Жаңалықтар

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК: ОТЫН ҮШIН КҮРЕС

ашық дереккөзі

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК: ОТЫН ҮШIН КҮРЕС

Апта басында көптен берi келiсе алмай жүрген Брюссель мен Ашхабадтың әңгiмелерi жарасты. Түркiмендер орыстардың тасымал жолдарына деген тәуелдiлiктен құтылуды көздесе, кәрi құрлық энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге мүдделi.

Өткен аптада София қаласында өткiзiлген энергетикалық саммитте ЕО жобасы – Nabucco мен Ресей ұсынған жоба – South Stream (“Солтүстiк ағын”) тайталасқа түскен. Алайда, нақты шешiм қабылданбады. Еуропалық Одақ үстiмiздегi жылдың мамырында Прагада өткiзiлетiн кеңесте Nabucco жайлы тағы пiкiрлеспек. Ал South Stream Кремльдiң басын келесi аптада “қатырмақ”. Саммитте Саакашвили “Ресейдiң Грузияға шабуыл жасауы Каспий аумағы мен Орта Азияның Еуропаға бағыттайтын жолын жауып тастау болатын. Ресей орталықазиялық аймаққа тиесiлi барлық қорды иеленудi көздейдi. Қарулы қақтығыс кезiнде ол Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының күл-паршасын шығарды” деп Кремльдi айыптады. Мұндай ұстанымдағылардың қатары қалың. Себебi, көмiрсутегiлер алаңын иемдену жолындағы күресте Ресей мен кәрi құрлықтың мүдделерi үйлеспейдi. Өйткенi, мұнай мен газ экономикасы қарыштап дами бастаған әлемнiң басты мәселесiне айналғаны анық. Демек, дүниежүзiлiк саясатқа ықпал етуге ұмтылған Мәскеудiң Брюссель мен Вашингтонға қояр талабы күштi. Бiрақ Кремль КСРО-ның империялық саясаты әлдеқашан келмеске кеткенiн, посткеңестiк елдердiң тәуелсiз әрi егемен саясатты ұстанатынын, олардың да өзiндiк ұлттық әрi мемлекеттiк мүдделерi бар екендiгiн жиi “естен шығарып” алатыны өкiнiштi. Әрине, кеудесi аяққаптай Кремльдiң екпiнiн басуға экс-он төрт одақтас республиканың қауқары жетедi. Мысалы, күнi кешегi түркiмендер мен орыстар арасындағы құбырға қатысты туындаған кикiлжiң, орыстар мен украиндар арасындағы газ дауы, орыстар мен беларусьтер арасындағы мұнай тасымалына байланысты ушыққан пiкiр қайшылықтары, орыстар мен қазақ, өзбек, түркiмен, әзiрбайжандар арасындағы газ бағасын көтеру туралы тараптар т.б. Сол басқосуда Nabuccо жобасын ресми түрде таныстырған Nabucco Gas Pipeline International компаниясының басшысы Райнхард Мичек газ құбырының құрылысына қатысушы барлық тараптар алдағы екi айда келiсiмге қол қоятынын және 2011 жылы басталған құбыр 2014 жылы пайдалануға берiлетiнiн айтты. Жобаның жалпы құны шамамен 7,9 млрд. еуро, ал тасымалдау қуаты – жылына 31 млрд. текше метр. Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы елдерге тиесiлi табиғи газдың жалпы көлемi бүгiнде 82 трлн. текше метрге тең. Бұл кәрi құрлықтың талай жылғы арманын орындауға мүмкiндiк бередi. Тек тараптар қаражат пен қаржыландыру мәселесiнде мәмiлеге келсе, жетедi.

