Жаңалықтар

...СУРЕТIМЕН СЫРЛАСТЫҚ

ашық дереккөзі

...СУРЕТIМЕН СЫРЛАСТЫҚ

17-сәуiрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында суретшi Нұрпейiсова Раушанның шығармашылық көрмесi ашылды. Көрме сәуiрдiң 25 жұлдызына дейiн жалғасады.

Раушан Нұрпейiсова белгiлi жазушы Әбдiжәмiл Нұрпейiсов пен химик Ажар Керешқызының қызы. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пiшер” дегендей, өнерге қызығушылығы әке өнегесiмен дарып, қылқаламмен қиылыстыра сурет салу сүйiктi iсiне айналды. Анасының iзгi жолы мамандық таңдауда үлгi болды. Ғылымның қыр-сырын ашуда Раушан Әбдiжәмiл қызына ҚазМУ-дiң химия факультетi, Қарағанды химия-металлургия институтының дәрiстерi мен ҚазКСР ҒА химия институтындағы тәжiрибе үлкен септiгiн тигiздi. Ғылым мен бiлiмге құштар жаны оның екiншi мамандық алып (менеджмент және маркетинг), банк саласында iзденiстер жасауына негiз болды.

Соңғы жылдары денсаулығы нашарлап, Раушан апай терезеден көрген көрiнiстерiн, дәлiрек айтқанда, өзiнiң сүйiктi бағының бiр бұрышы, қалалық саябақтың аллеясы, таңғажайып гүлзарларды майлы және сулы бояулармен қағазға кескiндедi. Төсекке таңылған жарым жағдайы осындай дарындылықты дарытқан Аллаға деген сенiмiне, ишаратпен бес уақыт намаз оқуына кедергi болған жоқ. Жан-дүниесi суретпен сырласқан науқас өмiрдiң қызығын қар басқан ағаштар, ақша бұлттар мен көгiлдiр аспан, қаулаған шөптер мен гүлдердiң бейнесiнен көредi. Қызының бейнелеуге басқан қадамдарын байқаған ата-ана қуанышында шек болмады. Нұрпейiсовтер отбасының досы А.А.Ким таланттың туындыларын жоғары бағалап, өнерсүйер қауымның назарына ұсынуды жөн көрiп, көрме ұйымдастыруға негiз болды. А.А.Ким — Ресейдiң атақты жазушы, аудармашы және өнертанушысы. Ол Ә.Нұрпейiсовтың “Қан мен тер” трилогиясын, М.Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясын аударған. Көрменiң ашылуына “Атамекен Холдинг” Қаржы және өнеркәсiп тобының төрағасы Ұзақбай Айтжанов пен елiмiздiң бетке ұстар суретшiлерiнiң бiрi — Ерболат Төлепбайдың қосқан үлесi зор. Ашылу салтанатына ақын-жазушылар, режиссёр, қылқалам шеберлерi және БАҚ өкiлдерi қатысты. Суретшiнiң қуанышы мен өнерiн бөлiсуге келген көрермендер “Кешкi қыстың тыныштығы”, “Қысқы өрнек”, “Әппақ үнсiздiк”, “Жол бойындағы достар”, “Шарбақтағы гүлдер”, “Қара мысық патшалығы”, “Көктемгi нәзiктiк”, т.б. суреттердi тамашалады.

Ақмарал САНАЕВА