ӘБIШЕВТIҢ “СЮРПРИЗI”
ӘБIШЕВТIҢ “СЮРПРИЗI”
Мәлiмдеменiң астарында не жатыр?
Үкiмет бүкiлхалықтық ұлттық халық санағының ресми қорытындысын жариялағаннан берi көп өте қоймап едi. Елдегi негiзгi ұлттың үлес салмағы 67%-ға жеткенi – кейбiр мемлекеттiк шенеунiктердiң қитығына тие бастаған сыңайлы. Оған – “Алматы ақшамы” газетiнiң 23 сәуiрдегi №47 санында Азамат Қасымның “Оралман атауы керек пе, жоқ па?” атты мақаласындағы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Хабылсаят Әбiшевтiң сөздерi куә.
Тiлшiнiң жазғанына қарағанда, 21 сәуiрде Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынов атындағы Тiлтану институтының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өткен екен. Неге екенiн қайдам, бұл басқосуға “Түркiстан” газетi шақырылған жоқ. Тiлшi бұл басқосудағы негiзгi талқыланған мәселенiң “Оралман” атауына ғана қатысты болғандығын айтады. Ал, бұл қызметке араласқанына көп болмаған Хабылсаят Әбiшев мырзаның қазақтың көшiн алға жылжытудан гөрi, оны тоқтатуға мүдделi екендiгi байқалады. Ол кiсiнiң айтқандарын сөзбе-сөз келтiретiн болсақ: “Мен осы қызметке келген күннен бастап, бiр-ақ нәрсемен айналысып жатырмын. Қазақстанның ақшасын Қытайға, Моңғолияға алып кетiп жатқандар көп. Ақтөбеде 90 миллион теңгенi ұрлап қашып кеттi. Сегiз адамды жаптық. Талдықорғанның көшi-қон комитетiнiң жанында Қытайдың төлқұжаттарын машинамен әкелiп сатып тұрады. Шымкентте екi адамды 30 төлқұжатпен ұстадық. Шет елден келген бiр қандасымыз 32 миллион теңгенi ұрлап Қарағандыдан қашып кеттi. Бiз қазiр прокуратурамен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен жұмыс iстеп жатырмыз. “Квота туралы” Заңды өзгертемiз. 15 Қаулыны өзгертемiз. Квотаға зиялы адамды енгiзуiмiз керек. Кезiнде байқамай еңбек ресурсы деп елiмiзге зиян келтiретiн түрлi көзқарастағы адамдарды квотаға кiргiзiп жiбердiк. Бiзге Моңғолияның мамандарының түкке керегi жоқ.
Азаматтыққа құжат тапсырғанда оралманның куәлiгi бар адам ақша төлемейдi. Ақшасының бар екенiн дәлелдемейдi. Оралманның куәлiгi жоқ адам қазақ болсын, орыс болсын, тәжiк болсын оның есепшотында – 1 миллион 680 мың теңге ақшасы болуы керек. Осы күнге дейiн осы норма орындалмай келдi. Қазiр Iшкi iстер министрлiгiмен бiрге бұйрық шығардық. Оралман куәлiгi жоқ қазақтардың есепшотында 1 миллион 680 мың теңге ақша болмаса азаматтық берiлмейдi” делiнген.
