Жаңалықтар

БИЗНЕС ЭКОНОМИКАFА КӨМЕКТЕСПЕК...

ашық дереккөзі

БИЗНЕС ЭКОНОМИКАFА КӨМЕКТЕСПЕК...

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов, Президент әкiмшiлiгiнiң басшысы Аслан Мусин, Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов тiкұшақпен “Қорасан-1” уран кешенiне ұшып келiп, кешеннiң салтанатты ашылу рәсiмiне қатысты.

Бұдан соң Шиелi ауданына келген Премьер-министрдiң тiкұшағы Шиелi ауданындағы кеншiлер қалашығына орналасқан “Демеу-Шиелi” спорт кешенiне келдi. Бүгiнде 12 секция бойынша 280 адам жаттығатын спорт кешенiне құрылыс жөндеу жұмыстарын жүргiзуге “Қазатомөнеркәсiп” ұлттық компаниясы 71,4 млн. теңге бөлдi, жаңа ғимаратқа жаттығу құралдарын алу мен жылу жүйесiн жаңарту жұмыстарына тағы 14,2 млн. теңге қарастырылды. Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары әкiмдерiмен жасалған меморандумдар негiзiнде компания 30-дан астам әлеуметтiк жобаны iске асырған. Келесi кезекте Премьер-министр кешендi аралап, волейбол секциясына қатысып жастардың ойынын тамашалады. Былтыр пайдалануға берiлген 280 орындық балабақша “Қазатомөнеркәсiп” ҰАҚ демеушiлiгiмен салынды. Балабақшаның құрылысына жалпы көлемi 239 млн. теңге бөлiнiп, оның 23 млн.-ы құрал-жабдық алуға жұмсалады. Мұнда 12 топта 164 бала тәрбиеленуде. Балалардың күтiмiне айына 47 млн. жұмсалса, оның 37 мыңын “Демеу-Шиелi” компаниясы көтерiп отыр. Соңғы үлгiмен салынған ғимаратты аралап көрген үкiмет басшысы балаларға жасалған жағдайға ризашылығын бiлдiрдi.

Шиелi кентiндегi форум жұмысына Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов қатысты.

“Арман” мәдениет үйiнде бизнестiк әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру жөнiндегi форум басталды.

Өз кезегiнде Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов өңiрдегi шағын және орта бизнестiң қатысуымен 538 млн. теңгенiң әлеуметтiк жобалары жүзеге асырылып жатқанын мәлiмдедi. Ал, мұнай компаниялары әлеуметтiк саланың ахуалын жақсарту үшiн 3,4 млрд теңге бөлiп отыр. Ұлттық компаниялармен 3,7 млрд. теңгеге, корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiк шеңберiнде 6,011 млрд. теңгеге меморандум жасалды. Аталған шараны Қазақстан Республикасының Президентi әкiмшiлiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, “Қазатомөнеркәсiп” Ұлттық атомдар компаниясы АҚ-ның қолдауы мен Қызылорда облысының әкiмдiгi ұйымдастырған.

Форумның мақсаты – ұзақмерзiмдi болашаққа бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн iлгерiлету болып табылады. Дағдарыс салдарын еңсеру жағдайында стратегиялық бағдарларды айқындау, әлеуметтiк еңбек қатынастары саласындағы корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiктi дамыту форумның басты мiндетiнiң бiрi болмақ. Форум жұмысының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова бүгiнгi күнгi әлеуметтiк корпоративтiк жауапкершiлiктiң маңызына тоқталып, отандық компаниялардың елдiң әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтады.

Дегенмен Президенттiң бастамашылдығымен өмiрге келген “Ұжымдық шарт жасасу” акциясы аясындағы ұжымдық шарттар саны 40 мыңнан асты. Бұл шараға республикалық iрi және шағын кәсiпорындар қолдау бiлдiрдi. Кәсiпкерлерге жасалған салық жеңiлдiктерi 360 млрд. теңгенi құрайды. Бизнеске салық жеңiлдiктерiне қоса 620 млрд. теңге көлемiнде көмек ұсынылды. Елбасы шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге жарияланған мараторий осы жылдың 1 шiлдесiне дейiн ұзартылды. Дағдарыс зардабын жеңiлдетуге мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлiнуде. Демек 350 мың жұмыс орны ашылмақ.

Форум жұмысын Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов қорытындылады. Үкiмет басшысы өз сөзiнде, Қазақстан бизнесiнiң бүгiнгi жағдайына қысқаша тоқталып, билiк пен бизнестiң түсiнiстiкке негiзделген қарым-қатынасын арттыруға қол жеткiзгенiн айтады. Қазiргi дағдарыс жағдайында бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi айырықша мәнге ие болып отыр. Президент кәсiпкерлiктiң аяқтан тұруына өзi бас болып қолдау көрсеткен, ендi бизнестiң осы қамқорлыққа нақты жауап беретiн уақыты болды. Үкiмет басшысы форумға қатысушыларға Елбасының тапсырмасын, үлескерлердi қолдау аясында үлкен жұмыстар атқарылып жатқанына жеткiздi. Бұл мақсатта 571 млрд. теңге бөлiнген. Мемлекеттiң 24 мыңнан астам үлескерлерге арналған көмегi жеттi. 350 мың жұмыс орнын ашу үшiн, республика бюджетiнен 348 млрд. қаржы бөлiндi. Мұндағы қосымша облыстық бюджеттен 2010 жылға дейiн аталған бағдарламаға 273 млрд. бөлiндi.

Шара соңында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi және “Петро-Қазақстан ойл Продактс” ЖШС-компаниясының арасында әлеуметтiк жобаларды iске асыру жөнiндегi меморандумға қол қойылды.

Форум әлеуметтiк жауапкершiлiк турасындағы айтылған ұсынстардың құндылығымен, кемшiлiктердiң ашық айтылуына алға қойылған нақты мақсаттарды белгiлеуiмен құнды шара болды.

Мәуе ҚОЖАГЕЛДI