк iрi компаниялар қызығушылық танытып отырғанмен, экспорттауда арнайы күтiмдi қажет ететiн ұлттық өнiм тасымалдау мәселесi жағынан қиындық туғызуда. Осы себептi, отандық ғалымдар қымыз бен шұбатты экспорттауда дүние жүзiнде кеңiнен қолданылатын сублимациялық тәсiл арқылы кептiрiп, тасымалдауды ұсынады. Сондай-ақ, олар өнiм сапасын жақсартуға және кептiру уақытын қысқартуға мүмкiндiк беретiн микротолқындық техникаға иек артып отыр. Мұндайда өнiм бағасы да арзанға түсетiн көрiнедi. Игi iстiң бастамасына қаржылай қолдау ретiнде “ҚазАгроСервис” АҚ бөлген қаражатқа бүгiнде отандық ғалымдар өндiрiстiк жүйенi қалыптастыруға тырысуда. Қымыз бен шұбатты кептiру арқылы ауыл шаруашылығы мамандарының қызығушылығын оятуға тырысатын ғалымдардың қаржылық тұрғыда көмекке әлi де зәру екендiгi айтпаса да, түсiнiктi. Өйткенi, бұл жаңалықты отандық ауыл шаруашылығы саласында тер төгетiн ағайынның қалтасы көтере бермейдi. Егер фермерлер ғалымдар ұсынысын қабыл алып, ұлттық сусындарды кептiру арқылы таратуға мүдделi болса, онда оларға техниканы сатып алуға және өндiрiске енгiзуге ғалымдар дайын отыр. Ең бастысы, кептiрiлген өнiмдегi құнарлылық сапасы шұбатта – 100 пайыз, ал қымыздың құрамындағы тек спирт қана ұшып кетедi екен. 100 келi шұбаттан – 10-12 келiге жуық таблетка, ал қымыздан 7-8 келiдей таблетка дайындауға болады екен. Себебi, қымызда құрғақ заттар, белок пен май аз, негiзiнен ылғал көп. Бiрақ отандық ғалымдар сусындардан жасалатын таблеткаға түрлi көкөнiстiң құрамдас бөлiктерiн қоспақ. Сонда адам ағзасына пайдалы заттарға бай шұбат пен қымыздың таблеткасы халықаралық нарықтағы тұтынушылық сұранысты арттыруға септiгiн тигiзерi анық. Бұл әсiресе, балалар мен ауру адамдарға өте пайдалы. Қазiр қазақ ғалымдары ойлап тапқан жаңалыққа Жапониядағы және бiрқатар еуропалық компаниялар iрi медициналық компания қызығушылық танытып отыр. Жуырда Алматы қаласының әкiмдiгiмен кездескен израильдiк кәсiпкерлер сүт, жүзiм, саңырауқұлақ, жылқы етi т.б. бiрге қымыз бен шұбат өнiмдерiне қатысты да серiктестiк орнатуға дайын екендiктерiн айтты. Израильден қазақтың ұлттық сусыны үшiн арнайы келген еврей кәсiпкерлер қымыз бен шұбаттан Еуропа мен Азия нарығын қатар жаулап алуға қабiлеттi өнiмдер өндiруге болатынын көлденең тартады. Олардың қызыққаны – қазақтың ғана даласынан кездесетiн екi өркештi түйелер: “Бүгiнде Жер шарынан өте сирек кездесетiн екi өркештi түйеден өте керемет өнiмдер дайындауға болады”. Өкiнiшке қарай, халықаралық нарықта көл-көсiр пайда түсiруге мүмкiндiк беретiн қымыз бен шұбат өндiрiсiн дамытуға қол қысқа, ал отандық екiншi деңгейлi банктер несие бөлуге құлықсыз. Мұндайда “қалтасы тесiк” ауылдағы ағайын тағы да Үкiметке телмiредi. Егер Школьниктiң өткен аптада көтерген мәселесi шынымен жүзеге асырылатын болса, отандық мамандардың халықаралық нарыққа жолы ашылары сөзсiз.