Бiрiншiден, көшi-қон саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық туралы “Түркiстан” газетi кезiнде дүркiн-дүркiн мақала жазғанда, оны елеп-ескерген ешкiм болмап едi. Екiншiден, бұл жерде бюджеттiң ақшасын тонап жатқан кiм? Оралман ба, жоқ, көшi-қон басқармасының қызметкерлерi ме? Егер, оралман болса, оның есеп-шотына соншама ақшаны кiм аударып бердi? Хабылсаят Әбiшев мырза алдымен осы мәселелерге талдау жасап барып, ұшқары пiкiр айтуы керек едi. Көшi-қон квотасын беру мақсатында әрбiр облыстық, қалалық көшi-қон департаменттерiнде арнайы комиссия жасақталады. Ол комиссияның құрамына Iшкi iстер министрлiгiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi енедi. Егер, оралман жалған құжат өткiзiп, мемлекеттiк мекеменiң есеп-шотындағы ақшаға қол жеткiзген болса, осы комиссиядағы адамдар қайда қарап отырған? Әрине, оралмандар арасында жалған құжат жасаумен айналысатын алаяқтардың барлығы айқындалғаны бар. Бiрақ, бұл “ендiгi келетiн барлық қазақты жабамыз”деген әңгiмеге желеу болмауы керек едi. Мәселен, жақында Ақтөбе облысының Көшi-қон департаментiнiң қызметкерлерi 90 миллион теңгенi Қазақстанға әлi оралмағана қарақалпақстандық қазақтарға бөлiп жiбергендiгi айқындалған. Бiрақ, ол ақша оралманның есеп-шотына аударылды ма, жоқ, жалған құжат жасап сол басқарманың көшi-қон қызметкерлерi қалтасына салып алды ма, ол жағы әзiр айқындалған жоқ. Бәлкiм, көшi-қон қызметкерлерi өмiрде жоқ адамдарды қолдан жасап ақша жеп отырған шығар. Екiншiден, төраға мырза: “Моңғолияның мамандарының түкке керегi жоқ” дейдi. Осы уақытқа дейiн Моңғолиядан Қазақстанға 100 мың қазақ оралды. Хабылсаят Әбiшев мырза одан қандай құқай көрiптi? 100 мың қазақтың кем дегенде 70 мыңы әр салада қызмет етiп, ел қатарлы салық төлеп отырғаны айқын. Көшi-қон комитетiнде “Оралман” атты база бар делiнедi. Сол базада кiмнiң қайдан келгенi, қандай қызметпен айналысатыны алақандағыдай жазулы тұр деп едi. Егер, төраға бұл құжатпен танысқан болса, елге келген қазақтардың тек зиянды алаяқтықпен айналысып жүрмегендiгiн, елдегi маңызды салаларда қызмет етiп отырғандығын бiлер едi.
Үшiншiден, төраға “Iшкi iстер министрлiгiмен бiрлесiп, есеп-шотында 1 миллион 680 мың теңгесi жоқ, оралман куәлiгi жоқ қазаққа азаматтық берiлмейтiн бұйрық шығардық” дейдi. Егер, Хабылсаят Әбiшевтiң заңгер екенi рас болса, ол кiсi 1991 жылы С. Терещенконың Үкiмет басқарып тұрған кезiнде №791 Қаулының қабылданып, оның тек 2006 жылға дейiн күшi жойылғандығын бiлер едi. Одан кейiн бұл Қаулымен “Оралман” куәлiгiнiң мәртебесi теңестiрiлген едi. Демек, №791 Қаулы бойынша өзiнiң қазақ екендiгiн дәлелдеген әрбiр адамға “Қазақ” деген куәлiк берiлетiн. Бұл қазiргi орыстардың “Орыс картасы” дегенiне көбiрек ұқсайтын едi. Ол куәлiкке ие болған адам Қазақстан территориясында Қазақстан азаматы ие жеңiлдiктердiң барлығына ие бола алатын. Ал, үш жылдан берi “Оралман куәлiгi” осы Қаулының орнын басып келедi. Оралман куәлiгi мемлекеттiк көшi-қон квотасына енсiн-енбесiн бүкiл шеттен келген қазаққа берiлетiн құжат. Демек, Хабылсаят Әзiмбайұлы өзi басқарып отырған саласына қатысты заңдардан мақұрым не осыдан былай квотадан тыс келген қазақтарға “оралман куәлiгiн” бермеу мақсатында осы сөздерге жол берiп отырған сыңайлы. Ал, квотамен келген оралмандардан гөрi, квотадан тыс келетiн оралмандардың саны 3-4 есеге артық болады.
