ТҮРКIТIЛДЕС ҒАЛЫМДАР БАС ҚОСТЫ
ТҮРКIТIЛДЕС ҒАЛЫМДАР БАС ҚОСТЫ
Кеше “Мәдени мұра” ұлттық жобасы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Мәдени саясаты және өнертану институтының ұйымдастыруымен Алматыдағы “Алатау” шипажайында “Өркениеттер үнқатысуындағы түркi әлемiнiң рөлi” атты халықаралық симпозиум аяқталды. Екi күнге созылған алқалы жиынға түркi елдерiнiң ғалымдары, түркiтану саласында еңбек етiп жүрген түркiтанушылар бас қосты.
Осыдан он бес жыл бұрын түркi мемлекеттерiнiң мүшелiкке енуiмен ТҮРКСОЙ ұйымы құрылған болатын. Түркiтiлдес елдердiң мәдениетi мен өнерiн дамыту, мәдени ынтымақтастығын арттыруды көздеген ұйым осы уақытқа дейiн ортақ мәдениеттi жаңғырту мақсатында бiрқатар шаруалар атқарып келгенi белгiлi. Түркi елдерiнiң түпкi тарихы ортақ болғаннан кейiн оның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрi де, мәдениетi де ортақ болатыны сөзсiз.
Екi күн бойы “Алатау” шипажайында өткен симпозиумның басты мақсаты да “Мәдени мұра” ұлттық бағдарламасын халықаралық дәрежеде насихаттау болса, екiншiден, қазақтың тарихи-мәдени мұрасын дүниежүзiлiк ғылыми айналымға енгiзу.
“Түркi тектес елдер бiр-бiрiмен иық тiресiп, бiр-бiрiн байытып, бiр-бiрiн дамыту арқылы ғана жаһандану тасқынына қарсы тұра алады. Түркiлермен салыстырғанда соңғы жылдары славян, араб әлемi әлдеқайда тамырланып үлгердi. Бiз ең алдымен түбiрiмiздi бiлуiмiз керек, тегiмiздi тануымыз керек. ТҮРКСОЙ-дың алғашқы қалыптасу, өзiн-өзi тану кезеңiндегi айналысатын мiндеттерi алдымен мәдени, рухани құндылықтар болуы тиiс”,-деген едi симпозиумда сөз алған Берiк Әбдiғалиев.
“Өркениеттер диалогындағы түркi әлемiнiң рөлi” атты симпозиумының екiншi күнiнде “Алматы бастамасы” декларациясы қабылданды.