Жаңалықтар

УРАН ӨНДIРЕТIН КЕНIШ АШЫЛДЫ

ашық дереккөзі

УРАН ӨНДIРЕТIН КЕНIШ АШЫЛДЫ

Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор – “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ тынысын жылдан-жылға кеңейту үстiнде. Оған дәлел – әлемнiң жетекшi уран өндiрушi компанияларының алғашқы үштiгiне енетiн алып кәсiпорын жақында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Солтүстiк Қорасан кен орнының “Қорасан-1” учаскесiндегi кенiшiнiң тұсауы кесiлдi. Бас-аяғы 3 жылда салынып бiткен кен орнының ашылу салтанатына елiмiздiң премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов қатысып, алғашқы жұмыс барысымен танысты. “Қорасан-1” кен орнының шымылдығын көтерiп қайтқан қадiрлi меймандар Алматы қаласында тағы да бас қосып, игi шараның жай-жапсары жөнiнде бұқаралық ақпарат құралдарымен бөлiстi.

“Қорасан-1” кенiшi жоба бойынша 2014 жылы толық қуатпен жұмыс iстесе, жылына 3 мың тонна уран өндiретiн елдегi алғашқы кен орны. 2009 жылдың 1 сәуiрiндегi мәлiмет бойынша Солтүстiк Қорасан кен орнының “Қорасан-1” учаскесiнiң мемлекеттiк балансы 21000 тонна уранға тең. Уран өндiру 2053 жылға дейiн жерасты ұңғымалы шаймалау әдiсiмен жүргiзiледi. “Қазатомөнеркәсiп” ұлттық атом компаниясы жүзеге асырған iрi инвестициялық маңызды жобаның құны 432 млн. АҚШ долларын құрайды. Құрылтайшы ретiнде Жапония мен Канаданың белгiлi компаниялары да тартылған. Кенiштегi барлық жұмыстарды құрылтайшылары “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ, жапонның энергетикалық компаниялары (Toshiba Corporation, TEPCO, Chubu Electric, Tohoku Electric, Kyushu Electric Power және Marubeni Corporation) консорциумы және канадалық Uranium One компаниясы болып табылатын “Қызылқұм” ЖШС атқарады. Өндiрiлген өнiмнiң басым бөлiгi Жапония атом энергетикасының мұқтажын қанағаттандыруға арналған.

“Қазатомөнеркәсiп” ҰАК президентi Мұхтар Жәкiшевтiң айтуынша, бұл жоба Қазақстанның Жапония және Канадамен қарым-қатынасын дамытуына бастап қана қоймай, әлемдiк атом өнеркәсiбiнiң өркендеуiне де өзiнiң үлесiн қосады. Ал, “TOSHIBA” корпорациясының президентi Ацутоши Нишида Қорасан кенiшiнiң ашылуы Тошиба компаниясының дамуына септiгiн тигiзiп қана қоймай, Қазақстан мен Жапония арасындағы мызғымас достық қатынасты нығайта түседi деген сенiмде.

Естерiңiзге сала кетсек, Қызылода облысындағы Солтүстiк Қорасан кен орны 1979 жылы ашылған. Ал “Қызылқұм” ЖШС 2005 жылы мамыр айында “Қазатомөнеркәсiптiң” “2010 жылға қарай – 1500 тонна уран” стратегиялық даму бағдарламасы шеңберiнде құрылған Оны құрудағы көзделген мақсат – Солтүстiк Қорасан (Қорасан – 1 учаскесi) уран кен орнын игеру жобасын жүзеге асыру болып табылады. Ол Сырдария өзенiнiң сол жақ жағалауында, аудан орталығы Жаңақорғаннан 34 шақырым қашықтықта орналасқан. Кен орны ұзақтығына қарай – “Қорасан-1” және “Қорасан-2” болып екi учаскеге бөлiнген. Жаңа кенiш бiрiншi учаскенi игеретiн болады. Өнiм өндiру МАГАТЭ мойындаған экологиялық ең таза және қауiпсiз, жерасты ұңғымалы шаймалау әдiсiмен жүргiзiледi. “Қызылқұм” ЖШС бас директоры Еркiн Қалмағанбетов: “Уран өнiмi сұйық түрiнде алынады. Ол ешуақытта жерасты суына ықпалын тигiзбейдi. Бұның барлығы тағы қайталап айтамын, МАГАТЭ-мен мақұлданған” дегендi екшеп айтты.