Дүйсенбi күнi Еуропарламент кәрi құрлықты “көгiлдiр отынмен” тұрақсыз қамтамасыз етуге жағдай жасайтын бiрқатар жаңа заңға қол қойды. Бұл Украина мен Ресей арасында тағы да газ дауы туындай қалса, келеңсiздiктердiң алдын алуды көздейдi. Яғни, аталған құжат еуропалық тұтынушыларға қалаған кезiнде энергетикалық қорларды тасымалдаушыларды оңай әрi тез ауыстыруға және олардың құқықтық талаптарын күшейтуге негiз. Аталған құжатқа сәкес, газ тасымалдаушы концерндер ЕО-ның нарықты реттеуге қатысты заңдарын бұзған жағдайда жылдық айналым көлемiнде айыппұл төлеуге дейiн мәжбүр болады. Бұған себеп – Ресей мен Украина арасында бiр емес, бiрнеше рет туындаған газ дауы. Еуропаның көпшiлiкке орындалмас армандай көрiнген Nabucco жобасын жүзеге асыруға құлшына кiрiсуiне де энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету түрткi болды. Жаңа заң жобасындағы бiр бапта Еуропалық Одаққа тиесiлi энергетикалық жүйелердi ЕО-ға мүше емес елдердiң сатып алуына тыйым салатын талаптар да қарастырылған. Ал ұлттық органдар келiсiм-шартта көрсетiлген талаптарды сақтамаған концерндермен арадағы келiсiмдi мерзiмiнен бұрын бұзуға құқылы болады. Сонымен қатар еуропалық депутаттар 11 жыл бойы Еуропарламенттiң күн тәртiбiнен түспеген тақырыбы – ЕО мен Түркiменстанның жаңа сауда серiктестiгi туралы құжатты қабылдады. Бұл кейiнгi кездерi әлемдiк сахнада жиi қозғалып жүрген Nabucco газ құбырының құрылысын бастауға негiз болмақ. Өйткенi, Еуропалық Одақ Nabucco үшiн бюджеттен 4 млрд. еуро бөлуге шешiм шығарды. Ресейдi айналып өтетiн жобалар арасында табиғи газды Әзiрбайжан мен Грузия арқылы Қара теңiздiң табанымен Украинаға тасымалдайтын “Ақ ағын” да бар. “Ақ ағыннан” орыстар ғана емес, түрiктер де шет қалады. Ал өткен аптада түркiмендердiң Мемлекеттiк көмiрсутегiлер қорын басқару және пайдалану агенттiгiнiң жетекшiсi Ягшыгелдi Какаев пен RWE AG жетекшiсi Юрген Гроссман Түркiменстан Үкiметi мен немiстердiң концернi арасындағы ұзақмерзiмдiк серiктестiк туралы меморандумға қол қойды. RWE AG – Nabucco жобасын қамтамасыз етушi акционер кәсiпорын. Ол Еуропаны ресейлiк энергоқорға деген тәуелдiлiктен құтқару үшiн құрылған. RWE AG жуырда ғана австриялық OMF концернiмен бiрлесе отырып, Каспий жағалауында орналасқан кен орындарындағы көмiрсутегiлердi Батыс нарығына жеткiзу мәселелерiн зерттейтiн Caspian energy company кәсiпорнын құрды. Қазiргi кезде каспийлiк жағалауда ағылшындар мен арабтардың бiрлескен кәсiпорны – Dragon Oil мен малайзиялық Petronas жұмыс iстеуде. Бiр ерекшелiгi сол, Petronas аталған аймақта 10 жыл бойы үздiксiз зерттеу жұмыстарын жүргiзген көрiнедi. Сонымен қатар немiстердiң Wintershall компаниясы мен даттық Maersk теңiздiң орта шеңберiнде сейсмикалық зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыруда. Наурыздағы Медведев пен Бердiмұхамедовтiң кездесуiнде Кремльдiң монополист – “Газпром” салуды жоспарлаған “Шығыс-Батыс” газ құбырының құрылысына қатысты келiсiмге қол қойылмады. Тараптардың ортақ келiсiмiне орай. Түркiмендер Ресейдi айналып өтетiн қос жоба – Түркия арқылы Батысқа бағытталатын Транскаспийлiк құбыр мен Еуропаға тура жол тартатын Nabucco құбырынан дәмелi болғандықтан, “Шығыс-Батысқа” қосылуға аса құлшынған жоқ, ал артық шығын шығаруға бүгiнде “Газпромның” қалтасы жұқа. Осыдан бiрнеше апта бұрын болған газ құбырындағы жарылыста Ашхабад “табиғи газды аз мөлшерде қолдануының салдарынан құбырға түскен қысым шамадан тыс көбейiп кетiп, құбыр жарылып кеттi” деп “Газпромды” кiнәлады. Негiзi энергоқорды тасымал мәселесi ғана емес, баға саясаты да Ашхабадтың көңiлiнен шықпайды. Ол көмiрсутегiлердiң құны халықаралық нарықтағы бағамен өлшенуi тиiс және шикiзат таситын балама жолдарды көптеп қарастыруға мүдделi болуымыз заңды деп есептейдi. Бүгiнде Еуроодақ ұсынған жобаларға қызығушылық таныта бастауы түркiмендердiң тасымалдық тәуелдiлiктен құтылуға ұмтылуынан.

