Жаңалықтар

БӘРIН БIРДЕЙ ТҮРМЕГЕ ТОҒЫТПАЙ...

ашық дереккөзі

БӘРIН БIРДЕЙ ТҮРМЕГЕ ТОҒЫТПАЙ...

Билiк көршiнiң қорасындағы тауыққа немесе қалталардағы ұялы телефондарға “байқамай” “жиендiк жасағандарды” темiр торға тоғытқанша, оларды тезге салудың басқа жолын ойлап табу қажет деген пiкiрде. Яғни, қылмыстары аса ауыр еместердi түрмеде бағып-қаққанша, тәрбиелiк мәнi бар басқа жаза ойлап тапқан жөн.

Апта басында ҚР парламентi Сенат отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қамсыздандыру министрi Гүлшара Әбдiхалықова үкiметтiк “жол картасы” бойынша үстiмiздегi жылдың соңына дейiн 4 734 жоба жүзеге асырылатындығын айтты. Сенаторлар алдында баяндама жасаған министр ханымның мәлiмдеуiнше, 2009 жылға арналған республикалық бюджеттен өңiрлерде халықты жұмыспен қамту және мамандарды қайта дайындау стратегиясын iске асыруға 140 млрд. теңге бөлiнген. Сонымен қатар жергiлiктi бюджеттерден аталған қаражатқа қосымша 51 млрд. теңге және қарастырылған.

Үкiметтiк “жол картасының” негiзiнде 4 инвестициялық бағытта тәжiрибеде қолданылатын жобалар тiзiмi жасалып, бiрiншi бағыт бойынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеуге 62,7 млрд. теңге бөлу көзделген. Ең бастысы, 93,7 мың адам жұмыспен қамтылады. Екiншi бағыт жол жөндеу саласына қатысты. 45,6 млрд. теңге көлемiндегi бюджеттiк қаржы 47,1 мың азаматқа жұмыс тауып бермек. Үшiншiсi, мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуемттiк нысандарды салу және оларды жөндеуден өткiзуге қатысты. Бұл бағыт бойынша қарастырылған қаражат 49 млрд. теңгеге жуық және жұмысқа тартылатын адамдар саны – 99,2 мыңнан астам. Төртiншi бағытқа қалалық және аудандық, ауылдық жерлердегi мәдениет ошақтарын жөндеу жатады. Халық қазынасынан шығатын 6 млрд. теңге 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының құрылуына септiгiн тигiзбек. Жуырда Үкiмет мүшелерi алдында есеп берген премьер-министрдiң орынбасары Ербол Орынбаев биыл жыл соңына дейiн 61 мыңнан астам жаңа жұмыс ошағының қабырғасы қаланатындығын көлденең тартқаны бар.

Сонымен қатар арнайы дайындалған заң жобасында қызметiнен қол үзiп қалғандарға 4 айдан 6 айға дейiн әлеуметтiк жәрдемақы төлеу қарастырылған болатын. Бұл әсiресе, “салт бастылардан” гөрi отбасы барларға кәдiмгiдей көмек болары сөзсiз әрi жұмыссыздықпен күрес мәселесi де оңтайлы шешiледi.

Жұмыссыздық демекшi, өкiнiшке қарай, кейiнгi кездерi экономикалық дағдарыстың кесiрiнен Жер шарында iрiлi-ұсақты қылмыс та өршiп кеттi. Қылмыс мәселесiнде Қазақстан жағдайы да мәз емес. Бiрақ билiк бұрынғыдай кез келген заң бұзушыны абақтыға қамаудың орнына басқаша жазаға тарту керек деген ұстанымға көштi. Мысалы, тауық немесе ұялы телефонға “жиендiк жасағандар” ендi бұрынғыдай түрмеге жабылмайды: қылмыстары аса ауыр емес. Әдiлет министрлiгi тарапынан түскен мәлiметтерге сүйенсек, бүгiнде елiмiздегi темiр тордың ар жағында отырғандардың 16 пайызы – ауыр қылмыс жасамағандар. Мысалы, 2000 теңгенiң тауығын ұрлаймын деп жүрiп, сорлап қалғандар немесе 1 жарым жылға бас бостандығынан айырылғандар. Олардың әр қайсысын асырау үшiн тәулiгiне 800 теңге кетедi екен. Ал 16 пайыз заң бұзушы үшiн 24 сағатта кететiн шығын – үш жүз мыңның үстiнде. Билiк Атазаңды бұзып, қапыда қалғандардың кiнәсi мен күнәсi аса ауыр болмаса, оларды түрмеде тамақ берiп асырағанша, тезге салудың басқаша түрiн, яғни, тәрбиелiк жағына баса көңiл аударатын шараларды ойлап тапқан жөн дейдi. Мұндайда барлық мәселе тағы да жұмыссыздықпен күреске келiп тiрелерi даусыз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