Уран игеру жобасын жүзеге асыратын “Қызылқұм” ЖШС Жаңақорған ауданында жаңадан 450 жұмыс орнын ашуға және қосалқы өндiрiстi қоса есептегенде 800-ден астам жұмыс көзiне мүмкiндiк бередi. Негiзiнен жұмысшылардың денi жергiлiктi халық. Тiптi, кен орны екi қолға бiр күрек iздеген еңбекке қабiлеттiлердi арнайы оқытып, жұмысқа қабылдауды да жоспарлап отыр. Кен орнының ашылуы осы өңiрдiң әлеуметтiк мәселелерiн шешуге түрткi жасады. Табысы төмен отбасыларға, студенттерге, сол сияқты бiлiм ұяларын қайта жабдықтауға, “Қорасан Ата” мавзолейi құрылысына қаржылай көмек бердi. Алдағы уақытта “Қазатомөнеркәсiп-Демеу” компаниясымен бiрге басқа да әлеуметтiк жобалар қолға алынатын болды. Яғни, өңiрдiң әлеуметтiк өркендеуiне бағытталған арнайы бағдарлама жасақтап, өз қамқорлығына алмақ.

Әрине, кенiштi тиiмдi пайдалану үшiн қажеттi инфрақұрылымның бәрi қажет болды. Соған байланысты қысқа мерзiм iшiнде Сырдария өзенi үстiнен ұзындығы 303 метрлiк, енi 8 метрлiк жаңа көпiр салынып, 37 шақырымдық көлiк жолына асфальт төселдi. Сонымен қатар облыстық маңыздағы 19,5 шақырымдық Шиелi-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған тас жолы да қайта жасалды. Жүк тасымалдау үшiн аудан орталығы Жаңақорғанда темiр жол тармағы мен жүктi ауыстырып тиеу базасы салынып, 35 және 110 кВТ-тық үш электр желiсi тартылды. Сондай-ақ, 212 млн.АҚШ долларына бағаланған, жобалық қуаты 500 мың тоннаға межеленген заманауи күкiрт қышқылы зауытының құрылысы басталды. Аталмыш инфрақұрылымды iске асыруға жұмсалған инвестицияның жалпы көлемi 58 млн. доллардан асқан.

“Қызылқұм” ЖШС бас директоры Еркiн Қалмағанбетовтың сөзiне қарағанда, уран бағасы алдағы 2 жыл iшiнде қымбаттауы мүмкiн. Ал, “TOSHIBA” корпорациясының президентi Ацутоши Нишида: “Әлем елдерiнде уран бизнесi бiраз дағдарысқа ұшырап жатса, Қазақстанда керiсiнше, жылдан-жылға жандана түсуде. Менiңше, Қазақстаннан әлем үлгi алуы керек” деп жергiлiктi әрiптестердi бiр серпiлтiп тастады.

Бұдан соң Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Сигэо Нацуи, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов, “TOSHIBA” корпорациясының президентi Ацутоши Нишида, “TOSHIBA” корпорациясының вице-президентi Норио Сасаки, “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ президентi Мұхтар Жәкiшев, т.б. қала әкiмдiгi ғимаратының маңына сакура көшеттерiн отырғызып, сакура саябағын ашты. Сакура көшеттерi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары кезiнде Қазақстан халқына сый ретiнде тарту етiлген болатын. “TOSHIBA” корпорациясының президентi Ацутоши Нишиданың сый беру хатында аталмыш ағаштар Жапония мен Қазақстан халықтарының арасындағы достықтың және стратегиялық әрiптесi “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК-на деген үлкен құрметтiң айғағы екенi атап көрсетiлген.

Сакураның тоғыз сұрыбы қысы айтарлықтай қатты, жазы құрғақтау болатын Хоккайдо аралынан алдырылды. Алматы үшiн сакураның жергiлiктi ауа-райына бейiмделген осындай сұрыптары арнайы таңдап алынған. Алматы әкiмдiгi алдындағы сакура үш жыл көлемiнде толық жерсiнгеннен кейiн гүлдеуге тиiс. Сол кезде алматылықтар мен қала қонақтары да осынау ғажайып ағаштардың гүлденгенiн тамашалайтын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