Дос Көшiм, “Ұлт тағдыры” қоғамыңың төрағасы:
— Егер, Көшi-қон саласына бөлiнген қаржының талан-таражға түскенi рас болса, онда Көшi-қон комитетiнiң басшылары сотқа берiлуi керек. Көшi-қон басқармалары мемлекеттiк мекеме емес, талан-таражға түскен орталық болып отыр. Олар ақыры бұны мойындаған екен. Оған рахмет. Екiншiден, квота беру тұрғысында екi мәселенi бөлiп қарастыруымыз керек. Олар, Қазақстаннан кетiп қалып, қайта оралғысы келетiн өзге ұлт өкiлдерi және өз қандастарымыз. Екеуi екi түрлi мәселе.
Хабылсаят мырза “тәжiк болсын, өзбек болсын” дегендi айтып қалыпты. Онысын түсiнбей отырмын. Менiң ойымша, бұл кiсiлер бiздiң қандастарымыздың оралуына арналған бағдарламаны, шетелден жалпы келетiн адамдардың барлығына қолданғысы келетiн сияқты. “Оралман” атауын “Отандастар” деп өзгертейiк дегеннiң астарында да осындай сыр жатқан секiлдi.
Қазақстаннан кезiндегi геосаяси ойындарға және басқа жағдайларға байланысты тыс қалған қазақтардың оралуы — басты мәселе болуы керек. Сондай-ақ, “моңғолдың немесе қытайдың, өзбектiң оралманының қажетi жоқ” деген пiкiр мүлдем дұрыс емес. Өз елiне оралам деушi барлық азаматтарға Қазақстанның есiгi ашық болуы керек. Ендi бiз оларды категорияға бөлiп, “ана елдiң қазағы керек, мына елдiкi керек емес” деу арқылы сырттағы қазақтарды бөлшектей бастағанымыз. Тiптi, мемлекеттiк көшi-қон квотасына балдық жүйенi енгiзген де дұрыс болмады. Олардың мамандық дәрежесiне баға бергеннен, отбасындағы адам санының көптiгiне баға берген оң болар едi. Көшi-қон комитетiнiң мiндетi — шетте жүрген қазақтарды Қазақстанға әкелуге жағдай жасау, мемлекеттiк саясатты соған бағыттау болуы тиiс.
Бақытбек Бәмiшұлы, ақын:
— Хабылсаят Әзiмбайұлының бұл әңгiмесiн мен “Қазақ радиосы” арқылы да тыңдадым. Өңешi жыртылғанша айғайлауының астарында оралмандарға дөң айбат шегу, ыза жатқан секiлдi. Мемлекеттiк қызметкерден гөрi мәдениетсiз, тым сауатсыз, өресiз, бейбастақ адамға тән қылық шығарған. “Анау алып кеттi, мынау обып кеттi” дейдi. Қазақ “Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi” дейдi. Онда қазанда қақпақ болмағаны ғой. Айтқандарының бәрi жалаң, негiзсiз қаралау.
Жәди Шәкен, Жазушы, Еуразия жазушылар одағының мүшесi:
— “Оралмандар сырттан келiп тонап жатыр” дегенi анайы айтылған сөз. Былай қарағанда олар банктi шағып, бұлаңшылық жасап жатқандай көрiнедi. Шын мәнiнде мемлекет қазынасындағы қомақты сома жекелердiң қолына тию үшiн бiраз барысты бастан кешiредi. Көшi-қонға қатысты құзырлы органдардың барлығында заңгерлер отыр. Елдiң iшкi жағдайын, қазақстандық құжат жасау әлегiн бiрден бiле бермейтiн оралмандарға “қулық-сұмдықты” үйретiп, оларды қылмысқа итермелеп отырған кiмдер? Гәптiң бәрi осында. Мұндайды қазақ “айран iшкен құтылып, шелек жалаған тұтылыпты” деп жатады.
Есенгүл Кәпқызы