2008 жылдың қарашасында “ЕО-ның жаңа энергетикалық стратегиясы” атты жаңа құжатта шеттен тасымалданатын көмiрсутегiлердi 80 пайыздан 20 пайызға дейiн төмендету көрсетiлген. Мұндай мақсат Ресейге ұнамасы анық. Брюссельдегi мәлiмдемеден кейiн iле-шала сөз алған РФ премьерi Путин жуырда Финляндия премьерi Матти Ванханенмен кездескенде “Еуропа Ресейден құбыр арқылы келетiн газ қажеттi көлемде керек пе, жоқ па деген мәселенi шешiп алуы керек.Егер керек емес десе, онда бiз құбыр салып, халықаралық нарыққа тасымалдауды, сығымдалған газ өндiретiн зауыт салуды қолға аламыз” деген талап қойды. Көп ұзамай, ЕО-ға есе жiбермеуге тырысқан Мәскеу Сахалиннен сығымдалған табиғи газ өндiретiн зауыт салып, өнiмдi Жапония мен Оңтүстiк Кореяға бағыттады. Олардың сығымдалған газынан ағылшындар да қағыс қалмады. Сахалинде салынған зауытты 2010 жылы толық iске қосылады деп жоспарлап отырған орыстар халықаралық нарықтағы сығымдалған табиғи газдың 5 пайызын иеленбек. Сондай-ақ, Ресей Приморский край, Штокман мен Ямалдан зауыттар салуда. Сондай-ақ, орыстар қытайлар жерiне қарай тартуды көздеген құбыры қағаз жүзiнде қалып отыр. Өйткенi, әр тиынын санап үйренген аспанасты елi Кремльмен баға мәселесiнде келiсiмге келген жоқ. Еуроодақ жобасына қосылуды көздейтiн елдердiң бiрi – Түркия. Кәрi құрлықтың бастамасы – Nabucco құбырына Анкара үстiмiздегi жылдың маусымына дейiн қосылуды көздеп отыр. Түркияның ЕО-ға мүше елдерге, яғни, жобаға қосылатын мемлекеттерге жiберген хатына берiлетiн жауап көңiлден шықса, түрiктер еуропалықтардың бастамасын қолдауға мүдделi.

Баку көмiрсутегiлердi тасымалдауда да, экспорттауда да белсендi рөл атқаруға дайын екендiгiн мәлiмдеп отыр. Қазiр әзiрбайжандар “көгiлдiр отынды” үш бағыт бойынша, Оңтүстiк-кавказдық құбыр арқылы Түркияға, ел iшiнен тартылған құбыр арқылы Грузия мен Иранға экспорттап отыр. Сондай-ақ, Баку мен Мәскеу Шахдениз кен орнынан Ресейге бағытталатын құбыр туралы да бiр жылдан берi кеңестер өткiзiп келедi. Егер тараптар келiсiмге келер болса, онда еуропалықтардың ұсынысы қағаз жүзiнде қалмақ. Ал Бакуге Қарабаққа қатысты жер дауын оңтайлы шешуге саяси тұрғыда мүмкiндiк туады.

Тағы бiр маңызды жайт, табиғи ресурстарға бай елдердi уысынан шығарып алмауға жанталасып жатқан Кремль еуропалықтардың Транскаспийлiк газ құбыры жобасына басты бәсекелес – Каспий жағалауы газ құбырын жүзеге асыруға құлшына кiрiстi. Сейсенбi күнi ҚР Парламентi Сенатының жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi және Түркiменстан Үкiметi арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi ратификациялау туралы” заңды ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаев 2012 жылдан бастап, Каспий жағалауы газ құбыры бойынша жылына 10 млрд. текше метр энергоқорды тасымалдауға мүмкiндiк беретiнiн көлденең тартты. Бүгiнде көмiрсутегiлер тасымалдайтын жолдарды шығыс пен батыс бағытқа қатар тартуды мақсат ететiн Қазақстан Еуроодақ пен Ресей, АҚШ пен Қытай т.б. елдердiң ұлттық мүддеге тиiмдi ұсыныстарын қабылдауға мүдделi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