“ДАРЫНДЫ ЖУРНАЛИСТ” СТУДЕНТТЕР САЙЫСЫ
“ДАРЫНДЫ ЖУРНАЛИСТ” СТУДЕНТТЕР САЙЫСЫ
Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде “Ең дарынды болашақ журналист” атты университеттер аралық байқау болып өттi. Байқауға әл-Фараби атындағы ҚазҰУжурналистика факультетiнiң “Шаңырақ”, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң “Әдiл қалам”, Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң “Тұран”, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң “Сарыарқа”, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң “Астана” топтары қатысты.
Олимпиада бағдарламасына журналистика мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында оқытылатын базалық пәндер бойынша тест сұрақтары енгiзiлдi. Олимпиаданың 1-шi турында студенттер тест сұрақтарына жауап бердi. Ал 2-шi турда студенттер “Көркем сөз оқу шеберi”, “Ең үздiк сұхбат алушы”, “Ең үздiк телерепортер” номинациялары бойынша сайысқа түсiп, өздерiнiң болашақ мамандық иесi болуға өте ынталы екендiктерiн көрсеттi.
Олимпиаданы өткiзу және бағалау ережелерi республикалық пәндiк олимпиадаларды өткiзу ережесiне сәйкес ұсынылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетiнiң ең үздiк профессор-оқытушылары мен республикалық БАҚ журналистерi Әдiлқазылар алқасының мүшелерi болды. Олимпиада мына мақсаттарда ұйымдастырылды:
— Журналистика мамандығының шығармашылық рөлiн арттыру;
— Талантты да талапты студенттердi анықтау;
— Студенттердiң өзiндiк ойлау, өзiн-өзi жетiлдiру, өзiн-өзi шыңдау қабiлеттерiн арттыру;
— Болашақ мамандықты игеру үшiн мамандықтың жаңаша қырларын үйренiп-бiлуге талпыныс жасау;
— Қоғамда болып жатқан өзектi мәселелердi талқылай бiлуге, оларға байланысты өз көзқарасы мен ұстанымын қалыптастыруға икемдеу.
Өте тартымды және кызыкты өткiзiлген сайыстардың нәтижесiнде, 1-шi орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетiнiң “Шаңырақ”тобы, 2-шi орынды Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң “Тұран” тобы, 3-шi орынды Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң “Сарыарқа”тобы иелендi. Республикалық пәндiк олимпиадаға қатысушы барлық студенттер сыйлықтармен марапатталды.